«ЖАҚСЫ ОҚЫРМАН БОЛСАҚ ТА ОЛЖА»
22.02.2016
1644
0

суретКез келген бетінен ашып оқи беруге жарайтын кітаптар болады. Кәдімгі өлең сияқты. Қат-қабат қалың шаруаның ара-арасындағы бір қалт етпеде немесе жайбарақат демалыс сәтінде, көлік үстінде кетіп бара жатып, яки диванда шалжиып жатып-ақ бір мезгіл қолыңа алып, назар салсаң әп-сәтте басқа дүниеден баз кешіп, қаламиенің (автордың) парасат-пайымына ілесіп кете барасың. Кеудеңе бір нұр сәуле құйылып жатқандай, жаның жадырап, бойың сергіп жүріп береді. Иә, бар ондай кітаптар, бар болғанда қандай!

Жақында солардың бірі қолыма тиді. Әуелгіде, жаңа өзім айтқандай, кез келген бетін ашып жіберіп, көз жү­гіртіп қарап едім, кітап өзінің әрі қа­рапайым, әрі шырайлы шын­ды­ғы­мен баурап, елітіп ала жөнелді. Со­дан соң алғашқы бетінен бастап, бас алмай оқуыма тура келді. Бұрын  бәрі дерлік мерзімдік баспасөзде (негізінен, «Жас Алаш» және «Алматы ақшамы» газеттерінде) жария­лан­ған, кезінде басым көпшілігін өзі­міз де оқыған, оқып тұщынған көз­ге таныс, көңілге ыстық журна­лис­тік жазбалар бір ауқымда бас құ­рап, «Шал мен шындық» дейтін ат­пен тым тәуір басы­лымға айналыпты. Авторы – белгілі қаламгер, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты Қали Сәрсенбай.

Көзіқарақты оқырман біледі: Қали Сәрсенбай – өрелі мәдение­ті­міз­дің сан-сапа мәселелерін жан-жақты қозғап, жалықпай қаузайтын қаламгер. Оның әдебиет пен өнер са­ласындағы тарландарымыз туралы  үнемі тереңнен тартып, өзі айтатындай, «шын ақтарылып, шырайын шығарып, ой теңізін кешіп, мар­жанын сүзіп» жазатын дүниелері (эс­селері) әлдеқашан-ақ тұрақты оқыр­­мандарын тауып, рухани бай­лы­ғымыз­ды үстемелеумен келе жат­қаны ғанибет. Бұл орайда оны соңғы жылдары қауырт өркен жайған осы жанрдың Мырзатай Жолдасбеков, Жанболат Аупбаев, Құлбек Ер­гө­бек, Бауыржан Омаров, марқұм Та­ласбек Әсемқұлов сынды майтал­ман­дарының санатына емін-еркін қосуға болатын шығар.

Кітаптағы «Жақсы адам көп, жақ­сы қазақ  аз», «Түлен түрткендер мен түнде көлеңке іздейтіндер», «Қо­ғамның бай­лы­ғы – талантты адам­дар», «Жә­нібе­ковтер көп. Жәні­бе­ков – жалғыз», «Бірін бірі бөле жар­маған қазақтың жақсылары-ай!», «Теңіздей тереңдерім», «Бір кү­ні Таласбек кіріп келді», «Үш ағы­с», «Даланың өзіндей, дананың кө­зін­дей» дейтін және тағы басқа да ес­теліктер мен эсселер, мақалалар, әре­дік беттерге шашырата берілген келісті де кемел ойлар әрі тартымды, әрі тағылым­ды. Соның бірер мысалдары мынадай.

«Ешқандай мерейтойларға қара­май-ақ Шәмшіге, Шәмшілерге ора­лып отыру керек».

«Ұлтшыл болмасаң іс бетпейді. Қа­лай ұлтшыл болмайсың – қазақты қор­лау әлі де бар».

«Тойды еуропалық дәстүрмен өт­кізу өріс алып барады. Ортаға тәт­ті торт әке­лі­ніп, жан-жағына шырақ жа­ғылады. Әлгі шырақты жастар жа­былып өшіреді. Өз отын өзі үрлеп өшірген қазақты көріп пе едіңіз? «Шырағың сөнбесін, қазаның оттан түспесін» демеуші ме еді қазақ?!».

«Елге барса алдымен әкесіне емес, әкімге сәлем беретіндер бар».

«Алматының дүкендерінен ізде­генін табатын орыс неткен бақытты еді».

«Уақыт тауып, аптасына небәрі екі күй тыңдаған қазақ ұсақ-түйек сыр­қат­қа сыр бермейді. Қазір бұл тә­сілді жапондар қолға ала бастады. Оларда бұл тәсіл сазбен емдеу деп аталады. Оның құрамында біздің  Нұрғиса Тілендиевтің де әндері бар деп естідік. Ғажап қой».

Тағы бір көлемді мысалды кел­тір­месем болмайтын сияқты, әйт­песе тіпті әруақ аттағандай болармын: «Түркияда Фатима Керік деген акт­риса бір сәтте дүние жүзіне та­ны­­мал болды. Неге? Әкесі ерте қай­тыс болған Фатима ана­сының қолында жалғыз өседі. Тұрмыс тау­қы­метін тартады. Жоқшылықты көп көреді. Бір күні Голливуд киностудиясы түрік қыздары арасында киноға түсуге байқау жариялағанын естіп, соған қа­тысып бағын сынайды. Айтқандай, өзі сұлу әрі сұңғыла он алты жасар түрік қызы Фатима байқауда топ жарып, 1 миллион дол­ларды жеңіп алады. Осынау ға­жайып оқиға әп-сәтте дүниенің төрт бұрышына тарайды. Алайда, Голливудқа кеткен қыз көп ұзамай қай­тып оралады. Журналистер «Тү­рік аруы Фатима 1 млн. доллардан неге бас тартты?» деп жазды. Бір күні Фа­тиманы Түркия Президенті шақы­рып, сонша қыруар ақшадан не­ге бас тартқанын сұрайды. «Бақ­сақ, бақа екен» демекші, мәселе бы­лай болған. Фатима ойнайтын кейіп­кер өз нәпсісіне ерік беріп, тә­нін жалаңаштайтын көрініске түсуі керек екен. Сонда Фатима «мен тү­рік қыздарының арына дақ түсір­мей­мін, намысын таптамаймын» деп киноға түсуден бас тартады. Қыз­дың осынау намысқойлығына, па­триот­ты­ғына дән риза болған Түркия Президенті 5 миллион доллар бөлгізіп, оған және киностудия ашып беріпті».

Міне, өсер елдің өнегесі! «Оны бі­лер ұл қайда, ондай атты күн  қай­да!»  демек­ші, бұған  тек  таңданғаннан  басқа біздің қолдан келер қайран жоқ.

Кітап авторының тәуелсіздік қар­саңында және оның алғашқы жылдарында қазақтың ұлттық са­на-сезімін қалыптастыруға кім-кім­нен де артық, өлшеусіз үлес қос­қан ардагер азамат Өзбекәлі Жә­нібековке деген сүйіспен­шілігі тебірентпей қоймайды («Өз-ағаң: өнеге мен өкініш», «Жәнібековтер көп. Жәнібеков – жалғыз»). Өзағаң­ның көзін көрген, өнегелі істерінен аз да болса хабары бар кім-кімнің де осындағы: «Бі­реулер өмірінде хал­қы­на бір-ақ мәрте ғана пайдалы іс жа­сап, шамасы соған ғана жетуі мүм­кін. Ол үшін оны кінәлау­ға бол­майды. Ал Жәнібековтің толайым өмірі халқына бірыңғай жақсылық жасаудан тұрады ғой», – деген тұ­жы­­рымға ойланбастан қол қояры хақ.

Сондай-ақ, Қалидың Шерхан Мұр­таза мен Зейнолла Қабдолов се­кіл­ді ұстаздарына, «Екеуін қатар көрген сайын ұлт абыройы қол ұста­сып келе жат­қандай күй кешесің» деп пір тұтқан «теңіздей терең» аға­лары – Сәбит Оразбай мен Асанәлі Әшімұлына деген қылаусыз көңілі, інілік ілтипаты кісі қызығарлық­тай.

Темірхан ақын Медетбек туралы эс­се­сінде: «Өне бойы жақсы дүние жа­за бермейсің, шимайлағанның бәрі шедевр болып шықпайды. Сондай күндерде оқуға тура келеді. Жақ­сы жазбай жүрген күндері жақ­сы оқырман болсақ ол да өзің үшін олжа. Жақсы дүниені оқып, соның қызуымен жүру де бір бақыт. Былайша айтқанда, адами бақыт», – деп өзі айтқанындай, Қалидың осы кіта­бы кім-кімді де көктем шуағын­дай әсерге бөлейтініне кәміл се­нім­дімін.

Бекболат ӘДЕТОВ.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір