ТОЛҒАҚТЫ ОЙЛАР ТОҒЫСЫ
26.02.2016
2961
0

Жакау(ЖАЗУШЫ-ЖУРНАЛИСТ ЖАҚАУ ДӘУРЕНБЕКОВТІҢ «СӨЗ КИЕСІ» АТТЫ КІТАБЫ ТУРАЛЫ ОЙ-ТОЛҒАМ)

Қызыл тілдің құдіретін танытқан сөз сардарлары санаулы-ақ. Әріден қозғамай-ақ Әлихан Бөкейханды, Ахмет Байтұрсынды, Міржақып Дулатты, Мұстафа Шоқайды еске салсақ, олардың өзі ауызға алып, ардақ тұтқан ұлы Абай дара тұр. Содан соңғы көсемсөз, буырқанған ой бұлқынысын біршама екшер болсақ, ғұмыры қып-қысқа ғана Саттар Ерубаев, Ғани Мұратбаев, Баубек Бұлқышев, Мұқан Иманжанов сынды ақсұңқар құстай ардагер, ақиық ұлдарымыз, отты сөз бұйдасын ұстаған ұстыны бөлек қаламгер-публицистер көз алдыға көлденеңдейді. Қалайда өз дәуірінің дауылпаздары болған олардың елден ерек екпіні, жұрттан айрықша жаратылысы бар еді. Қазағым деп, ана тілім деп көкіректері қарс айрылған біртуар жандардың қадамы да, қаламы да ұшқыр, жүйрік-тұғын. Міне, солардың сара жолының жалғасындай жазушы-журналист Жақау Дәуренбеков қолтаңбасы жанға қуат құйғандай қызулы, отты, ойлы, сергек серпілісімен осынау базарлы дүниеге қоян-қолтық араластырып, еріксіз өз иіріміне тартып ала жөнеледі. «Сөз киесі» деп атының өзі айғақтап тұрғандай, кітап құдіреті де сол киелі қазақ тілінің сиқырына малынған алтын айдарлы, күміс жалды дегендей кесек-кесек ой-толғамдарының тоғысынан тұрады.

 

Әсте әңгіме, повесть жазудың қызық-шы­жығына қаныққан сырдесте адамның ке­реғар құбылыстары көп қоғамдық мә­се­лелерге килігіп, қалам көсілтіп кетуі оңай шаруа емес. Бірақ Жақау жеңін түріп, ду-ду дү­ниеге қойып кеткен. Мұндай батырлық мі­нез байырғы журналистің қантамырында бар­лығына байланысты шығар. Жинақтың бас­тан-аяқ  журналистік шеберлік көрігі­нен сом­далып шыққаны, сондай-ақ, объек­­тіні құл­пыртып, толыққанды етіп бе­ру қа­мын­дағы сан түрлі жанрлық әдіс­тердің қол­да­нылуы, сөз жоқ, үлкен ізденіс. Ұзақ жылдар жас­тар басылымының жалауын көтерген тә­жірибе жемісі тайға таң­ба басқандай мен­мұндалап көрініп, көзге ұрып тұр. Сөз құ­діретімен жасалған кітап-ғи­мараттың құ­рыш қабырғалары іспетті үлкен-үлкен үш бөлім: «Ұлылыққа тағзым», «Ұрпақтар үн­дестігі» және «Уақыт ұлағаты» деп аталып, жинақ шаңырағын биікке көтеріп тұр. Ұнасымды-ақ.

Атына заты сай «Сөз киесінде» қалам ұс­тағандар үшін көзге ыстық, көңілге жа­қын жанрлық сипаттардың әмбесі бар. Ой­толғақ, қаз-қалпында, сыр-сұхбат дей­сіз  бе, әлде әліптеме, байымдама, жөргем­сөз дейсіз бе немесе серкесөз, сипаттама бола ма, әйтеуір түрлендіріп жазудың бар­лық фор­малары орын алған. Адам жанына үңілудің ең оңтайлы әдістемелері болып са­налатын жедел сұхбат, орайы келген әң­гі­ме, очерк түріндегі, сондай-ақ, лебіз, дәуір дауасы, ғұрыпнама, дабылды ойлар, әуе­зе, бір ауыз сөз, ойөрім айдарлары ая­сын­дағы сом-сом дүниелер ауыз тұщытады, көңіл тоғайтады. Қай-қайсысы да қадау-қа­дау сыр суыртпақтап, өмір көшін өр­нек­тейді, адамдар жан-дүниесіне көңіл дүр­бісі­мен көз жүгіртеді.

Заманалар көшіндегі буырқаныс, бусаныс, бұралаң иірімдердің қай тұсында да қас­қайып асыл ойымен асқар тау боп тұ­ра­тын Абай тәлімінен сабақ алуға құштар емес пенде баласы жоққа тән. Дүние дөң­ге­ле­гі қалай айналса да адамзат дамуына дәруі жетерлік дала философының кемең­гер­лік ой кесімдері мен болжам-тұжы­рым­дары табындырып отырары бір Аллаға хақ. Сол хақ нәрсені жадына түйген Жақау Дәу­ренбеков ғұлама ойшылдың Құранның сө­­зіндей қара сөздерін қанына сіңіргісі кел­гендігін  айғақтардай ұлы ақын үлгісі­мен «Ғақлия ғибраты» атап, ойтолғақ кеш­кен. «Ұлы­лыққа тағзым» бөлімінің беташа­ры ре­тінде алға тартылатын кітаптың әл­қи­с­сасы Абай тағылымы, Абайтану са­бағы се­кілді бірте-бірте иіріміне тартып, бара-ба­ра баурап әкетеді. Данышпан Абай­дың: «…Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәр­селерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қа­ра сияны ермек қылайын, кімде-кім іші­нен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқы­­сын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұ­нан бас­қа ешбір жұмысым жоқ» деген уә­жін ал­тын айдар етіп ала отырып өз жүрегіне жү­гіну, жан-дүниесін тербеген ай­нала тір­шілік-харекетті сезім елегінен өткізу өз әлін­ше Абайша толғанысқа итермелеген. «Иә, ақылман ақын, данагөй данышпан ұлы Абай өзінің қырқыншы қара сөзінде бар­шаға бағыштап осыншама жұмбағы те­рең жан сауалын ақ қағаз бетіне түсіріпті. Оқы­ған сайын сауалдың да сауабынан дә­мелі дауалы көңілге ой келеді: «Ұлы да­ныш­панның осылай толғап, осыншама ши­рығуына от тастаған қандай ой, қандай күй болды екен?!» деп өзін-өзі қамшылап өмір қойнауынан, адамдар мінез-құлқынан сыр суыртпақтайды, түйген-қорытқан нәр­селерін Абай айтқан шамамен сал­ғастырады. Яғни «Осы біздің қазақтың өл­ген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісісінің жа­мандаудан аманы жоқ бола­тұғыны қа­лай?» деген ақын сөзін алдыға тарта отырып, өз заманының зары мен мұңын тара­зы­ға тартады. Ақылман Абай айтқан сол уәж­дің әлі күнге күшінде тұр­ғанына таң­да­ныс білдіреді. «Жай жүрмей­міз, жамандап, мұқатып, өсектеп жүру – бұдан бір ға­сыр бұрын қазақтың бойында қандай болса, қазір де сонысынан өзгергені шамалы. Сол баяғы қалпы: біреу асып бара жат­са, аттан салады, біреудің бағы жанса, кеп­кен көңдей құрыса қалады, біреу байып атқа мінсе, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айы­рылады, нашарды тәуірге балайды, ал жақ­сыны әдейі талайды» деп бүгінгі күннің кө­леңкелі бейнесін бетке басады. Жаман әдет жегі құрттай жабысып әлі күнге қал­май келе жатқандығына кейістік білдіріп қана қоймай, оның қайдан, неден шыға­тын­дығына зейін салып, талдау жасайды. Қа­зіргі қым-қуыт алмағайып кезең астары­на үңілу есебінде сорпа бетіне шығар сауал қойып алып, соларға жауап іздестіру арқы­лы Абайша тебірену, тектілік аңсау қа­лам­гердің ұтқырлығын ұқтырады. Сауалдар негізінен мына тектес болып келеді:

«Бір елдің ішінде жамағайынды кісі бір­ге туғандай көріп, іші елжіреп жақсы кө­ріп тұрып, елге келсе, әрбірден соң қай­та қашқандай қылатұғыны қалай?»;

«Бәйгеге ат қоссаң, атыңды тартыс­пай­тұ­ғын ағайын, атың келсе, бәйгесіне өкпе­лей­тұғыны қалай?»;

«Біреуді досым деп ат беріп жүрсең, оған сенің бір дұшпаның келіп бір тай бер­се, бұзыла қалатыны қалай?»;

«Елді пысық билегені несі?! Пысықтың бә­рі кедей келетұғыны қалай?»;

«Тоқал қатын өр келетұғыны несі? Ке­сел­ді кісі ер келетұғыны несі? Кедей кісінің кер келетұғыны несі?».

Міне, осылар тақылеттес он жеті сұрақ­ты сырғалап алып Абай атамыздың қыр­қын­шы қара сөзіндегі жиырма бір сауалдың са­рынымен сабақтас дәл осы дәуіріміздің сыр­қатына дәру боларлық дауа іздейді. Та­ба алмай қиналады. Қай тұстан тамыр басып көрсең де кеселдің кесе-көлденең сұ­лап жатқан үстінен түсесің. Міне, мынау да со­ның бір парасы: «Соңғы кезде екі қа­зақ­тың бірі жат елге барып қайтып жатыр. Қай жа­ғына барса да қайран қалып, таңданып, талып түсіп жатқандарда шек жоқ. Өз елің­нің оқуы өзгенікінен озық болса да, оларда керемет екен деп опынып жүрген бір қазақ. О жақтағының оқуы да, тоқуы да, үйі де, күйі де керемет деп баласын мешітке жетелеп, мұсылман елдеріне аттандырып жат­қан бір қазақ. Затын көргенде өзінің атын ұмытқан бір қазақ. Бәріне көздері енді жеткендей боп, жақсылық пен жамандық­тың жігін енді ажыратқандай боп, өзіміз­дегінің бәрін өзекке теуіп, өзгедегінің бә­ріне ұмтылған бір қазақ. Аузы қисық болса да байдың баласы сөйлесін деп шыға келген жұлымыр да жылмағай кейіпке еніп, жақынын, танысын, туысын жаттай көріп шыға келген бір қазақ». Ұлы ақынның ұр­пағы уақыттың үніне құлақ түріп алалай да бұлалай  болып тұрған  қоғам құрылы­сы­на құлқы сай жер басып жүргендердің айнымалы мінезіне мін таға отырып ортаға ой тастайды, ашынады, күйінеді, қысқасы, өз елің, өлең төсегіңнен жеріме дегенді сезді­ріп, атажұртыңнан артық ешнәрсе жоқ екендігін емеурінмен танытады. Сөй­теді-дағы: «Жалпақ жұртымыз – кең­пейіл халқымыз ілгерілеген өмір көшінен қалмай келе жатса да, алға озуға жігері жетпей емес – жұмылысы болмай, таланты жетпей емес – талабы болмай, ұйтқылығы жетпей емес – ұйымшылдығы болмай, елдігі жетпей емес – егемендігі болмай опық жеп өкіну­мен  ғасыр кешсе, тұлғамызды төмендететін, еңсемізді пәс ететін, көп жерде мақтанып, марқаюдың орнына ұялтып қызартатын кесірлі қылықтарымыздың бірге жасасып қалмай қойғанына тірлігіміз куә, бүгінгі табиғи болмысымыз айғақ» деп өзек өр­тер­лік өкінішін жасырмайды, сезген, түй­сінген, түйгендерін ашына жайып салады. Сосын: «Оқыдық-тоқыдық, пәлен інс­төт тауыстық, дөктір, академик болдық десек те сыртқы тұрпатымыз өзгергенмен ішкі тұрпатымыздағы баяғы мінезімізден арылып бітпегенімізді қайтіп, қай бетімізбен жасыра аламыз?» деген жан күйзелісін қоярға жер таппай және қиналыс-толға­ныс­қа түседі. Толайым торығу емес, тығы­рықтан жол тауып шығу турасындағы тебіреніс-шамырқану сәттері де жетекке алып, желпініс, серпіліс сезімдеріне бөлеп отырады. «Біреудің ағайыны торқалы той, топырақты өлімде адалдық, береке  алысуға табылмай, барымта алалық, ұрлық десе табыла қоятыны қалай?» деген сауал тастап алып, соны тарқату төңірегінде қаншама ой ширатылады, қаншама пікір ұшқын­дайды. Сол баяғы ақылдың алыбы ұлы Абай салған алтын көпір арқылы заман, адам пиғылын тану тағылымы арна тауып жатқаны көңілге нұр сәулесін құйғандай әсер етеді. Демек, сәулелі ойдың суаты, көңіл­дің қуаты дерлік ой толғам-толға­ныстары соны сүрлеуге бастап, сан алуан сипаттағы  сыр  дестелеріне  ортақтастырады. Тамылжыған тіл өрнектері өзіне баурап, ой-шырын балдың омартасын белден ке­шіп жүргендей боласың. Бәлкім, бұл ұлы Абай дәстүрінің шарапаты да шығар. «Жақ­сы адаммен жүрсең жақсы түс көресің» деп атам қазақ бекер айтпайтын шығар, сірә. Жазушы Жақау Дәуренбековтің «Ғақлия ғибраты» тақырыбына ой кешкені үлкен дайындықтың әсері екендігі анық. Қай сауал­намада болса да терең тебіреніс, зер­делі ізденіс іздері сайрап-ақ тұр. «Бірінші – сөзді тыңдай білсе; екінші – жөн сөзге тоқтай білсе; үшінші – үшке бөлінбесе; төртінші – тірлік мәні бірлік деп білсе.

Әйтпесе… өтпелі кезеңнің өткелек­те­рін­дегі өзегі бір қандастарымыз өзіміз бас боп ел ағасының аузына қарап, батасымен бағдарымызды түземесек, теңгенің соңын­да тентіреп кетуіміз кәдік.

Тентіреген елде тәуелсіздік туы жел­біре­мейді. Тентіреген жерде текетірес болады, тәжіке туады, ұйыған береке іриді, басқа қонған бақ безеді» деу арқылы өз тұ­жырым-бәтуәсін де білдіріп, ой керуенін ұлы көшке ұластыра түседі. Бірде ел ұйыт­қысы боларлық ер ұланды қайрарлық сөз ширатылса, енді  бірде жер ұйығы боларлық мекен-жайды қадірлеу мәселесі менмұн­далайды. Ал ендігі бір кезекте: «Осы күнде бұл жылғы берген ендігі жылға жарамай­тұғыны қалай?» дегенге салауатты жауап қарастырылып, қат-қабат ойдың шуда бұлт­тары сапырылысып көшіп жүріп бере­ді. «Айталық, кешегі досың бүгін бұртиып, бол­машыға өкпелеп, бұратартар бей­таны­сың боп шыға келеді. Кешегі мұңдасың, бүгін күндесің болып алая қарайды. Өзің тәрбиелеген күшігің бүгін балағыңнан қағады… Неліктен? Жасаған жақсылығың­ның сәні кеткен, жарастығыңның мәні кеткен өмірдің сауалына не дер едің?» деп опынған автор ойының астарында кешегі ұлы данагөйдің: «Күшік асырап ит еттім, Ол балтырымды қанатты, Біреуге мылтық үйреттім, Ол мерген болды – мені атты» деген сөзі атой салып тұрған жоқ па?! Қан­дай ұқсастық десеңші! Бір заманнан екінші заманға көшіп жүре беретін жамандық атаулының жаны неткен сірі еді, деп бас шай­қайсың да жағаңды ұстайсың. Ұлты­мыздың ұлылығымен қосақталып уақ-түйек кемшілігі де еріп жүреді екен-ау. Көз­ге ұрып тұрған айтыртық ақауларды жазу­шы түйсігі мүлт жібермейді-ақ. «Ең жа­маны сенің наныңды ұрлау емес, жаның­ды ұрлау. Бұл бертін келе пайда болған ұр­лықтың түрі. Әсіресе, зиялы қауым ішін­де осындай ортатөбел ғалымдар, зерт­теу­шілер, тарихшылар, әкімдер, министрлер… Кешеге дейін мықтылар нағыз ғалымдарға жабысып, солардың арқасында Мемлекет­тік сыйлықты тобымен алушылық  дәстүрі болды» дегенді еске сала отырып небір замана запыранын, қитұрқыларын төккен тұстар қоғамдағы айлакер адамдар мінезін топтастырады, тобасын ұмытқандар қылуа­сын елеп-екшейді. Есіл еңбекті қанау­дың сыпайы түрлері белең алған аш­көздік ар сүзгісіне түседі. Жайшылықта бай­қала бермейтін осы бір рухани ұрлық мә­де­ниетті түрде жасалынатыны ғажап қой. Мәселен, көз майын тауысып, шаң жұ­тып жүріп жанын жеп жазған біреудің ғы­лыми еңбегіне қосамжарлана салуды әдет қылған қызметі жоғары лауазымдылар бол­ды. Білімді, уақытыңды ұрлау деген осы емес пе? Тіпті, талай басшылар баяндама жа­сау дегеннен мақұрым еді. Дайынға майыр дөкейлер әлдекімдердің түн ұйқы­сын төрт бөліп әзірлеген құлаш-құлаш сөздерін дұрыстап оқи да алмайтын ғой. Міне, осынау мәдени ұрлық үрдісі өршіген өмір қалтарыстары да қаламгер назарынан тыс қалмаған. Сондай масылдық әдеттің қыртысын айналдырып, қабат-қабат тонын шешіндіреді, шен-шекпенділер ой-өрісінің тарлығы қайдан шығады дегеннің себеп-салдарын парықтайды.

Жазушының жанын жай таптырмайтын кесел-кесапат дегендердің қарасы бас­тан асады. Соның ең қауіптісі де, өмірде көп кездесетіні де қарапайым халықтың ауыздағысын қағып түсетін пысықайлар. Бүгінде олар өріп жүр. Автордың айтуынша: «Аздап білімі бар, аздап саясаты бар, аздап ойы бар, аздап мәдениеті бар, бәрінен жұ­ғын-жұғын жұқтырған, үстел басында өзін ұстай алатын, екпіндеп сөйлеуге епті, мінберге шығуға машықтанған, бетпе-бет келгенде ағалағанмен, былай шыға баға­ламайтын, оң қалтадан уәде, сол қалтадан сыйлық бере алатын, бірнеше институт тауы­сып, талай креслоларды тоздырған мұн­дай жаңа сападағы пысықтар әрбір кезең­нің алперен сәтін жатырқамай пай­да­ланып, жамбасына басып қалуға кел­генде әлі де алдына жан салмайды. Нағыз егемендік ептілер мен пысықтардың басына туды». Ауыздығы алынған демократия де­генді желеу етіп жер-көкті бауырына бас­қысы келген керауыздар көбейгені рас. Момын ел, жомарт жер аяқ асты болудың аз-ақ алдында тұр. Ұлы Абай айтқан: «Болыс болдым мінеки» күні туды ма деп қалғандайсың кейде. Осы ойды өрбіткен туын­дыгер жанайқайы жағадан алып, жаһан­намға сүйреуге кіріскен жадағай пы­сықайлардың көрбілте көмекейлерінен сақ­тандырады, көше қуалаған көсемсіген­дерден, құлқынын ойлаған обырлардан аулақ жүруді еске салады. Жалпы, замана иірі­міне малтып, иіні түскен, бет-бейнесін өзгерткен пендешілік туралы ары-бері толғай келіп автор: «Осы құбылысқа қай­ран қалып, қапысын аңыстағанда пенде баласының жұмбақ сырының шырғалаң шиырына түсіп кетіп, ақыр соңында қайта айналып келіп үңілерің де, жүгінерің де ұлы  Абай» деп түйеді. Кемеңгер ойшылдың салмақты топшылаулары мен толғауларын көңіл түкпіріне тұндыра отырып оны өз өресімен сараптап, саралауды, данагөй ақын ғибратын өнеге тұтып, өзінше өріс ашуды алдына мақсат етіп қойған қаламгер қадамына құптау сөз айту лайық. Ұлы Абай жүрегінің дүрсіліне құлақ түріп, оның қай заманда да мән-маңызын жоғалтпайтын ғақлияларынан сабақ алып, бой түзеу, қалам тербеу қалайда кісілік келбетке сай­са керек-ті.

Ұлы ойшылдың  жан  дүниесімен үн­дес­­кен кітаптың кілташары ақжолтай бө­лім деп білеміз. Абай тағылымының әсері па­рақ­таған сайын көз қуантып, көңіл жел­пінтіп отыратындай сезім құшағына алады. Ұлы Абай сөздерімен ашылып, ай­шық­талып, әдіптеліп өзіне шым-шым тартатын жинақтағы «Ұрпақтар үндестігі» бөлімі өмірде өзіндік орны бар әр саланың саңлақтарын, тарланбоздарын алға тартады. Әдеби, мәдени ортаның марқасқалары Ғабиден Мұстафин, Асқар Тоқмағамбетов, Сейдахмет Бердіқұлов қай қазаққа да үлгі-өнеге боларлық үздік тұлғалар, қиялы қиян­­ға кеткен мұзбалақ ақиықтар. Сондай-ақ, ойлы жырымен жұрттан озық Қадыр Мырзалиев, имандылық иірімдеріне тартып тұратын Үмбетбай Уайдин, жарық жұл­дыздай жарқырап барып оқыста сөнген сыншы Сағат Әшімбаев жан сырына үңілу қандай ғанибет! Немесе ерлікке бергісіз еңбегі бар ақын Мұхтар Шаханов, жазушы, драматург Баққожа Мұқаев, ғұлама ғалым Ғайнитдин Мұсабаев ше?! Дипломат, елші Болатхан Тайжанов, режиссер Маман Байсеркенов, әнші Роза Рымбаевалардың қо­ғам­дағы, өмірдегі, өнердегі ерекшеліктері қан­шама жұртты қызықтырады десеңіз­ші?!

Аталмыш танымал адамдардың аты-жөндерін тізіп шығу соншалықты оңай бол­ғанымен, олар жайлы жазылған дүние­лер қаншама қиындықпен ақ қағазға өрнек­телгенін зер салып оқыған адам ғана тү­сінеді. Қазақ елінің көгіне бір-бір жұлдыз бо­лып қадалған жоғарыдағы есімдер өмір жолын сан алуан форма, тәсілдер арқылы қалам қуатымен айшықтаған жазушы жүре­гінің сезімталдығына ден қоясың. Дерек­ті  дүниелердің өзі көркем шығарма­дай  шы­мыр, ширақ  оқылады. Кейіп­кер­лерді танып-біліп отырсаң да беймәлім қыр­лары мен сырларының көптігіне көз қанық­ты­рып, көңіл тоғайтасың.

Дәм айдап бір топ адам Ғабиден ақса­қал­дың үйіне барғандағы әңгіме-дүкен кім-кімге де өмірлік сабақ. Өнерді құрмет­теп, өнердегі өмірі ұзақ ақсақалды құрмет­теп келгендерге ризашылық білдіре көңілі шалқыған Ғабең біршама жадырап талай әңгіменің басын қайырады. «Жігіттер, ма­ған осы жерде Абайдың сөзі есіме түседі, – деп шуақтанады қария. – «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат». Қалай, біздің да­нышпан Абайдың білмегені, ақыл таразысына салмағаны жоқ қой. Білсеңдер, шы­нымды айтсам, мен Абайды енді-енді түсі­ніп келем… Күлкі демекші, адам қар­тайған сайын бұрынғыдай емес, өте сирек күледі. Үлкен кісіні шынайы күлдіру қиын. Мына Ғабит қазір күлуден қалды.

Ақсақал мырс етіп күліп алды. – Сон­дық­тан былай, қымсынбай күліп отырың­дар…».

Осы бір детальдің өзінде қаншама сыр жа­тыр. Тағы да сол ғұлама Абай алдыңнан шы­ғады. Дарын иелері данышпан ақын та­ғылымын бойына сіңірген. Әлі де игеріп бол­мағандығын аңғартады. Күлкі дегеннің аса қажет екендігін еске салады. Және оның  жас  ұлғайған сайын сирекси түсе­ті­нін де мұңая айтады. Ғабит құрдасын қа­ғытып өтуді де ұмытпайды.

Әдемі, келісті көріністер осылай кезек­тесіп отырады да әдебиет алыптарының қойын-қонышына жақындастыра түседі. Олардың алдын көріп, ақыл-кеңесін тың­дау әркімге де арман, әрине. Ендеше, дәм айдап келіп Ғабиден Мұстафиннің шуақты сөздерін тыңдаған бір топ інілерінің ба­қыт­ты сәттеріне куә болу да бір ғанибет. Ға­биден ақсақалдың аузынан ат басындай ал­тын сөздер ғана шығады. Тағы да ес­тиік:

«Мұхаң айтушы еді, – деп жалғады ойын, – қазақ енді ащы ішек болып қалады деп. Жері кең, өзі аз. Бүйткен тірлікте ха­лық қайтпек керек? Қазақ деген халықтың үкісі қалай желпілдемек? Сан қууға дәрмен жете ме, шама келе ме? Ендігі жол өнермен алу, өнермен таныту деп отыратын. Мұхаң­дар көреген ғой».

Бірін-бірі әспеттеген, бірін-бірі бағала­ған қазақ әдебиетінің алыптары жайлы жазбалардың мол болғанына не жетсін. Жақау Дәуренбековтің «Дәм» атты осы бір қаз-қалпындасы асыл қазыналарға қосыл­ған оймақтай болса да ойға толы үлес екені анық. Шығармашылығымен бүкіл қауым­ды баураған оқырмандарының сүйіктісі Ғабиден ақсақалдың өмірбаяны осындай келісті, кестелі көріністермен толыға түседі емес пе. Бүкіл ғұмырын туған халқына ру­ха­ни нәр берумен өткерген кемел ойдың ада­мы тіл тазалығы үшін күресіп, қазақ елі­нің тұнық өнерінің туын аспанға көтер­ді, көркем прозасын көркейтуге күш салды. Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Сәбит, Ғабит, Мұхтар деп ауыз  толтыра  айтылатын қазақ әде­­биеті­нің  классиктері  тобын  толық­тыр­ды.

Иә, дәм айдап Ғабиден ақсақалдың шаңы­рағына бас сұққан бір топ інілерінің әр­қилы әңгіме сорабында көп дүниеге қаныққаны естерінде мәңгі сақталар. Ақ­са­қал жазушының дастарханы басындағы бір мезеттік жүздесу кезіндегі, дәм үстіндегі салмақты сөздер  ғибраты  әсте  ұмытылмас. Әсіресе мына әңгіме:

«Бұл дүниеде адам шыр етіп жерге түсісі­мен анасының тілімен сөйлейді. Оны ол ананың құрсағында жатып бойына сіңір­ген. Өсе келе ол өмірлік құралына ай­налады. Адамның тірлігінде одан артық қан­дай байлығы бар? Тіл өткір, тіл терең, тіл құдірет. Өз басым өмір бойы тіл үйрену­мен келем… Өнермен, өнерді өркендетер тілің­мен ғана өмірде қаласың, өмірде оза­сың…».

Бірде қарт қаламгердің қас-қабағын бағып, енді бірде оның өзіне кезек беріп қойып кейіпкер тұлғасын сомдай білген тыңдаушы тәсілінің тиімді тұстарына тән­ті болмасқа лаж жоқ. Еш боямасыз, қос­па­сыз қаз-қалпындағы дәм бұйыртқан дүние бас-аяғы жұп-жұмыр, жып-жылы болып келісті өрілген. Бұл қарт қаламгердің өз оқыр­мандарымен емін-еркін кең көсіліп оты­рып өмірінің соңғы жылдарындағы сыр­ласқаны сықылды. Тек тыңдаушы боп барған бір топ жасы кіші ізет көрсетушілер жүрек түкпірінде ақсақал кісінің екшелген естеліктері мен көшелі әңгімелері қонақтап қалды. Сексеннің сеңгірінен сөйлеген бірқалыпты жұмсақ үн үнемі құлақтарында жүретіндей болып қалды.

Орнықты ой, сабырлы да сарабдал түйін­мен өрілген бұл жазылым қадірменді қа­ламгерлер творчествосы сыртындағы пенде ретіндегі адамдар қыр-сырын, мінез-болмысын біліп-танып жүрудің ар­тық еместігін айғақтай түскендей. Оқыр­манға бұл да керек.

Бітімі  бөлек  жеке тұлғалар ғұмырна­ма­сы дерлік детальға құрылған дүниелер галереясы бір-біріне мүлде ұқсамайды. Тәсілдер қайталанбайды. Асқар әлемі сипаттама ар­қылы көрінсе, Сейдахмет жан-дүниесі ле­біз білдіру түрінде ашылады. Қадыр құ­діреті сыр-сұхбатқа, Үмбетбай әліптемеге, Са­ғат болса мұңайысқа икемделген. Сон­дай-ақ, Мұхтар ақын мар­қа­йыспен, Бақ­қожа толғаммен, Ғайнитдин ғалым очеркпен әспеттелсе, режиссер Маман пікір өн­­­бойын­да, елші, дипломат Болатхан жедел сұхбат шалғайында, ал әнші Роза сырласу баурайында асқақтайды. Сөйтіп сан алуан сұлу өрнекпен кескін­делген қилы тағдыр кейіпкерлері сап түзеген жинақ қой­науы ғажап ғұмырнамаға толы дер едік.

Жекеден жалпыға ұласқан ой орамдары «Уақыт ұлағаты» аталған соңғы бөлімге ұштасып, кірігіп кете барады да, осы таңдағы кез келген мәселе қым-қуы­тына араласып, қозғау салады, пікір өр­бітеді. Сөз  бен істің ара салмағы сараланып, шын­дық пен өтіріктің өлшемі, салт пен са­наның қарым-қатынасы, шекені шыңыл­датқан саясаттың дауасы алма-кезек тілге тиек етіледі. Ара-тұра өз басынан гөрі өзге­нің қамын көбірек ойлайтын өз ұлтының туабітті патриоттары тағдыр-тәлейі де қы­лаң беріп отырады.

«Тіл тағдыры жайлы жиналыс сайын мә­селе көтеріп, – дейді қалам иесі кезекті бір толайым толғаныс тұсында, – күннен-күнге сұраусыз қалып бара жатқан мүшкіл халіне қамығып, шыр-пыр болып, кез  келген жерде қасиетті ана тілінің мұңын жоқтап, қолынан келгенінше жанашыр боп жанығып жүретін, сол үшін де біреуден ескерту алып, біреуден зеку естіп, біреудің кәріне ұшырап, жүрегін ұстап жүретін, сөйтсе де ішкі танымынан таймай, айтарынан айнымай бар даусымен жар салып ащы шындықты айта білген ағамыз – Шәкеңнің – Шона Смаханұлының томашадай тұлғасы арамыздан кетсе де әлі күн­­­­ге алыптанып көрінер әлі».

Иә, қазір қазақ мектебі сөз бола қалса, бір­ден Шона ақынның кейпі көз алдыға ке­ліп тұра қалатыны рас қой. «Жақсының жақсылығын  айт – нұры тасысын» қағида­сын ұстанған қаламгер Шөкең сияқты ана тілі­нің жанашырларын кітап парақтарына жа­зып қалдыруы азаматтық іс екені даусыз.

«Өнер отауларының кең залдарында, көр­мелерде, кездесулерде, ән-күй мере­ке­лерінде балапандарын соңынан шұбырта ертіп жүретін қоңыр қаздай шәкірттерін бастап, жүзінен мейір шуағы есіп тұратын, қо­лынан кездесуге келер қадірлі қонақ – өнер иесіне деген гүл шоғы түспейтін осы бір жанды бүкіл астананың студент қауы­мы, өнерсүйер интеллигенциясы жақсы біледі. Бұл университеттің оқытушысы – Бақтажар Мекішев».

Мәдени өмір ортасы тегіс танитын мі­не­зі қызық осынау жанның «Жеті муза», «Қыз  Жібек» эстетикалық клубтары арқы­лы аңызға айналғаны ақиқат. Жазушының көңіл дүрбісі оны да көзден таса қылмапты. Дәл тапқан ғажап тұлғаны.

«Ізгілік туралы көп жазатын, көңілі адам­дарға деген мейірімге толы жазушы ағаның – Үмбетбай Уайдиннің кезекті бір айлық жалақысына қаладағы балалар үйі­не арнап бір қапшық ойыншық сатып алып апарғанына куәміз… Күн сайын жанынан өтетін ауладағы қаздай тізіліп, бірінің қо­лынан бірі ұстап үйіріліп тұратын, шуылдап ойнамайтын, үндемей әркімге жәу­тең­деп, ауланың есігінің алдынан өтіп жат­­қандарға қарап телміретін кішкентай пәк  жүректерді көргенде жаны шымырлап, жүрегі жиі соғады екен».

Инабаттылық иіріміне тартып, адам­гер­­шілік қақындағы әңгімесін түгесе ал­май­тын өмірге құштар Үмекеңнің тағды­ры­на үңілу де игі ниет. Жайсаң адамдар көбірек болса екен деген ақ тілектен туған әуез сыры тереңіне шым-шым батырады.

«Осындай елгезек жүрек туған жері мен елі­не, өскен ортасына адалдығын ісімен та­нытып жүрген жандар жайлы ойлағанда есі­ме тағы бір жан түседі, – дейді әуез иесі. – Ол – қарапайым шаруа, балықшы Нар­ғали Демеуов. Қырық жылдан бері ба­лық­шылық кәсіптен қол ажыратпай келе жат­қан оның талай әріптестері, туыстары, замандастары әлдеқашан басқа мамандық тізгінін ұстап, қоныс аударып кетті. Теңіз тартылып, қайықтары қаңтарылып, ба­лықшы ауылдары көтеріле көшті. Нарғали бастаған он бес адамдық көшпелі аушыларды ұйымдастырып ізгі мұратқа бірікті­ріп, тірліктеріне берік сенім әкелген ненің құ­діреті?!».

Ондай құдірет-күшті туған жерге кін­дігі байланған, қиындықтан қашпай, жеңіл жолдың әуеніне берілмей тірлігімен, жан­кештілігімен еліне қадірлі болған Қа­зақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, балықшылық кәсіппен күн кешкен Нарғали Демеуовтың тұлабойынан іздеген жөн болар. Өмірлік таңдауын ештеңеге айыр­бастамайтын азамат өзгеге өнеге боп қалған. Автор туған жерге туын тіккен ба­лық­шы болмысын алға тарта отырып: «Сөз бен істің бірлігін алыстан іздемей-ақ қояйық, оларды өзіміздің бойымыздан іздейік, әмсе күнделікті ісімізден көрінсін. Кө­рінсін деп көп сүйсінер болсын» деп түйіп тастайды. Талассыз түйін. Шонаның, Үмбетбайдың, Бақтажар һәм Нарғалидың өнегелі өмір нысандары бұған нақтылы мысалдар. Қарапайым жандардан кісілік қасиеттер ұшқын шашып тұратындығына әуезе айтып, құлашты кеңге сермеген туындыгер топшылаулары тоят таптыр­ған­дай.

Кітап өрісін құнарландыра түсер толайым толғақты ойлар жетерлік. Ана тілі­нің қадір-қасиеті де, баспа тілінің мәде­ниеті де, терминком төңірегіндегі көңіл түйткілдері де таным-түйсік көкжиегін аңғартқандай. Тіпті, Арал қасіреті мен Адам тағдыры көз алдыға тартылған тақы­рыптардың өзі нардың жүгін көтеретіндей қор­далы десек, артық айтқандық болмас. Со­­­нымен бірге, ғұрыпнамалық салт-сана­лардың сабақтары: беташар, бақсылық се­кілді халықтық дәстүр, жол-жоралғы­лар­дың өміршеңдігі де бүгінгі күнмен өзек­тестіріле өрнек табады. Елдің сыртқы және ішкі әңгімелерін жалғастырған жөргемсөз де өз қажетін өтеп тұр. Әдетте: «Ел іші қалай? Не деп жатыр?» деген сауалдар желдей есіп жүреді. Осы орайдағы ішкі және сыртқы сілкіністер қала мен дала кезген әңгімелер желісімен ортаға салынып, ой қорытылады. Яғни: «Отбасының жылуын күйттеп, жағдайын жасап, бала-ша­ғаның қасында жүруге тиіс қазақ әйел­дері енді вагон-вагонды аралап, вокзал басына түнеп, бір стансадан мініп, бір стансадан түсіп, кезбе саудаға шығыпты. Тау­қымет мен таршылық олардың бой­ларындағы биязылықты да, қарапайым­ды­лықты да, ұяңдықты да сылып тас­та­ғандай» деген сықылды нарық қайығында қалт-құлт еткен қазіргі қалпың көрініс­тері де көз қиығына ілініп, жан қиналысына салады. Сол тығырықтан шығар жолдың қисындары қайсы дегенге жауап іздеген сарылыс та сезіледі. Қала мен ауыл арасын жайлап жоқшылық, жұмыссыздық наласы зар айтқызады, бірақ сарыуайымға салына бермеудің, белді бекем буып, беркінудің, бірлік танытудың белгілері де менмұнда­лай­ды. Егіле беруден, езіле беруден ел жағ­дайы түзеліп кетпейтіндігін, ұлттық намысты аяқасты қылмауды қаперге салады. Қалам қуаты, міне, осы бір нәзік тұста жота­лана түскендей тайпалған жорға жүріс танытады.

Ұзақ  жылдар тәжірибесінен түйген ой­дым-ойдым ойлардың сілеміндей кітап­тың соңындағы үкілі үзінділерде қалайда бір тәттілік бар. Қаламгер қойын дәптеріне қо­нақтаған ой-өрімдері бойға сіңіруге оңай, оқуға жеңіл әрі нәрлі. Қас-қағымдық қып-қысқа сөз маржандары жіпке тізілген моншақтай дегенге саяды. Әр жолында сал­мақ бар, әр шумағы мағынаға толы жазу­шы-журналистің ой тамшылары тіпті қанатты афоризмге айналып кетуге сұра­нып тұрғандай ма, қалай. Кейбіреуін тізіп, термелеп  көрсек, мынадай: «Сөйлемі  олақ­тың, ойы шолақ», «Лездеме – нөмірге бері­летін мінездеме», «Желге қарап желкеніңді түзе, Елге қарап ертеңіңді түзе», «Дерек – ма­териалдың дәт-қуаты, объект – тақы­рып­тың ақсуаты», «Сөз шындығы – арай, іс шындығы – шырай», «Шындық – сөздің шы­рағы, ой – көңілдің пырағы», «Дүние – бұ­лаңдаған сағым, өнерің – өміріңдегі ба­ғың», т.с.с.

Дәл табылған дәмді сөздерден әп-әдемі дү­ниелер туындайды. Бәрі де бір-бір шы­ғар­маға өзек болғандай күміс сырғалы қыс­қа  қайырымдар жинақтың бата­гөйін­дей жұл­дызшаларымен жымыңдасып сың­ғыр­лайды. Тиянақ, түйін ретінде берілген­дігі­мен де жарасты, орынды ойластырылған дер едік.

«Сөз өнері – дертпен тең» дегенді ұлы Абай қалай тауып айтқан, шіркін! Ұзына бойында ұлы ақын ғибратын үлгі тұтқан үрдіс жалғасы айқын сезілетін «Сөз киесі» кіта­бы үкісі желкілдеген кестелі, жүйелі ең­бек екендігіне көз жеткіздік. Жазушы-жур­налист Жақау Дәуренбековтің бұрын­нан белгілі «Алғашқы сабақ», «Шұғылалы шақ», «Бөгенауыл балалары», «Саяқ», «Күн ұясы» сықылды ұзын саны он шақтыдан асатын прозалық кітаптарының қатары енді сөз өнері хақындағы қат-қабат ойларға толы сан қилы тақырыптағы толғам-тол­ғаныстары түзілген ғақлиялық келісті жаңа жинақпен толықты. Ұлы Абай тағы­лы­мынан нәр ала білген қаламгер «тіл жүрек­тің айтқанына көнсе, жалған шық­пайды» деген данышпан ақын сөзін ұстан­ған сыңайлы. Өз мүмкіндігін өлшеп-пішіп тер төккен, тебіреніске түскен. Сөйтіп, кие­лі сөздің кемесіне мініп, көңіл дүрбісін алысқа салған. Көзге көп нәрсе ілігіпті. Оқыған адам олжаға  жолығары  даусыз. Сөз құдіретінен асқан не болсын! «Сөз киесі» кітабы да соны дәлелдей алған.

Ибн Сина: «Дәрігердің қолында үш түр­лі құрал бар, – деген екен. Біріншісі – сөз. Екіншісі – дәрі. Соңғысы – пышақ». Ал қалам ұстаған адамның жалғыз құралы бар. Ол – Сөз. Соның киесіне ғана иек арта­ды. Одан басқа сенері жоқ. Жақаудың сөз салмақтауы да дәл осыған көз жеткіз­гендей.

Бұл – сәулелі сөз құйылысымен көңілді тер­беген осы еңбегіне тереңірек тоқталуы­мыз – Жақаудың мерейтойы тұсында ай­тылуға тиіс деп білген ойымыздың ортаға түскен өрімі бөлек, орайлы түйіні еді.

Асылы, сөз қадірін білгенге сөздің сыйы артық етпейді.

Орысбай ӘБДІЛДАҰЛЫ,
Халықаралық  Жамбыл атындағы
сыйлықтың лауреаты. 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір