ҰЛ ТӘРБИЕЛЕУ – ҰЛТ МІНДЕТІ
Бала тәрбиесін мектепсіз көзге елестету мүмкін емес. Балаларымыз он бір жыл бойғы уақытының көбін үйден гөрі мектепте өткізеді. Бір қызығы, олар ата-анасына қарағанда ұстаздарын көп тыңдайды. Тіпті, бастауыш сыныптың оқушылары ата-анасына «олай емес, апайымыз бізге былай болады деген» деп түзету жасайды.
Бүгінгі мектеп ұстаздарының дені әйелдер. Сол себепті де, ұлдардың ер адамға тән мінездері толық дамымайды. (Өз басым ағайларыма еліктеп қатарға қосылғам). Мектеп қабырғасындағы ер балалар әскерге дайындық немесе денешынықтыру пәні мұғалімдері мен үйдегі әке тәрбиесімен ғана өседі десем, артық айтқаным болмас. Отбасында да бала тәрбиесіне көбіне әйел адам жауапты. Өйткені, ер адамдар ылғи түзде жүреді. Ал ажырасқан жағдайда заң балаларды анасына береді, бұл бала тәрбиесіне әсер етпей қоймайды.
Үйде де, мектепте де ер-азаматтардың араласуы мардымсыз болғандықтан қыз мінезді, ұялшақ, (немесе бұзақы), ашылып әңгіме айта алмайтын, жапырып жұмыс істей алмайтын ынжық балалар көбейіп келеді.
Теледидар мен газет-журналдардан бала тәрбиесі туралы оқып та, көріп те келеміз. Байырғы ұстаз ретінде байқағаным, біз ұл балалар мен қыз балалар тәрбиесін қосып жіберген тәріздіміз. Ұлдар мен қыздардың құдай жаратқан табиғи ерекшеліктеріне көп мән бере бермейміз. Себебі: «оларға қатты сөйлеуге болмайды, мектептегі және одан тыс жерлердегі «қара жұмыстарға» жегуге болмайды, (баланың еңбегін пайдалану), ұрсуға болмайды, нұқуға болмайды…» осындай кілең қыздарға тән шектеулерді ұлдарға да қатар қолданамыз. Соларға қарап қазіргі мұғалімдерге жаным ашиды. Бүгінгі тәрбие – «үндемеген үйдей бәледен құтыладының» негізінде жүріп жатқандай… Баланың еңбегін қанауға болмайды деген тәртіп балаларды ақсаусақ етіп жүр.
Өзіміз оқу жылының алғашқы айында колхоз-совхозға көмектесіп, ақ тер, қара тер боп жүгері жинайтынбыз. Одан еш кем болған жоқпыз, керісінше, «еңбектің наны тәтті» екенін сезіндік. Мектеп оқушылары бір-бірімен сол еңбектің арқасында танысып, білісіп, достасып кететін. Қазір бір ізбен барып, бір ізбен қайтатын бір сыныптың оқушылары бір-бірін жете тани бермейді.
Еңбекке алтыншы-жетінші сыныптан араласып, дәмін татып өскен оқушы кез келген жұмыстан қорықпай, бел шешіп кірісіп кете алады. Баланың жасына лайық еңбек тәрбиесін ерте бастау керек екенін Білім министрлігінде отырған ағайындар ескерсе орынды болар еді. Мектепті қара жұмыс істемей бітіріп, жоғары оқу орнын тәмамдап, қызметке орналасқан қазіргі балалар кетпен-күрек ұстаудың не екенін білмей-ақ кетуі ғажап емес…
Ал еңбектің не екенін білмейтін, ақсаусақ, әлжуаз, қыз мінезді ұлдар «толарсақтан саз кешіп, ереуіл атқа ер салып, еңку-еңку жер шалып» Отанын қорғай алар ма? Ертең осы жылауық ұлдардан өскен ұрпағымыз қандай болады? Суицид деген пәле де осы ынжық, тұйық балалардан шығады екен. Үлкеннен таяқ жеп көрмеген аяншақ бала, қатты дауыс көтерсең де асылып қалып жатыр. «Жаттығуда жаны қиналған жауынгер, ұрыста батыл болады» деп батыр Баукең (Момышұлы) айтқандай, ұлдарымызды тым босаңсытпайық. Олар еркекке тән ер мінезді болып өсуі үшін бүгін қатаң тәрбиелейік!
Исламғали ҮРКІМБАЙҰЛЫ,
байырғы ұстаз.