МЕНІҢ ФАРИЗАМ
22.02.2016
1757
0

ФаризаСол жылдары «Қазақстан пионері» газетінде жұмыс жасаған ақын Ырза Қунақова бір күні қоярда-қоймай ауылына шақырды. «Алдағы сенбі-жексенбінің бірінде ауылға барып аунап-қунап келейікші», – деген. Фариза маған: «Ертең Ырзаның ауылына барамыз, өзі кеше кетті, күтем дейді. Дүкенге соғайық, не аламыз?», – деді. Сен барасың ба, бармайсың ба деп сұрамайды да. Өзі шешім шығарады, өзі қояды. Ал маған бұл демалыста Қуанышкерей деген немере ағайын отбасымен келмекші еді. Оларды шегеріп қоюға тура келеді. Өз ағамды кейінге қалдырып, Фаризаның дегені болмақ. Оның көңілін қалдыруға болмайды деген түйсік мені бас изеуге мәжбүр етеді. Оның үстіне, ауылда Ырза ақын күтіп отырса, оның да пейілін сыйлау керек қой.


 

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА

Сонымен, Тарғап жаққа Сашамен жол­ға шықтық. Таулы, қырлы, жап-жасыл Жетісу даласы сұлу ғой, шіркін! 108 нөмірлі қара «Волгамен» кірдік ауылға. Сұрамай-ақ таптық Ырзаның бауырлары тұратын үйді. Төрге оздық. Фа­риза Сашаға: «Жүре бер! Ертең түстен кейін келіп, алып кетесің», – деп қоя бер­ді. Ағайындар мәз. Бір үйге үш ақын қыз жиналдық. Аман-саулық сұрасып болып, жерге жайылған дала дастар­қа­ны­нан бауырсақпен шәй іштік. Түйілің­кі­реп отырған Фаризаны түрттім де: «Бұл жерде редактор Фариза жоқ, жай қонақ қыздармыз. Кішкене қабағыңды жазып отыр», – дедім. Ол сәл күлімсіре­гендей болды. Бірақ ұзаққа бармады. Кешікпей осы елдің салты бойынша есікке бұйра-бұйра ақ тоқтыны сүйреп әкелсін екі жігіт. Ырза жүр мәз болып: «Бауырларым бата сұрайды, Фәке»,– деп. Ол кезде Фариза бұл салтты біле бермейтін. Маған қарап: «Бұл немене? Мынаны да бұлдап соя ма? Кешеден бері қуырдақ дайын шығар десем», – деп күңк етті маған. Бата беретін түрі көрін­бейді. Мен орнымнан лезде тұрып, «Сәл шегініңіздер, мен бата берейін», – деп есікке жылжыдым. Білгенімді айтып, бет сипап келдім. Фариза-мінезге үйре­ніп болған Ырза құптап жатыр. «Мен екеуіңізді бөлмеймін ғой, бата қабыл бол­сын! Бұл біздің елдің салты», – деп күлімсірейді. Сонымен, ауыл сыртын­дағы бұлаққа барып қайтуды ұсынды Ырза. Тамақ дайын болған соң өнерлі жастар келмекші, ән айтқызбақ жоспары бар екенін де аңқылдап жайып салды. «Бүгін біздің үйде кішігірім той» деп алақанын бір-біріне үйкеп қояды. Бұ­лақты көріп, ауа жұтып, үйге қайтарда Фариза тұп-тура кіп-кішкене балаша маған: «Ақұштап, менің қарным ашты», – десін. Мен Ырзаға келіп, «Шәй даярла» деп сыбырладым. Қазан далада қай­нап жатыр екен, қуырдақ әзір дайын емес. Тандыр нан, өрік-мейіз, ауылдың майы мен талқаны қойылған дастар­қан­нан тағы дәм таттық. Ең қиыны – демде­ген шәй емес, Фаризаға шоққа сарқылдап қайнаған қою шәй керек еді. «Ақ құма­ның­ды шоққа қойғыз», – дедім Ырзаға. Қарны ашқан Фариза екі кесе ғана шәй ішті. Қабағы қатыңқылау. Ауыл жайлы, мектеп жайлы бір-екі сұрақ қойды. Үн­сіз­дігі ұнжырғамды басып барады. Тамақты түртіп ішетін әдеті маған таныс қой, бірақ осы жолы қуана күткен ақын­ның үйінде өзін қалай ұстау керегін мен де білмей дал болдым, мазам қашты.

Кеш  түсті. Ас келді. Ауылдың өнер­паз жастары келді. Олар да аңқылдап келгенмен, пәстеу сөйлесіп, тыныш отырды. Ырзаның бауырлары ет турауға кі­рісті. Ауылдас ағасына бас тартты, Фа­ризаға төс берді, маған бір жілік тиді. Фаризаның дастарқанға ұмтылатын түрі жоқ, мен ұялып барам. Қарным ашты де­гені де есімде. Негізі, әлгі шәйда жеген бір үзім тандыр нан мен екі қасық қай­мақ оған бір тәулікке жетіп қалатынын білемін. Ал төсті ұстамағаны өте ың-ғайсыз болды. Табақтан екі-үш рет ұм­ты­лып, іңкәл алып жеді де, қашықтап отырып алды. Сонымен, қонақ күткен­дер де мезі, мен де мезі болып, сорпа ауыз тиіп, дастарқан жиналды. Ауыл өнер­паздарының бір-екеуі ән салды. Же­тісу даласының майда қоңыр дауыс­пен айтатын халық әуендері. Мен қатты шаршап кеттім. Ырза болса, Фаризаның бір жері ауырып тұрған шығар деп жорып, қонақтарымен қош айтысты. Мен оңашаға қалғасын Фаризаға жақындап, құлағына: «Енді сен менімен өлең оқымайсың, мен сенімен қонаққа бармаймын», – дедім. Ол үндеген жоқ.

Көрпеге толы ауыл бөлмелерінің төр­гісіне жерге жатып ұйықтадық. Таң­ғы шәйдан да бір-екі кесе ауыз тидік. Ауыр мінез бәріне де әсерін тигізді. Үйдегілердің көбі үнсіз отырып шәй іш­ті. Тағы бұлақ жаққа кеттік. Саша келгенше уақыт өткізу керек еді. Жолда аз­дап ақыл қостым.

– Адамдар пейілін таптамау керек. Келдің, енді шыда! Патшаның қызы емессің, құм бораған Гурьевте қазанға піскен балық жеп өстің ғой, – дедім.

– Қай­тейін, мінезімді қайта жасай алмаймын. Түріме қарамай осындаймын. Ұнатпасам, өзімді өзгеше көрсету қолымнан келмейді, – деді маған.

Түс ауа Саша келді. Алматыға қайт­тық. Не болды, не ұнамады, ол жайлы әңгіме болған жоқ. Ырза болса, «Фаризаш ауырып қалды-ау  осы» деп қиналған кейіп білдіріп, қала берді.

Мен бір апта бойы Фаризаға хабарласпай, жұмысымда жүріп жаттым. Түр­лі шаруам, жазуым бар емес пе?! Сен­біге дейін ол да шыдады. Бір күні телефон шалды.

– Асқар сенің мантыңды сағынып отыр, – деді.

– Келіңдер, түске манты дайын болады, – дедім мен.

Келді. Жазу үстеліме бір бет қағазды қойды. Менің шағын асүйімнен үшеуміз шүйіркелесіп тамақ іштік. Асқар мәз бол­ды. Фаризаға баланы қуантқан қат­ты ұнайтын. Қай баланың да бар дегенін жасауға даяр тұратын. Түс ауа Асқар ки­но­ға бармақшы екен, екеуі соған кетті. Стол­ға тастағаны жаңа жазылған мына өлеңі еді:

 

***

Бір жүрейік,

Қос дауыспен «Аққұмдай» бір ән салып,

Тұтқындасын ақынды қылаң шабыт.

Мұңдылар да еске алсын бақыт күнін,

Жанарларды тұрмасын тұман шалып.

 

Өмір – жасыл бақ емес, арналы құз,

Таба алмайтын сәттер бар қарманып із.

Бұл тірлікте түк емес кейде біздің

Ұғыса алмай, керісіп қалғанымыз.

 

Несі қызық, бар дәмін

Татпай кетсек, өмірге келіп тұрып,

Қуантпаса ол, жылатып, еліктіріп,

Кейде дауыл соқпаса, тыныштық та

Жібереді емес пе зеріктіріп?!

 

Бір жүрейік,

Жүзімізден арайлы арман ұшып,

Жанымыз дәл гүл құшқан таңдағы шық.

Бізді көріп, секемшіл мына жұрттар

Бас шайқасып, дал болсын таңданысып.

 

Осы өлең менің столымда ұзақ уақыт жатты.

Ол жылдары Жазушылар одағының әдебиетті насихаттау бюросы жемісті жұмыс  жасады. Үш қаламгерден  тұра­тын ақын-жазушы ел аралайтын. Қы­зық­ты кездесулер, оқырманмен әңгіме, «Ақын­дар айтып кеткен» деген тапқыр ойлы шумақтар ел аузында гулеп тұратын бір қызық дәурен еді.

Бір күндері жазушы Шәрбану Құ­ма­ро­ва сондай сапардан көңілді оралыпты. Қызылорда облысын аралаған қалам­гер­лер Аралға соққан. Қызықты кездесулер мен ән-күйге бөленген думан-кеш­терде ән салған Шәрбану бір өнерлі жігітке ұнап қалады. Махаббат деген де ойламаған жерден жабысатын дерт қой.

Ол кезде Шәрбану Ырза Қунақовамен өте сырлас, арасынан қыл өтпейтін дос болатын. Ал Ырза Фаризаның редакция­сын­да жұмыс жасайды. Мен «Жұлдыз» журналында ақын Мұқағали Мақатаев­пен бір бөлімде отырам.

Таңертең жұмысқа келген бетте Фариза телефон шалды.

– Бүгін түскі шәйді біздің редакцияда ішеміз. Дастарқанды Ырза дайындап жатыр. Шәрбану әдебиетті насихаттау бюросымен елге барып қайтқан, бір жаңалық әкелген дейді. Анық-қанығын өз құлағыңмен өздерінен естірсің, – деді.

Қазіргі Көкбазар жанындағы Баспалар үйі ол кезде ғажап көңілді сияқты болатын. Қалам ұстаған журналистер мен ақын-жазушылар, газет авторлары бірі кіріп, бірі шығып, пікірлесіп, сөйле­сіп, жазғандарын редакцияларға апарып, сәлемдесіп, сырласып, у-шу боп жү­ретін. Жиналып шәй ішетін де уақыт табылатын. Біздің де шәйіміз бұл жолы әрі дәмді, әрі көңілді болды. Шәй үс­тін­де Ырза қуанышы қойнына сыймай тұр­ған адамша ынтыға сөйлеп, көзі кү­лім­деп:

– Қыздар-ау, сіздерден мен сүйінші сұрағалы тұрмын. Біздің Шәрбан сыңарын тапқан! Осы сапарда бір ғажап өнерлі жігітті кездестірген, оны ұнатқан, өзі де ұнаған. Серт берісіп, сөз байласып қайтқан. Міне, өзі отыр, кешікпей той жасаймыз! – деді.

Шәрбан  да жылы жымиып, бақыт­тың құшағында балқып отыр. Бір қалам­дасы­мыз­дың  жар тапқанына неге қуан­басқа?! Біз де құптап, қуанысып қалдық. «Әйел – қырық шырақты» деген ғой, өзі әнші, өзі биші, қаламы бар, келбеті де келісті Шәрбану бақытты болуға лайық деп қуанып тарадық шәйдан.

Кешікпей, күткен күйеу де жетті. Ал­ма­тының бір ресторанында шағын той өткіздік. Тойға Әбіш Кекілбаев бастаған Шәрбанудың курстастары келді. Асанәлі Әшімов Майрасымен болды. Жазушы, әртіс, ағайын-туыс Шәрбанның анасын ортаға алған көңіл­ді кешті бірге өткіздік. Күйеу Аралдан келген Төлеу Қосанов деген сөз десе – сөзі, ән десе – әні бар, пішім де мол, ше­­шен сөйлейтін, адам жатырқауды біл­мейтін көпшіл, пысық жігіт болып шықты.

Кештің орта тұсында ұлы сатиригіміз Оспанхан Әубәкіровке сөз берілді. Көңі­л­­ді қауым жымыңдап күле баста­дық. Оспанхан аға, негізі, шаршы топта суырылып сөйлемейді. Өзі жазған Ыдық-быдық – оның өзі. Ыдық-быдық сияқты бірер сөйлем айтады, ал жаз­ға­нын оқысаң ғой шегің түйілетіні. Жұрт назары түгелдей сатирик жазушыға ауған, тыңдап отырмыз. Ол болса, бір қорапты ашып әуре. Бірнеше қағазға орал­ған сыйлығын «тауып алды». Шыдамсыз біреу айқайлап жатыр. «Әй, Оспанхан, болсайшы! Ол не сыйлық таптырмайтын соншама?». «Асықпа», – дейді сатирик.

Одан төсқалтасын іздеп, арнау өлеңін тауып, оқуға кіріседі. Сондағы өлең:

Шәрбанжан, түстің бүгін келін болып,

«Танкібай», сен де жеттің ебің болып.

Екеуің бұдан былай ажыраспай,

Мәңгіге қалыңдаршы желімделіп.

Сыйлығым – «Суперцемент» деген темірді де, ағашты да қатырып тастайтын клей.

– «Танкібай» дегенім – Төлеу. Мен оны танкі деген сөзден алдым, – деді.

Сатирик ағамыздың сөзіне Фариза көзінен жас аққанша күлгені есімде. Бұл тойда мен Фаризаның өте көңілді болғанын бірінші рет көрдім десем, өтірік емес. Сол кеште күлкінің жоспарын бәріміз де орындадық. Өйткені, той қонақтарының арасында «бөтендер» болған жоқ. Жазушылар, ақындар, әртістер, ылғи таныстар.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір