«ШЫҢҒЫСХАН ШЕЖІРЕСІ» ЖӘНЕ «ХАНДАР ШЕЖІРЕСІ»…
26.02.2016
2744
0

12746030_967272163320738_1633583792_n«Ғылым ордасы» Ғылыми кітапханасы 2012-14 жылдары «Шежіре –  жазба ескерткіштері ретінде (ХVІІІ-ХІХ ғ.ғ.)» атты ғылыми зерттеу жоба жұмысы аясында бірнеше көне кітаптарды аударып, факсимилесін жасаған болатын.

Сол шығармалардың бірі «Хандар ше­жіресі» – қордағы өзге де шежірелер («Тауарих хамса», «Жами’ ат-тауарих») сияқ­ты, қазақ тарихын түгендеуде маңызы зор деп санаймыз. Бұл қолжазбада Адам Атадан Мұхаммед пайғамбарға дейінгі шежіре, Араб, Парсы заманы мен Түрік-моңғол дәуі­рінің хандары мен халифаларының тарихы баяндалады. ҚР БҒМ ҒК «Ғылым орда­сы» РМК Ғылыми кітапхана қорындағы №1637 нөмірлі бұл қолжазба 1964 жылы Ғы­лыми кітапхананың (Орталық ғылыми кітапхананың) бұрынғы қызметкері Е.Бай­болов­тың атына келіп түскен. Қолжазбаны жолдаушы С.Б.Кулбасинов (С.Б.Құлбасынов болуы керек) деген азамат өзінің мекен-тұра­ғын: «РСФСР, Челябинский облысы, ст. Субутах Магнитный Зерносовхозының Южное отделениесі», – деп көрсеткен екен.

Қордағы ерекше атап өтуге тұрарлық тағы бір қолжазба – 1906 жылы Қазан қала­сынан басылып шыққан «Шыңғысхан шежіресі». Кітапты мазмұнына қарап 3 бөлімге бөлуге болады.

  1. Шыңғыс ханның өзі және ата-баба­ла­ры;
  2. Жошы ханның және Темірлан әулет­тері;
  3. Дешті Қыпшақ, Қазан, Қырым ханда­ры әңгімеленеді.

Кітаптың  авторы – татар молдасы Са­ла­худ­­дин Ибн Шара­фуддин. Ол Қазан қаласы маңындағы Уля Казаклары ауылынан шық­қан. Көптеген діни кітаптардың авторы және Қиссасул әнбияны татаршаға аударған авторлардың бірі. Бұл шежірелер қазіргі әліпбиге түсірілген.

Қазіргі кезде «Ғылым ордасы» РМК Ғы­лы­ми кітапханасында 2054 папкада тұрған 22000 данадан аса қолжазба бар. Бұлар араб, парсы, татар, өзбек, қазақ, ұйғыр, қырғыз, ор­ыс және т.б. тілдердегі қолжазбалардан тұра­ды. Қолжазбалар деректерінен қазақ хал­қының тарихына, әдебиетіне және мә­де­ние­тіне қатысты көптеген ақпараттар алуға бо­лады. Қолжазбалар сипаттамасы араб және латын графикасында, яғни түпнұсқа жазуында болғанымен, қолжазбалардың мазмұны қазақ тілінде жазылған.

Қолжазбалар қорындағы материал­дар­дың библиографиялық көрсеткішін жасау жұмысы Кеңес дәуірінде 1970 жылдардан бас­тап қолға алынып, көрсеткіштің ал­ғаш­қы үш кітабы «Қазақ ССР Ғы­лым акаде­мия­сы Орталық ғылыми кітапхананың қо­рында сақ­таулы қолжазбалар жинағының библиографиялық көрсеткіші» де­ген атпен жа­рыққа шыққан болатын. Бірінші кітап – 1975 жылы, екін­ші кітап – 1979 жылы, үшін­ші кітап – 1982 жылы жарық көрген.

«Ғылым ордасы» Ғылыми кітапханасы қызметкерлерінің, ар­найы мамандардың араласуымен жарық көрген бұл би­бл­иог­­­рафиялық көрсеткіштің IV-VI том­да­ры жуырда көпшілік оқыр­манға таныс­тырылды.

IV кітапта XVІІ-XIX ғасырларда өмір сүрген жүз екі ақынның ауыз әдебиет үл­гілері арқылы біздің заманымызға жеткен 322 шығармасы туралы мәлімет берілген.

Бұл қолжазбалар көрсеткіші Кеңес дәуірінде жарық көрген көрсеткіштердің заңды жалғасы. Бірақ ол көрсеткіштерден бір ерекшелігі, бұл көрсеткіште қол­жаз­ба мұраларға біршама толығырақ сипат­тама берілді. Ең алдымен қолжазба шығар­маларының жанры көрсетілді. Әрбір әдеби шы­ғарманың өзіне тән жанры болады. Мә­се­лен, аңыз әңгіме, жыр, өлең, айтыс, т.б. Кейінгі көрсеткіште жанрлық сипатқа ерекше көңіл бөлуге тырыстық.

Мұнымен қоса, Ғылыми кітапхананың Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорындағы (Сирек қор) парсы тіліндегі кітаптардың каталогы алғаш  рет  дайындалып, ғалым-зерттеушілер мен шығыстанушы мамандардың назарына ұсынылып отыр. Каталогты құрастырудағы негізгі мақсат – Қазақстан Ғылым академиясы жүйесінде жүз жылдай уақытта жиналған парсы тілін­дегі басылымдардың негізгі бөлігінің ғылымға енуін қамтамасыз ету. Каталог тарихшылар, филологтар және аударма теория­сы саласы бойынша мамандарға арналған.

Каталогқа Сирек қорда сақталған Иран, Үндістан, Орталық Азия, Еуропа, Ресей, Әзірбайжан, Ауғанстан, Мысыр, Түркия және Пәкістан елдерінде жарық көрген парсы, ауған және тәжік тілдеріндегі 428 кітаптың сипаттамасы енген. Каталогқа ен­ген ең көне парсы тіліндегі кітап 1833 жы­лы жарық көрген «Китаб-и хақиқат не­ма» (Хақиқаттың бейнесі) атты саяси-діни кітап.

Ғылыми кітапхананың сирек кездесетін кітаптар қоры 90 мыңнан асады, жалпы хронологиясы XVI-XIX ғасырларды қамтиды. Ғылыми кітапханадағы бұл қор­дағы кітаптардың 500 данасы шет тіліндегі сирек кітаптар екенін айта кетуіміз керек. Ғасырлар бойы Шығыс пен Батыстың ара­сындағы мәдени және зияткерлік қарым-қатынаста бұл кітаптар – халықтар мен олардың мәдениетін алмасудағы арадағы елші ролін мүлтіксіз атқарып келеді. Сол үшін де бұл қордан іріктеліп алынған Батыс Еуропа тілдеріндегі 200 сирек кітапқа қазақ, орыс тілдерінде аннотациялар беріліп, альбом-каталог түрінде жарық көрген еді.

Жалпы, Ғылыми кітапхана қорын ұдайы жаңғыртып отыру мәселесі бұл мекемеде бұрыннан қалыптасқан. Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қ.И.Сәтбаевтың, ғұлама ғалым­дар Ә.Марғұлан мен М.О.Әуезовтің қазақ халқының ауыз және жазба мұраларын зерттеп, бір орталыққа жинақтау үшін сіңірген еңбектерін кейінгі ұрпақтары мақтанышпен айта алады. Осы ғалым­дары­мыздың қажырлы еңбегінің арқа­сын­да 1959-66 жылдары еліміздегі ұйым­дас­ты­рыл­ған экспедициялардан өзге, Мәскеу, Ленинград, Қазан, Ташкент қалаларынан қазақ халқының өткеніне байланысты көп мұра елімізге қайтарылды. Елге әкелінген материалдардың бір данасы, не микрофильм, не фотокөшірме түрінде қазіргі «Ғылым ордасы» Ғылыми кітапханасының қорына сақтауға берілген еді. Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар бөлімшесінде осы күні 10 мыңнан аса Шығыс тіліндегі кітап, 606 фотокөшірме мен 2200 микрофильм сақталған және 90 мыңға жуық орыс және шет тілдеріндегі сирек кітаптар қоры бар.

Қарлығаш ҚАЙМАҚБАЕВА,
«Ғылым ордасы» РМК Ғылыми кітапханасының меңгерушісі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір