ЕҢБЕГІ ЕРЕН, ПАЙЫМЫ ТЕРЕҢ
22.02.2016
2074
0

B9252EE7-D773-4E2D-B7C9-BF94118C588F_w268Ұлттық сөз өнеріндегі жарқын тұлға Бейімбет Майлиннің шығармашылығы сан қырлы. Қаламгердің қоғам өмірінің көркем бейнесін сомдаған туындыларымен бүгінгі оқырман жақсы таныс болғанмен, әлі күнге дейін беймәлім шығармалары аз емес. Осы реттен келгенде Б.Майлиннің белгісіз туындыларын іздестіру, табу, зерделеу, жазушының кейінгі жинақтарына қосу, оларды жалпы айналымға енгізу көптен шешімін күткен мәселе болатын. 

Ғалым, филология ғылымдарының док­торы Серікқали Байменше қиын да күрделі, бірақ рухани өміріміз үшін қажет осы бір игілікті істі мықтап қолға алып, жазушы зертханасына терең үңі­ліп, жұртшылықты елең еткізер тың із­де­ніс­тер, ұтымды ойлар айтқан алғаш­қы ғалым-қаламгерлердің бірі. Ол Қазақ мемлекеттік университетінің журналис­тика факультетінде дәріс алып жүрген студент кезінен ғылымға бейімдік танытып, кітапханаларға көбірек барғыштап, қазақтың аса көрнекті қаламгері Б.Май­линнің шығармаларын ерте зерде­леді. Өмір бойы осы тақырыпты зерттеп келеді.

Университет бітіргеннен кейін  Се­рік­қали  Ақтөбе облыстық «Коммунизм жолы» (қазіргі «Ақтөбе») газетінде  тіл­ші, бөлім меңгерушісі, редактордың орын­басары болды, республикалық «Ле­ниншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде Қазақстанның батыс облыстары бойынша меншікті тілшісі болып істеді.  1989-1991 жылдары С.М.Киров атын­дағы Қазақ мемлекеттік уни­вер­ситетінің аспиранты, аға оқытушысы, Қазақстан Компартиясы Орталық Ко­митеті Баспасөз орталығының  кеңес­шісі, Қазақ  ССР Сыртқы  істер минис­тр­­лігінің екінші хатшысы болып еңбек етті.

Қазақстанның тәуелсіздікке ие болар қарсаңындағы сан алуан оқиғалар тізбегі Серікқалиды өмір-өзен ағысымен жетелеп, ел тәуелсіздігіне үлес қосар түр­лі қызметтер атқарудың толқынына ілестіріп әкетті. Атап айтқанда, Қазақс­тан тәуелсіз ел атанған 1991 жылдан 2007 жылға дейін бұрынғы Жоғарғы Кеңесте, кейін қос палаталы  Парламентте, Сенат Аппаратында  жауапты қызметтер (кеңесші, аға кеңесші, сектор меңгеру­шісі, Баспасөз хатшысының орынбасары, Редакциялық-баспа бөлімі, Жалпы  бөлім  меңгерушілерінің орынбасары)  атқарды.

Серікқали Байменше соңғы он жыл­ға таяу уақыттан бері дипломатиялық қызметте. 2007-2012  жылдары Қазақстан Республикасының Ресей Федерация­сын­дағы Елшілігінің бірінші хатшысы, кеңесшісі болды және осы кезеңде  тәжірибелі журналист ретінде республи­калық «Егемен Қазақстан» газетінің Ресейдегі тілшісі міндетін қоса атқарды. Осы кезеңде оның қаламынан туған, «Егемен Қазақстан» газетінде жария­лан­ған көптеген маңызды тарихи-та­ным­дық материалдар жұртшылық ықы­ласына бөленді. Мысалы, 1937 жылы нақақтан атылып, денесі өртеліп, бір шөкім күлі ғайыптан сақталып қал­ған қазақ қайраткерлері жөнінде Серік­қали жазған публицистикалық зерттеу мақалаларына («Бесеудің бесігі», «Құпия құлпытас», т.б.) кезінде  Сенат депутаттары назар аударып, мәселе көтеріп, Үкіметке сауал жолдағаны есімізде.

Журналист-дипломат Серікқали Бай­меншенің Мәскеудегі Қазақстан елшілігінде атқарған ресми қызметі жу­р­налистика саласында елді елең ет­кіз­ген әлгіндей тың ізденістермен астасып отырса, 2012-2015 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігінде басқарма басшысы болып еңбек ете жүріп, халық­аралық қатынастар саласында мемле­кеттік тілдің ролін арттыру, дипло­мат­тардың мемлекеттік тілді меңгеруіне ық­­пал ету орайында  атқарған істері, осы бағыттағы  толғақты мәселелер төңі­­­регінде білдір­ген өзіндік ой-толғам­дарын оқырмандар­дың жылы қабыл­дағанынан да хабардармыз. Тәжірибелі қаламгер, зерт­­­теу­ші-ғалым, үздік аудармашы Се­рік­қали 2015 жылғы мамыр айынан бері Мәскеу қаласындағы Еура­зиялық экономикалық комиссия­ның Одақ нормативтік актілерін аудару бөлі­мінің басшысы болып жұмыс істейді. Бұл салада да ол қазақ тілінің халық­аралық қатынастағы, Еуразиялық эконо­мика­лық одақ шеңберіндегі  ролін  арттыра түсуге басшылық жасауда.

Міне, осындай қарбалас жұмыстар­мен ғылымды қатар алып жүру екінің бірінің қолынан келе бермейтін, жүйкеге сал­мақ түсіретін, машақаты көп, өте жауап­ты іс екені рас. Серікқалидың ерен еңбекқорлығы да осы арадан көрінеді. Бұған, бәлкім, сонау студент кезінен рухани тіршілігінің бір көзіне айналған Биағаң өмірінің қоңыр тіршілігі мен жазу­шының керемет еңбекқорлығы жұғыс­ты болды ма екен, кім білсін, әй­теуір Серікқали күнделікті қарбалас қыз­метте  жүрсе де, сүйікті жазушысы­ның шы­ғар­машылығын зерттеуден еш қол үзген жоқ. Соның нәтижесінде 1995 жылы «Бейімбет Майлиннің журналис­тік шығармашылығы» деген тақырыпта диссертация қорғап, филология ғылы­мының кандидаты атағына ие болды. Ал араға тоғыз жыл салып, 2004 жылы «Бейімбет Майлиннің белгісіз туын­дыла­рының шығармашылық тарихы» деген тақырыпта докторлық диссертацияны ойдағыдай қорғап шықты. Тәуелсіз елімізде Б.Майлин еңбектерін кеңестік замандағыдай тапқа, не пар­тияға бөлмей, біртұтас шығармашы­лық құбылыс ретінде тікелей зерттеген һәм Бейімбеттанудың жаңа ғылыми бағытын қалыптастырған тұңғыш доктор деп  Серікқали Байменшені айтсақ, ешбір қателеспейміз.

Жазушы туындыларының шығарма­шы­лық тарихын алғаш рет зерттеу объек­ті­сіне айналдырған ғалым Б.Май­линнің «Садақ», «Айқап», «Абай», «Қазақ», «Алаш», «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Жас азамат», «Ұран», «Қазақ мұңы», «Өртең», «Еңбекшіл қазақ» («Еңбекші қазақ»), «Ауыл», «Ауыл тілі», «Сыр бойы», «Жұмысшы», «Әйел теңдігі», «Жаңа ауыл», «Социалды Қазақстан», «Жаңа мектеп», «Жаңа әдебиет», «Әдебиет майданы» сияқты сол заман басылымдарында жарық кө­ріп, кейін ұмыт болған бірқатар туындыларын, ел аузында сақталған кейбір еңбектерін ғылыми айналымға қосты. Жазушының «Бейімбеттің өлеңдері», «От басында» деген тұңғыш тырнақ-алды кітаптарының тарихи-әдеби және саяси тағдырын ғылыми тұрғыдан тиянақтады. Жазушының оқулықтар мен оқу кітаптарын, күнтізбелік  жинақ­тар, әліппе мен әліппе орнына пайдаланылатын құралдар шығарған қалам­гер­лік қызметін жан-жақты көрсетеді, осы кітаптардың мән-маңызы мен мазмұн-дәрежесін сараптайды.

Жалпы, С.Байменшенің Бейімбет шығармашылығына арнаған еңбектері кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғаумен шектелмейді. Оның «Май­лының Бейімбеті» (Алматы. «Білім» баспасы, 1994 ж.), «Бейімбеттің сөзстаны» (Алматы. «Рауан» баспасы, 1996 ж.), «Бейтаныс Бейімбет» (Астана. «Елорда» баспасы, 2001 ж.), «Зергердің зертханасы» (Алматы. «Сөздік» баспасы, 2005 ж.) тәрізді Бейімбет шығармаларын талдауға арналған еңбектерінен басқа, жазушының бұған дейін белгісіз болып келген шығармаларын тірнектеп жинап, бірнеше кітап етіп бастырып шығаруы («Тұңғыш құрбан». Алматы. «Рауан» баспасы, 1996 ж.), «Белгісіз шығармалар» (Астана. «Фолиант» баспасы, 2001 ж.) ғалымның қазақ әдебиетін байыта түсу­ге қосқан өзіндік үлесі десек, қателеспей­міз. Сондай-ақ, 1932 жылы Б.Майлин аударып, латын қарпімен шығарған П.Быковтың «Романовтардың соңғы күндері» (Астана. «Елорда» баспасы, 2002 ж.) атты кітаптың араға жетпіс жыл салып, бүгінгі әріппен қайта жарық көруіне де С.Байменшенің сіңірген еңбегі мол. Соңғы жылдары зерттеуші Т.Бейісқұловпен бірлесіп, Бейімбет Майлиннің  белгілі және белгісіз туындыларынан тұратын көп томдық шығар­малар жинағын шығару жөніндегі жаңа ғылыми жобаны жүзеге асырды.

Сөз ретіне қарай С.Байменшенің қалам қарымы Бейімбет Майлин шығар­маларын зерттеумен шектелмей, ғалым ретінде де, журналист ретінде де сан алуан қырынан көрініп келе жатқанын айта кеткеніміз жөн. Мәселен, ол жур-на­листік еңбек жолын бастағалы бергі 40 жылға жуық уақыт ішінде заман талабынан туындайтын жүздеген мақала­лар мен очерктер жазды. Жоғарыда әң­гіме болған Бейімбет Майлин жөніндегі еңбектерінен бөлек, көркем әңгімелері «Қос жүрек»  деген атпен «Достық бас­таулары» (Алматы. 1990) жинағында жа­рияланды. «Төртінші билік» тағы­лымы» (Алматы. 1996), «Тағзым» (Астана. 1999), «Сәт сағат» (Алматы. 2008), «Мұрагер» (Алматы. 2010), «100 ертегі» (2011), «Дәнекер» (2013) кітаптары жарық көрді.

Жаңалыққа жаны құмар, беймәлім дүниені қаузап, ұмыт бола бастаған есім­дерді ел есіне салуға ұмтылудан жа­лық­пайтын байырғы әдетімен талантты қазақ жазушысы, 30 жылдары өмірден жас өткен Жиенғали Тілепбергеновтің ғұмырнамасын көркем-публицисти­калық тұрғыдан зерделеп, «Елін сүйген ерек жан» атты кітап жазып шықты. Ол еңбегі 1997 жылы «Ана тілі» баспасынан жарық көріп, оқырман қолына тисе, 2002 жылы Астанадағы «Елорда» баспасынан аталған жазушының белгісіз болып жүрген «Перизат-Рамазан» атты шығармалар жинағын алғы сөзімен, ғылыми түсіндірмелерімен құрастырып шығарды. Бүгінгі күндері ол Алаш қоз­ға­лысы қайраткерлерінің бірі, 1917 жыл­ғы Қазан төңкерісіне дейін екі өлеңдер жинағын шығарған, бірақ отызыншы жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ ақыны Кенжеғали Абдуллиннің өмірі мен шығармашылығы туралы зерттеу еңбегін жазу үстінде; осынау танымнан тыс қалған қазақ қаламгері хақында мағлұматты да мазмұнды еңбектері жарияланып жүр.

С.Байменше  былайғы жұртшылыққа аудармашы ретінде де танылған қалам­гер. Ол шетел және орыс әдебиеті өкілде­рінің бірқатар шығармаларын қазақша сөйлетуге атсалысып жүрген тәжірибелі тәржімеші. Атап айтқанда, Нобель сый­лығының лауреаттары П.Уайттың, У.Гольдингтің повестерін, Ч.Диккенстің, Х.Муракамидың әңгімелерін, Г.Фиштің очерктерін аударды, олардың бірқатары жеке кітап болып шықты.

Осының бәрін Серікқали мемлекет­тік қызметтің ауыр да жауапты жүгін ар­қалай жүріп атқарды дегенге сенгің кел­мейді. Алайда, өзің көзіңмен көріп отыр­ғаннан кейін сенбеске лажың жоқ.

Әңгіме орайына қарай мемлекеттік қызмет пен журналистиканы, ғылымды бір мезгілде қатар еңсеріп, халқына да, өзіне де пайдалы қыруар тірлік атқарып жүрген С.Байменшенің адал еңбегі атаусыз қалып келе жатпағанын да атап өту керек. Мәселен, оның «Баспасөздегі жанрлар жүйесі» (Алматы. 1997) атты ең­бегі  бүгінде журналистика мамандығы бойынша  оқулық ретінде пайдаланылады. Ғалым ретінде Л.Н.Гумилев атын­да­ғы Еуразия Ұлттық университетінде  бірнеше мәрте  Мемлекеттік аттестаттау комиссиясының төрағасы, Докторлық Диссертациялық кеңестің мүшесі болды, филология, журналистика маман­дық­тары бойынша жалпы және арнаулы курстар  жүргізіп, маман кадрлар даяр­лау­ға қатысты. Бұл оның ғалымдығын жалпы жұртшылықтың мойындаға­ны­ның куәсі болса керек.

Табиғатында ұқыпты, тиянақты С.Бай­меншенің ақырын жүріп, анық басып, өзіне де, қоғамға да пайдалы іс­пен шұғылданып, бұл бағытта абырой деген ең құрметті атаққа қарай біртіндеп, шым-шымдап жылжуына оның бойын­дағы мойымайтын ерік-жігер мен ерін­бей­тін еңбекқорлық себеп болды демек­піз. Бұған оның күнделікті қоғамдық жұмысты ғылыммен ұштастыра білген толағай тіршілігі куә.

Бүгінде өмірдің елеулі белесіне көте­рі­ліп отырған замандасымыз – респу­б­ли­каға танымал журналист-публицист, баспагер, ғалым-зерттеуші, оқытушы-ұстаз, аудармашы, дипломат, халықара­лық қызметші, Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі Серікқали Байменше  Қазақ елінің мәртебесін арттырып, халқына адал қызмет етіп жүрген өресі биік, ойы озық, елжанды ерекше азаматтардың бірі.

Орынбек ЖОЛДЫБАЙ,
филология ғылымдарының кандидаты.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір