ҚОЛ БҰЛҒАП ҚЫР АСТЫНАН ҚАШҚАН ОЙЛАР
22.02.2016
2370
0

1414745547_lАйжан ТӘБӘРАКҚЫЗЫ

ОРАЛУ

Көне шаhар…

Көне естелік…

Барлығы да көнерген.

Келдім саған, өзге түк жоқ өлеңнен,

Сен есейтіп жібермесең бақытқа,

Сеніп жүре берер ме ем?

 

Өткен күннен қай сәтімді сұраймын,

Бір соқпақты мың айналсын бұлай кім?

Мені сен де жазғырмашы, ескі бақ,

Енді қайда жылаймын?

 

Сенде қалды он сегізім – құсалы,

Тағдыр талай тәлейімді тұсады.

Жастығымды алып қалған өлкені,

Кептер-көңіл шыр айналып ұшады.

 

Мен қайтейін, шер ғана бар кеудемде,

Қанша үмітім мезгіл жетпей жерленді.

…Қоңыр желің қайда сипар маңдайдан,

Жасытпашы, сен де енді.

 

Қайда сол жан айнымастай серт берген,

Қайда күндер – жақсы көрген, жек көрген,

Қайда менің он сегізім, айтсаңшы,

Гүл де жинап үлгермеген бөктерден.

 

Үндемейді неге мынау көшелер,

Кірлеп келсем, кешір мені, кеше гөр!

…Сеніңдерші, жылдар өте бұл баққа,

Бір ақын кеп: «Бақыттымын!» – десе егер.

Сеніңдерші!..

 

***

Қайтсем екен, жасықтығын көңілдің.

О, Эвтерпа!Неге ергіздің соңыңнан?

Қанша рет құшағында өлімнің,

Билеттің сен… Не шықты ал, оныңнан?!



 

Тағдыр деумен өзімізді кешірдік,

Түн жасырды көз жасымның қаншасын.

Таңда мені күтпесе де еш үміт,

Тұрып жүрмін, әйтеу тірі болғасын.



 

Бұл өмірдің қандай сонда мазмұны,

Ажал күліп тұрса ылғи қасыңда.

Тіршілігің үшін сүрген аз күнгі,

Гүл қойылар мазарыңның басында.



 

Өз-өзімді аласұрып іздеген,

О, Эвтерпа! Кімге керек бұл күйім?

Білетінім, мөлт етіп бір күзбенен,

Мәңгіліктің өзегіне сырғимын. 



 

Тек басымда тұрады ылғи сол бір ой,

Шаршамас ек, арман бізбен санасса.

Құдай тағы ренжитін болды ғой,

Жұмыс іздеу керек еді, таң атса…

 

57e50d5a2eb10b8e094237dc2592f4f5Олжас ҚАСЫМ

ҚҰБЫРҒА ТҮСКЕН СУДЫҢ ЖЫРЫ

Бұл шалғайда өксіген жалқы көздің кемсеңі.

Ағып бара жатырмын сынап-болмыс күндермен.

Судың да бір сұрауы бар болады деуші еді,

Айтшы бүгін, өзімді сұрай алам кімдерден?

Жылау керек, таусылып, өксу керек бастығып.

Мойыныма жалғанның салмағын да мол арттым.

Еһ, тұрағым, тұрағым, түп мекенім – тас құдық,

Мен құбырға түскелі ағысымды жоғалттым.

Домбырасын күйшінің зарлы мұңға келтірдім.

Көлбеп жатқан құбырдың тізгініне бағындым.

Тұнығымнан тоналдым, ашуымды өлтірдім.

Екпінімнен адастым, мінезімнен жаңылдым,

Маған ұқсас күй кешті, жабырқады тағдыр сан.

Бұдан артық дүние, жаза аламын қандай жыр.

Осы күнге жеткенше қанша шөлді қандырсам,

Ал қазіргі халіме менің шөлім қанбай жүр.

Дауа таппай келемін жазылмайтын емге әлі.

Жағдайымды жолаушы жан досыңа айтар ма ең?

Мөлт-мөлт еткен жанарым жыламашы енді әрі.

Бір құбырға сыймайтын ғұмыр берсе қайтем мен?

 

ЕСІМІ ЖОҚ СӘТ

Білмедім сырын,

 Мұның себебі не?

Жауабын кімдер табады?

Іңгәлап туған менің өлеңіме,

Сенің көз жасың тамады.

Таңдаған жоқпын тағдырды мына,

 Тағдырды бәрі кешеді.

Жырақта жазған жаңбыр-жырыма,

Сенің жан-дүниең көшеді.

 Осы сағыныш жанымда өле ме?

Сарғайып барып гүл өңі.

Мен жазған жырдың бәрінде неге?

 Сен оянасың үнемі?

Бұл менің оттай маздағаным ба?

Жазғаным ба, әлде төгіп бір?

Жасын боп түскен жазбаларымда,

Сенің жүрегің соғып тұр.

Бағым батпандай, сірә менің де,

Санаңда сайрап, Жатталсам,

Мен боламын ба жыр әлемінде,

Сен бұл әлемде жоқ болсаң?

Қайғыны елемес сері көңілімнен,

Ақтүтек сезім үдеген.

Мәлім, беймәлім сенің өміріңмен,

Ұйқаса берді-ау бұл өлең!

 

12345654_1704417453178005_4554557085595015615_nҚұрманғазы ЖҰМАҒҰЛ

ҚЫЗЫЛ ҚАРАҒАЙ

Қызыл қарағай,

Сен тынбассың асқардың мұзын жаламай.

Қара тастарға қасқайып, құт болып өнген,

Қарт таулардың құрдасы – қызыр бабадай!

 

Қара тасына жабысқан құласын шыңның,

Ақ тамағынан сүйетін шығатын күннің.

Көкпен жанасып тұрады көгілдір күмбез,

Көк Тәңірге жалғайым деп дұғасын кімнің?

Тастарды құрсап табанда талыс тамырлар,

Тағдырын құрбан еткендей жарыққа бір зар.

Білеу-білеу білегін сұғына салып,

Қара тастарды құшақтап қарысқан ұлдар.

 

Түбінен жылар без бұтақ беріш шайірі,

Бір ақынның жырына жерік тәйірі!

Жер-Ана сынды сағаттың тілшігі құсап,

Ғасырлардан сыр айтып келіпті-ай ұлы!

 

Қызыл қарағай, қызыл тас, тасыған бұлақ,

Сағыныш өртер, аңсаймын, асығам, бірақ…

Сағынышымды өңгеріп мен жеткен кезде,

Қара тауымның кетпеші басынан құлап!

 

АСПАН ТАУ

Аспан тау ақ бұлттан бөрік киген,

Мен саған жеттім аңсап, аңқам кеуіп.

Ақ самал омыраулап, келіп сүйген,

Отырмын саған арнап, хамсамды өріп.

 

«Ахо-оу…» деп әнге бастым шалқып көңіл,

Жартастар жамырады менмұндалап.

Қалғандай аласарып қансұтты өмір,

Кербез тау келші деді кеңгір қабақ.

 

Ақ бұлақ сағыныштың өртін басты,

Боз жуа…

Боздайтындай бота көңіл.

Көлдей боп алакөңіл толқындасты,

Қандай қиын…

Қос тағдыр, қосақ өмір!

 

Тағдырдың ғапыл соққан желі айдап,

Мен бейбақ кетем ертең сенен жырақ.

Алып қал ару талдар мені байлап,

Тарбиған жасыл арша, кенен құрақ…

 

АЛМАТЫ, КЕЛЕМ САҒАН…

Алматы қарсы ал мені ашып құшақ,

Кәдімгі сағынысқан ғашық құсап.

Саған қарай келемін аласұрып,

Баяғы еске түсіп бақытты шақ.

Көктөбе сол күндерден қалған биік,

Қызарып батқан күндей арман күйік.

Қайда екен еміне еніп құшағыма,

Жалт беріп, жапан түзге маңған киік.

Кілкіген қоңыр сәуле маңай барша,

Төгілген таңдайдан жыр, талай хамса.

Көгілдір көше шамы, масаң күлкі,

Түк білмес тағы тірлік…

Таң айналса.

Жүректе жырға айналмай жүрген бейне,

Кеудеңді сағынышты мұң көмбей ме?

Қиялың біз екеуміз кезетұғын,

Мақпалдай манаураған түнді ембей ме?

Бәрін де сағынармыз, жүрек мұңлы,

Сол күндер кеудемізге гүл екті улы.

Алматы, келем саған, өткенді ойлап,

Қаңбақтай жел ұшырған бір екпінді.

 

azamat-tasqara-1Азамат ТАСҚАРА

АЛТАЙ

Алтай таудың бөктері,

Кімдер келіп кетпеді.

Жарау тартып жылқыдай

Жер көксеуім өтпеді.

Өткен күннен орасақ,

Саған болып алашақ –

Шаңырағын иді әкем,

Күнгей жерден ағаш ап.

Алтай таудың ұшары,

Қобыз күйім құсалы.

Жусан түбін босатып,

Созаң торғай ұшады.

Шеше иіскеп маңдайдан,

Әкем қағып арқамнан.

Теріс біткен бұтаққа

Қан жиренді қаңтарғам.

Алтай Алтай болғалы,

Алып құстар қонғалы.

Тәңір тұттық біз де оны,

Тамыр тартты ол дағы.

Табан тілген тас-құмы,

Кіл қара жал қасқыры.

 Қаһарынан айналдым,

 Қара Ертістің тасқыны.

Сусап қалған серегің,

Борт-борт саған келемін.

Орман болып тәу етер,

Оман дариям сен едің.

Алтай тауым – өрлігім,

Тау көрмесем шерлімін.

Мүйіз төсеп толқынға,

Күн жайлатқан кербұғың.

Ескі жарам қанап бір,

Алыс кетсем тағат қыл.

Ақ селеуің үкісін

Жүрегіме қадап тұр.

 

ЖАЛҒЫЗДЫҚ

Шақтарыңда ұзақ жолдан шаршаған,

Жүрегіңе толса қан.

Шертіп тұрып кереғарыс маңдайды,

Шарап емес, у құяды ол саған.

Арбап-алдап қарайды ол,

Сосын тағы сенделтеді талай жол.

Қауіптенсең сол бәледен қауіптен,

Абайласаң сол бәледен абай бол.

Сүйеніш жоқ, тіреу жоқ,

Жүргенің тек өз ойыңнан жүдеу боп.

Ұйқаспаған тағдырыңды түн сайын,

Құлағыңа сыбырлайды біреу кеп.

Көкірегің үскірікке толғанда,

Адасасың тылсым дейтін аңғарда.

Көргеніңнен қателігің жасаған,

Әлдеқайда көп боп шықса, таң қалма.

Тікен біткен тар жолдарды таптап кеп,

Қан түкірсең – қар жауады аппақ боп.

Бұл өмірде құзғынның да орыны бар,

Тұлпарлар да сүрінетін соқпақ көп.

Жуық болып туады ғой көрге ақын,

Кетілесің кете-кете шерге ақың.

Жалғыздықтай, жек көретін кімің бар,

Одан өзге кім бар еді ең жақын?!

Ұпайыңды түгел алып ұры-күн,

Саған кебін қалдырады тірінің.

Екі сөз бар – «Талант» және «Керексіз»,

Екеуі де, ойлай берсең, бір ұғым.

Соны ойласақ көңіл неге түседі,

Үзілгендей домбырамның ішегі.

Өлең жаздым деп ойлайсың, солайша,

Ол өзіңді тауысады, ішеді.

Түсіндіре ала алмаспыз дәл мұны,

Өткен күннің төпелейді жаңбыры.

Суреткердің шығармасы ең сәтсіз –

Ол өзінің тағдыры ғой, Тағдыры!..

 

Ұмтыл Зарыққан (2)Ұмтыл ЗАРЫҚҚАН

КҮЙ ШАҚЫРУ

Ауырлығы алған серттей –

не қастерлі уәдедей.

Көз жасынан тамған нұрдай,

Иә, таңғы сәуледей.

Перне санай қонған пірім;

Шанақ бойлай толған мұңым;

Қанды басың қайыра тарт,

Тарт, сәуегей, сәуегей…

 

Сары жал жел, саған айтам,

Сары бас бел, саған айтам,

Сағымды көл, саған айтам,

Сағынған ел, саған айтам,

Қайғылы ер, саған айтам,

Қазулы көр, саған айтам,

Жырау-жырау, жырау күйім,

Жанары жас бұлау күйім,

Аққу-қаздай таранып кел,

Аш бурадай жаранып кел!

Қырық таңба қырымыңнан,

Он таңбалы ұрымыңнан,

Қара басың хан болып кел,

Қаралы елге қам болып кел!

Тоғыз санды торғауыттан,

Он сандайын оймауыттан,

Жазиралы жаз болып кел,

Назиралы саз болып кел!

Жырау-жырау, жырау күйім,

Жанары жас бұлау күйім,

Тырна жілік сыбызғыммен;

Қарағайлы қобызыммен;

Қоңыраулы қоңыр үнмен;

Шерге толы шанаққа серт,

Құсынилы ғаламға серт,

Қауырсынды қаламға серт,

Құлақ күйін шақырайын,

Аруағым сапырайын,

Жаратылған жеріммен серт,

Суғарылған кегіммен серт,

Мылқау тілмен ымдаса күй,

Көмейіме қорғасын құй.

Азалыға ән болып кел,

Ажалдыға жан болып кел,

Жырау-жырау, жырау күйім,

Тәңірімнен тіл алып кел!

 

КҮЙ

«Мұхаң айтыпты ғой «Қазақтың ары мен ұяты, кісілігі күйде ғана қалды» деп. Сол рас сөз…».
А.Сүлейменовтен.

Кәрі саусақ,

Күй бастады,

Қорғалап…

Жеткен үн ғой,

Ұзақ сапар,

Жол қажап…

Менің жырым – Алтай асқан қаршыға,

Сенің күйің сұңқардайын сорғалап.

Жеткен үн ғой,

Толқын ұрып,

Жал қажап…

 

Күйден күйге көштің тағы қоңырлап,

Қоңыр түнде қорғасындай ауырлап.

Сұңқылдайды үн,

Саусағыңнан сорғалап.

Отырмын мен қос қабырғам саудырап.

Күмбір-күмбір, күмбірлеген күллі ырғақ,

Шымыр-шымыр, шымыр етті жанды улап.

Жанған шамдай жел үрлесе дір етем…

…Өлмепті сөз!

Күй де әлі тірі екен.

Алдына алған алты құрлық аймақты,

Бақ тайса да, алаштан күй таймапты…

Кәрі саусақ көн шанаққа қағылса,

Ешкі ішегі сөйлеп отыр абызша…

 

Күйден күйге көштің тағы ауырлап,

Көшеді бұлт қара жерді бауырлап.

Ықылым бір заманадан жеткен үн,

Көшелерді шайып өтші шуылдақ.

Қобыз текті қайран, қоңыр домбырам,

Жеттің маған болса да алыс жол бұраң.

Алашымның аруақты даласын,

Жұпар күйің енді қардай борасын.

Жолдарым бір тоғысар ма бөлінген?

Ботасымен қауышар ма бозінген?

Жеті жұрттың сөйлесем де тілімен,

Жеткізе алмай қойып едім бұны мен.

Ей, екі ішек, енді мен боп боздашы,

Екі көзден үзілген…

 

Ей, ащы ішек, боз жусан боп бұрқыра,

Өмір керек!

Рухың керек!

Ұлтыма.

Шертші, қане,

Шерге де бір тояйын…

Келші, қане,

Үкі қадап қояйын…

Жүзші, қане,

Аппақ бұлттар ішінде,

Алтын қанат аққу құсты пішінде.

Үкілі бір домбырасын көтеріп,

Үкілі кер көп кіресің түсіме.

«ТАУҚҰДІРЕТ»
(Халық күйі)

Ерте,

Ерте,

Ескі заман тұсы екен,

Тауқұдірет сыңар қанат құс екен.

Аталығы оң қанатын сабалап,

Аналығы сол қанатын сабалап,

Талпынғанмен бағынбапты көк аспан…

Аңыз айтса қыздырып бір көрікті,

Домбырада жалғыз ішек болыпты.

Күйші жігіт көсіліп күй төге алмай,

Тауқұдірет есіліп бір ұша алмай,

Тәңірге қол жайыпты:

«Құдірет-ау, құдірет-ау, құдірет,

Көк аспанды көлбеп ұшар ғұмыр ет.

Құдірет-ау, құдірет-ау, құдірет,

Қу ағашты мылқау қылма күмбірлет».

Сонда құсқа ой салыпты құдайы,

«Қол ұстасып» ұшыңдар деп ұдайы.

Аталығы оң қанатын сабалап,

Аналығы сол қанатын сабалап,

Қанаттасып құлаған да құзардан,

Бауырында жер қалыпты домалап.

Күйші жігіт: «Бұныңа да шүкір», – деп,

Домбыраға қол созғанда күмбірлеп

Құдіреттің зарлауы мен самғауын,

Қос ішекке қондырыпты бір-бірлеп.

Аңыз айтса қыздырып бір көрікті,

Содан бері қос қанатты құс біткен,

Ал домбыра қос ішекті болыпты.


 

P.S.:

Өр даланың шарпыған өртіндей бір,

Көңілімнің тұманы серпілмей жүр.

Өлеңімнің тереңгі иіріміндей,

Домбырамның бір күйі шертілмей жүр.

 

Бота жырым емексіп емсе түнді,

Иімейді көңілі шер секілді.

Осы күйді тыңдасам, сырлы сөзде

Менің де бір қанатым кем секілді.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір