ДІН, ДІЛ, ТІЛ ЖӘНЕ «ҚАЗАҚ ХРЕСТОМАТИЯСЫ»
22.02.2016
4814
0

HristomatiaЫбырай Алтынсарин «Қазақ хрестоматиясын» құрастырғанда мұсылманның қасиетті кітабы Құранға, Мұхаммед пайғамбардың (ғалейһи-ас-салам) хадистеріне, Шығыс, Батыс ұлы ойшылдарының адамгершілік  жайындағы ой-тұжырымдарына, қазақтың ғибрат қазынасы – бай ауыз әдебиеті мен әдет-ғұрып, салт-дәстүріне жүгініп, әсіресе, исламдық құндылықтарды басшылыққа алған тәрізді.

Осы ойымызды «Мұсылманшылық тұтқасы» еңбегінің кіріспесіндегі «Бұл кітап ішіндегі бұйрықтар қайсысы аят-хадистен, қайсысы шаһар Петербургке имам жамиғ мулла Ата-алла бен Баязид есімді молланың әр кітаптардан жинап шығарған «Ислам» деген кітабынан һәм мұнан ғайри зор ихтибарлы кітаптардан қаралып, неше-неше рет сана саналып, теңдестіріліп жазылды. Оқығандар хайр дұғаларынан қалдырмағай еді», деген жолдар бекіте түскендей болды.

Автор кітапты оқығандар қайыр дұ­ға­ларынан қалдырмауын өтінеді. Бұл құ­дайдан иман тілеп, Ислам дініне кә­міл сенген кісінің сөзі. Сол кезде небәрі 43 жастағы жігіт ағасының бұл сөзі жү­рек толқытып, әр түрлі ойға бастайды…

Ыбырай «Мұсылмандық тұтқасын» хал­қына пайда келтірмек ниетпен, өз­дерінің дінін өздеріне түсінікті тілмен жет­кізу үшін жазғанын айта келіп, мұсыл­ман болу үшін не істеу керектігін, мұ­сылманның мұсылманшылығы киі­мін киіп жүру ғана еместігін ескертеді. «Әуелі иманды болып, ол иман деген не екеніне түсініп, түсінген соң сол иман ішіндегі сөздерді шексіз шын көңілмен дұрыс деп білген кісіні мұсылман деп атайды», – деп, сондықтан да Құдай Та­ғаланың пенделеріне парыз еткені иман, иманнан соң дін ғылымы екенін айтып, дін ғылымы дегенді де түсіндіріп өтеді.

Түп тамырынан ажыраған ағаш көк­темейді, тамыры жұлынған шөп қайта шық­пайды. Адам да сол сияқты. Ата-ба­балар қалдырып кеткен мәдени, рухани мұраларынан ажыраған елдің ертеңі сәулетті, дәулетті болуы екіталай. Осыны түсінген ұлы ұстаз «Қазақ хре­с­то­ма­тия­сын» құрастырғанда балаларға ру­ха­ниятымыздың негіздерінен әңгіме қоз­ғап, тәлім-тәрбиелік мәні зор, үлгі-өне­геге, ғибратқа толы ұлттық құн­ды­лық­тарымызды санасына сіңіруді ойла­ғаны анық.

Түркілік дүниетаным – жер, аспан, тау, дала, тас, жұлдыз, ай, күн, аң-құс, мал, орман-тоғай барлық жанды-жансыз бір­тұтас дүние, біртұтас әлем. Бірінсіз бірі­нің күні жоқ. Бәрін жаратушы бір Ал­ла. Ыбырай да «Қазақ хрестоматиясында»:

«Жаратты неше алуан жұрт бір Құдайым,

Тең етті бәрімізге күн мен айын.

Адамның адам біткен баласымыз,

Қайсың бөлек тудың деп айырайын?!

Бәріміз бір адамның баласымыз,

Жігіттер, бір-біріңе қарасыңыз!

Өмір деген бес күндік, кетер өтіп,

Атаң барған орынға барарсыңыз!», – дейді.

Осы өлең жолдары да автордың мақ­сат-міндетін айқындай түседі. Ақынның бұл ойлары кітаптағы «Жаз», «Өзен» өлең­дерінде де қайталанады.

Хадисте «Кімде-кім халықтың қа­мын жесе Алланың шапағатына ие бо­ла­ды. Алла Тағаланың жер бетіндегі жаратқандарына қайырымдылық жа­саң­дар, сонда Алла көкте тұрып сендерге мейі­рім жібереді…», – делінсе, бүкіл түр­кі халықтарының  рухани атасы Қожа Ах­мет Иассауи:

«Халқыңа қызмет ет,

Ізгілерге ізет ет,

Жаны жақсы жайсаңдарға құрмет ет».

«Ғаріп, пақыр, жетімдердің басын сипап,

Діні қатты халайықтан қаштым, міне», –

деген ғибрат айтады.

Қара өлең:

«Сояды халық қаласа хан түйесін,

Ойлай жүр қайда жүрсең ұлттың қамын».

Ыбырайдың оқулық  жазуына бірін­ші себеп, әрине, жаңа үлгідегі мектептің ашылуы­нан, қажеттіліктен туындағаны анық. Оқулық жазу оңай шаруа емес. Сүйе­нетіндей, үлгі алатындай қазақ ті­лінде, тіпті бүкіл Азия халықтарында бұ­рын-соңды ондай кітап шықпаған. Сон­дықтан «Менің үнемі ұмтылған ті­ле­гім – қалай да пайдалы адам болып шы­ғу еді. Ал қазір осыған қолым жетіп отырғанын ойласам, көңілім толық жұ­баныш табады», – деп өзі айтқандай, ха­лыққа пайдалы адам болып, қызмет етіп, өзінің ағартушылық және педаго­ги­калық идеяларын жүзеге асыру жо­лын­да орыстың классикалық әдебиеті мен ұлы педагогтарына арқа сүйеуіне ту­ра келді. Сонда да тілі, діні, ділі, өскен ор­тасы, алған тәлім-тәрбиесі басқа Ыбы­райдың Алланың ақ жолына қарай ойыса беруі заңды құбылыс.

Имандылық, көңіл тазалығы, тән, жан ­тазалығы Құранда да, Хадистерде де, қазақтың мақал-мәтелдерінде де жиі сөз болады. Ислам діні «Тазалық – иман­ның жартысы» деп, ерекше қөңіл бөліп, жан тазалығы мен тән тазалығын үнемі уағыздап отырған.

Ыбырай «Әдеп» деп аталатын әң­гі­ме­сінде:

« – Тақсыр, осынша жұрттың үстінен қа­раған әкімсіз, осы бір мұжыққа неге сон­шама бас ұрасыз? – деп айтты дей­ді.

Сонда әкім:

– Ешбір ілім-білім үйренбеген мұ­жық сонша иіліп әдептілігін көрсеткенде мен онан әдепсіз болып қалайын ба? – деді дейді» деп, әкімнің кішіпейілділігін, сыпайылығын балаларға үлгі-өнеге етіп ұсынады. Бұл Әл-и имран сүресіндегі «(Ей, Мұхаммед!) өзіңе Аллаһ берген мейі­рімге орай сен де адамдарға сыпайы, жұмсақ қарым-қатынас көрсеттің. Егер сен дөрекі, жүрегің қатыгез бол­ған­да, олар сенің маңыңнан безіп кеткен бо­лар еді» деген ғибратты сөзді еске тү­сі­реді.

Ыбырайдың «Қазақ хрестом­а­тия­сын­дағы» «Әділдік», «Петр патшаның тер­гелгені» әңгімелері мен ел аузынан жи­наған «Әділдік көрмегені үшін бір тө­реге айтылған сөз», «Бір ақынның әділ тө­реге айтқан сөзі» өлеңдерінде де, атта­ры айтып тұрғандай, әділдік пен әділет­сіз­дік айтылып, әділеттілік қашан да жеңіске жететіні паш етіледі.

«Жамандыққа жақсылық» әңгімесі Ыбы­райдың өзі жинап осы «Қазақ хрес­то­матиясы» кітабына енгізген «Жақ­сы­лы­қ­қа жақсылық әр кісінің ісі еді, жа­мандыққа жақсылық ер кісінің ісі еді» де­ген мақал негізінде жазылған тәріз­ді.

Исра сүресінде: «Жер бетінде көкірек ке­ріп жүрме» делінсе, Қисас сүресінде: «Сізге тозақтықтарды айтайын ба? Олар – дөрекі, сараң және өркөкіректер», – де­лі­неді.

Ыбырай «Тәкаппаршылық» әңгіме­сін­де басын жоғары көтерген тәкаппар­лар­дың талайының жолы болмағанын мысалмен дәлелді жеткізіп, өркөкірек­тік­тен сақтандырады.

Ұлы ұстаз «Өсиет өлеңдерінде» де:

«Бұзбаңыз әділдікті бұл, мал үшін,

Жиясыз оныдағы бір жан үшін.

Әзәзіл періштенің бастығы екен,

Не болды тәкаппарлық қылғаны үшін?» –

деп, әділдік жасаған жанның дозақ отына жанбағанын, тәкаппарлық жасаған пенденің азап шеккенін аңыз етеді.

Кітаптың «Әр түрлі өлең-жырлар» ат­ты үшінші бөлімінде балаларды қа­зақ­тың ертеден келе жатқан халық өмірі мен тұрмысын бейнелейтін, басқа ха­лық­тарда кездесе бермейтін әдебиеттің ерек­ше бір кең саласы айтыс өнерімен де таныстыруды көздеп «Жанақ пен ба­ланың айтысын» беруі де Ыбырайдың ты­нымсыз ізденісін, талғампаздығын, кө­регендігі мен кең ойлап, кең піше­тін­дігін аңғартады.

«Дәуіттің адасуы», «Сүлеймен және әйел патша Балегис», «Сүлейменнің пара­саты», «Сүлеймен өз әкесінің тахы­дын­да», «Әйуп» («Айұп») деген, т.б. Құ­ран хикаялары кезінде ел ішінде кең тара­ған. «Құран Кәрімнің» ішіндегі та­ри­­хи естелік тәрізді оқиғалы көркем әң­гімелер.

«Қазақ хрестоматиясында» «Құдай», «Құ­дай үшін», «Құдай рахым етер», «Құ­дайдан тілеп», «Құдайға», «Құдайдық», «Құ­дай тағала», «Жаббар Құдай», «Құ­дай­ға шүкір», «Құдай сүйсе» 46 рет, «Алла», «Аллалап», «Алла разы болсын» 8 рет, «Әділ төре», «Әдепсіздік», «Әдеп», «Әдеп­шілігін» 6 рет қайталанады екен. Тіп­ті өзге ел әдебиетінен алынған әңг­і­ме­лердің өзінде «Құдай-тағала», «Алла жар болсын» деген сөздер бар. Мысалы, орыс әдебиетінен алынған «Мұжық пен жасауыл» әңгімесінде «Алла разы болсын айтып» деген сөздер кездеседі. Бұл да Ыбырайдың әлемді жаратушы бір Құ­дай, «Құдай жалғыз» деген ислам ді­нінің қағидасын ұстануынан туындаған жайт деп ойлаймыз.

Ата-аналарымызды бабаларымыз тәр­­биелесе, олар сол алған тәлім-тәр­бие­сі мен өмірден түйген өз тәжі­р­ибе­ле­рін, көрген-білгенін, ұстанған қа­ғи­да­ларын уақытпен үндестіре түзетіп «Ұлы сөзден – ұлағат» деп, біздің құлағымызға құйды. Бұл сонау ықылым замандардан бері жалғасып, өмірлік тәжірибе жылдар өткен сайын екшеліп, еленіп, сұрыпта­лып, даналық, шешендік сөздерге, ма­қал-мәтелдерге, батырлық, ғашықтық жыр­ларға, толғауларға, салтымыз бен дәс­түрімізге, халықтың рухани мәде­ние­тіне – педагогикасына айналды. Ұлы ұстаздың ұлағатты сөздері мен ой-пікір­лері де әлдеқашан осы қазақтың халық педагогикасына еніп, сіңісіп кеткен.

1879 жылдың 12 желтоқсанында «Орен­бургский листок» газеті «Ы.Алтынсарин дарындылық қасиеттерімен көзге түсіп, бүкіл адамдық өмір майда­нын­­да ақындық қабілеттілік, таза және қуатты ойлардың таусылмас асыл қазы­на­сымен халықтың әдебиетіне негіз болу­ға мүмкіндігі бар қазақ тілінде бі­рін­ші кітап шығарды», – деп жазды. Біз де бұл пікірді қуаттаймыз. «Қазақ хрес­томатиясы» адамзатқа тән қасиеттердің барлығын дерлік қамтыған, тілімізді де, дінімізді де, ділімізді де насихаттайтын ақыл-нақыл, өсиетке толы, имандылық жолына бастайтын парасатты кітап.

Серікбай ОСПАНҰЛЫ,
Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты
жанындағы «Ы.Алтынсарин мұраларын
зерттеу орталығының» маманы.
Қостанай қаласы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір