ҒЫЛЫМИ МӘРТЕБЕНІҢ ДҰРЫС АТАУЫ ҚАНДАЙ?
22.02.2016
1480
0

Қазақ тілі – байтақ тіл. Оны орыс тілінің ережесіне бағындыруға болмайды. Қазір қазақ мектептерінде де орыс тілі пәнінің сағаты қазақ тілінен көп. Содан ба, немерем «аяқтарым, қолдарым, көздерім» деп сөйлейді. Неге десем, «аяқ та, қол да, көз де екеу ғой» деп мені жеңген кейіппен бетіме қарайды. Көршімнің баласы «әкем қойларды бағып кетті» дейді. Қой бағып кетті демейді. Қазақ сөзін орыс тілінің ережесімен айтып тұр.

Орыс тіліне көбіне көптік жалғауы тән болса, қазақ тіліне же­кешелік тән. Қазақ «көздеріңе қара» демеген. Дұрысы: «көзіңе қара». Қазақ сөзі жекешелігімен әдемі. Абайдың «Көзімнің қа­расын», «Көздерімнің қаралары» десек не болады?..

1946 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясы ашылды. Сол кез­де М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Сәтбаев сынды ғалымдар «Академия наукты» «Ғылымдар академиясы» демей, қазақ тілінің ережесімен «Ғылым академиясы» деп атады. Академияның маңдайында қазір де солай жазулы тұр.

«Филологические науки» дегеннің дұрыс аудармасы филология ғылымы. Филология ғылымдары емес. Ал біздің филологтар «филология ғылымдарының докторымыз» деп мәз болып жүр. Сонда филология көп ғылым да, бұлар соның бәрінің докторы ма? Яғни мәртебесін бәрі қате жазып жүр. Бұл жөнінде мен Республикалық газеттерге 7 мақала жаздым. Соның әсері ме, қазір «Үш қоңыр», «Ақтөбе» газеті мен «Жұлдыздар отбасы», «Аңыз адам» журналы тұрақты түрде «филология ғылымының докторы» деп жазатын болды. Рахмет!

Қазақ тілі мен әдебиетінің мамандары болса «филология ғы­лымдарының докторы» деп жазып жүр.

Бұлардың Академияның маңдайындағы жазуды көр­мей­тіні­не таңым бар.

Академик, профессорлармен айтысып, атымды шығарайын де­ген ойым жоқ. Филолог та емеспін. «Филология ғылымдары» де­ген жазу басымды ауыртады. Қазақ сөзінің қасиетін біл­мей­тіндердің ғалым болып кеткеніне күйініп кетемін.

Менің бұл жазғанымды тіл мамандарының барлығы оқиды. Жалғыз үмітім – осы тілшілер мен әдебиетшілерде.

– Айналайын, тілші, әдебиетшілер! Сіздер ғылыми мәрте­бе­ні дұрыс жазып жүрсіздер ме?

Төрежан МӘНДІБАЙ.

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір