1. КӨКІРЕГІНЕ ҒАРЫШТАН ҚҰЙЫЛҒАН ҮН
22.02.2016
2275
0

Нурлан оразалинСоңғы жылдары әдебиет сүйер қауымның ықыласына ерекше бөленіп жүрген сыншы Әмина Құрманғалиқызының Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын Нұрлан Оразалиннің алты томдық шығармалар жинағына жазған көркем талдауын оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

 

«Ойымды еле, сөзімді қайта қара,

Қайта қара, сезімді байқа дара!

Үңіл-дағы шыныңды жасырмай айт,

Жүрегіңді бір сезім айқара ма?!

 

Айқара алса жаныңды толғанысым.

Сөзімнің де, сезімнің болғаны шын.

Ақ-қарасын айт, қарғам, адалынан,

Болсын маған жасаған қолғабысың».

Ақын сөзі.

 

IMG_20160217_144959Әмина ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ,
сыншы

 

Нұрлан Оразалиннің өлеңдеріне сын-сараптама

Сыншы Бақыт Сарбалаұлы Нұрлан Оразалин шығарма­шы­лы­ғы жөнінде жазылған сын-сараптамасында «2» санының ас­та­рынан құпия іздеген екен. Кінәратсыз, зілсіз жымиған едік.

Енді өзім де Бақыттың әулиелігіне сене бастағандаймын. Ора­залиннің 2014 ж. толықтырылып қайта басылған 6 томдық топ­тамасы қолымда отыр. Ақын шығармашылығы жөнінде ең алғаш айтылған пікірге – 20 жыл, талдау жасап, мақала жаз­ған­дар – 20, 20 тарау, 20 эпиграф… Қандай сәйкестік! Ал мен 21  адаммын. Және толық топтамаға. Жақсы ырым емес пе өзі?! Нұрлан ақын шығармашылығы жөнінде пікір айтқан, баға берген, саралау, тал­дау, зерттеу жасаған 20 адамның аты-жөніне көз салсам, жүре­гім дір ете түседі. Атағынан ат үркіп, атан тарта алмайтын кілең бір Алатаудың мұзарт шыңдары, қасабалы қара нарлары, табаны бұдырлы буыршындары. Ғасырымыздың жар­қыраған тәжіндей «қақырығы – қайма алтын, түкірігі – түйме алтын» от ауызды, орақ тілді, қара сөздің қаймағын қалқып іш­кен ше­шендері мен көсемдері… Тізімнің басы шоң Шыңғыс Айтматов пен оқшау Олжас Сүлейменов, сарабдал Серік Қира­баевтан бас­та­лып, орта тұсы тұмадай Тұмағаң, алмас жырдың Аққұртқасы Фа­ризамен бекіп, аяғы қорғасын құйған кеней асықтай Кең­ші­лі­кұлымен аяқталып тұрғасын белгілі емес пе.

«Осылардан асырып не айтпақсың, өле алмай жүрсің бе, бай­ғұс-ау» деймін өзіме-өзім. Дегенмен, кітапты оқып, тереңіне бой­лаған сайын, тұнығынан жүзіп ішкен сайын, ақын өлеңінің өзі «жүр-жүрлеп» жетелей берді, қолыма қалам алғызып, тәуе­келге барғызды. «Аспаннан бойға түсті ғайып пірім» деп Сара апам айтпақшы, ақынның өзі қаршадай күнінен сеніп, сыйынып өскен Ғарышынан ғайып үн келгендей болды. Сөйтті де, қуат бер­ді, сенім берді. Көз алдымнан жазиралы, жасаулы бір әлем ашыл­ды. Ақын әлемі… Нұрлан әлемі… «Алты құрлығын» аралап, жүрек­тегі «жетінші құрлығының» жұмбағына үңілуге бел будым. Өлең­нің өз қуаты «жүрегімді жұлқыды, сезімімді сілкіді». Құйы­лып ой келді, самаладай самсап сөз келді. Тек қайсысынан бас­та­­сам екен? «Бәрі керемет десем, жағымпаздық болмай ма, кем­шілігі бар десем, көргенсіздік болмай ма» деп көп қиналдым. Өйт­кені осы күнге дейін бір адам ақында бір кемшілік бар деп жаз­бапты, тек жақсылығын ғана жазған.

Таныс та, бейтаныс ақын. Таныстығы – танымалдығы, бейта­ныс­тығы – өмірде көрген емеспін. Өзіме дейін жазылғандардың бар­лығы формасы, түрі, көлемі жағынан алғысөз, аннотация, ма­қала, эссе, рецензия, әдеби-сараптама, ғылыми-сараптама, тіп­ті диссертация, диссертацияға таяйтыны бар… Мазмұны жа­ғынан: ақынның адамдық, азаматтық, ақындық, қайраткерлік, тұл­ғалық сипаттары толық ашылған. Өйткені, бәрі де өмірде, әде­би ортада ақынмен етене таныс, аралас, тіпті балалық, сту­денттік шағының достары болған­дықтан, қалай жазса да сияды. Осыларды оқи отыра ақынның ашылмай қалған бір қыры, бір сыры жоқ шығар деп ойлағам.

Қазақ көңілі толған азаматты «сегіз қырлы, бір сырлы» деп жа­та­ды ғой. Сол сегіз қыр Нұрланда бар екен және оны былай жүйе­леуге болады: 1.  Адамдық. 2. Азаматтық. 3. Ақындық. 4. Дра­матургтік. 5. Көсемсөзшілік (публицист). 6. Шешендік (оратор). 7. Қайраткерлік. 8. Тұлғалық. Ал осы сегіз қырдың толық ашыл­май қалғаны қайсы? Менің еншіме сол тиетін шығар, тә­різі. Меніңше,  ақындық сипаты. Себебі ,Нұрлан шығармашылығы осы күнге дейін аға, бауыр, дос, замандас-көзімен, академик, доктор, профессор, әдебиетші-ғалым-көзімен қаралған. Бірақ сын­шы көзімен қаралмаған. Неге екенін қайдам… Қазіргі қа­лам­герлер үшін «Сыншы» деген сөз «Сұмырай» дегенмен бірдей. «Сыншы тырнақ астынан кір іздейді, пәле қуады. Мақсаты – аяқтан шалу, өш алу, абырой-атағыңды күндеу» дегенді ашық ай­тып та, жазып та жүр.

Егер мен Нұрлан ақын жөнінде сын жазсам, осы «айып» ма­ған да айтылар. Бірақ қаншалықты әділ?

Көре алмады дейтіндей – көрген адамым емес. Бақталас дей­тіндей – депутаттыққа қатар түсіп тұрғам жоқ. Қызғаныш дей­тіндей – бақ пен таққа, абырой, атаққа, бедел мен мансапқа ор­тақ­тығым, ара ағайыншылығым жоқ. Қаламгер үшін мен қай­мана қазақпын, тәуелсіз сыншымын. Менің мақсатым – ал­ды­мен мін табу емес, алдымен қаламгердің құпиясына үңілу, шеберханасын зерттеу, ешкім қайталамаған, өзге де жоқ ерек­шелігін табу, шеберлігін, шешендігін, әдісін, тәсілін табу. Әде­биетте ашқан жаңалығы бар ма, соны сөзі, сонар ізі бар ма  – соны паш ету. Тегінде бір жаңа форма, бір жаңа үлгі, жаңа сөз тудыр­ғанның өзі үлкен олжа. Жетістік деген сол. Ал жетістік болған жерде кемшілік (аз болса да) болмауы мүмкін бе? Кемшілік деген сөзге тулай кетпей, «бұл да рас-ау» деп бір сәт ойлану да керек шы­ғар. Сынауда да,  сынға төзуде де кешегі аға ұрпақтың кісілігі мен кішілігі таңдантады. Әбдіжәміл Нұр­пейісов басылуға кет­келі тұрған жерінен қолжазбасын алып кетеді. Сол бетінде Қаб­доловқа келіп, «аямай, шын сынап берші» деп өтінеді. Қабдолов та еш жалтақсыз, жағымсусыз сынайды. Әбекең рахметін жауды­рып кетеді. Сол жолы кітабын басылуға бермей алып қалып, әб­ден қайта қарап шығыпты. Сол секілді, аса кірпияз Қадыр ақын­ның өзі өзінен әлдеқайда жас ақынның сынын еш шамдан­бай құп алып, қайта түзету жасаған екен. Әділ сынды қабылдау да кісілікті, білімді керек етеді. Ал қазіргі кейбір «Жалына қол апарт­пайтын» жас қаламгерлер Мырзан Кенжебайдың тіпті сын да емес, анда-санда таққан мінін көтере алмай, «Мыжырайған Мыр­зан шал да өлер» дейтін көрінеді. Сонда оларға өз кемшілігін мойын­дап, түзеткеннен гөрі Мырзанның өлімі оңай боп тұрғаны ғой. Көргенсіздік әрі білімсіздік деген осы ғой. Қайтеміз, ондай асау балаларға Абайдың:

«Кәрілікті жамандап өлім тілеп,

Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз»,

дегенінен асырып не ай­та­мыз…

Нұрлан ақын шығармашылығына тал­дау жасаудан, тіпті сын айтудан да еш қорықпаймын. Себебі, қолымда 4 түрлі сенімді «мандатым» бар.

Біріншіден, Хадисте «Мінсіз-Жара­тушы ғана» делінген. Мұны жақсы білетін де Нұрлан.

Екіншіден, «Періште де емеспін, пері де емен, керегі жоқ әулие жасау менен» деп жазған да Нұрлан болатын.

Үшіншіден, қаршадай бала күнінен бастап, қазірге дейін пендеуи ақиқатты ғана емес, Ғарыштық ақиқатты жыр еткен де Нұрлан болатын.

Төртіншіден:

«Тәтті сөздер таңдайыма татымай,

Ащы сөзді айта алмай жүр жөнді ешкім…

  

Кездік едім суарылған… Тек, әттең,

Ащы қайрақ сала алмай жүр енді ешкім.

 

Ащы сөзбен қайралғанды жөн көрем,

Тәтті сөзбен алданғанша, ей, досым!», – деп жазған да Нұрлан болатын. Ендеше… Тәуе­­­­кел!

  1. Топтаманың атрибуттары. Не нәр­се­нің де екі жағы болады. Сыртқы форма мен ішкі мазмұн. Форма мазмұнды ашып тұрса – үйлесімділік, ашпаса – кереғар­лық. Кез келген туындының формалық ат­рибуттарына (символикасына) та­қы­рып, өмірбаян, тарау аттары, эпиграф, суреттер, безендірілген нақыш өрнек­тері жатады. Бұл дүниелер қаламгердің жан-дүниесінен, рухани байлығы мен талғамынан, қабілет-қарымынан хабар беріп тұрады. Тіпті, психологиялық зерттеулерге сенсек, кітаптың түсінің өзі – қа­ламгердің мінезінен, ақылынан, арманынан, сезімі мен темпераментінен хабар бе­ріп тұрса керек.

Көзімізге елестетейікші: кез келген оқырман қолына түскен кітапты бірден бастап оқи жөнелмейді. Аударып-төңкеріп атына, жөніне, суретіне, әріне, зеріне бір қа­рап шығады да, ары қарай өмірбаянды оқу­дан бастайды. Өйткені, қарапайым оқыр­ман табиғаты сондай. Ол алдымен ав­тордың ақындық сипатын емес, адам­дық сипатын білгісі келеді. Заңды да ғой. Кез келген ақын өмірге адам боп келеді, артынан ақын болады. Бірінші ақын боп алып, артынан адам болмаса керек. Демек, ақын болудың шарты – адам болу, бірақ адам болудың шарты – ақын болу емес. Әңгіме өмірбаян жайлы еді ғой. Рас, танымал тұлға, танымал қаламгер үшін өмірбаян қажет те емес. Бірақ кітап – мәңгілік. Алмағайып бір алапат соқса (Аллам сақтасын) күллі ғаламдық элект­рон­дық-автоматтық, техникалық ғажап­тардың жоқ болуы бір-ақ сәт. Ал кітап мыңдаған жылдардан кейін де әлдебір жерден аман шығады. Мүлдем басқа заман, басқа адам оқыды дейік. Өмірбаян керек-ақ емес пе. Алдымен өлеңді оқып, өмірбаянды содан-ақ шығарып алатын са­налы, сауатты (білесіз бе, қазір оқыр­манды саналы-санасыз, сауатты-сауатсыз деп бөлетін болдық қой. Сауатсыз болса кітап оқи ма?) оқырман көп болса ғой…

Мұқағали не деп еді: «Егер күндердің кү­нінде әлдебіреу менің өміріме қызығу­шы­лық танытып, зерттегісі келсе, өмірім­ді өлеңімнен іздесін. Тек бірде-бір өлеңнің ретін бұзбай, орнын ауыстырмай оқысын. Күллі өмірім – өлеңімде» деген. Абай болса «Өлең шіркін өсекші жұртқа жаяр» деді. Ал Нұрлан ақын:

«Білгің келсе, өмірім – өлеңімде…

Білгің келсе, жанымды ізде жырдан…»

«Мен адаммын өмірге ессіз ғашық», –

деген. Қайталау емес, үндесу.

Сурет. 6 сурет. 6 кітап. Осы алты су­рет­­тің таңдап алынып, орналас­ты­рылуы­ның өзінде үлкен ой мен кірпияз талғам бар. Әр сурет – сол кітаптағы өлеңдердің ке­зеңі мен мазмұнын айғақтап тұрған үн­сіз куә.

Айталық, 1-суреттен бізге жанында, жүре­гінде бір кіршік жоқ, жарық дүниеге барын­ша сенген, сүйген періште бейне-ұлан қарап тұр. Ұлан емес-ау, арманы ас­қақ, ниеті таза, бірақ олпы-солпы олақ­тығы да жоқ емес, сол олақтығымен де соншалық шынайы, аңқау, пәк Бала-жыр қарап тұр.

2-сурет. Қызуы, қызығы мол, қызды­ра­тын шоғынан гөрі күйдіретін оты мол, жар астында жау бар-ау, қыр астында қа­тер бар-ау деп ойлатпайтын «жастық» ат­ты кезеңге аяқ басу… Сәл тіксіну, сәл таңыр­қау, сәл секемдену…

3-сурет. Анық жолын тапқан, бағытын анық­таған асқақ ақын, арда азамат.

4-сурет. Өз-өзіне сенімді. Айналасына үңіле, зерттей қарау.

5-сурет. Есейген, бірақ шаршаулы, сәл абыр­жулы. «Өзі ермей, ерік бермей жұрт қор еткен» бір қиракезік шақ па екен…

6-сурет. «Бойында бар асылы түгел жай­нап, маңына сәуле шашқан шыра­қ­тай» кесек, кемел, кемеңгерлік шақ. Иә, суреттер сөйлейді, ол тек сән үшін емес екен.

Бөлімдер мен тараулар аттары. Астарына құпия сыр бүккен сұлу әлем. Сауса­ғың тиіп кетсе, сөйлеп кеткелі тұрған күй­сандықтың пернелері тәрізді. «Ерте көк­тем», «Сырнайлы шақ» – мұңсыз, қамсыз балалық. «Сырғалы түн» – жастық жалын, ыстық сезім. «Беймаза көңіл», «Жерік түндер», «Үн мен ән», «Арғымақ ойлар», «Жетінші құрлық», «Адамзатқа аманат» – арманы, арпалысы көп асқақ арын, азаматтық үн. «Жанның дауысы», «Санадағы сарын», «Тәуба», «Жандауа», «Екі дүние», «Тәңірмен тілдесу», «Тәннің құн­дағы», «Жанның жұмбағы» – хақтық рух­қа, Ғарыштық ақиқатқа жанымен ұм­тылу. Неткен үйлесім?!

Эпиграф. Эпиграф алу – тек сән, не үрдіс емес. Осы эпиграф алуда қазір қа­лып­тасып, сәнге айнала бастаған «өнімсіз, ұсақ қулық» бар. Неғұрлым «Батыстық», неғұрлым таныс еместеу, қиындау есім­дер­ді алсам, соғұрлым оқырманыма «ұлы» көрініп, үрейін ұшырып, зәресін алып, «ойпырым-ай, мынаны оқыған бұл да бір осал емес қой» дегізем деу бір мақсат болды. Эпиграф алуда қазақ даналары түгіл, орыс ұлылары да модадан қалғаны қашан. Шығысты шиырлап, Батысты да базарлап көрдік. Енді Жапон, Үнді, Қы­тай жақтан іздейміз. Жақсылықтың бәрін жат­тан іздеп, өзгені зор, өзімізді қор тұту­ды қашан қоямыз осы? «Адам бір боқ кө­тер­ген боқтың қабы, боқтан сасық бо­ла­сың өлсең тағы» дегенді Абай емес, Арис­тотель айтса, қандай құрандай жаттап, құлап түсер едік. Ал Аристотельдің «Не нәрсенің басы, ортасы, аяғы болады» дегенінде не даналық, не ұлылық бар? Мә­­селе сол сөзді Аристотельдің айтқа­нын­­­да ғана болып тұр ғой. Сол секілді Герак­­литтің:

«Қалай қақсап бұл жұртқа қайтіп ұрсам,

Анық сөзді ұқпайды айтып тұрсаң»,

деге­нін тек грек шалы ғана айта алатын «ұлы фи­­­ло­софия» деп әлі айтып келеміз. Ал Абай­­дың:

«Құлағын сатқан, Тәңірі атқан…»

«Самородный сары алтын

Саудасыз берсең алмайды

Самарқанның бөзіне».

«Жұртым-ау, шалқақтамай сөзге түсін,

Ұқсаңшы сыртын қойып, сөздің ішін», – дегені осыдан кем бе? Бұл сөздер даналық, ұлылық, философия болу үшін тек Гераклит пен Демокрит айту керек пе? Болмаса Эзоптың бір қазан суға бір тал бұршақ пісіріп әкеп, «Мұның не, ақымақ!» деп ұрыс­қан қожайынға: “Сіз бұршақ көже пісір деген жоқсыз, бұршақ пісір», – де­діңіз дегені Қожанасырдың «Же, шапаным, же» дегенінен терең бе, уытты ма? Ендеше, бауырларым-ау, алдымен өз те­гімізден, тарихымыздан іздеп көрейік­ші. Бізде жоқ болса, не көркемдігі мен дана­лығы солардан кем түсіп жатса, сонда ғана соларға табынайық.

Ендеше, шешендікті Цицероннан ға­на емес, Майқы биден, философияны Герак­литтен ғана емес, Қорқыт Бабадан, күлкіні Аристофаннан емес, Алдар­кө­се­ден, ақылды күлкіні Эзоптан емес, Қожанасырдан, қойғыны, Шекспирден емес, Асанқайғыдан іздеп көрейік те. Не­ге біз Абайды емес, Пушкинді, Мұх­тар­ды емес, Толстойды, Мағжанды емес, Есенинді, Сәкенді емес, Маяковскийді, Бейімбетті емес, Чеховті, Ғабит, Ға­би­денді емес, Шолоховты алуға құ­мар­мыз?

Міне, осы тұста да Нұрланның ақы­лы­на, азаматтығына, ұлтжандылығына тәнті боласың. Нұрлан эпиграфты кімнен алғанын қарайық. Хадистен бастап, ха­лық даналығы, Майқы би, Күлтегін, То­ны­көк, Қорқыт Баба, Асанқайғы, Абай, Ма­хамбет, Мағжан, Мұқағали, қала берді, өз замандас ақындарына да жүгін­ген. Бұл дегеніміз – өткенге құрмет, бү­гін­ге ізет емес пе. Әрине, Батыстық, Шы­ғыс­тық да­налар да жоқ емес. Бірақ «өзгені» өзі­ні­кінің алдынан еш жіберме­ген. Ұлтжан­ды­лық деген осы екен ғой.

Безендірілуі. «Алтынмен аптап, кү­міс­пен күптеймін» десе қолынан келмей қалмаған шығар. Жоқ, кітап бедері – қа­зақы ою-өрнек. Оның өзі тарихи тастардан табылған таңбадай бедерленіп, ойылып түскен. Бояу да, өрнек те көзге ұр­май­ды. Ақын өлеңдеріндегі ұлттық рух та дәл осылай көзге ұрмайды, бірақ терең таңбаланып түскен. Мәңгілік өшпейтін таңба…

«Ат төбеліндей қазақпен
Ақыретке дейін біргемін».

Ақын өлеңінен.

ІІ. Ақын өлеңдеріндегі ұлтжандылық. Ақын – замана перзенті. Ол заманнан, адам­­нан, қоғамнан тыс өмір сүре алмақ емес. Кез келген ақын өлеңіндегі сипат – қоғам сипаты. Бірақ замана сұранысына қа­рай бір сипат басымдап алға шығады. Мысалы, бір кезең ерлікті, бір кезең ин­тер­националдықты, бір кезең патриоттық­ты, бір кезең жаңашылдықты басты кезекке қояды.

Ал қазақ үшін өте керегі қай сипат? Иә, кеше де, бүгін де, ертең де қазақ үшін ең қажет қасиет, ол – Ұлтжандылық.

Заман секілді әрбір қаламгерде де бір сипаты басым болады. Бірі – сезімтал, бірі – махаббатшыл, бірі – мұңшыл, бі­рін­де – ерлік, бірінде – серілік, бірінде – сұлулық, бірі – ұлтшыл, бірі – ұраншыл, бірі – пәлсафашыл. Ал Нұрлан болса, ақыл мен сабырдың ақыны. Нұрлан бойын­дағы атойлап көзге ұрып тұрған сипат – ұлтжандылық. Нұрлан көпші­лігі­міз секілді Тәуелсіздіктен кейін ғана оянып, «ойбай-ау, мен қазақ екем ғой, не істеп жүргем өзі» деп, қазақтығын Наурызда қазақ шапан киіп дәлелдеп жүрген шөре-шөре күлдібадам қазақ емес. Нұрлан ұлтжандылығы ата тегінен беріліп, ана сүті­мен сүйегіне сіңіп, әке қанымен та­мы­рына тараған қасиет. Сол қасиет кейін­нен өлеңдеріне де тамырға тараған қан­дай сіңген. Нұрланның қаршадай ба­ла кезінен бастап, ақсақал жасына жеткен бүгінгі күніне дейін қазақ исі, қазақ рухы аңқып тұрмаған бірде-бір өлеңі жоқ. Нұр­ланның  бала шағы кеңестік идеологияның қаңтардағы бурадай сақылдап тұрған кезі екен. Күллі замандастары:

«Галстук қызыл мойнымда,

Мектепке қарай жүгірдім»,

деп әнде­тіп жүргенде, бала Нұрлан:

– Жел болып кезіп қырқаны,

Сай-салаға тараймын.

Махамбеттің ұрпағы,

Жалғасымын Абайдың»,

деп жазыпты. Сол бала кезінің өзінде. Күллі қазақ бала­сы:

«Маңдайымнан көрем қолын Лениннің,

Өс, ұрпағым, деп әкемдей сипаған», –

деп шырқатып жүргенде, бала Нұрлан:

«Темірбектей атам бар,

Есенбайдай жыршым бар.

Елден алған батам бар,

Бұйырса түбі жыр шыңдар».

 

«Қариясыз өмір – жетім, мұңайдым,

Жоқсың, ата, кімнен бата сұраймын».

 

«Әжелерім қайда әлгі ақ күндікті,

Ақ түндігін арманның тербеткендер», – деп, атасының батасын, әжесінің ақ күн­дігін, нағашысының қара жорғасын са­ғы­на жыр етіпті. Күллі қазақ баласы, күл­­лі қазақ ақыны:

«Жер еркесі – космонавт,

Ел еркесі – космонавт»,

деп әндетіп жүргенде, Нұрлан:

«Кербестіні босаттым кермесінен,

Сезім құсын ұшырдым ақ қанатты»

«Бірі – құмай болғанда, бірі – тұлпар…».

«Алдына келсе тістеген,

Асаудай едік бұлаң бір;

Бұғалық әлі түспеген

Білетінім жалғыз – құлан-қыр», –

деп жазады.

Исі қазақ:

«Куба – любовь моя»,

деп әндеткенде, қаршадай Нұрлан:

«Сүмбе – жердің төресі».

«Шиліөзек, Талды, Көкбастау…».

«Тәңіртауымды сағындым»,

деп жазады. Шындыққа жүгінсек, әлі санасы саясатпен уланбаған қыр баласының Ленинді са­ғынуы орынды ма, әлде ата, әже, на­ға­ш­ысын сағынуы орынды ма? Кубаны са­ғына ма, әлде Тәңіртауын сағынуы шы­найы ма? Біздер, сыншылар, олақтау ұй­қасынан үркіп, бала жырларға мән бермей өте шығамыз. Негізі, ең таза, ең шы­­найы сол бала жырлар ғой. Кешегі сер­ке ақындарымыздың өзі заман ырға­ғы­нан аса алмай, ұранға үн қосу мақ­са­тымен болса да «паровоз арқыра, зуылда, жарқыра» немесе «Рудзутак, трат-та-тат» деп өлеңдетіп кетті емес пе. Ал бала Нұр­ланның қалайша «Ракетадай жырларым, мен Гагарин боламын» демегеніне таң­қалам. Тіпті, жаңа заман лебін сездірер бір сөзі жоқ. Оның есесіне атажұрт, әруақ, ба­та, алғыс, ие, кие, тұлпар, құмай, қы­ран, бұғалық, күндік, түндік, инағаш, қо­ламта, құлын, қыр, ауыл, қария, керме – қаны тамып тұрған, қазақ иісі аңқып тұрған сөздер. Және осыны жазып отыр­ған 13-14 жастағы бала ақын. Расул Ғам­за­товтың «Аварский петух» деген өлеңіне «Неге Аварский әтеш, неге советский емес» деген сын айтылыпты. Сол секілді, нағыз ұлтжанды ақын ұлтының әтешін де ұлттық жүрекпен сүйсе керек. Осы се­зім ақынның балалықтан бозбалалыққа бет бұрған кезінде де әр жерден, әр кезде бұл­қына бой көтереді. Сылаң саясатқа үрке қараған ойлар басым.

«Неге ендеше жүре алмаймын мен еркін,

Алшаң басып Алматының төрінде?».

Мені – қазақ, Мені – ұлт. Мен неге ал­шаң баса алмаймын дегені – қазақ неге өз жерінде алшаң баса алмайды? – дегені. Өз жерінде жетім ұлдың күйін кешіп, жабыдайын жалтаңдап күн көріп жүрген ақын емес, оның ұлты. Ақын елдің мұңын мұң­дап отыр, өз басының мұқтажын емес. Тіпті, өмірі өз кебісін өзі алып киіп көр­меген Абайдың өзі «қалың елі қазағы» үшін «жарлы емеспін, зарлымын» деп күңі­реніп өтті емес пе.

Дүние түлеп жатты. Заман дүбірлі. Тех­нократия  тасқыны, ақпараттар ағыны. Қа­зақ өлеңінде де түбегейлі өзгеріс… Жаңару, бейімделу, ұраншыл­дыққа үн қосу. Енді қырды, елді, әжеңді, ақ күн­дік­ті, торы құнанды, батаны – жыр ету тіп­ті күлкілі боп қалған жоқ па? Сол кезде де Нұрлан бағытынан айнымай:

«Ата-бабам басып өткен

балдырлы су, балғыным.

Қайда мені ғашық еткен

қара өлеңді шалғыным?».

Немесе:

«Қай қиырда жүрсем де қара бала,

Қарадала есімнен кетер емес».

«Қиялымда – Көкбастау. Қорым. Елік.

Ақбоз мініп арманды торып едік.

Ой – сырласым, серігім – торы көлік».

Ой сырласы, серігі қыз болатын, жұл­дыз­ды түн болатын жалынды жиырма жа­сында ақын жігіттің қара баланы,
Қа­ра­даланы, Торы
құнанды ойлауы тегін бе? Бұл – қазақты, қазақтықты, ұлтын, ұлт­тық рухты сағыну. Еркін жортқан еркін кү­нін аңсап Көкбөрінің айға қарап зарыға ұлуындай бір алапат сезім, жан ышқы­ны­сы. Менің де есімде. Студенттік шағы­мыз­да бүкіл қазақты «Хали-Гали» жаулап еді. Бүкіл көше, жатақхана біткен, қайда жиын, қайда той – «Ей, ей, ей, Хали-Га­ли» деп есі­ре әндетіп жататын. Біз де қуа­на қо­сы­лып, әндетуші едік. «Даладан» құ­тылып «Қала» болғанымыздың алғаш­қы белгісі осы «Хали-Гали» мен «Шала-Ба­ла» еді. Дәл сол кезде студент Нұрлан «Ха­ли-Галиді» біз құсап қол соғып қа­был­дамапты.

Тыңдап көрелік:

«Хали-Гали…

Мезі қылды-ау жанымды,

Мезі қылды-ау байғұс жырларымды,

Біле алмаған бұл ғасырда барымды,

Шалғайдағы момын қырларымды…

Ғажабымды…

Ғажап үнді…

Париждегі қалықтаған әнімді…

— — — — — — — — — — — — — — — — — — — — — —

Алматы түні жыртылып,

Жүрек тоңады, қызады,

Тауым жеткізбей, Далам ұзады.

Сезім быт-шыт боп,

Жүрек қанжоса тілінді»,

деп, ұлт­жан­ды ақынның ашуы, сезігі, алдан күткен қор­қынышы мен үрейі көзіміз үйренген сыпайы, сырбаз шумаққа сыймай, осылай бір буырқанып, тасып, төгіліп, шашылып кетеді. Сөйтеді де, өзі де байқа­мастан сол заман үшін жаңа бір форма тудырады. «Поэзияда жаңа форма жасайыншы» деген мақсаттан тумай, керісінше, шабыт пен сезімнің қысымынан туған жаңа түр. Біз есімізді енді жиып, «ау, ұлттық құн­ды­лығымызды жоғалтпайық, мәдение­ті­міз, тіліміз шұбарланбасын. Батыс жұ­тып қоймасын» деп енді ұрандап жүрге­німізді Нұрлан осыдан қырық жыл бұрын жазып­ты. Ары қарай ойын анық, айқын көрсетіп жа­за бастайды:

«Тіл – шұбар…

Дінім – шұбар…

Шұбар – ғалам…

Шұбарға қалай жеттік? Таңырқанам».

 

«Адасса да сыр берместен бүк түсіп,

Жүрегімнің түкпірінде тоңды Ауыл».

 

«Сауға сұрап таңдардан

Қауға сұрап шалдардан

Қара жорға кісінеп,

Қыр басында қалды арман».

 

«Қойлы ауылдың қиынан шыққан түтін

қаз-тырнаның барады көшіне еріп».

 

«Тамырым да, тағдырым да – кең Дала.

Көшкен елден қалып қойған жұрнақпын».

Дәл сол кездегі ұлт тағдырын ақын кө­ген­деулі қозыға, құрықтағы құлынға, ба­лақбаулы бүркітке теңейді. Тіпті, осы теңеулердің өзінен қазақ иісі аңқып тұр­ған жоқ па.

«Жүрегімді сілкіді

Құлын-дауыс, көгенді ой».

 

«Балақбаулы құстарым.

Балақбаулы сезімді байлап ұшар

Алпыс екі тамырды бойлап ұшар».

Нұрлан секілді ұлтжанды азамат­тар­дың, ақындардың осындай үндері ақыры ұл­тын оятты, ұлтының ұйықтаған намы­сын оятты. Желтоқсан желіне ұйытқы бол­д­ы, қоламтадағы қозды үрлеп отқа айналдырды. Бұл тұста:

«Шідерлі хас жүйріктей шыңғырды,

Қою түннің қолтығынан шындығым…».

 

«Арман-мұңым – алданған ұрпағымды

Қалай адам етемін, қазақ етем?», –

деп жазды.

Сөйтіп, «еркек тоқтыны құрбан етіп» Еге­мендікке жеттік. Бұл тұста ақынның аза­маттық үні айқындала түседі. Әлденеге өзін кінәлідей сезініп, ары мазаланады.

«Желтоқсанның жетім үні жүр көкте»…

 

«Желтоқсаннан аман жүрген сүлдем бар,

Ойларым бар қанға батып жыртылған…».

 

«Шарлайтындай ел намысы аспанды

Арашалап ала алмаған ұл-қызын».

 

«Бола алмадық, апыр-ай, Желтоқсанда,

Балапанын қорғаған тауық құрлы», – деп, өзін де, өзгені де аямай өлтіре сынайды. Ақын жүрегі, санасы әлі мазасыз. Әл­де­неге алаңдаулы…

«Құралайдың салқыны санада жүр,

Құралайдың салқыны далада жүр…».

«Көк байрағын бөрі басты көтеріп,

Кезуші еді кеудемді бір көкжал үн».

 

«Періден де сұраймын, Періштеден.

Азаттығым аяулы болсын аман».

«Ай астынан тілеймін. Үш қуатым:

Орман, Дала, Тауымның амандығын».

Бүкіл өлеңі ұлт тағдырымен өріліп, ұлт намысымен суарылған ақынның ел мұңын шекпеген бір сәті болмаған секілді. Әсі­ресе, Жер мен Тіл үшін қатты алаң­дай­ды. Онсыз да жат көзінің сұғында отыр­ған ат төбеліндей аз қазақтың бар қа­зынасы осы екеуі емес пе. Бұдан айы­рыл­са, бодандықтың қамытын қайта кие­рін ақын қайраткерлік санасымен, ақы­лымен ұғады. Ұғады да, ұлтына, ұрпа­ғына ұғындыруға, ескертуге тырысады.

«Мен – Халықпын… Жоғала жаздап неше,

Қайта туып, жалғаған асыл әнін.

Немесе:

«Қарамауға хақым да жоқ, жоқ шама,

Алданатын болмашыға, бопсаға.

Уақыт па?

Жер тағдыры тұр таразы басында

Жер тағдыры – топсада».

Немесе:

«Өкінбей ше? Ауыл, қала – аш, ұры.

Өртім болды, дертім болды ғасырым.

Келімсек пен келесаулар өлкемді

Сатпақшы ма саудаға сап жасырын?

 

Бұл Жер – менің Тәңірім мен Тамырым.

Тамырымды үзе алмаймын!

Тәңірімді сата алмаймын!».

Бұдан артық қандай шындық керек?

Қазірдің өзінде «болдық-толдық» де­мей, ұрпақ болашағына қатты алаңдайды. Асан Абыздай күңірене толғайды.

«Өзім-өзім еместей өзге біреу…».

«Уайымым – осы, шын, жасыра алман.

Тілім аман қалар ма бәсіре алған?

Дінім аман қалар ма? Келер ұрпақ,

Сені қандай күтеді ғасыр алдан?

 

– Ой – жалаңаш, бәрі де жария тым.

Қайда кетіп барады ар-ұятым.

Мың-мың тұяқ дүбірі кеудемді ұрып,

Мұңаяды кеудемде қария-түн».

Немесе:

«Ақпараттар… Ақпараттар кезуде…

Бірі келіп ар етегін түргендей,

Бірі келіп жүрегімді бүргендей,

Батыс та жүр, Шығыс та жүр төрімде,

Атасының жұртын кезіп жүргендей».

Тіл тағдырына қатты алаңдайды.

«Бабадан қалған қазынам.

Ортайып қайда барады?».

 

«Бір заманда.

Уақыт зырлағанда.

Боз ай, басқа боз ғалам жырлағанда

Сөйлермісің сен аман, Тілім менің,

Жаратушы жанымды ұрлағанда»,

деп толғанған ата Нұрланның, ақсақал Нұр­лан­ның, Қайраткер, Тұлға Нұрланның Ұлт­жандылығы тек өлеңдерінен ғана көрін­бейді. Ол мінберлерден сөйлегенде де «бөтен сөзбен  сөз  арасын  былға­май­тын» қа­зақтың қара тілді шешені.

«Айту міндет – шындықты көз көргесін
Жырлау парыз – Тәңірім сөз бергесін».

Ақын өлеңі.

 

III. Ақын өлеңдеріндегі адалдық пен ақиқат. Нұрлан өлеңдерінен 3 түрлі адал­дық көрем. 1. Арға адалдық. 2. Жырға адал­дық. 3. Жарға адалдық. «Өз кемем өр­ге жүзді, елде нем бар» демей, екінің бі­рі айта алмайтын шындықты – қоғам шындығын аймандай әшкере етеді. Ақын бүгінгі қоғамдағы рухани және материал­дық аштықтан қорқады. Біз де қорқа­мыз.

«Майдангерің айналды қайыршыға

Көрер кезде қызығын жеңісінің».

 

«Өзгеге мәңгі өле таңғалып

Еңсесін тіктеп көтермей,

Осылай мына ел өтер ме, ей?».

 

«Ақындардың көзінде азап-қайғы

Азаюда қазақтың жыр ұғары…».

 

«Ақиықпен теңелді сауысқаның

Ала жіпті аттамау – күлкі бүгін…».

 

«Абайды ұғар қалды қазақ кемде-кем,

Заман туды сөйлесер тек теңгемен».

Мына екі шумақ арқылы қоғамның күй­кі портретін сызған да берген.

«Әкім мұңы – қалай жегу тертені,

Ақын мұңы – қалың қазақ ертеңі.

Пақыр мұңы – тірлік қамы, жанбағыс,

Батыр мұңы – бойды намыс өртеді.

 

Сатқын мұңы – көзіне қос көрінді,

Жаттың мұңы – елестетті төрімді.

Босқын мұңы – туған жердің түтіні,

Достың мұңы – сөзден жұрты жерінді…».

Бір өтірігі бар ма? Тағы бір адалдығы – өз­гені ғана емес, өзін-өзі аямай сынауы, өзі­не де сын көзімен қарауы. Адам, пенде ре­тіндегі кейбір осалдығын, кейде «Орта­ның ұлы, уақыттың құлы» болып кете­тін­дігін еркекше мойындайды.

 

«Қалыбына түсем бе деп ортаның,

Мен өзімнен өзім сұмдық қорқамын…».

Өзіне-өзі риза болмай, көңілі толмай, «не бітірдім, елге, қоғамға, өлеңге не бере алдым. Жалғасымның жанарына тік қа­рай аламын ба» деп қиналады. Өзін-өзі «жерлеп-жебірлеп» алады.

«Ұнайтындай не бітірдім мен осы?

Қайраңдап тұр ойларымның кемесі.

Есениннен үш жас үлкен жастамын,

Шоқанның да үш жас үлкен ағасы…».

«Көңілін тербететін айдағы арман,

Жүрегін тек махаббат жайлап алған,

Дос үшін отқа түсіп, су кешетін,

Апыр-ай, асыл шағым қайда қалған?!», – дейдi.

«Құдай-ау, қайда сол жылдар» деп аһ ұрған Абайша күңіренеді. Кейде «Жүр­гем жоқ жаттан бақ іздеп, қашпаймын бақ­тан бой ұрлап» деп пендешілігін мойындап, Лермонтовша баз кешеді.

«Бір бойымда екі адам тіреседі:

Біріншісі – өртеніп жыр еседі.

Екіншісі – жасырып өз сезімін,

Көп алдында кісімсіп сіреседі», –

деген Нұрланға сыншының не керегі бар. Сын­шы­ның аузы бармас шындықты өзі айтып отыр емес пе? Өзін-өзі аямай сойып салып қарап тұрған жоқ па?! Кейде соның се­бебін де тапқандай болады:

«Марапатшы көп болса егер пенденің

Мүмкін емес таспауы…».

 

«Арбаласың, байқамай алданасың,

Теңелгендей болады ханға басың.

Ең қиыны – жаңылып дос пен қастан,

Жағымпаздың жалбаңын малданасың».

Ал мына бір шумақтар ақынды ақтап тұр­­ған­дай. Жалғанды талақ етіп, жанын ұрып жас кеткен бауыры – ақынның мәң­гі мұңы. Сол бауырының әруағына, сол ар­қылы күллі жас ұрпаққа сырын ашып, мұ­ңын шағады. Кешу сұрағандай да болады.

«Аттандырып өмір көшін, ой көшін,

Кейде күліп, қайғырады кейде шын.

Әкім болып кейде айтады елге сын,

Ақын болып жоғалтады кейде есін».

 

«Өмір заңы кеуде аманда тоқтар кім

Келеді ағаң ортасында «жоқ-бардың».

Алыс-жұлыс, жаға жыртыс, тартысу,

Додасында Тірлік атты көкпардың…».

«Пері де емен, періште де емеспін,

Керегі жоқ әулие жасау менен», –

деп, адам екенін, пенде екенін  ақын  жүрегімен мойындайды.

Бақсақ, пендешілік бір Нұрланға тән си­пат емес екен. Адами сипат екен. Болмаса «Өзімді-өзім зор тұтып, менсінбеуші ем наданды» деп, Абай өзін-өзі неге мыс­қылдады? «Өмір деген біреу бар билік құр­ған, билігінен мен соның қақ бө­лін­дім» дегенді Мұқағали неге айтты? «Адам­ға тән сезімнің бәрі де маған жат емес» де­генді Карл Маркс неге айтты? Қалай да осын­шалық ақ жарылып айтқан ақи­қат­ты біз Арға адалдық деп ұқтық. Солай еке­ні рас та.

  1. Жырға адалдық. Арға адалдық – адам­дық, азаматтық сипат, ал жырға адал­дық – ақындық сипат. «Ақындық – хақ­тың ісі» дейтін Нұрлан өлеңге сон­шалық бір ынтызар сезіммен, ғарыштық та­за­лықпен, киелі Хақ үніне мойын­сұнғандай бас иеді. Ақындығын адамдық, азамат­тық, ағалық, басшылық, қайрат­керлік, тұл­ғалық, әкелік, жарлық – мінде­тінен де жо­ғары қояды.

«Еңку-еңку ессіз жыр

Күндерде де ессіз бір

Жалғыз қалып өткелде,

Дос бұрылып кеткенде,

Көмек сұрап Иемнен

Демеу күтіп Киемнен

Тек өзіңе Сүйенгем!»,

деп, Құдайдан соң сыйынары өлең екенін жасырмайды.

«Беу, Құдірет, о баста сөз қалап ем,

Боз ат мініп өтейін боз даламен.

Маған егер қонғаның рас болса,

Оян, сілкін, кеудемде қозғал, Өлең!».

 

«Айхай, біздің маңдайға сияр ма екен,

Өлең дейтін киелі аппақ құсым».

Нұрланда жыр киесі бар. Қазақ «Ой, оның Иесі бар» деп жатады ғой. Ие адамда емес, оның бойындағы қасиетте болады. «Мені де иектейді қара кісі» деп Мұ­қа­ғали айтпақшы, Иесі иектегенде, өлең оның кеудесіне «аппақ құс болып кіреді, айдынына аққу-ғалам боп қонады, кеудесінде қызғыш құсы шырылдап, ай­дан ақ нұр болып саулайды. Қалғып жат­қан қара орманы сілкінеді, қыраты өлең­мен өртенеді. Өлең шаранасын тепкілеген сәбидей бұлқынып, жүректегі ыстығы жырға түседі». Міне, қайда жыр құдіреті! Бұл ақын ғана сезінетін, ақынға ғана бұйырар бақыт. Өлеңнің азабын да ақын арқалайды. Нұрланның да тағдыры жыр үшін жұлқысу, тіл үшін тартысу, өлең үшін өртке түсу. Сондықтан да ол:

«Өлең – менің Тағдырым. Тағдырымнан

таландым деп безгенім жараса ма»?

«Ең ақырғы парағым жыртылғанша,

Сөзім үшін ақырғы күресемін», –

дейді. Нұрлан өз жырына ғана емес, өз­генің жы­ры­на да адал. Жалпы, жыр атау­лыға адал. Кез ­келген ақынның, әсіресе, жас ш­а­ғында өзі әулиедей табынып, пір тұтқан ақындарына еліктемеуі мүмкін емес. Соларша ойлап, соларша айтқысы келеді. Сүйгені соншалық – әр сөзі, әр тіркесі, әр ­теңеуі, әр иірімі, болмысы, табиғатына, қа­нына сіңіп, жүрегіне ұялап, жанында жат­талып қалады. Өзі – соларға, солар – өзіне айналып кеткендей, кейде тіпті жазып отырғаны өз сөзі ме, өзгенің өзіне айналған сөзі ме – өзі де байқамас күйге жетеді. Мысалы, бір жолы бір жас ақын Тұ­мағаңа керемет бір шумақтарды (Тұ­ма­ғаңның өз өлеңін) жатқа оқиды. Сонда Тұ­мағаң:

– Керемет! Қадыр ғой! – депті.

– Жоға, Сіздікі ғой, – деген жас ақын­ға Тұмағаң:

– Иә, кейде менде де сондай шумақтар болады, – деген екен ұяла жымиып.

Неткен кішілік пен кісілік десеңіз­ші!..

Сол секілді Нұрланда да өзі бала шағынан пір тұтқан 4 ақынға – Абай, Махамбет, Мағжан, Мұқағалиға – үндесу, үйлесуге ұмтылу бар. Бірақ үйлесуге, ұқсауға ұмтылу бір басқа да, тұтас дайын жолды көшіру бір басқа. Нұрлан одан аулақ. «Өзім болып-толдым» демейді.

«Кеудемізді шабыт қысып, жыр ыстық,

Өлең үшін!

Өмір үшін тұрыстық…

Ағаларша жазғанменен бірақ та

Ағаларға ұқсамауға тырыстық», –

дейді. Нұрландағы тағы бір адалдық – ұлылардан алған тұтас жолын немесе шумағын «мі­не, алдым» деп, тырнақшамен қоршап, ерек­шелеп қояды. Бұл – ереже, бұлжымас заң. Орфографияның, пунк­туацияның заң­дылығы. Осыны көп қаламгер біл­мейді. Абайдың өлеңінің бір жолын со қал­пында өз өлеңіне қосып алып, еш қы­сыл­майды-ау, шіркіндер. Бұл – қаламгер сауатсыздығы. Ал Нұрлан бұл жағынан өте сауатты, өте мәдениетті.

  1. Жарға адалдық. Жарына адал азамат көп шығар, бірақ өмірбақи бір ғана әйел­ге (өз әйеліне) жыр арнап, өз әйеліне ға­шық боп өткен ақын аз шығар. Нұрлан сол аздың бірі. Жалпы, Нұрланда әйел за­тына деген үлкен құрмет, сенім, аялау бар. Бұл мүмкін ақ күндікті әжесін Пір тұ­тып, анасын Әулие көргеннен болар. Әй­теу Нұрланда әйелдің «балтырын, ба­ла­ғын, төсегін» түгін қоймай суреттеген бірде-бір әдепсіз сөз, сумақай сезім жоқ. Тек әйелдің (оның өзінде өз әйелінің) өзіне құлай берілген адалдығын, қолам­та­дағы қоздай қызуы еш кемімес махаббатын, шыдам-төзімін, кешірімі мен кең­дігін, бүкіл тіршілік-тынысы осы бір ға­зиз жан екенін жазудан жалықпайды. Ақын­ның осы бір биязы тектілігіне риза бо­ласың.

Әрине, қызды жазудың бәрі адалдық­тан аттау емес. Кейде бір ақындық ерке тен­тектікпен, серілікпен жастық-сұлу­лық­қа күнәсіз сұқтану  болады. Мысалы, Мұқағалидың «Жалаңаяқ қыз» өлеңінде ешқандай нәпсілік сұғанақтық, еркектік құмарлық жоқ. Тек ақынның сұлулыққа сұқ­тануы ғана бар. Құйып тұрған жаң­быр­дың астында құлын мүшесі қоладан құй­ған мүсіндей айқындалып, еш секем­сіз, қымсынусыз, еліктей ерке мүсін кетіп барады. Құйып тұрған жаңбыр астында еш бояусыз табиғи таза сұлулық кетіп ба­рады. Қыз емес-ау, әркімнің де күнәдан пәк періште Жастығы кетіп барады. Оған қа­рамаудың өзі топастық болар еді. Оған қарамау үшін соқыр болу керек шығар. Бі­рақ бұл өлең – ластықтан таза, мөп-мөл­дір… Сонда Нұрлан жарына ғана емес, күл­лі әйел затына адалдықтың көзімен қа­рап, адалдықтың сөзімен жазған ақын екен.

«Сен – сәуірсің, мамырмын,

Сен – сабақсың, тамырмын.

Бір бүтінбіз көктеген

Бұйрығымен Тәңірдің», –

деген жолдар соның айғағы.

Әйел қауымының атынан «Алладан қайтсын» деген алғысымды да айта ке­тейін.

 

«Алды – шуақ, өмірдің арты – ызғар
Ғасыр көшіп барады арманы көп».

Ақын өлеңі.

  1. Ақын өлеңдеріндегі даналық пен пәл­сафа. Бұл өмірде, тіршілікте бір ұлт қа­на емес, күллі жұмырбасты пендені мойын­­датқан, ойласа – ақылы жетпес, бол­дырмауға-айласы жетпес, тоқтатуға – кү­ші жетпес табиғаттың Ұлы заңды­лықтары бар емес пе. Бұл дегеніміз – құсқа мініп қусаң жетпейтін уақыт, алмасқан ғұмыр, дәуір, мезгіл, алмасқан өмір-өлім, ақ пен қара, жақсылық-жамандықтың кезек жығысқан мәңгілік ғарасат майданы. Айға ұшып, Шолпанға қонақтаса да, адамзат әлі ұшығына жете алмай отырған Ғалам шексіздігі, Уақыт мәңгілігі, Ғарыш түпсіздігі. Тек даналық ой ғана бұлар туралы әлдебір болжамын жасап, батыл пікір тудырып кетеді. Нұрлан өлеңдерінде де саналы ой, салиқалы пікір, тіпті да­на­лық түйін деуге болатын дидак­ти­калық-философиялық иірімдер бар. Қай дәуір болмасын, адамда адам өзі жеңе де алмайтын, мойындай да бермейтін бір осалдық болады екен:

«Біз өмірде күлеміз де жылаймыз,

Кейде пенде, кейде нағыз «Құдаймыз».

«Құдай» кезде ұмытамыз бәрін де,

Пенде кезде көлгірсиміз, жылаймыз».

Өтірік пе? Сіз де, мен де мұны іштей мойын­дап отырмыз. Бұл біздің ешкім біл­мейді деп жүрген «осалдығымыз» еді ғой. Қап, өзімізден өзіміз жасырармыз, бі­рақ Алладан және ақыннан жасыра ал­майды екенбіз. Сол секілді, тіршілік де­геннің өзі кереғар екі нәрсенің мәңгі арпалысы екенін қалай дөп басады:

«Фәни-жалған опасыз,

Күрсінгенмен жоқ пайда»…

 

«Адалдық пен зұлымдығың егесте

Ар мен арсыз мәңгі-бақи керісте».

 

«Ақ пен қара алысуда жүректе

Алысуда от пенен су тіршілік».

«Өмір өтіп барады» деп күрсінбейтін пенде жоқ. Бірақ осыны ақындар қалай айтады? Мысалы, Қадыр ақын:

«Алтынды – мыс, мысыңды темір етіп.

Орманды – ағаш, ағашты көмір етіп.

Қысыңды – жаз, жазыңды күз қуалап,

Өмір өтіп барады, өмір өтіп», –

деп, өмірдің бұлтартпайтын қатал заңын, Қа­дыр Қадырлығына басып, еш бұлтақ­сыз, майдалаусыз, дәл, нақ, анық, айқын зат­тық айғақ-дәлелмен сарт еткізіп қарап тұр. Ал Тұмағаң шегірткенің де қанатын сын­дырғысы келмейтін Тұмағаңдық май­тоңғысыз мейіріммен:

«Жаз өмірін, мәз өмірін қысқартып,

Бара жатыр, бара жатыр құс қайтып», – дегенде, «Тәйірі, құстың ғұмыры ғой» деп жүріппіз. Ал Нұрлан ше? Нұрлан осы­ны әлдеқайда поэтикалық сөзімен, мөл­діреген сезіммен, тамшылаған мұңмен, нәзік емеурінмен білдіреді.

«Хан-Тәңірі… Мұзым қалып барады.

Қарашада ізім қалып барады.

Айғайтастың аңыратып аспанын,

Қайтқан тырна күзімді алып барады», – дегенде ғана, «Құдай-ау, әрбір қайтқан құстың қанатында ғұмырымыздың бір бөлшегі кетіп бара жатады екен-ау» деп, селк еткендей, ес жиғандай боласың.

Жер беті зұлымдыққа толы. «Мал құла­ғы саңырау» дейтін адам ұятсыздығы шек­тен шықты.

«Кім айтады, кім береді жауабын?

Кім көтермек жердің ұлы сауабын?

Естимісің, жұмыр жердің тұрғыны,

Құдіреттің сауалын,

Құдіреттің зауалын?!».

 

«Құрлықтарды сілкіп жатыр ұлы күш

Ақылға кел, адамдар!

деген ескерту бізге ақын арқылы келіп жеткен.

Жаратушының өз үні секілді. Ал тап-та­за философиялық түйін немесе ақылға то­лы афоризм деуге болатын ақын ойынан ха­бар айтар «Екі дүниедегі» ой күнде­лі­гіне­н алынған мына сөйлемдер мен жыр жолдарына қараңыз:

«Өнбес дауды қума, көрінбес жаумен алыспа».

«Досымды ғана емес, дұшпанымды да адалынан жолықтыр».

«Ой көбейген сайын, өмір қысқарады».

«Ұлыңды сүй, ұлтыңды ардақта».

«Байқамасаң, өз тілің – өзіңе жау».

«Адам, Заман, Қоғам дейтін үш – Ие.

Тағдыр, Тамыр, Талан дейтін үш – Кие».

 

«Тасынар тұста тасынғын.

Ашынар тұста ашынғын.

Ашынбай тыну – осалдық…».

 

«Жаттың бағын аралағаннан сақтан!

Жаттың ығын паналағаннан сақтан!

Өзің отырған бұтақты аралағаннан сақтан!».

«Дүниенің артын көрдім». Осы бір сөй­лемге тоқталғым келеді. Біріншіден, мен осы сөйлемді тағы екі жазушыдан – Думан Рамазаннан, Тұрысбек Сәукетайдан кез­дестірдім. Сонда бұл сөйлемнің хақ ие­сі кім? Екіншіден, егер Абай «Мен көр­дім дүние деген иттің көтін» деген болса, өз ортасының екіжүзділігі мен опа­сыз­ды­ғынан, ағайынның «ала жылан, аш ба­қа» тірлігінен, халқының надандығынан әбден жерініп, «халқым надан болған соң, қайда барып оңайын» деп, дүниеден баз кеш­кен шағында, опасыз жалғаннан бе­тін бұрған шағында айтқан. Ал мен бұл үш азаматты да – Нұрлан, Тұрысбек, Ду­манды – ондай кезге жетті, олардың ор­тасы сондай күйге жетті деуге қимаймын. Дү­ниеден түңіліп, оның «артын» көретін кезден сақтасын!

Нұрлан адам-пендеге уақыттың опа­сыз­дығын ескерте отырып, оны түңіл­дір­мей­ді, мәңгілікке үңілдіреді, жүгін­ді­ре­ді:

«Анығын айтады әлі тарих өзі,

Ұмытпа, ғасырдан соң ғасыр барын!..

Соғады сағат тілі мәңгілікке,

Ұмытпа, адамнан соң адам барын!..

Мынау ұлы дүние тұтас бүгін

Ұмытпа, ғасырдан соң ғасыр барын.

Он сегіз мың ғаламың – көз бен құлақ,

Ұмытпа, Құдай барын! Ғарыш барын!».

 

«Жүрегімді жұлқиды Тәңір сөзі
Тамырына тығылып қаламүштің».

Ақын сөзі.

 

  1. Ақын өлеңдеріндегі имандылық. Ұлт­жандылық секілді имандылық та ақын­ға талбесіктен беріліп, тәрбиесіне сің­ген. Нұрлан соңғы төрт-бес жылда ғана мұсылман болып, мұсылмандықты кі­таптан оқып, не уағыз тыңдап үйренген жоқ. Қаршадай кезінде-ақ Хаққа ұйып, ба­та-дұғаға ден қойып, әруаққа сыйыныпты. «Пәлен деген көкем бар» демей:

«Елден алған батам бар,

Бұйырса, түбі жыр шыңдар…», –

дейді сеніммен. Ата-әжесін сағынғанда бала құ­сап «енді кім құрт береді, енді кім ақша береді» демейді.

«Қариясыз – өмір жетім. Мұңайдым.

Жоқсың, ата, кімнен бата сұраймын», – деп қиналады. Жалпы, Нұрлан ақын­ды­ғында Көкпен, Ғарышпен байланысты бір тылсым құпия бар… Ақын өзі соған әбден ден қойған, оқырман да сенеді.

«Шабандозын жоғалтқан жүйріктейін,

Құлағыма келеді көктен бір үн».

 

«Жүрегімде – Жаратқанның ізгі үні…».

 

«Кеудеме көктен алыс құйылады үн…»

«Аспанға сенем –

Жұлдызды көкке түу алыс,

Тәңір дегенім сол шығар?!

Көңілге медет – жұбаныш,

Ғарыш дегенім –

Құдайлар жүрер жол шығар».

 

«Ақын болу – Хақтың ісі».

 

«Жыр деген кие – үні Құдайдың».

«Қазақ болу, Алаш – болу өзімнен,

Ақын болу, Жаратушым, тек сенен…», – деп, Алланың әділетіне, Тәңірдің таразысына, әруақтың аянына сенеді. Құдай де­геннің құр қалмайтынына, түбінде адал еңбек пен ар тазалығы екі дүниеде де қорған боларына сенеді, сендіреді.

«Асқанды да тасқанды орнына әкеп,

Түбі бәрін Құдірет теңгереді…»,

дейді ақын.

Дау бар ма?!

(Жалғасы бар).

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір