ӘДЕБИЕТТІҢ КҮШІ…
22.02.2016
1165
0

DIGITAL CAMERA

Тәуелсіздікке тәу етейік. Азаттық қалай келгенін еске түсірейікші. Жадымыздың жағдайы қалай екен?! Артымызға бір қарадық. 25 жыл зыр етіп өте шығыпты. Ассалаумағалейкум, Бостандық!

 

***

Бала кезімізде ауыл-ауылды аралап, алыпсатарлар тері жинайтын.

– Кітап бар ма? Әдеби кітап!

Көшенің ана басынан, мына басына дейін шыққанда осы сөзді алты-жеті ауыз айтып қалатын-ды.

– Мұқабасы ескілеу… Аласың ба?

– Тысы емес, іші ғой қымбаты…

Ақшасы аздау жұрт кітап орнынан жүн-жұрқа беріп жататын. Кейбірі етті дорбаға салып, «рухани азықпен» қауышатын-ды. Жүздерінде қуаныштың алтын арайы ойнап, көздерінде бір нәрсе жылт ете қалушы еді.

– Бүгін бізге ұйқы жоқ қой.

Бір жігіт ағасы Әбдіжәміл – Әбенің «Қан мен терін» кеудесіне басып, ұзақ тұрды. Содан кейін романның әр бетін парақтай бастады.

– Ей, сілекейіңді сүрт!

Жанындағы досы ғой деймін, қал­жың­мен қағытты. Бұ сөзді елеген ол жоқ. Ол кезде ойша Аралда жүрді. Ақбала, Еламан, Тәңірберген, Дос, Мөңке, Сүйеу, Қарақатын…

– Болды енді, үйге барып бір-ақ оқы…

– Қойшы-ей, Судыр Ахмет! Сенен ешкім сұраған жоқ, – деп еді бәрі күлкіге қарық боп қалды.

– Әуезов бар ма?

– Пьесалары бар.

– «Қараш-қараш» бар ма?

– Жоқ. Үлгермей қалдыңыз.

– Қап!

Бұл адам қатты кейіді. Кейіп-кеспірі­нен аңғардық. Артқа шегінді. Шегінбес бұрын түрінен байқағанымыз, көзінің қарашығы үлкейді, сол құлағы қозғал­ғандай болды. Жүзінен бір түсініксіз нәр­се жүріп өткендей болды. Тыжырану бар ма, қалай?! Тәмпіш мұрнын әдіп­те­ген әжімдер бір сәтке айқын көрінгендей әсер­де қалдық. Әуезовке деген әуестігін басқысы келді ме, әйтеуір, алыпсатарға оң қолын сенімсіз созып:

– Жарайды, ананы не дедің?

– Пьесалар.

– Соныңды бере ғой.

– Ағасы, өлеңдер бар ма?

– Ғафу, Сағи, Сырбай… бар.

– Мұқағали мен Төлеген керек еді.

– Сырбайды маған, маған.

– Ертегілер мен батырлар жыры бар ма, аға?

– Бітіп қалды.

– «Көшпенділер» қалды ма?

– Қазір көрейін, – деп арбаның әр бұрышын қарай бастады. – «Алмас қылы­шын» ғана таптым.

– Міне, ақшаңыз.

– «Махаббат қызық, мол жылдар» бар ма, аға? – деп бір топ қыз жүгіріп келді.

– Таусылды. Болды, мен кеттім. Енді екі аптадан кейін бар-ақ келемін. Аман-сау тұрыңдар, – деп әлгі кісі ұзап бара жатты.

Со күні ауыл байлық – бақытқа кенелгендей болатын. Той-томалақта әр­кім оқығанын айтып мақтанатын. Балалар сол әңгімеге құлақ түріп, ерекше бір ықыласпен тыңдаушы еді. Біздің кітапқа деген сүйіспеншілік сүйтіп оянған болатын. Адамды орта қалыптас­тыра­тынын ол кезде білмесек те, сезін­ген­дей болатынбыз. Үлкендер газетке жазушы, суретші, әнші жалпы алғанда, өнер адамының сұхбаты немесе ол туралы ақпар шықса, қырқып алып, іліп қоятын-ды.

– Көріңдер. Үлгі алыңдар. Ертең осын­дай болуға талпыныңдар, – дейтін шалдар қалтасынан шақшасын алып, алақанына насыбайын салып жатып.

– Бибігүл мен Роза сияқты болыңдар. Бос сандалмай бір нәрсе үйреніңдер. Әнді қалай ғажап айтады-ей солар, – дейтін кемпір-сампыр еріндерін сылп еткізіп.

Сонда балдырған теуіп жүрген біз үшін Алматыға бару арман болатын. Қала­дан жеткен «Snickers» онға бөліне­тін-ді.

– Алматыда не жаңалық?

Жұрт мәдени шаһардан келген қонақ­ты шахтарша күтіп алатын.

– Алып бара жатқан жаңалық  жоқ.

– Газеттен оқыдық қой. Алыс-жақын шетелден қаламгерлер жиылып, үлкен басқосу болыпты. Осындай да осындай мәселе талқыланыпты. Көрме бопты. Ана бір суретшінің аты кім еді. Иә, иә, сол… Қайрат Пахтакорды ұтыпты. Анау, кім еді. Сол, сол әнші Софияға барып орын алып келіпті. Молодес. Қазақтың атын шығарып жатыр…

– Қайдан білейік, – дейтін қалалық­тар суық қана.

– Оны қалай білмей қалдыңдар?

– Қалада ол туралы ойлайтын жағдай да, уақыт та жоқ, аға. Жұмыстан қол ти­мейді.

Екі аптадан кейін әлгі алыпсатар тағы келді. Бір қызығы, Бальзак, Дойл, Тур­генев, Чехов аудармаларын алып келіп­ті. Ел үшін бұл да бір үлкен елеулі жаңалық болды. Әлем әдебиетіне үлкен­дерден гөрі жастар қатты құмартты. Сөй­тіп, сөз өнерін танудағы жаңа арна ашыл­ды. Әлі есімде… Оқылған кітаптың бәрі шатырға шығарылатын. Со кездері неге екені белгісіз, фантастика одан кейін барып ұлттық рухты көтеретін дүн­иелер көп оқылушы еді. Көрші-қо­лаң бір-біріне  қонаққа  кіргенде қал­жың­дары­ның арасында міндетті түрде жазушы жүретін-ді. Онсыз қалжың қал­жың болудан қалады. Бір шетінен қызық­сыздау, солғындау да көрінетін әдеті. Жаңа шыққан кітапты оқымаған адам «артта қалған» болып саналады. Малшының қоржынында кітап немесе жорнал жү­ретіні қалыпты жағдай-тын. Қарағай кесуге баратын ағаларымыз қонышына жұқалтаң бір кітап салып алатын. Ол көбіне жыр жинағы болушы еді.Ермек үшін дейін десең, мазмұнын айтып, кәдімгідей талдап, жіліктейді әлгілерің. Кейбір қаламгерлерді оқы­ғанда сын садағын қадауға бейім тұра­тын­дар бар.

– Адам бүйтіп өлмейді ғой… Өтірік.

– Мына бір тұста адамның қуанған сәтін сәтсіз сипаттапты.

– Табиғатты суреттеуінде бір көңіл­сіздік бар ма, қалай?!

Со кездегі ойлы оқырман бір жағынан сыншы, бір жағынан ниеттес, тілектес еді. Қазақ қарасөзінің қайығында еркін жүзетіндерді ерекше құрметтеп, хат та жазатын. Ол жетті ме, жетпеді ме, ол жа­ғы аса қызық емес. Ең басты жазды. Шы­­ғар­маға деген махаббатын білдірді. Ал егер жауап жазған жазарман болса, онда әлгі кісі ауыл «авторитеті» дей беріңіз.

– Жу, жу. Бізден бүйтіп оңай құтыла­мын деп ойлама.

Қымызға қызара бөрткен ел, арақ­тың аузын ағытып, өлең оқып, қазақ поэзиясы антологиясын бір түгендеп алатын. Халық әні әуелеп, сол күні естен кетпестей болатын. Заман құбылады, уақыт өзгереді, адам пиғылы бұзылады деп дәл сол шақта кім ойлаған? Дәуір суреті қаз-қалпында қалып, тұрақ­тылықтың символына айналған тұрақ – ауыл, жалпы адамдар көзден де, көңіл­ден де кетеді дегенге сену қиын еді ғой.

Әдебиттің әсерімен арман қуып Ал­ма­тыға барғандардың қаншасының үміті ақталғанын дөп басып айту аса қиын­дау. Дегенмен, сөз өнерінің Отанға, ата-анаға, бауырға, досқа, тұтастай адам атаулысына деген махаббат сезімін оят­қанымен есте қалған шығар-ау.
1986 жылы Алматының қақ ортасында көте­ріліс басталып, бабалар аңсаған азаттық иісі қазақ мұрнына келгенде еске әдебиет және оның әсері түскені даусыз болса керек.

Сонда бір ағамыз көзіне жас алып тұрып:

– Айттым ғой, әдебиетті оқыңдар деп. Әне, көрдіңдер ғой, күшін. Ол күшті Ға­рыш­тан Алла жібереді. Соны ұмыт­пағай­сыңдар, – деп інілеріне ұрсып жатқа­нын байқап қалғанбыз.

Тәуелсіздікке 25 жыл! Рухты көтер­ген, болашаққа деген сенімді қалыптас­тыр­ған қаламгер жазуын қадірлеу, сый­лау – елді, ұлтты сыйлау деген сөз. Тә­­уел­­сіз­дікті алып берген әдебиет екенін бүгін бәрі біледі деген ойдамыз. Іштей болса да…

Әлібек БАЙБОЛ.

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір