ҚАЙРАН ҚОСЖАН, ҚОСАҒА
11.03.2016
2251
1

КосжанҚысқа ғұмырында бірқатар қазақ басылымдарында жемісті қызмет атқарған қарымды қаламгер, белгілі ақын Қосжан Мүсіреповтің есімі, әсіресе, аға буын өкілдеріне кеңірек мәлім. Жазушылар одағына мүше боп, артында айтарлықтай мұра қалдырған ол кезінде ортасына сыйлы боп, ғибратты ғұмыр кешкен-ді. Төменде Қосжанмен қатар жүріп, қызметтес болған жылдарда көз көріп, көкейде тоқылған кейбір жайларды оқырмандармен бөлісуді жөн көреміз.

 

«РЕДАКТОРЫМЫЗ ТҮНІМЕН ТӨБЕЛЕСТІ»

1958 жылдың шілдесі. «Лениншіл жас» газетіне қызметке тұрып, аспандап жүр­ген шақ. Редакция қазіргі Абылайхан даңғылы мен Жібек жолы кө­ше­ле­рі­нің бұрышында. «Лениншіл жас» пен Сәкен Жүнісов, Тұманбай Молдағалиев іс­тейтін «Пионер» журналы жоғары қа­бат­та, төменде «Қазақстан пионері» га­зе­ті мен «Балдырған» журналы. Күн­де­лікті кіріп-шығатын есік біреу. (Мұнда Қа­зақстан комсомолының орталық ко­митетінен бастап, басқа да толып жатқан мекеме бар-тын). Қызметке орналасқан бойда сол кездегі танымал ақын Бүркіт Ысқақов мені «Қазақстан пионерінде» істейтін Қосжанмен таныстырды. Орта бойлы, шымыр денелі, қара торы өңді қа­ғылез жігіт Қосжан бірден бауырына тар­тып, әмпей-жәмпей болыстық. Мі­незі жібектей. Күлгенде екі бетінің ұшы­на қос шұңқыр ұялайды екен. Қосжан атал­мыш газеттің әдебиет, оған қарама-қар­сы отыратын Нұрқан Жанаев мектеп бө­лімін басқарады. Қатар жүргенде де, отыр­ғанда да екеуі қойдың қос қоша­қа­ны­нан аумайды.

Әзіл-қалжыңдары жарасты, табиғи.

Бір жолы Қосжан мені көргеннен сылқ-сылқ күліп:

– Бүгін Нұрқан екеуміз түнімен ұйық­таған жоқпыз, – десін.

– Неге?

– Редакторымыз түні бойы әйелімен тө­белесіп шықты…

Қосжан алғаш танысқанда-ақ Нұр­қан екеуі газет редакторы Сансызбай Сар­ғасқаевтың жеке үйінің бір бөл­ме­сін­де тұратындарын, ақы-пұл төлемей­тіндерін айтып:

– Әр күні машинамен бірге келіп, бір­ге қайтамыз. Тамақ әзір, төсек-орын салу­лы, – деген-ді.

– Кейде бастықпен бірге екі-үш шөл­мек­ті төңкеріп тастаймыз, – дейтіні де болатын.

Енді… редакторының сырын ашқан­дай болғанын сезіп:

– Ой, сен ойлама. Сансызбай Сар­ғас­қаев жақсы адам. Жеңгеміз де тамаша. Таңертең барлығымыз күліп-ойнап шәй ішкенбіз, – деп өзінше жуып-шай­ғансып жатыр.

 

«ТҰМАНБАЙ – ТӨГІЛІП ТҰРҒАН ӨЛЕҢ»

Қосжан менен үш-төрт жас үлкен екен. Кісіге жанасқыш, көпшіл. Қара­пайым­дығы шексіз. Үлкен де, кіші де Қос­жан демей, Қосаға дейді. «Лениншіл жас» орналасқан төртінші қабаттағы «Пио­нер» журналында істейтін Нәсі­ред­дин Серәлиев, Тұманбай Молдаға­лиев, Қосжанмен түйдей құрдас Нұрқан да Қосаға дейтіндерін естіп жүреміз. Қос­жан екі-үш адамның басы қосылған жер­де өлең оқиды. Қазақ поэзиясы тура­лы әңгіме шертеді. Өзінің де, өзгелердің де өлеңін оқуға іңкәр. Қасым, Тайыр, Әбділдәнің көп өлеңдерін жатқа біледі.

Сол кездерде бірді-екі кітабы жарық­қа шығып, оқырманға танылып қалған Қосжанның университеттің соңғы курсында оқи жүріп, қызметке орналасқан жайы бар-ды.

Сол шақтарда оқырман қауымға кеңі­нен белгілі Шәміл, Қабдыкәрім, Сағи, Тұманбай сынды ақындардың таң­ғы шықтай балауса өлеңдерімен қа­тар, адамгершілік қасиеттерін де жіпке тізгендей айтып жүретін Қосағаң бейне­бір солардың насихатшысы секілді кө­рінетін. Әсіресе, Тұманбайды сыртынан да, көзінше де: «Тұманбай төгіліп тұрған өлең ғой», – деп әспеттейтін. Тұманбай жымың-жымың күлетін.

Қазір ойлағанда, нағыз ірілік сол екен. Бірақ ондайды сирек ұшыратып ке­леміз ғой. «Сен ғана мықтысың» демегеннен қаншама рет тауымыз шағылып, аузымыз күйді емес пе?..

 

«БҰЛ ЗЕЙНОЛЛА СЕРІКҚАЛИЕВ»

Езуінен күлкі кетпей, кім-кіммен де әдемі қалжыңдасып, өзін емен-жарқын ұстайтыны сырт көзге ғана-тын. Шын мә­нінде ол көбіне торығып, көңілі жа­быр­қап, жаны жаралы тәрізденіп жүре­тін. Екінің біріне айтылмай, іште шемен боп жататын сырларының шетін кейде: «Шешем ерте өлді. Әкем қаршадайымнан сүймеген қызға үйлендіріп, аяғыма кі­сен салды. Он жылдық біліммен Арыс ау­дандық газетінде пәлен жыл редактор боп, онан Шымкентегі екіжылдық мұ­ға­лімдік оқуды бітірдім», – деп суырт­пақ­тап шығаратын. «Ол әйелмен дәм тұ­зы­мыз жараспай, амалсыз ажырас­тым. Оның үстіне, университетке түскен жылы бүкіл студентті Мақтаарал ауда­ны­на мақта теруге апарып, жарамсыз су­дың кесірінен бәріміз сары аурумен ауы­рдық. Міне, қарашы, бауырым ісіп кет­кен», – деп, қарнының төменгі жа­ғын нұсқайды.

Екі күннің бірінде университетте бір­ге оқитын жолдастары кезек-кезек ке­ліп жатады. Кейбірін маған да таныс­ты­рады. Олар да Қосжанды «Қосаға» де­седі. Редакция іргесінде асхана бар. Қос­жан: «Бұлар студент. Ақшалары аз», – деп асханаға ертіп барады. «Жақсының шарапаты» дегендей, кейін бірі белгілі ақын, бірі көрнекті партия қайраткері болған Жүсіп Қыдыров, Мақсұт Әубәкі­ров­пен сондай кездердің бірінде таныс­қан едік.

Бір жолы кабинетке кірсем, Қоса­ғаң­ның алдында ұзын бойлы, ашаң жүзді кө­рікті жігіт пен айдай көркем, әсем бой­жеткен отыр.

– Е, жақсы келдің, жүр, мына мей­ман­дармен бірге тамақтанайық, – деп төр­теуміз асханаға бардық.

– Бұл жігіт Зейнолла Серікқалиев, мы­нау сүйген қызы Эльвира екеуі бір-бі­рін сүйеді. Жақында үйленеді, – деді Қос­жан. – Таныс болыңдар, бір-біріңді бі­ліп жүріңдер.

Сол Зейнолла да кейін белгілі сын­шы-әдебиетші, қоғам қайраткері болды. Өмірден өткенше сәлем түзу, ниеттес, тілектес боп жүрдік. Көрген жерде Қос­жан­ды еске алатынбыз. Сонда Зейнолла да сары аурумен ауырады екен.

 

ҚОСЖАН мен ТӨЛЕГЕН

Танымал балалар жазушысы Сансыз­бай Сарғасқаев бір қарағанда сұсты, қа­бағы ашылмайтын суық адам сияқты кө­рінетін. Сәлем берсең, қолын селқос ұсынады да өте шығады. Менмен, тәкап­пар дейін десең, Қосжан мен Нұрқанды ту­ған балаларындай мәпелеп, аялап жү­реді.

Қосжанға соны айтсам:

– Е, ондайлар сирек қой, – дейтін жы­миып. – Мен білсем, бұл жалғанда Сә­кеңдей кішіпейіл адам жоқ.

Бір күні жұмыста отырсам, Сансызбай маған есіктен мойнын соза қарады да:

– Мұнда келші, – деді атымды атап.

Жүгіріп шықтым. Алдыма түсіп, жортып барады. Жоғарыдан төменгі қабатқа түсіп, кабинетіне кірдік. Орнына отырар-отырмастан:

– Әй, туысқаның қайда? – десін әй-шәй жоқ.

Түк түсінбеген мен оған таңдана қараймын.

– Қосжан қайда деп тұрмын ғой саған?! – деп зірк етті. – Үш күннен бері не үйде, не жұмыста жоқ. Дұрыс емес қой онысы. Нұрқан да білмейді. Саған не, Ташкенттен біреу келіп пе еді? Бәріңнің бірге жүргендеріңді көріпті ғой біреулер.

– Иә, Ташкенттен Төлеген Айбергенов деген досым келген. Өткен күні бәріміз бірге болғанбыз. Содан бері мен де көрген жоқпын оларды, – деймін түк білмегендей.

– Аман болса бопты, – деп одан сайын тықырши бастады Сәкең. – Егер осыдан ол табылмаса бар ғой, ә, онда сен бала…

«Апырай, бұлар шынында да қайда жүр екен» деймін енді мен де дегбірім қашып.

Абырой болғанда, «жоғалған» қос ақын дәл сол сәттерде есіктен қаздай тізіліп кіре берді де, Сәкеңе кезек-кезек қол ұсынып амандаса бастады.

Көздері қанталаған Сансызбай:

– Өй, жетесіз, – деп қалды Қосжанға ашулы көзбен қарап.

Мен Төлегенмен бірге шығып кеттім. Бұл Төлегеннің Алматыға тұңғыш рет келген кезі еді. Қосжан екеуі Талғар жақ­та жүріпті…

– Қал қалай, Қосаға? – деймін ертеңіне. – Бастығың ұрысты ма?

Бетіме жымия қараған Қосағаң:

– Қалай десем екен, жұмыстан кейін моншаға апарды, онан үйге барып де­мал­дық жақсылап. Дархан адам ғой Сәкең. Редактор болса, сондай болсын, – деп желпінді.

 

ҚОСЖАННЫҢ ҚОРҚЫНЫШЫ

 1964 жылы Сарыағаштан Алматыға көшіп келіп, «Мәдениет және тұрмыс» журналына қызметке орналасқанымда, Қосжан осында мәдениет бөлімінің меңгерушісі екен. Қатар жүріп, бірге қызмет ете бастадық. Мұның алдында «Қазақстан пионері» газетінен кейін Ал­маты облыстық «Коммунизм туы» га­зетінде мәдениет бөлімін басқарға­ны­нан хабардар едім. «Онда шақырған редактордың орынбасары Кәкімжан Қазыбаев. Мұнда шақырған редактор Сапар Байжанов», – деп, екеуіне де ризалық білдіретін. Денсаулығы төмен­депті. Мінез-құлқы да өзгерген бе, болмашы нәрсеге тыз етіп, шарт-пұрт ете қалатын бопты. Сөйте жүріп (алдын­да­ғыларын қосқанда) үш-төрт өлең кіта­бын шығарды. Аурулығына қарамай, рес­торанда оларды жуамыз.

– Өлеңді жазуын жазамыз ғой. Бірақ түптің түбі олар кімге керек? Заман бұл­дыр. Мейлі, бізге бір күн болса да өмір сүру керек, – деп жиі мұңаятын. – Қазақ ті­лінің қадірі қашып барады. Содан қор­қамын.

Қайран ақынның 1965 жылы осылай деуі көргендік еді-ау…

 

МҰСА ДІНІШЕВТІҢ ЖЫЛАҒАНЫ

Қосжан кеңестік кезеңше айтқанда, өзіне жүктелген қай міндетті болмасын қа­шанда абыроймен атқарды. «Мәде-ниет және тұрмыс» журналында келелі мәселелер көтеріп, тың айдарлар ашты. «Жирен жаман әдеттен», «Оқушылар ой салады, сыр шертеді», т.б айдарларды ашқан сол еді. Олар көпке дейін журналдан түспей, бертінге дейін сақталды. 1965 жылғы 31 желтоқсан күні алдағы жаңа жыл (1966) құрметіне «Қазақстан» ресторанында (қазіргі «Жетісу» қо­нақүйі) дәм таттық. Ертеңінде ауруха­наға түсіп, жаңа жылдың бірінші күнінен бастап жұмысқа келе алмаған Қосжан сол жатқаннан мол жатып, 1967 жылдың март айында, 36 жасында дүние салды. Ауруханаға бір түсіп, бір шығып жүр­генде неше алуан тұшымды дүниелер жаз­ды. «Қысқа новеллалар жазып жүр­мін», – деді бір жолы. Олары сол кездегі қазақ басылымдарында жарияланып жатты. Қазір марқұм бір белгілі аза­маттың шайпау әйелінің тіліне еріп, ту­ған анасын қуып, үй қызметкер ұстайтыны қақында жазған «Астам­шылық» атты новелласы мен біраз өлеңі өзі істеген («Мәдениет және тұрмыс») жур­налда, «Қош бол, атамекен» новелласы «Лениншіл жас» газетінде жарық көріп, серпіліс туғызған-ды.

1964 жылдың соңында бас редактор Сапар Байжанов Орталық Комитетке ауысып, орнына Мұса Дінішев келді. Қосжан Мұсакеңмен 1965 жылдың басынан аяғына дейін – бар болғаны бір жыл ғана бірге жұмыс істеді. Осы мезгіл ішінде басшының сеніміне кіріп, ілти­патына бөленді. Қосжан көз жұмғанда Мұсекеңнің Қосжанның үйінде де, қабір басында да көз жасын тия алмай, еңкіл­деп жылағаны соған дәлел іспетті еді. (ОК-те екеуі де нұсқаушы боп істейтін Са­пар Байжанов пен Кәкімжан Қазы­баев та жерлеуге қатысып, марқұмның қабіріне топырақ салған-ды).

Журналда басылған қазанаманың та­қырыбын да қайран Мұсекең «Қош бол, Қосжан» деп өз қолымен жазған-ды.

Зәкір АСАБАЕВ.

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 17.10.2019 | 12:30

Қосжан өзі туып — өскен алақандай ауылдың ішкі потенциялын адам ақылы жетпес биікке көтеріп кеткен бірден-бір тұлға!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір