Нұрғожа ОРАЗ
Қазақ әдебиеті ауыр қазаға душар болды. 84 жасқа қараған шағында көрнекті ақын, жазушы, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» Нұрғожа Ораз қайтыс болды.
Нұрғожа Ораз 1932 жылы 20 қазанда Қостанай облысы, Урицкий ауданындағы «Маяк» кеңшарында туған. 1947 жылы туған ауылындағы жетіжылдық мектепті бітірген соң Гурьев (Атырау) педучилищесіне оқуға келіп, оны 1950 жылы тәмамдаған. Мұнайлы жетіжылдық мектебінде бір жыл мұғалім болған. 1951 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне түскен. Алғашқы топтамасы «Жас жүрек» (1956) атты жас ақындар жинағына енген. 1956–1958 жылдары мектепте ұстаздық еткен. 1958–1963 жылдары Қостанай облыстық газетінде, 1963–1965 жылдары «Тың өлкесі» газетінде қызмет жасаған. 1965 жылы Қазақстан Жазушылар одағының Целиноград облысаралық бөлімшесіне жауапты хатшы болып тағайындалған. Ұзақ жылдар өзі ұйымдастырып, жарыққа шығарған «Жаңа Сарыарқа» журналының Бас редакторы болып қызмет атқарып, өңір әдебиетінің өркендеуіне, жас ақын-жазушыларды тәрбиелеу ісіне үлкен үлес қосты.
«Тұңғыш кітап», «Кім табады?», «Достар хаты», «Шұғыла», «Көңіл көктемі», «Тың түлегі», «Қырандар ұясы», «Жауқазын шақ», «Дала демі», «Тың тынысы», «Таңдау» т.б. кітаптары жарық көрген. Топтама өлеңдері украин, орыс, қырғыз тілдеріне аударылған.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, ҚР Журналистер одағының М.Сералин атындағы сыйлығының лауреаты, «Астана» және «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы» медальдарымен марапатталған. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері».
Қазақ халқының аяулы перзенттерінің бірі Нұрғожа Ораздың жарқын бейнесі оны білетіндердің есінде ұзақ сақталады.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі,
Қазақстан Жазушылар одағының Басқармасы.
ЖАҚСЫЛАРДЫҢ ЖАЛҒАСЫ ЕДІ
Баяғы Хрущевтің ию-қию қайта құруларының кезінде Арқадағы облыстық қазақ газеттері жабылып қалып, жілігінің майы бар қаламгерлері «Тың өлкесінің» орталығына жиналған тұста Қостанайдың облыстық газетінен келген Нұрғожа өлкелік газетке әдеби қызметкер болып орналасып, табан аудармай Ақмола топырағында тұрып қалды. Қара өткелдің киелі топырағы оның дарыны бүр жарып, гүл ататын құнарлы мекенге айналды. Оның ақындық дарыны дәл осы өңірде қанат жайып, қалың оқырман қауымға жол тартты. Тұңғыш жыр жинағы жарық көріп, КСРО Жазушылар одағына мүше болып қабылданғаннан кейін, тың аймағындағы Қазақстан жазушыларының бөлімшесін басқарып, аймақ қаламгерлеріне жетекшілік жасады. Бертін «Сарыарқа» атты әдеби журнал шығарып, әрі ұйымдастырушылық жұмыс атқарды. Өзі басшылық еткен бұл басылым тарихи тақырыпқа дендей бойлап, қыруар жұмыс атқарды. Оқырман қауым одан Бөгенбай, Баубек батырлар жайында тың деректер тауып, мол мағлұмат алды. Осы өңірде ұзақ тұрған ол бүкіл Сарыарқаның шежіресі іспетті. Ол ұлықты ұл, қылықты қыз өсірген отбасының иесі еді. Балалары қазір белді қызмет атқарып, еліне қалтқысыз еңбек етіп жүр. Осы өнегесінің өзі кейінгі ұрпаққа үлгі болса керек. Өз басым, бірер жас үлкендігіне қарамай, құрдастай қалжыңдасып, ішкі сырымызды бүкпей айтып жүретінбіз. Кейін бір көргенде жүрісі шабандап қалғанына күліп, атақаздай мамырлап қалыпсың ғой деп әзілдеген едім. Жазмыш осылай шығар. Міне, енді дүниеден өткенін де естіп отырмын. Иманы жолдас болып, пейіште нұры шалқысын! Сәбең мен Ғабеңнің кіндік кескен жерінен шыққан ізбасар жерлесі еді. Демек, Нұрғожа Ораз заңғарлардың жұрнағы, жақсылардың жалғасы еді.
Сарбас АҚТАЕВ.
ЖАНЫ ТАЗА АДАМДЫ ЖАҚСЫ КӨРЕТІН ЕДІ
Ақындық жолында жүрегінің шуағын таратқан, халқына деген махаббатын күрескерлігімен, қайраткерлігімен, қаламгерлік қабілетімен дәлелдеген бір азамат дүниеден озды, ол – Нұрғожа Нарымбайұлы ОРАЗ.
ХХ ғасырдың екінші жартысында Арқа өңірінде Тың өлкесі құрылып, елдің ризығы артқанмен, қазақ халқының тілі, дәстүрі өте мүшкіл жағдайға жеткен еді. Жас ұрпақ тілін, дінін, тегін ұмытатындай бағытқа кетіп бара жатты. Сол кездегі саясат халықтың құндылығына балта шапты. Осындай тұста «Біз қазақпыз. Тілімізді, дінімізді сақтайық! Салт-дәстүрімізді қорғай білейік!» деп билікке қарсы шыққан бір азамат болса, ол Нұрғожа ОРАЗ еді. Ол бірнеше облысты алып жатқан Сарыарқа өңіріндегі жас дарын иелеріне қамқорлық жасады. Өмірден адасқандарды жолға салды, қателескендерді түзеді. Жастарға қазақ деген текті ұлттың ұрпағы екенін ұмытпау керек екенін ескертті. Ал халқымыздың құндылығын бағаламағандарға қарсы күресті және өз басын бәйгеге тіге жүріп, жеңіп шықты.
Өнер жолында жүрген мыңдаған іні-қарындастарына қамқор бола білді. Ағаға арнаған бір жырымда:
«Қара бұлт басқан сайын түйдек-түйдек,
Бұл жақта тіл ортасы қалған сиреп.
«Сарыарқа» шықты сонда кемедейін
Арқаның әдебиетін алға сүйреп!
Кейбір жан шеше алмаса сан сұрақты,
Тапқан ед іздеп осы шаңырақты.
«Сарыарқа» көңілдердің кірін шайып,
Жүдеген жүректердің шамын жақты…», –
деп жазған едім.
Палуанды әдісі мен күшінен таныса, адамды сөзі мен ісінен танитын еді. Нұрғожа ағаның қамқорлығын көрген жанның бірі ретінде өзім де оның адами асыл қасиеттерін жоғары бағалаймын. Мені Қостанайдан шақырып алған еді. «Сарыарқа» журналында аға-інідей сыйласып еңбек еттік. Ол бір ғажап күндер еді. Өзі де адал, таза болғандықтан жаны таза адамды жақсы көретін еді…
Өмірі өнегелі болды. Өсіп-өнген әулеті бар. Халқына том-том шығармаларын қалдырды.
Қош болыңыз, Нұраға!.. Жаныңыз жәннатта болсын. Туған халқыңыз барда, есіміңіз мәңгі сақталады, шығармаларыңыз өскелең ұрпақтың рухани азығына айналады.
Айбатыр СЕЙТАҚ.
ЖҮЗІ – НҰРҒА, ЖҮРЕГІ – ЖЫРҒА ТОЛЫ АҒАМЫЗ ЕДІ!
Қазағы ат төбеліндей ғана болып, тілі тозып, ділі аза бастаған халқымыздың кешегі Целиноградта ұлттық мұраттарын ұлықтап, сол жолда арыстанша күрескен ардақты ағамыз Нұрғожа Нарымбайұлы Оразов Ақмоладағы аз ғана қалам ұстаған топ – біздерді аяулы Алматыға, жас жазушылардың сол жылдарғы түрлі кеңестеріне апарған, ұлы қаламгерлер Ғабит Мүсірепов, Олжас Сүлейменов, Тұманбай Молдағалиевтермен таныстырып, баталарын әперген ардақты ағамыз еді. Бүгінгі Астананың, кешегі Ақмоланың топырағында көктемгі жауқазындарда қазақ тілі мен мәдениеті дәнінің сақталып қалуына сіңірген еңбегі зор еді ағамыздың. Топырағыңыз торқа болсын, жақсы аға.
Сіз сол жылдары өзіңіз армандаған Тәуелсіздіктің таңы мен Ақмолаңыздың ғажайып ұлы Астанаға айналғанын көріп кеттіңіз, асыл аға! Рухыңыз жұмақта шалқысын, жүзі – нұрға, жүрегі – жырға толы болған аяулы қаламгер!
Смағұл РАХЫМБЕК.
НҰРЛАНДЫРҒАН ОРДАМДЫ
(Нұрғожа Ораздың рухына)
Қарадан қазағымның қалған кегі,
Ақтаңгер оза шабар ардан тегі.
Нұрғожа сауыры сары алтындай
Сарыарқаның салқам төс, сардар бегі.
Өзеннің көкке бойлар өр ағашы,
Өнеге көрсеткен ғой ер анасы.
Нұрғожа – жазушы қауымының
Арқада алғашқы еді төрағасы.
Ақордам толған қазақ қарашысы,
Ағаның әр қадамы – алаш ісі.
Хаттаған қалың тарих жәдігерін
«Сарыарқа» журналының сарашысы.
Ағадан тәлім-тәліп алам ба осы,
Бойынан таралатын адам хошы.
Болды ол талай ұрпақ тамсандырар
Тұлғалы Тұмағамның адал досы.
…Нәр алған кәусар бұлақ жыр-анадан,
Жаралған мүбәрактай бір-ақ адам.
Алаштық ардакүрең азаматтан
айрылдық айнабозым Нұрағадан!
Бақытжан ТОБАЯҚОВ.