АҚЫН АСҚАРДЫҢ ШАПАҒАТЫ

0
83 қаралды

АскарӘдебиет әлемінде ақын Асқар Тоқмағамбетовтың даңқы сонау жиырмасыншы жылдардан басталды. 1934 жылы Мәскеуде М.Горькийдің қолынан Жазушылар одағының билетін алғанын жыр етіп айтып отыратын.

Әлі есімде. Сонау жетпісінші жылдың басында Асекең Жазушылар одағының облыстық бөлімшесінде консультант бол­ды. Облыстық «Ленин жолы» газетінің бір бөлмесі Асекеңе тиді. Мен қарсы бөл­меде – мәдениет, әдебиет бөлімінің әдеби қыз­меткерімін.

Күн құрғатпай Асекеңе бір кісі келеді. Жұ­пыны сақал, мұрты ағарған, жұқалтаң кісі. Кейін таныстық, бұл ақын Қуаныш Бай­мағамбетов екен. Алғаш Жазушылар ода­ғының мүшесі болған, Сыр сүлейлерін жыр­лаған, талай айтысқа қатысқан шаң жұқ­пас Қуаныш ақын ұстазы екенін, соңы­на еріп, өлең-жырын тыңдағанын Асе­кең жыр етіп айтумен кетті. Қазір елді мекендерде ақын Қуаныш атында бірнеше көше, туған жері – Аманкелдіде, Тасбөгет кентінде екі мектеп бар.

Бір күні редакцияға Қуаныш аға кел­ді. Жүзі солғын, жүдеу тартқан – қазір жал­ғызбын, кемпірім о дүниеге аттанып кет­ті. Балалар жалданған үйде тұрады. Мен солардың ортасындамын. Мұңымды Ас­қарға айтайын деп едім. Тауып берші, кез­дестірші, балам? – деп жасаураған кө­зін сүртті.

– Қазір, – деп Асекеңді бөлмесінен тап­тым. Қуаныш атаны ертіп Асекеңе кір­дім.

– Сен кетпе, Асқарға айтқан мұңымды тың­да, жазып ал, кейін керек болады. Біз қашанғы жүрер дейсің. Біз өмірден озған кезде естелік жазасыңдар, әлі!

– Асқар, өзің білесің, елден қалаға кө­шіп келгеніме біраз болды ғой. Бала­лар­дың үйі мүлдем тар. Қалалық кеңеске та­лай бардым, үй сұрап арыз да жаздым. Бар­сам бәрі шекесінен қарайды. Қалалық кеңес­тің төрағасы Ж.Берденовке де кір­дім.

– Ым… Ақын Қуанышпын дейсіз бе? Ақын­дарды түгелдей үймен қамтамасыз ету қиын шаруа. Кезекке қоямыз. Мүмкін болған кезде хабарласамыз, – деп бөл­месі­нен шыққанша ғана жылы қабақ та­ныт­қанмен, жылы сөз естімей құлазып шық­тым. Қартайғанда қадірдің кеткені жаман екен!..

– Берденов солай деді дейсіз ғой, – деп ақын Асқар ашулы күйде орындығынан тұрып, олай-бұлай жүрді. Үстеліне қайта отырды. Редакция арабша білетін Сара Қарабалаева есімді бір ғана машинистка бар еді, Асекең сол кісіні шақыртып, «Бер­де­новке хат» деген өлеңін бастырды. Бір да­насын мен алдым, бір данасын суыт Ж.Берденовке поштамен жөнелтті.

– Қуеке, ренжімеңіз. Қалалық кеңес­тің төрағасына арнау өлең жазып, жө­нелттім. Ж.Берденовтің жаны екеу емес шы­ғар, өлеңді оқыған соң хабарласады, бәл­кім, сізді өзі іздейтін болар…

Сол өлең былай жазылып еді.

«Жабақ Берденовке хат»:

Бұл ақын сыйынған бір пірім еді,

Түсіме талай түндер кіріп еді.

Өлең-жырдың әруағын қолына ұстап,

Ақырын арыстандай тұрып еді.

 

Енді міне, қартайып, көзі көрмей,

Өзі кірген жеріне сөзі кірмей.

Қалбалақтап қалыпты-ай,  бала болып,

Ет пен жақтың қуарып өңі кірмей.

 

Сыр бойының сүлейін дүрілдетіп,

Қара қылды қақ жарған тіліп өтіп.

Жазған ақын мінеки, алдыңда тұр,

Қарындары қабысып бүрі кетіп.

 

Алдыңда тұр, Қуаныш ақын ағаң,

Орақ тілді, өр-өжет батыл ағаң.

Тіршілікте таба алмай бір баспана,

Есігінде біреудің жатыр ағаң.

 

Жібермейік ақынды жалтақтатып,

Жібермейік ақынды жан сақтатып.

Ақын өлер, ақынның өлеңі өлмес,

Жібер қайта шабытын шалқақтатып!

Сәлеммен, Асқар.

 

Ақын  құдіреті! Бір кезде ақын Асқар­ды соңына ертіп жүріп, өлең-жырдың додасына түсірген ақын Қуаныш еді бұл. Енді еш жерге сөзі өтпей, баспанасыз жүргені Асе­кеңе қатты батқандай еді. Бірер күн­нен соң Асекең Ж.Берденовке телефон соғып, істің насырға шаппай тұрғанында ақын Қуаныштың өтінішін орында! – деп тағы шегеледі. Жалмауызға да жан керек, ақын Асқардың ашуы қоюланбай тұр­ғанда құтылайын деді ме, қаланың қақ ортасынан ақын Қуанышқа екі бөлмелі үйдің ордерін табыс етті. Ақын қуанды. Сол үйден мәңгілік сапарға аттанғанда Асекең ағыл-тегіл тебіреніп, жүрегі езіліп арнау өлең оқып еді-ау?!

Ақын Асқар мен Қуаныш Сыр елінің мақтанышы. Ақын Асқар атында үлкен кеңшар, Қызылорда қаласында мәдениет үйі, ескерткіш, даңғыл көшелер бар. Қуа­ныш  ақынның  да  есімі  ұмытылмайтындай жалғасқан із бар. Асылы, ақынын сыйла­ған ел азбайды, тозбайды.

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

 

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.