ПАЙ, ПАЙ, ПАЙ! АРДАҒЫМ-АЙ!
04.03.2016
2810
0

ТурсынгазыТҰРСЫНҒАЗЫНЫҢ ӘНІ

Қыстан мезі болғандай дел-сал манаурап тұр­ған ақпанның соңғы күндері қазақ даласында мұңды бір әуез ойнады да тұрды. Осы уаққа дейін ежіктеген баладан кемеліне жеткен шеберге дейін қазақтың ән білем дейтін өнерпаз атау­лысы ай­налып өтіп көрмеген «Сә­би болғым келе­ді», «Қа­зағым-ай», «Ая­­гөз-ару» бас­та­ған ән­­дер әр-әр жерде бұ­ры­ны­рақ­та се­зініп көрмеген әл­дебір мұңмен, әлдебір қимас­тық­пен аһ ұра шыр­қа­лып жатты.

Дүниеден Тұр­сын­­ғазы Рахимов көш­кен…

Мұндайда ие­сіз ­қалған әндер­дің­ көкейді кернеп шыдатпайтыны несі екен…

Көмекейіңді бүл­кілдетіп, әлде­қай­да жүр-жүр­лей­тіні несі екен…

«Менің ендігі ием өздеріңсің» деп, әр қазақтың көкірек-есігін қағып, жүрегін сыздатқаны болар бәлкім, кім білсін…

Сонау бір бала кезінде ауылына құдай айдап келе қалған Жүсіпбекті көрген, салған әнінен, шырқаған даусынан өнердің тірі жан атаулы тап басып айтып бере алмайтын жұмбақ құдіретін тұла бой, титтей жүрегімен сезінген он үш жасар бала әнші ертеңіне-ақ Елебековтің тіркеусіз шә­кір­ті болып ояныпты. Ұстаз биігі ол ұмтылар өнер­дің өлшеміне айналыпты. Көкірегін алай-түлей етіп, әнімен үшкіріп, жүрегіне үн құйып беріп кеткен Жүсіпбектің қасына еріп, тәлімін алған, тәмам сы­рына қаныққан жігіттік шағы да – Тәңірдің бер­ген сыйы емес деп айта алар ма екенсіз.

Он бес жасында «құлын даусына» сүйсініп, Қасымның «Өзім туралысын» он бір мәрте қай­та­­лап айтқызған Мұқағали да осыдан бастап өмірлік аңсарға айналыпты. «Көң­іл­дің кей­бір кездерінде» жы­рымен жұба­ныш болған ақын аға­сына деген махаббаты тұңғыш рет кө­мейін әуен кер­неп, жүрегінің ты­нышын алып, дег­бірден айырған­да қо­лына кездей­соқ түсе қалғандай бол­ған «Сәби бол­ғым келедіге» ақ­та­­рылып түсіпті.

Шығарған бір­де-бір әні болмаса да әлдебір сенім­мен «Сен ком­по­зитор боласың», – деп, қамшы­лап баққан Жүсіп­бек-ұстаз боз­баланың бойынан жарыққа тепсініп тұрған әнді бізден бұрын тың­даған екен-ау. Мұқағали да «Қазіргісі құлын дауыс қой», – дегенде үлкен бір болашақты болжап кеткенін білмеген де шығар…

«Сәби болғым келеді» тақ бір домбыраның шанағынан сыңғырлап түсе қалғандай, о баста қара өлең болып туғанына сенгің келмейді.

Тұрсынғазының сиқырлы қолы тиіп кеткен өл­ең атаулы екінші мәрте өлең күйінде оқылса, бір олқысы толмай тұрады-ақ.

Тұрсынғазы әнінің құдіреті, Тұрсынғазы да­ры­ны­ның күші демеске шараң қалмайды мұн­дай­да.

Көмекейіңді бүлкілдетіп әуен ойнайды:

– Тұрсынғазының әні…

Алмас НҮСІП.
«Қазақ әдебиеті».


 

ОТ ЕДІ ҒОЙ – ӨМІРГЕ ҒАШЫҚ ТҰЛҒАҢ…

Ежелгі бабалар даналығына сүйенсек,  «қайтыс (өзі жаратылған бастапқы әлемге қайыра
ор­а­лу) мезгілі жеткен Адамның тәні киіз үйдің сықырлауығынан шығып, Қара Жерге енеді, Жа­ны (Рухы, яки Өзі. – Т.Ә.) Шаңырақтан шығып, Көкке ұшады…».

Әулие Шаһкерімнің «Жанымыз – Күннен келген Нұрдан…» постулаты бойынша: «қайтыс ке­зінде Адам Жаны бірден Күнге тартылып кетеді».

Қалай десек те…

Құрып қойған секілді құсқа қамау,

Ажал бір күн әркімді ұстамақ-ау!..

Сен Ажалға бір амал таппадың ба,

кісілігінің жұпары күшті Ағам-ау?!

Өмірбіткен – осы ма?.. Өмірбіткен?..

Жолығарсың бәлкім сен Тәңір-Құтпен?!

Қалай болса, кеудемде солай соғып,

қапалы жүрек мендегі қан үркіткен!

Кім өзіңді ғайыпқа асықтырған?

От  еді ғой – өмірге ғашық тұлғаң.

Шайтан-үндер көп екен  – енді естілді –

сенің Аспан-Даусың басып тұрған!..

 

Рух  сырын, өмірден бек тысқары,

таппақ емес ешқандай тапқыш ғалым.

Сен ән салсаң, көруші ем Жанымның да

Көңіл құсына жармасып Көкке ұшқанын!..

Солай ұшқан – қалың Ой-қарлығашым,

қанатымен де самбырлап Ар дұғасын!

Қалай көңіл айтарын Әндеріңе

білмейді екен бірақ та сорлы басым!..

О Дүниенің сыры да ғажап қиын…

Бақұлдасып бағады Сөз – ақ құйын!..

Сені Жұмақ қабылдар, Тұрсынғазы!

Қазақ Әнін – қабылдар – Қазақ Күйін!

Қабылдамаса…

Жұмақ құны маған да – бес-ақ тиын!

Тыныштықбек.


 

ҚОШ!

«Қазағым-ай!..» дегенде

көкірегің

қарс айрылып, қабаржып от реңің,

құлын даусың Құдайға жеткенімен

қайдан ұғам – саңырау, соқыр едім?!

 

Әнің көкте

тұп-тұнық, таза, сырлы,

(айырбастай алмайды жез асылды…)

Қайран боздақ, қазаңды естігенде,

құлағы естіп, еліңнің көзі ашылды!..

«Қазағым-ай!..» –

арызың бақұлдасқан,

арман кетті-ау ішіңде оқылмастан…

«Жердегілер ұқпаса, маған кел», – деп,

бәлкім, сені өзіне шақырды аспан?

 

аспандағы аққудан ән үйреніп,

ұшып кеттің қайтадан «сәби болып»…

қолындағы қазақтың қыраны едің,

қолдан шығып кеткен соң зар иледік…

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ.


АБАЙ ҰРПАҒЫ ТҰРСЫНҒАЗЫДАЙ-АҚ БОЛАР…

Ән… cезім мен мейірім, парыз бен парасат, намыс пен қайсар рух тұнған ғажайып әлем.

Неткен құдірет! Әсем ән қалықтай жөнелгенде немесе шалқи төгілгенде сұлу сезім болмысыңды билеп, көңіліңді көкке самғатқандай. Осы сәт бе­сікке бөлеген нәрестедей, алаңсыз да тәтті күйде тербелесіз. «Сәби болғым келеді, сәби болғым…». Өмірге пәк көңіл, нәзік үмітпен қарап, тірлік думанында бейкүнә хәлде балқисыз.

Тұрсынғазы Рахимов!

Ол ұлан-байтақ елімізді аттылы-жаяу аралай жүріп, Ұлы Абай әндерін терең сүйіспеншілікпен әуелетті. Амангелді Жікенов пен Келденбай Өлмесеков секілді ән дүлдүлдерімен бірге Шәкә­рім әндерінің алғашқы насихатшыларының бірі болды. Тұрсынғазының ән әлемі әрқашан мөлдір де жарқын, шуағы мол Күн сәулесіндей. Жүрегіңді мейірімге толтырып, айналаңа тап сондай ыстық мейірім, дархан жүрекпен қаратады.

Сондай жарқын сәттерде менің ойыма сонау жастық шақта, ерке Ертістің бойында табысқан дарынды дос, ән төресі Тұрсынғазы оралады. Таби­ғаты таза, болмысы бөлек ән серісі Тұрсын­ғазы… жан-жүрегіңді ерекше баурап алып, жан-жағыңды құшағыңа сыйғызғандай ерекше сүйіс­пеншілікке бөлейтін Тұрсынғазы.

Қанатты үш дарын иесіне шәкірт болғаны жайлы Т.Рахимов былайша еске алады: «Мен Жүсіпбек Елебековтің шәкірті болғаныма бақыт­ты­мын. Ол кісі үнемі айтатын, «сен сазгерлікпен айналысасың», – деп. Ол кісінің көрегендігі ме, мен он жылдан кейін ән шығара бастадым. «Сені асырайтын қара домбыраң» дейтін екінші ұстазым Есмұхан Обаев. Ол маған талай рөл беріп сахнада шыңдады. Сахнаға шығу үшін де шеберлік керек. Үшінші ұстазым – композитор Теміржан Базарбаев. 1979 жылы алғашқы әнім «Сәби болғым келедіні» жазғанда ақ батасын беріп, көп тәрбие­леген тәлімгерім еді…».

Шіркін… ән әлемінде еркін қалықтаған және шабыттана шарықтаған Тұрсынғазыдай ән пері­лері барда мынау өмірдің кейбір кірбіңі мен түйт­кілдері мүлде естен шығады. Мөлдір де жарқын ғажайып әлем! Оның ән әлемі бізді «Дариға, домбырамды берші маған», «Отыздан асып барамын», «Мен сені сағынғанда», «Санаулы күн», «Нені  аңсай­мын», «Я, жаратушы Аллам», «Қазағым-ай», «Аягөз – ару», «Батыр баба – Қабанбай», «Ән атасы – Әміре» және Әсетке арналған «Сағынбасқа не шара», Жәнібек Кәрменовке сағыныштан туған «Ақбөкен»,
«Әнің қайда, Жәнібек» әндері болып тербейді.

«Таңқаласың… Тұрсынғазылар тұрғанда кей­біреу­дің тамағын босқа кенеп, қанаттың тұқылын­дай шолақ қолтығын текке қаққаны сайраған бұлбұлмен жарысқан сауысқанның шықылы­ғын­дай шалалық қой. Қоймайды, бәрібір жазған­дар, жанталасқандар түсінбейді. Тұрсынғазының әні жалқы жаралып, дүйім жұртты дүр сілкіндіре­тін дара сезім және топта талай сыналған дүр сезім!». Сонау 2006-шы жылы, осыдан он жыл бұ­рын жазған «У» атты романымда Тұрсынғазы дос­қа деген сағынышымды ақ қағазға осылай түсір­ген екем. Бұл сөздердің менің ғана емес, бар­ша өнерсүйер қауымның көңіліндегі көркем де ыстық лебіз екеніне дау бар ма!

Күні кеше Семейдің ән дариясы тағы бір толқып-толқып кеткендей болып, жағалауына жырдан шашу шашты. Абай атындағы театрда Тұрсынғазы Рахимовтың «Қазағым-ай» атты республикалық І-ші ән фестивалі бұлақтың мөл­дір суындай, самалдың тәтті сырындай өнерді сағынып, шөліркеп қалған жұрттың көңілін шаттыққа толтырып, қуанышқа бөледі.

Тұрсынғазы Рахимовтың ән кеші өнердің бәйгесін қыздырып, бағын асырып, қазақтың дара туған өнерпаздарына деген сүйіспеншілігінің тамаша айғағына айналды. Өнер құдіретінің мәңгілік екеніне қалайша қуанбассың! Ол өнер­дің бағын ашып, құдіретін жаятын да сол Тұр­сынғазы секілді ән жұлдыздары. Дарынды пер­зенттерін аялай біліп, ардақ тұтатын дана да дархан мінез халқымыз. Тамаша ән кешінде осыған тағы да көз жеткізіп, ғажайып өнері мен өнерпаздары  бар қазағымыздың  бір  іргелі  жұрты – Семейдің әнсүйер қауымына іштей разы көңілмен алғысымызды жаудырдық.

Мәңгілік асыл дәстүрлері бар дархан да дана, намысшыл да батыр, өнерлі де өршіл Ұлы Дала елінде бұлай болуы әбден! Ақ қағаздан ажырағым келмейді, қаламымды қолыма қыса түсемін. Ұлы Абай айтып кеткендей, «Құлақтан кіріп, бойды алар; Жақсы ән мен тәтті күй. Көңілге түрлі ой салар; Әнді сүйсең, менше сүй». Семейлік  әнсүйер қауым өзінің дарынды да қайраткер азаматына терең құрметі мен ризашылығын жеткізуге үлгергендей екен…

Болат ЖҮНІСБЕКОВ,
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік
тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық
қорық-мұражайының директоры.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір