ЖАМБЫЛ СӨЗІ — ХАЛЫҚ СӨЗІ  МӘҢГІЛІК
26.02.2016
7043
0

13ХАЛЫҚ ПОЭЗИЯСЫ  АЛЫБЫНЫҢ ТУҒАНЫНА 170 ЖЫЛ ТОЛУЫНА

Көшеде келе жатқанымда кездесе кеткен ақикөз: «өңіңіз әлі таймапты», – дейді. Мақтағаны мабоқтағаны маСоншама жасқа келсең де, қақаңқақаң етесіңін айтып күндегені болуға керек, зайыры. Бірауық бас шайқап ренжисің. Ілеқайраттанасың. Сәтін салып, жыр алыбы Жамбылдың 90 жасқа келуіне байланысты Мұхтар Әуезовтің құттықтауындағы  мына бір  сөнбес сөздері  көңілге орала кеткенінде: — «Ардақты Жәке!.. Кәрілігін кәдірлі еткен ұлы дәуреннің даналығына қуанып, шарқ ұрып дабыл қағып келген бүкіл союздың жаңа адам, жас қауымына асыл аға сен болдың…  Жасы кәрі, жаны жас, аспандай шыққан әні жас Жәкең, сен әрі әкенің әкесіндейсің, әрі шөберенің құрбысындайсың, әрі болашақ ұрпақ тұрғысындайсың. Ғасырларды көктеп өткен даналық тірлік осы да. Бір тоқсан емес, сан тоқсандық өлмес, өшпес тірлігіне сенген ініңМұхтар». 

Жәкеңнің, Жамбыл Жабаевтың тағы бір тоқсанына аяқ басқан мүшел тойы, шүкіршілік, Ел тәуелсіздігі жағдайында мі­не, екінші рет кеңінен атап өтілуде. Со­ның алғашқысында, 1995 жылы
«Өл­ең сөздің даңғылы Жамбыл ата» атты «Қа­­зақ әдебиеті» газетінде жарияланған ма­қаламда мен де жұрт қатарлы лебіз біл­діргенмін.

Жүз жасаған ақын Жамбыл жыры әлем­­нің төрт бұрышына тарады. Қазақ-
с­тан­­ды ол кезде біле бермейтін шетжұрт­тық­­тар Жамбыл еліненмін десең, о, жүз жа­саған феноменді білмегенде қалай?! – деп қуана қарсылайтын.

Ұлы Отан соғысы кезінде Жамбыл жыры майдан шебіне шықты. Ленинград не­міс-фашист құзғындардың қоршауында қалған зауал күндері «Ленинградтық өренім, мақтанышым сен едің» өлеңі мен Жамбылдың суреті плакатқа басылып, солтүстік астананың көшелері үйлерінің қабырғасына жапсырылды. Жамбыл үндеуі ешқашан ұмытылмас әсер еткенін, алыстан бауыры келгендей біресе жылап, біресе қуанғанын ленинградтықтар кешелер де, бүгіндер де әрдайым алғыс сезіммен елжірей еске алып отырады.

Жазушы-драматург Всеволод
Ви­ш­не­вс­кий: Жамбыл жыры біздерге, ле­нинг­­радтықтарға, жаумен жанталаса айқасып жатқан әскерге кенет тың ди­­визия қосылғандай рух берді деп жаз­ды. Осы іспеттес ой-пікір Ленинград қор­ғау­шылары туралы поэманың авторы Николай Тихонов, Ленинград майданы саяси басқармасы қасындағы жазушылар тобының мүшесі ақын Александр Про­кофьев секілді суреткерлердің естелікте­рін­де де аса бір ілтипаттылықпен, ыстық алғыс сезіммен кестеленген.

Ленинградтың қатардағы адамдары­ның пікірін де талай рет қызыға оқыдық. Солардың бірі –жазушы Мұхамеджан Етек­баев құрастырған «Жамбыл Жабаев» жинағының (1971) «Соңғы сөзінде» кел­ті­ріл­ген. Мұхамеджан кинорежиссер Осман Дүйінбаевпен бірге Жәкеңнің өмірі мен шығармагерлігі жайлы доку­мен­тальды фильм түсіру қамында Ленинг­радқа ба­­­рады. Сонда жүріп бала кезінде ата-ана­ларымен қоршауда қалған, бүгін көзі тірі буфещица Кира Богдановадан естіген сөзін әңгімелейді.

«Әлі есімде, – дейді Кира Богданова, – Біздің үй Нева проспектісінің бойында, төртінші этажда еді. Бір күні әкем балконға шығып тұрған… Көшенің бұрышында репродукторлар неше түрлі хабарлар айтып тұратын.

– Жамбыл Жабаев біздерге арнап өлең жазыпты! – деп әкем үйге жүгіріп кірді…

Барлығымыз балконға жүгіріп шық­тық. Репродуктордан Жамбылдың өлеңі оқылып жатыр екен.

Ленинградцы, дети мои,

Ленинградцы, гордость моя!..

Өлең оқылып болғанша біз барлығы­мыз да қалшиып қатып қалған екенбіз. Енді жан-жағыма қарадым. Үй-үйдің балкондары, көше бойлары құжынаған халық. Әйелдер көздеріне жас алып, төмен қарап қалыпты.

Жасалған жоқ салтанат

Жаудың болуға ермегі.

Судай тасып ел кегі,

Жолды кернеп қол кетті

Сендерге дем бергелі.

Нева алабын қорғаңдар

Ленинградтың ерлері…

деген жолдар әлі есімде». Кира Богданова әкесінен Жамбылдың кім екенін сұра­ған­да, ол:

« – Жамбыл – қазақ халқының ұлы ақы­ны. Біздің бауырымыз, әкеміз. Көр­­дің бе, сонау Қазақстанда жатып біз­­дің қайғымызға ортақтасып өлең шы­ғар­ғанын. Ол да қатыгез жауға ызалы. Қа­быр­ғасы қайысып, жүрегі ауырады. Жамбыл да біз сықылды ұйықтай алмайды, – деді».

Кираның әкесі Киров за­во­дында істейді екен. Бұ­рынырақ қолының екі саусағын станокқа бай­қамай кескізіп алып, шо­лақ болып қалған. Сол бір жағынан себеп бо­лып, екіншіден ауыр күндерде завод та жұ­мыс қолына зәру еді. Жамбыл жырының әсе­рі­­нен ол жұдырығын түйіп тістенеді:

« – Сонша біз ол ит­тер­ге не істедік? Жоқ! Өліс­пей бе­ріс­­пейміз!».

Бірер күннен соң Ки­ра­ның әке­­сі еріктілер қата­рына қо­сылып, май­­данға ат­та­н­а­ды. Осыны айта келе, Ки­ра көзіне жас алады: «Содан оралған жоқ қай­ран папам!» «Бұл 1941 жылдың сен­­тя­брь айы болатын».

Шапырашты, бергі атасы Екей­ден шық­­қан Жам­был өлмес өлең, поэмалары ар­қылы күллі қазақ хал­қы атынан сөйлеу абырой-беделіне ие болды. Әрдайым елі­нің қуа­нышына ортақтасып, қайғы-қа­сіретін бірге бө­ліс­ті. Сүйікті ұлы Алға­дай­дың қан майданда қаза тапқанын естірткенде оның:

Алатауды айналсам,

Алғадайды табам ба?

Сарыарқаны сандалсам,

Саңлағымды табам ба?

Өлім деген у екен,

Мендей қаріп адамға… –

деп исі қазақтың белін қайыстырған өлеңін күні бүгін оқысаң да бей-жай қала алмайсың.

Жәкең бүгін де арамызда. Сөзі үсті­міз­дегі жылы құрылғанына ширек ғасыр толғалы отырған Тәуелсіз мемлекетіміздің де жыры, мұқалмас қаруы.

Тамақ үшін сатылған,

Ұлықта ар қалмаса.

Айтқанменен жалынып,

Арызыңды алмаса.

Алатұғын қақынан,

Асырып пара қармаса.

Ауға түскен балықтай,

Шыға алмайсың бұлқынып,

Әділеттік болмаса.

Бұл жолдар – кешегінің ғана емес, бүгін­гінің де шындығы. Қазір «Сыбайлас жем­қорлық» деп аталады…

Егемендігіміздің басты қорытын­ды­ларының бірі – «ақиқат аясында» болу». Ақиқат аясынан ауып көрмеген Жам­был сөзін шашауын шығармай жас ұрпақ санасына құю – абзал борышымыз. Әнеу бір әзірдегідей, уақыт талабымен үйлеспейді-міс желеуімен Жамбыл жы­рының ұйпа-тұйпасын шығарып, редакциялаудан мүлде тыйылуға керек.

Мына бір жәйтқа қалай қарар еді­ңіз? «Ленинградтық өренім» өлеңі Жам­был­дың барша жинақтарында үзбей басылып келеді. Ал Ленин туралы өлеңде­рін жа­риялауға мейлінше сараңбыз.
Ко­ньюнктура дейтіннің кеселінен аруақ сыйлау ғұрпымыздан айырылғанымызды былай қойғанда, мұның өзі қарапайым логикамен де сыйыспайды ғой!

«Күнсіздерге күн болған, Жер жүзі­не нұр болған, Ақылдың кені даныш­пан, Езіл­генге қол берген…» деп бас­та­­ла­тын «Ленин мавзолейінде» өлеңі­нің, ай­тыңызшы, қай жері өтірік? Отар­шылар­дың күн көрсетпегені, жеріміздің нулы, сулы жерлерін тартып алып, қазақты құм, шөлге ығыстырғаны, езіп жанышқаны – қаймағы бұзылмас ақиқат, тарихи шындық қой.

Рас, бүгіндері Мәскеу ІІ Николай пат­шаларын әспеттеп, көтермелеуде. Есесіне Владимир Ильич Ленинді жерден алып жерден салып қарғап-сілеуде. Жуырда Ресей Президенті Владимир Путин Ле­нин­ді Кеңес Одағынына кіретін рес­пуб­ликаларға қажет деп тапса бөлінуге құқық беретін ережені қабылдатты деп айыптады. Одан да Сталиннің автономизм идеясы қабылдағаны әлдеқайда ұтымды болатын еді деп мәлімдеді.

Ал біз ше? Қисыны келсе де, келмесе де, Кеңес кезіндегідей әлі күнге Мәскеудің аузын бағып отыруымыз керек пе? Сөз жоқ, Тәуелсіз Қазақстан Ресеймен берік туысқандық байланыстамыз. Әсіресе, экономика саласында. Бірақ мұны Қа­зақстанның өзін-өзі билеуі, ұлттық дер­бес­с­іздігі саясатымен әсте шатастыруға болмайды. Өз тарихи дәстүрімізге берік болуға тиістіміз.

Тарихтан  белгілі  жәйт: Ресей монар­хия­сы, ІІ Николай император Қазақстанды бірнеше губернияға жіктеп бөліп жіберіп, география картасынан «қазақ» сөзін мүл­де сылып тастады. «Замана ағымы» атты поэмасында сол шындықты Жамбыл былайша бейнеледі.

Алтай, Орал арасы –

Жетісу, Сырдың бойы екен.

Қарқаралы, Балқаш көл,

Сұлу Көкше, Баян тау –

Жер жұмағы дер екен.

Айдын шалқар сулары,

Жасыл тоғай нулары –

Толған ырыс мол екен.

Сол жер түгел таланды,

Бар шұрайды өлшетіп,

Николай патша ол алды.

Бұған қарама-қарсы, Владимир Ильич Ленин 1920 жылы Қазақ Кеңес Автономиялық Республикасын құрып, атамекен жерімізді қайта тұтастандырып біріктіріп берді. Иосиф Сталин 1936 жылы Қазақ автономиясын Қазақ Кеңес Социалистік Республикасы етіп қайта құрды. Сол үшін, Қазағының игілі­гіне жасалып жатқан жақсылық жаңалықтардың бәр-бәрі үшін Жамбыл ақын жаңа туғандай жайнап қуанып, Ленин мен Сталинді, Коммунистік партияны шын жүректен жырлап алғады. Енді соны да сөкет көруіміз керек пе?!

2011 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты заңғар жазушымыз шығармаларының елу томдық толық жинағын жариялауды аяқтады. Сол басылымның 37 томында «Партия туралы ойлар» деген мақала «Дәуіріміздің, қазіргі адам баласының ақыл-ойының шамшырағы – Коммунистік партия, Ленин партиясы туралы ойдан артық ешқандай ой болуға мүмкін емес» деген сөздерден басталады. (15 б). Қазір біз басқа дәуірде өмір сүріп отырмыз. Дәуір өзгергенімен, хат өзгермейтіні сонау Гомер заманынан сіңісті дәстүр. Сол дәстүрге сай ұлы жазушының қаламынан шыққан еңбектерінің үтіріне дейін Институт ұжымы қол тигізген жоқпыз.

Бұл – бірден-бір дұрыс ұстанымды бұзу – әбестік. Керек десеңіз, Мәскеу Октябрь революциясына қарсы шыққан Бунин, Куприндердің кітаптарын Кеңес дәуірінде де басып шығарды ғой.

Қандай қайшылығы болмасын, Жамбыл мұрасына да біздің қол тигізуге еш һұқымыз жоқ. «Уақыт көтермейдінің» заманы өткен…

Жамбылдың «Жоғалт көзін!» деген өлеңі сталиндік репрессияны қолдаған туынды. Ұлы Жәкеңнің Сталинді жер-көкке сыйғызбай мадақтаған, алғаған, «халықтар көсеміне» теңеу таба алмай қиналған, ақыры «жанып тұрған жалынды отқа» балағанын білеміз. Қазіргі заманда бұған кім қалай қараса, теріс я оң баға берсе, өз  еркі. Қалай десең де, Жамбылдай қасиеттіміздің қай шығармасы да баспа бетін көруі міндет. Тәуелсіздік заманы – демократия, сөз бостандығының заманы. Бұл – бір.

Екіншіден, И.В.Сталинді сталинше беталды, жөн-жосықсыз айыптай бермеу жағын да ойластыратын уақыт жетті. Мәскеулік «Литературная газета» Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің жетпіс жыл­дығына орай Жоғары Қолбасшының 1945 жылдың мамыр айындағы совет халқына үндеуін толық мәтінімен бірінші бетіне басып жариялады. Мәскеуліктердің бұл қадамын, меніңше, құптауға тиістіміз. Со­ғыстың 1480 күні бойы майдан мен тылды жұмылдыра білген адамды Хрущевке ұқсап ақымаққа санамауымыз керек.

 


  • ЖАҚСЫНЫҢ ЛЕБІЗІ

АУЫЗ ӘДЕБИЕТІМІЗДІҢ КЕНЖЕСІ

Жамбылды еске алғанда оның ұшқан ұясын, яғни туған елін, жерін еске алмасқа болмайды. Қазақ жері кең, жерінен елінің пейілі кең. Ол жерде ең пайдалы өсімдіктер, ол пейілде адамшылық ең абзал қасиеттер өседі. Ғалымдардың ғалымы Әл-Фараби, қазақ жазба әдебиетінің ардагері Абай, ауыз әдебиетіміздің кенжесі алып Жамбыл, жасынан дана Шоқан… Бәрі-бәрі осы жердің, осы елдің бел баласы. Біз, бүгінгі қазақтар, соларды мақтан ете отырып, өткеніміз бен қазіргімізді, қазіргіміз бен келешегімізді салыстырғанда төбеміз көкке екі-ақ елі жетпейді.

Ғабиден МҰСТАФИН.


 

Қазақ әдебиеті – өзі бір жатқан мұхит. Әуезов институты соңғы жылдары 100 том­дық «Бабалар сөзін» жариялады. Мә­тіні негізінен ауыз әдебиетінен тұрады. Институт бөлімдері кезінде құрылымы ұлан-ғайыр: мифология, ауыз әдебиеті, жазба әдебиетінен тұратындығына сай көне әдебиет тарихы, теория және методология бөлімі, Жамбылтану және қазақ ауыз әдебиеті, Абайтану және қазақ жазба әдебиеті, т.т. бөлімдері болып көп жылдар бойы жемісті жұмыс атқарды. Ресми аты оңтайландыру, оптимизация деп аталатын, ал заты – штат қысқарту шарасының салдарынан жойылып кеткен бөлімдердің бірі сол Жамбылтану бөлімі болды.

Қазақ ауыз әдебиеті – қазақтың көш­пе­лі тұрмысының айнасы. Тақырыбы мен жанрлары сан алуан: өлең-жырлар, аңыздар, тапқыр шешендік сөздер, мақал-мәтелдер, жұмбақ, нақыл сөздер, айтыс, батырлық эпостар, әлеуметтік-тұр­мыс поэмалары, т.т., кешегі ата-баба­ла­рымыздың дүниетанымын, еңбек, тұр­мыс, рухани күй-жайын кеңінен бей­нелейді. Жамбылға дейін де, Жам­былдан кейін де ауыз әдебиеті ел өмірін әржақты көрсетуде. Жамбылтану және қазақ әде­биеті бөлімінің құрылу себебі, ұлы ақынымыз халқының, өзіне дейінгі ақын, жыраулардың асыл өнерін бойына мо­лынан сіңірді. Айтыста алдына жан салған жоқ. Эпостық жырлардың миллионнан аса жолын жатқа айтатын жыраулығы, ақпа, төкпе ақындығы, айтқыштығы жа­ғы­нан Жамбылдай дана­ға теңесер ауыз әдебиетінде бүгін де еш ақын-жыршы жоқ десек, артық айтқандық болмас.

Қазақ халқының жүрегін сөйлеткен, мұң-арманын тербеткен, тарихы мен та­лантын тұлғасына мықтап сіңірген шүйкедей шал халық поэзиясының алы­бы атанды. Сол биік ұлағаттылығын өзі де бек сезініп, «Жамбыл – менің жай атым, Халық – менің шын атым» деп жар салды.

Жетіспей жатқан жеріміз – Жамбылды насихаттау жағы. Жас ұрпақ ұлы ақын­ды жөнді білмесе, оған кітаптарын шы­ғар­­май жатқандар кінәліміз. Тағы бір үлкен шаруа – Жәкеңнің мұрасын, на­­қыл сөздерін, қалжың сөздеріне дейін жинау ісін жалғастыра беруіміз ке­рек. Жоғарыда аталған «Жамбыл Жа­баев» таңдамалыларын құрастырған Мұхаметжан Етекбаев ұлы ақынның бұрын жарияланбаған өлеңдерін енгізгені айрықша құптарлық іс. Кеңес Одағының халық әртісі, халқымыздың бұлбұлы Күләш Байсейітованың Жамбылға сәлем бере барғандағы ұлы ақынмен бірге түскен суретін көрдік. Бірақ өлеңі барын Мұхамеджан құрастырған жинақтан алғаш рет білдік.

Қызым келді-ау қасыма қызғал­дақтай!

Жүрер ме екен кәрінің сөзі жақпай?

Сені тапқан анаңнан айналайын

Бір мін жоқ мүсініңде арғымақтай, –

деп басталады өлең… Осындай қазы­на-мүлік мұрасын іздеп табуды тоқтат­пауы­мыз керек. Мәселенки, Сәбит Мұ­қановтан естіген мына әңгіме секілді. Сәбең маған бір күні: сапарда болдың ба, көрінбей жүрсің, – деді. Мен: Ыстық көл­де дем алғанымды, Пржевальск, Ры­бачьеніні көргенімді айттым. Сонда Сәбең Тәтемнен естіп едім деп көзін жұ­мып шалқалап бірауыз өлең айтты.

Ырбашыға барсам-ау,

Ыңранып ән салсам-ау.

Жағасында жатсам-ау,

Сазанынан сорсам-ау.

Кімнен жазып алғаным есімде жоқ, қойын дәптерімде Жамбылдың айтқыштығын, қайталанбас шешендігін, бірлі-жарымды сөзбен адам портретін құя салатын суреткерлігін дәлелдейтін қалжыңдары келтіріліпті. Қалжың объек­тілері өзінің әр кезде әдеби хатшылары болған ақын інілері. «Батып, шығып Әбділда қайда жүр» деген сияқты әзілдері «Жұлдыз» журналының былтырғы сандарына жарияланды…

Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт.

Ел бірлігін сақтаған татулықты айт.

Жәкеңнің Құлмамбетпен айтысынан алын­ған, біздің бүгінгі арман-тілегімізге үн қосатын бұл өлең жолдары – ұлы тұл­ғаның өмірлік кредосы еді. Қола мү­сінді Жамбыл Алматының өз есіміндегі көшесінің басында және Абай атындағы Академиялық Опера және балет театры­ның ғимараты қасында, Алатау бөктерінен ұлы Қазақ даласына бірлікке, татулыққа шақырған өлмес, өшпес жырын төгіп тұрғандай…

«Мынау тұрған Абайдың суреті ме? Ұқ­саған өлең-сөздің құдыретіне…». Жәкеңнің баға жетпес бұл теңеуін жас­тайымыздан жаттап өстік. Сол Абай айтпақшы, «Өлді деу­ге бола ма ойлаңдаршы, Өлмейтұғын ар­тына сөз қалдырған», ұлы Жамбыл біз үшін де, келешек ұрпақ үшін де мәңгі тірі.

 Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір