БАУЫР
26.02.2016
2156
0

Елдар сканерАтатаудың күнгейі іркес-тіркес бір-біріне еміне итініп жота-жондар қыр-қыратқа, одан барып бел-белестер мидай жазыққа ұласып кете береді екен. Сиыр бүйрегіндей буылтық-буылтық тағы ауылдар үйме-жүйме болып, кішігірім жарқабақтар желкесіне үркесоқтап шүпірлепті. Ұлы дарияны сағынып солай қарай кернейлетіп тартатын бұлақтар, жылғалар, өзеншелер жер құрсағын тепсініп теуіп шығып, еңісте жуасып, жалбыздар жұпар шашып, дала мен күн исін бұрқыратып жататын. Түздің өмір жыры мәңгілік шертілетін еді. Үйдің іргесіне дейін алабота, есекмия, кәріқыз, итсигек, жолжелкен, жоңышқа, жантақ, жөргем  қыр тіршілігінен хабар бергендей қалың өсіп көз қуантатын біртүрлі.

Бір ұрпақ жасындай уақытта Шаян, Арыстанды, Қарабас өзендері бойындағы сыңсыған сәнді тал­дар, қорқынышты қорыстар, қа­ғілез құлағын қайшылаған нар қамыстар мен сусылдаған құрақтар жылан жалағандай тып-типыл ада болғандай. Қа­зір олардың жұрнағы да жоқ. Қан­ша қашқанмен қара аспандай Қаратаудан құтылмасын білгендей Жетімтау да жұтаң жадағай күн кешіп жатты. Ол менің де, Болатханның да отбасынан басталатын кішкентай Отаным – Жетімтау!

«Көп жұрттың ұғымында: Айға аттаған

Мен жүрген жаны қайрақ, қайратты адам.

Ал, өзім «жетім» деген сөзді естісем,

Сол бойда құздан құлап, жайрап қалам.

Сан ғасыр шыр айналып жұмыр жерім,

Таппады жетімдіктің бүгін де емін.

Жан-жағы – тұлдыр дала тауға қарап:

«Жетімтау, Жетімтау…», –

деп күбірледім.

Бір сапар әсерінің ізімен жазған қа­зақ­тың қалам қайраткер қызы Фариза Оңғарсынованың да сүйіп жырлаған Же­тімтауы бұл. Ол мамыр аяғында таудан соққан майда желге маңдайын тосып, жер қызуын табаны және жүрегімен се­зіне тұрып, бұлақтарды кешіп жүріп не ойлады екен?

Бұл дертті жоқ менің де емдер дәрім,

Жанға, рас, жаны жүдеу дем берді әнім.

Таңдандым таулар да шын тата ма деп

Жердегі жетімдіктің кермек дәмін.

 

Маңайда естілмейді жыр да, шу да,

Сонда да көңіл соқпас құр жасуға.

Жанында Жетімтаудың таулар түгіл,

Төбе жоқ сырласуға, мұңдасуға.

 

Айнала – қиыры жоқ сырлы далам,

Жетімтау асқақ қарап тұрды маған.

Тас жарып сайға қарай жарысады,

Қос бұлақ құлыншақтай құлдыраған.

 

Мен тұрдым ойлар сүйреп, мұңға кетіп,

Жетімтау шыныққандай сынға бекіп.

Күлкілі, күбірлі орта қызықтарын

Тұр асқақ жалғыздыққа құрбан етіп!».

Ақын жүрегі Жетімтауды осылай сезді. Оның шаңдағына аунап, жалғыз тал шыбығын ат қылып мініп шапқылаған Болат Мақатұлы бүкіл болмысымен оған кіндігімен байланып өскендей. Кішкентай ауылдың кешегісі де, бүгінгісі де көз алдында өтті. Табиғатқа тек тұтынушылық пиғылмен қарау орны толмас қасірет әке­летінін білді. Кездейсоқ жұлынған жап­ы­раққа, үзілген гүлге жаны ашыды. Оны алыс­қа жетелеген осы асқақ та ұялшақ ар­ман еді. Ауыл сыртындағы шеңгелді то­ғайда жапатармағай қалың біткен жуаны жусатып жатқанда бұл аңырайып көкжиекке қарап тұратын. Көктемде күн күркірегеннен кейін Жетімтау аңғарына бітетін тәтті жамбас жуаға тұрғыластары тырмысып жүргенде де Болатхан қалыс қалатын еді. Маусым айының ортасында Жетімтаудың Әулиетас күнгейіндегі таудың боданадай-боданадай болып пісетін тау шиесі-ай, шіркін! Сондай туған топырақты  қиып, ат жалын тартып мінгеннен кейін Алматыға аттанды. Бірақ қозы-лақтың жамырап у-шу маңырағаны, құлыншақтың шіңгір-шіңгір кісінегені мен ботаның тәтті боздағаны есінен кете ме? Жүрек қалауымен зооветке келіп түсті. Мәртебелі мамандық алғанда ұстаздары мен достары оның бұған бейімдігін байқап, ғылым жолын қууды қуаттады. Ата-бабалары білім алуды «инемен құдық қазғандай» деп бекерден-бекер айтпайды екен. Таңды таңға ұрған ұйқысыз түндер, кітапханаға шапқылаған күлкісіз күндер өтті. Кандидаттық диссертация қорғалды. Сонан соң докторлық дәрежеге жетті. Балалар ержетті. Болатханның көп жұмы­сы­ның ішінен Сарыарқа асыл тұқымды қойды сұрыптап шығарудағы ұжымдық еңбегі еленіп, ғылыми ортада аса жоғары бағаланды. Моңғолия Ұлттық Ғылым ака­­демиясының Құрметті академигі атанды.

Бұл Қазақияда аузы дуалы дала дана­лы­ғын бойына дарытқан серкесөздің не­бір сайыпқырандарын кездестірмеді ме? Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлым дейтін ел болмаса, елім дейтін ұл қайдан шы­­ғады?» дегенді неге айтты екен? Әлде, елі үшін еңіреген ерлердің ерен еңбегі ес­­керусіз қала берген соң ба? Неде болса абыз айтқыш болып шықты… Бәйдібек ұр­­пақ­тары шаруасын күйттеп, түгін тартса майы шығатын өлкеде беймарал тұрып жатты.

XVIII ғасырдың ортасына таман Қоқан хандығы (1710–1876 ж.ж.) отаршылдық езгісін одан сайын күшейтіп, тізесін ба­тыра түсті. Сыр бойын Аралға дейін, Қа­ра­таудың о жағы мен бұ жағын, Же­­тісу­ды Ұзынағашқа дейін күштеп зор­лықпен қарамағына қаратқан олар салық түрін көбейтті. Түндік басы 6 қой, 24 қап көмір, 4 өгіз арба сексеуіл, 100 бау қа­мыс тапсыруға міндетті болды. Күнгей қазақтары құлдық бұғауында бұлқынып, ұлт-азаттық көтеріліске қаншама шық­қан­мен кек қылышы тасқа шабылып май­рылғандай еді. Шыдамның де шегі бар емес пе? Отаршылардың ызасы әбден өтіп, сүйекке жеткенде Сапақ датқа, Мұсабек батыр, Мәделіқожа және бірнешеу еті тірілер бірігіп, 1858 жылы хандықтың Шым­шаһардағы итаршысы Мырзабиді өлтіріп, азаматтар атқа қонды. («Өлтіріп Мырзабидің өтін алып, қолымның ет аса­дым қаныменен» сол жолы туды). Болат­ханның бабасы Балғабай датқа құдай қос­қан туған құдасымен ниеттес болып, қолдау көрсетті. Қалың бұқара халық қа­һарынан қаймығып, ушыққан оқыс оқиға құн төлеумен ғана мәмлеге келді. Әжесі айтып отыратын қаһармандық хикаясының Болатханның есінде қалған бір парасы бұл.

…Адам зердесінен ерлік іздері, сірә, оңайлықпен өше ме? Ол достарымен қыз­ғалдақ, бәйшешек пен сарымсақ теру­ге шыққанда Жетімтау, Қаратас бет­кей­леріндегі ескі тас қорымдар, обалар мен қарауыл төбелерге ұшырасқанда ол «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» тақсыретін тартқандай күй кешетін. Туған жердің бағзы замандардағы шежіресі сыр шерткендей еді. Бұл өмір әліппесі Болатхан Махат жүрегінде ешқашан өшпестей болып жатталып қалыпты.

Бірде өзі де бүкіл жаратылысымен көш­пелі зерек халықтың туған баласын­дай болып кеткен «неміс ішіндегі қа­зақ Герольд Карлұлы Бельгер заман күр­де­леніп, адам азып бара жатқанына наза­ланып, толғанған болатын маған:

«Ізгілік», «мейірімділік» ұғымдарына пыс­­қырып, айылын жимайтын адамдар ұр­пағы өсіп келеді. Олар үшін бұлар түк емес.

Жомарт жақсы кісі – қазір осал адам, олақ, жылаңқы, парықсыз, былжыр, жай­­басар…

Ізгілікке, мейірімге, сақылыққа ауыл­­да мұрынбоқ біздерді қаршадайдан үй­ре­тетін. Әр кішкентайдың өзінің бәсі­ре сүй­кімді, үріп ауызға салатындай қоша­қа­ны, құлыншағы, күшігі болатын. Жануар­ларға, айнала қоршаған ортаға: жылғаға, алаң­қайға, тал-дараққа, өзендер­ге, құ­дық­­тарға деген сүйіспеншілік игілік­ке, мейір­бандыққа, жанашырлыққа тәр­биеледі.

Ауыл әулиехана, жасыл жағажай, өне­ге­лік тірегі, түпқазық, мектеп еді».

Асыл аға аңсаған киелі сезімдер ұшқын­дарын мен Болатханның бол­мы­сынан көргендей боламын. Табиғат оған өмірді ғашықтай сүйетін жомарт жүрек сыйлапты. Ол жүріп өткен азамат жолы ұзақ. Сонау Қаратау қойнауынан басталып, Алатау аясында жалғасып жатыр.

Аян-Сейітхан НЫСАНАЛИН.


Суретте (солдан оңға қарай): Б.Мақатұлы, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, филология ғылымның докторы, академик Ә.Дербісәлі және ақын А.Нысаналин.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір