«ЖҮРЕГІМДІ ТЫҢДА, ЖҮРЕГІҢДІ ТЫҢДА…»
22.02.2016
2876
0

IMG_4506Жүрек жайлы жыр жазбаған ақын кемде-кем ғой. Жүрек дәрігері мен ақынның ұқсастығы – екеуі де жүректі жазғысы келетінінде шығар. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз С.Д.Асфендияров атындағы Алматы Мемлекеттік медициналық институтының түлегі, жоғары санатты кардиохирург-дәрігер, Алматы қалалық кардиологиялық орталығының директоры ҚОДАСБАЕВ Алмат Тұрысбекұлымен адамның ең аяулысы – жүрегі жайлы әңгімелестік. Сөз алдында дәрігерге ақын Ерлан Жүністің: «Жүрегіңді сақта, Жүрегімді сақта, бұл алағай шақта,  бұл бұлағай шақта!.. Жүрегіңді қорға, Жүрегімді қорға, соғып жүр ол зорға, соғатындай сорға… Жүрегімді тыңда, Жүрегіңді тыңда, шақырмашы құзға, батырмашы мұңға…», – деп келетін өлең жолдарын оқып, дәрігер-мамандар жүректі қалай сақтап, қорғайтынын білгіміз келген еді… 


 

– Жүректі қалай сақтаймыз?

– Жүректі денсаулықты күту арқылы сақтай аласыз. Темекі шегу, арақ ішу сияқ­ты зиянды әдеттерден бойды аулақ ұстаған жөн. Қазақ «Ауру – астан» деп бе­кер айтпаған. Майлы, ащы, қуырылған тағамдарды мөлшерімен жеп, есесіне, кө­көніс пен жеміс-жидекті көбірек тұ­тыну­ды әдетке айналдырған дұрыс. Таң­ғы жаттығу немесе серуендеу – өмір­лік салтыңыз болуы керек. Уақытылы де­малу, тынығуды да ұмытпаған абзал. Бүгінгі заманауи адам өзінің қан қысы­мын ұдайы бақылап, қалыпты қан қы­сы­мын білуі тиіс. Себебі, дәл осы қан қысымының көтеріліп, не төмендеуі – түрлі ауруға бастап апаратын төте жол деуге болады. Иә, біздің бүгінгі заманымыз сондай – адамдардың көпшілігі бір орнында тапжылмай отырып жұмыс істеуге мәжбүр. Алайда, бұл дене қоз­ға­лыс­тарын мүлдем жасамау керек дегенді білдірмейді. Жүрегіңіз өзіңізге керек болса, ара-тұра қимылдап, бойға қан жүгіртуді әдетке айналдырыңыз. Бүгінгі заманның адамы жүйкесін де сақтауы тиіс. Отбасында, жұмыста, көшеде, өз ор­та­сында адам түрлі жағдайларға кезі­геді, ол жағ­дайлар адамның жүйкесіне тиіп, ашулануы да мүмкін. Бірақ қандай жағ­дай болса да, адам эмоциясын бақы­лай алу­ды үйренсін. Себебі, жұқарған жүй­ке жүрекке ғана емес, күллі ағзаға кері әсерін тигізеді.

Ал жасы қырық-қырық бестен ас­қандар, мейлі, өзін жақсы сезінсе де ара-тұра дәрігерге қаралып тұрғаны жөн.

Байқасаңыз, орталықтың кіре бері­сіне, кітаптарды ақтарып отырып, әл-Фарабидің сөзін тауып, жазып қойдық. «Денің сау болмаса түзету керек, ал де­нің сау болса жақсарту керек» дейді ұлы ойшыл. Сондықтан тексерілу, емделу жақсы. Тіптен, ал ауруыңыз болмаса да, дәрі­гер­мен ақылдасып, ауырмаудың алдын алыңыз.

– Статистикалық мәліметтерге жү­гін­сек, Қазақстан ғана емес, дүние­жү­зін­де жүрек ауруымен ауыратын­дардың саны жыл сайын артып келе жатқан көрінеді. Маман ретінде айтыңызшы, адам­дардың жүрегі не үшін ауырады?

– Алматы қалалық кардиологиялық орталығы барлық денсаулық сақтау ме­ке­мелері сияқты, мемлекеттік бағ­дар­лама бойынша жұмыс істейді. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының негізгі үш тармағы – жүрек-қан тамырлары ауруларының кесірінен болатын өлім-жітімді азайтуға бағытталған. Біз­де жүрек ауруларының алдын алудан бастап, жүрек ауруларының барлық түрімен ауыратын науқастар емделеді. Тіптен, керек десеңіз, былтыр, жасы сек­сен бес жастағы кейуананың жүрегіне ота жасадық. Әдетте, бұндай үлкен жас­тағы адамдар өздеріне ота жасағанын қала­майды ғой. Алайда, жүрек – қай жас­та да керек. Айтпағым, жүрек ауруын қандай жаста да емдеуге болады.

Қазір жүрек ауруларының алдын алу мақсатында да жұмыс істейміз. Яғни жүрек ауруына алып баратын аурудың өзге түрлерімен де дертті жандарды тіркеп, жүрек ауруын болдырмау үшін жұмыс істеп жатқан жағдайымыз бар.

– Қазақстанда жүрек ауруларының бар түрі емделе ме? Біздің кардиолог-дә­рі­герлердің, әзірге ала алмай жүрген асу қай­сы?

– Бізде жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеу үшін барлық жағдай жасал­ған. Бүгінгі күні еліміздің түкпір-түк­пір­лерінде кардиологиялық орта­лық­­тар ашылған. Түрлі тәжірибелерден өту үшін, ғылыми жиындарға қатысу үшін шетелдерге шығасың ғой, сонда әріптес­те­ріме: «Қазақстанда бес жылдың ішінде жиырма бес мыңдай кардиология­лық орталық аштық», – десем: «Оны кім қаржыландырып отыр, кадр мәселесін қалай шештіңдер», – деп сұрайды. Адам­дардың  жүрек ауруларының барлы­­ғын емдеу үшін мемлекет арнайы орта­лық­тар ашып жатыр, жастарды «Бола­шақ» бағдарламасымен арнайы оқытып жатыр. Сондықтан емделу­ші­лердің жазылуға деген ынтасы болса, алынбайтын асу жоқ.

– Бұл сұрақ сіздің көңіліңізге келер, сонда да, «Айтпаса сөздің атасы өледі» деген ғой. Жүрек мәселесінде, жалпы басқа да күрделі ота жасатуда отандық дәрігерлерге сене алмайтын, сенсе де тегін ем-дом алу мүмкін емес деп білетіндердің көбеюі нені білдіреді?

– Қазақ халқының менталитетін біле­­сіз.  Халықтың медициналық сауа­ты­­ның төмендігінен де болар, емін ала­ды да, кетеді. Одан әрі қарай күтіну, ден­сау­лығын сақтау деген мәселемен бас ауыртқысы келмейді.

Иә, жүрек ауруының өте ауыр түрі­мен сырқат кейбір азаматтар шетел асып, шетелдік мамандардың көмегіне жүгінгісі келеді. Оған ешкім қарсылық көрсетпейді. Бірақ шетел істеген емді біз де істей алатынымызды айтқым келеді.

– Қазақстанда кең таралған жүрек ауруы қайсы? Олар бұл дертке неліктен тап болғанын зерттеп-зерделеу мүмкін бе?

– Қазақстанда кең таралған жүрек ауруы – жүректің ишемиялық аурулары дер едім. Одан өзге  жүрек аритмиясы, жүректің ревматизмі, туабіткен жүрек ақаулары. Оған, әдетте, экология мен ген­ді кінәлап жатамыз. Бізде тұқым қуалайтын, туабіткен жүрек ақаула­ры ­кеселімен ауыратындардың көрсеткіші – 10-15 пайыз ғана, аурудың осы түрімен ауыратын қалған емделушілер бұл дертке денсаулығын күтпегендіктен ұшы­раған…

– Жүрек хирургі болған соң осы сұрақты айналып өте алмаймыз. Бүгінгі таңда жүрек трансплантациясын жасау туралы әңгімеге құлақ үйреніп келеді. Өткен ғасырда қазақтың ақиық ақыны Мұқағали дәрігеріне: «…Жоқ! Дәрігер! Орнатпа басқа жүрек! Басқа лүпіл жасама, басқа леп. Қалай айтам, бүлінген жүрегімді, Білдірмей доғдыр алып тастады деп?! Өңгеріп өгей жүрек қайда барам, Өзгенің ғұмырын қалай пайдаланам? Сыйыңа рахмет, қайран адам! Өзімнің жүрегімдей қайда маған? Алмастырам!? Дедің-ау, алмастырам!.. Сірә, менің жұлдызым жанбас бұдан. Өзімнің жүрегімді жерлеп келіп, Өзгенің өмірін қайтіп жалғастырам?», – дейді. Қазір адамдар жүрек алмастыру туралы не дейді? Дін тұрғысынан, медициналық тұрғыдан жүректі ауыстыруға болатын-болмайтынын адамдар түсінді ме?

– 2002-2013 жылдар аралығында А.Н.Сызғанов  атындағы Ұлттық ғылы­ми хирургиялық орталығы, кардиохирургия бөлімінің жетекші ғылыми қыз­мет­кері болып жұмыс істедім. Сол орта­лықта жүрек алмастыру тобына кірдім де, төрт жыл жүрек алмастыру мәселесімен айналыстық. Қазір ғой, Қазақстанның қалаларында жүрек ауыс­тырып жатыр  екен деген хабарларды естіп, көпшіліктің құлағы үйреніп қалды. Ал біз жүрек алмас­тыру туралы алғаш зерттеу жұмыс­та­рын жасап жат­қан кезде, жүрек ауыстыра­мыз десек, елдің төбе шашы тік тұратын. Біз топта бірнеше адам – дәрі­герлер, заңгерлер, психолог, т.б. мамандар жұмыс істедік. Жүрегі ауру, дімкәс адамдарды таптық. Олармен сұхбат жүргіздік.  «Жүрегіңізді ауыс­тыр­сақ, рұқсат бересіз бе?», –  десек, олар: «Бұрын жүрек ауыстырып па едіңіздер?», – деп сұрайды. Біз: «Жоқ», – дейміз. Олар, әрине, бірінші болып отаға келісім беруге қорқады. Біз сырқаттардың келетін маршруттарына дейін дайындаймыз. Өзіңіз білесіз, қазақтың жерлеу салты бойынша,  қайтыс болған кісінің бір саусағы жоқ болса, сұрауы бар дейді. Ал сіз қайтқан кісінің жүрегін сұрасаңыз, мүлдем келіспейтіні анық. Жалпы, адам­­ның жүрегін пайдалану үшін қайт­қан кісінің миы өлуі керек те, жүрегі, ішкі органдары таза күйінде қалуы тиіс.Қайтқан кісіні тексеріп, тіркеп, басқа орган­дары сау, жүрегін медицинада пайдалануға жарайды деуін дейсің ғой, ең қиыны – өліктің туыстарының рұқсатын алу. Адамдардың осы салада сауатын ашу үшін теледидарда көп сөйледік, газеттерге де шықтық. Жүрегін ғана емес, «Қазақ бауырына бауырын беруге дайын» деген тақырып­пен мақала да жаздым. Мұның діни жағын келісу үшін бірнеше дін өкілде­рі­мен кездестік. Алматы қаласында қан­ша дін өкілдері бар – мұсылмандар, православтар, католиктер сөзіне ұйый­тын дін мамандарымен арнайы ақылдас­тық. Олардың көбінің айтатыны – адам өлсе де, біреуге жақсылық істеп кетсе, онысы құптарлық іс дегенге сайды. Ал өлген адамның жүрегін немесе бауырын өзге біреуге беруі халал не харам деген арнайы жазу жоқ дейді.

Жүрек ауыстыру тәжірбиесімен танысу үшін шетелдерде, әсіресе, сол уақытта ТМД елдері бойынша жүрек ал­мас­тыру оталарын көптеп жасап жатқан Белоруссияда көп болдық. Германия, Кореяға да бардық. Жүрек ауыс­тыру ғана емес, жүрекке жасалатын күрделі операциялардың барлығын білу үшін тәжірибе алмастық. Оқып, үйреніп келдік. Бүгінгі таңда жүрек алмастыру ға­на емес, жүректің ең ауыр сырқатын ем­деуге қатысты күрделі оталарды да отан­дық мамандар жасай алады деп ойлаймын.

Жүрегі  ауыратынын білетін адамдар да көп. Олар ота жасатқысы келмейді, ота арқылы жүрегін одан әрі ауыртып аламын деп қорқақтайтындар да бар. Жүрекке ота жасататын жас қыздар да көп болады. Оларға кейіннен бала тууға болмайды деп қатаң ескертесің. Кейін олар күйеуге шығады, аналық сезімі оянады, бала көтереді. Ол баласын алдырмай, қайтсем де сәби сүйем деп тағы да алдыңа келіп тұрады. Қанша қиын болса да, шыдап, күтініп, күрделі отаға қайта келісім беретін, жүрегі ауырса да, бала сүйіп, сәбилі болатын келіншектер де кездеседі. Олардың жанын сақтап қалу үшін ең күрделі деген оталарды да сәтті жасайтын кардиохирургтар да бар бізде.

Жалпы, жүрекке ота жасауға келісім берген адамды – батыр дер едім. Себебі, жүректің күрделі отасын жасау барысында біз жүректі уақытша тоқтатамыз. Тоқтаған жүректі қолға ұстап, оған ота жасаймыз да, қайта іске қосамыз.

– Өзіңіз қанша адамның жүрегін қолыңызға ұстап көрдіңіз?

– Оны санайтын әдетім жоқ екен. Шамамен, бірнеше мыңнан асатын болар.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Қ.СЕРІКҚЫЗЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір