ЖАЗУШЫ ЗЕЙНОЛЛА СӘНІКТІҢ «СЕРГЕЛДЕҢ» АТТЫ ТАРИХИ РОМАНЫ ЖАЙЫНДА
26.02.2016
1881
0

kartinki-knigi-8Көне заманнан бері қазақ ұғымында дәулеті мен әулеті шалқыған үлкен бір ауыл шағын мемлекет тәрізді. Қабанбайдың інісі Туматайдың кіндігінен тараған Төлебай бидің ауылынан шыққан үлкен бір әулеттің тағдыр-тауқыметі осы «Сергелдең» романына арқау болған.

Арқадан Тарбағатайға, онан Өр Ал­­тайдан Гималай тауын асып, Үнді мұ­хиты арқылы Түркияға дейін төрт-бес ұрпақ бойына сергелдеңге түскен Қабанбай ұрпақтарының өмір жолдары, қиын-қызықшылығы роман желі­сі­нен көрінеді. Автордың айтуынша, ел билеген Төлебай би өзінің туыс-жек­жат­тарын ептілігіне, икемділігіне қа­рай жұмыс бөліп беріп, оларға бір-бір саланың тізгінін ұстатқан. Алғашқы кезде Төлебайдың өзі ел басқарып, то­ғанақ тарту жұмыстарымен айналысса, кейін інісі Әлкембай екі ауыл­дың мал-жанын басқарып, соларды ша­шау шы­ғар­май шалқыта білген. Осы кітапта сөз болатын сергелдеңге түскен үш ата­ның үлкені Бәшкенің кіндігінен ұрпақ қалмаған. Ал Төлебайдан – Ра­қым­­бай, Кәкімбай, Ақымбай; Әлкем­бай­дан – Мұқай, Әубәкір, Құсайын деген ұрпақ­тар дүниеге келеді. Осы үш ата ұрпағы­ның басынан өткен алма­ғайып заман, азапты күндер бүкіл қазақтың басынан өткен тауқымет тәрізді көрінеді. Сол себепті, романды оқу барысында оқыр­ман сол оқиғалардың қақ ортасында жүргендей сезінеді. Осы кітап­тың бас кейіпкерінің бірі Төлебайдың заманында Боғда шыңының теріскей бетіне орналасқан ежелгі Жібек жолы бойын­дағы Фукаң, Жемсары, Шонжы, Мори, Бар­көл аудандарының іргетасы қалана бастаған. Төлебай бұл өңірге 1890-1917 жылдар аралығында билік жүргізген. Сон­дықтан көнекөз қариялар бұл дәуір­ді «Төлебай заманы» деп атайды дей­ді автор. Төлебай өзі шешен, әрі сөз­ге тапқырлығы бар, сегіз қырлы, бір сырлы сері азамат болған. Бір күні Төлебай бір топ адаммен шақабай­лар­дың бірінің үйіне түседі. Ол үй бидай көже ішіп отырса керек. Ойламаған жерден келген қонаққа үй иесі құяйын десе, қатықсыз қара көже, құймайын десе, тамақ үстінде келіп отыр. Сонда сол үй­дің бойжеткені бір аяқ көже құйып, Төлебай жездесіне:

Дегенде Төлебай сал, Төлебай сал,

Жегені қазы-қарта, жая мен жал.

Бұл күнде ел ішкені бәрі көже,

Жездеке, кейіндемей аузыңды мал, – деп әзілмен ұсыныпты. Төлебай көжені алып тұрып, жұлып алғандай:

Бабаңның баулуында атқан таңым,

Апаңның шарасынан татқан дәмім.

Балдызжанның қолынан ішсем көже,

Кетер деймін қайқайып

қатқан тәнім, – деп жарасымды әзілге үйлесімді жауап қайтарған екен.

Кейін Төлебай балалары ер­­жеткен соң, Рахымбай деген ұлын жылқы үйірін тізгіндеуге, Мұқайды түйе түлігін бас­қа­ру­ға, Әубәкірді ауылдың мә­де­ни өмірін жандандыруға, ке­ліп-кетіп жатқан қонақтарды күтіп алып, оларды разы-хош ет­іп аттандыруға, Ақыманды қорға­нысқа, елдің мал-жанын ұры-қары­дан қорғауға қойған. Шын аты – Кәкімбай, ел арасында Кәбен атанып кеткен Мұстафа Өзтүріктің әкесі Ақыман сол кездің өзінде жұрт аузына іліге бастаған балуан, жойқын күштің иесі еді. Ал Төлебай Әлкем­бай­дың кен­жесі Құсайынды 7 жасынан бастап өз жанына алып, билікке бау­лы­ған. Өзі дү­ние саларда Құсайын 17 жаста болатын. Сондықтан Төлебай би соңғы өсиетінде: «Мұнан кейін билік тізгінін Құсайын ұстасын», – деп артқы ұрпағына аманат еткен екен. Осы ро­манға арқау бо­лып отырған Төлебай атаның ізба­са­ры сол Құсайын Тәйжінің 1918 жылдан 1955 жылға дейінгі атқар­ған 37 жылдық қызметін автор былайша жүйелейді:

  1. 1918-1938 жылдары Баркөл, Нори, Шонжы, Бәйтік, Боғда өңіріндегі халық үшін істеген қызметтері;
  2. 1939-1951 жылдары Газкөл, Жеті Чі­менде оны екі жыл отырықшы ел болып, Өр Алтай, Шыңжаңда атқарған қызметімен даңқы шыққан;
  3. 1951-1952 жылдары елінен, ту­ған жері Өр Алтайдан айырылып, жол­дас­тары Шолтан Шәріп, Дәлел­хан, Бағси Қасен батыр, Рахимоллалармен бірге Кашмирге дейін, содан соң 1952 жылы Ұзын көш сапарын одан әрі жалғас­тырып, алғашқы қа­зақ көшін Түркия мемлекетімен қауыш­тырған.

Құсайын Тәйжі жолдастарымен бастап барған бұл көш жайында ағыл­шын дипломаты Годфрей Лайастың «Тарыдай шашылған қазақтар» (Kazak Exodus, by Godfrey Lias, London: Evan Brothers Limited), (1956) атты ағылшын тіліндегі кітабында егжей-тегжейлі баяндалған. Өйткені, бұл кітаптағы көптеген деректерді автор сол Құсайын Тәйжінің айтуы бойынша өз аузынан жазып алған. Аталған кітап 1956 жылы жарық көргендіктен тарихи деректерге бай, құнды болып отыр. Алайда, әлі күн­ге дейін сол кітапты ешкім ағыл­шын­нан қазақшаға аударған жоқ. Онда осы Құсайын Тәйжінің қазақтардың салт-дәстүрі, әдеп-ғұрпы, ертегі-аңыз­дарына қатысты айтқан мәліметтері келтірілген. Кітаптың құндылығы сол, онда фольклорлық-этнографиялық жәдігерлер көптеп кездеседі.

«Сергелдең» тарихи роман болған­дық­тан кейіпкерлердің бәрі шынайы өмірден алынған. Автор тарихи дерек­терді көнекөз қариялардың аузынан жазып алыпты. Мәселен, романдағы та­рихи деректердің көбісін автор Нығ­мет ақсақалдан жазып алғанын айтса, кітаптың эпилогындағы Рахат Батыра­линнің хатынан көптеген тарихи деректерге қанық боласыз.

Автормен сұхбаттасып отырған Рахымбайдың ұлы Нығмет ақсақалдың кітапты оқу барысында шежірелі қарт екенін бірден аңғаруға болады. Қазақ арасында «құралайды көзінен ататын мерген» деген сөз кең тараған. Алайда, көбіміз осы сөздегі құралайды аң деп санаймыз. Алайда, құралай дегеніміз – аң емес, құс екен. Ол – бүркіттің ең қыраны және асылы екенін кітаптан оқуға болады. Құралай құс арқардың құлжасы сияқты ірі аңдарды көктен шүйлігіп келіп, бел омыртқадан бір тепкенде ол омақаса құлайды. Оны бас салып жеп, қал­ғанын қарға-құзғынға жемтік ре­тін­де қалдыратын мырза құс осы құралай екен.

Кітаптың тілі жатық, қазақы тілде жазылғанымен, Қытайдағы отандаста­ры­мыздың қолданысындағы кейбір сөздер еніп кеткен. Мысалы, лаубайшы – бұқара, Каса дагы – қазақ ағай, ша­ңия – ауыл бастығы деген сөздер кез­деседі.

Жылбек КЕРІМБЕК,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет
және өнер институтының PhD докторанты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір