САХНАДАҒЫ КӨРІНІС – ӘЛЕУМЕТТІК ШЫНДЫҚ
22.02.2016
3736
1

про разводы3М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры орыс драматургі А.Володиннің «Қоштасқым келмейді!» спектаклін қойды. Драманы аударып, сахналаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.Бірнеше отбасының тағдырын алға тарта отырып, бүгінгі қоғамдағы әлеуметтік, психологиялық  мәселелерді қозғаған қойылым туралы театртанушылардың ой-пікірі төмендегідей.


 

Аманкелді МҰҚАН,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты театр және кино бөлімінің меңгерушісі:

– Театрдың Кіші залын жас режиссерлер­дің экспериментті ізденістерін танытатын орын­ға айналдыру театр үшін тиім­ді, бұл ­мәселе мамандар тарапынан да бұрыннан ай­тылып келе жатқан болатын. Биыл 90 жыл­дық мерейтойын атап өтетін театрда осын­дай тәжіри­бе­лік бағыттың басталғаны құп­тарлық жәйт.

Британдық Economist атты белгілі ба­сылымның 2015 жылғы статистикалық са­нағы бойынша ажырасудан Қазақстан әлем елдерінен алғашқы ондыққа кіреді екен. Ал еліміздің статистика агенттігі берген соңғы мәліметтерге назар аударсақ, 2014 жы­лы 160 мың отбасы құралса, 52 мың жұп айы­ры­лысып кетіпті. Бұл – әрбір үш отба­сы­ның бі­реуі ажырасып жатыр деген сөз. Бір қа­рағанда, бұл тек сандар тізбесі ғана секілді, бі­р­ақ байыптап қарағанға, бұл көрсеткіш ұлт болашағы үшін оңай қауіп емес. Әлеуметтік ах­уал осындай болып тұрған шақта жаңа спек­­такль көрерменге көп ой салатыны сөзсіз.

Режиссер отбасылық кикілжіңнің неден туа­тынын, неге апарып соғарын түсіндіруге ұм­тылады, қойылым арқылы халыққа ой тастағысы келеді.

А.Володиннің бұл шығармасы кеңестік дәуірдің тоқырау жылдары (1972) жазыл­ғаны­мен көтерген мәселесі, айтар ойы ес­кір­­ме­ген, психологиялық иірімдері мол. Шы­­ғарма­дағы отбасылар осы өмірде бар, бір-біріне ұқсамайтын, бірақ проблемалары ұқсас тұрғындар. Көз алдымызда адамдар.., адам­дар.., қанша адам болса, соншама мі­нез-құлық, көңіл-күй, қызуқанды бейнелер галереясын көреміз. Театрдың бірнеше буын актерлер құрамы сахна алаңқайында бос орын қалдырмайды. Режиссер орындаушылар құрамының көптігін тиянақты, жинақы пайдалана білген.

Академиялық театрдағы алғашқы жұмы­сы­­на уақыт сынынан өткен драматургиялық материалды таңдау арқылы режиссер ұтым­ды қадам жасаған. Екіншіден, сол мате­риал­дың ішкі өзегін айқындап, оны түрлі кейіп­кер­лер образымен ашуға бар күшін салған. Қойы­лым­­да актерлердің орындаушылық шеберлі­гін шағын эпизодтық көріністерден анық көру­ге болады. Десек те, бұл құ­бы­лыстан спек­­такль­дің көркемдік сапасын тү­сіру, бастап­қы ой идеясы мен режиссерлік ше­ші­мі­нен ажырап қалу қаупі жоқ емес. Бұл бірі екіншісіне ұқсамайтын екі құрамдағы актерлер ойынын тамашалағаннан кейін түйген ойымыз.

Қазақ сахнасына ыңғайланған шығар­ма­­ның азын-аулақ өзгерістерге түскені, то­лық­тырылғаны байқалады. Аудармашы-ре­жиссер жас жұбайлар Митя мен Катя ара­­сын­дағы істің мән-жайына әу бастан тү­сінік бере кетуді жөн көріп, олардың түсі­ніс­пеушілігіне себеп ретінде Катяның фо­тосурет­шімен «махаббаты» жайлы тарихты алға тартып, өз тарапынан шағын кіріспе жазыпты. Спектакль де осы кикілжіңнен бас­­талады. Драматургтың ертеде жазған ма­териалын сахналауда жергілікті көрер­мен­нің сұранысы мен уақыт талабын ескеру құп­тарлық. Бірақ спектакльдің алғашқы ак­кордынан бастап-ақ кейіп­керлер­дің үзік-үзік диалогтары көрерменге кереғар пікір қалыптастырады. Бұл, біздіңше, кейіпкерлер мінезін ашып, келбетін айқындайтын сөз­дерге атүсті қараудан туындаған. Қойы­лым оқиғаның қай ортада, қай уақытта болып жатқандығы жайлы ақпарат бере алмай, көрерменді екіұдай күйге түсіреді. Режиссер ұстанған шарттылықпен келіскенімізбен, спектакльдің екінші жартысында Катяның, жүк машинасы қағып кете жаздағаны жайлы сөздеріне Алматыдағы баршаға таныс Абай көшесін қоса айтуын немесе Мироновтар отбасы сахнасында кейіпкердің сотқа Айгүл, Нұргүл есімді қыздары өсіп жатқан­дығы жайлы анықтамалар көрермен құла­ғына оғаштау естіледі. Осы тұста режиссердің жанрдың стилистикалық тазалығын аяғына дейін бірізділікпен алып шыққаны жөн болар еді.

Қойылымның көркемдік тұтастығына ар­қау ретінде неміс композиторы Ф.Шуберт­тің «Кешкі серенадасы» таңдап алынған.Му­зыкалық фрагментті режиссер көрер­менге «қуырып та, асып та, пісіріп те» берді. Сөзсіз, жағымды музыка, көрермендердің бәрі сол «Серенаданы» ыңылдап айтып, түні бойы миынан шығара алмаған да болар. Дегенмен, спектакльді музыкалық тұрғыдан әрлеудің басқа да жолдары бар-ау деген ой келді. Мүмкін қателесермін…

Спектакльдің басынан-аяғына дейін оқиға желісін үлкен экраннан әр сахнаға сай фо­тосуреттермен иллюстрациялау басы ар­тық дидактикалық қайталауларға ұрын­дырған. Режиссер мен қойылым суретшісі Е.Тұяқов тарапынан көрермендер сахнадағы оқиға желісіне ілесе алмай қалар-ау деген се­німсіздік байқалады. Бұл – жаңа спектакльден алған алғашқы әсеріміз. Қойы­лым­ның өзге компоненттері, актерлік ойындар, салыстырмалы талдаулар жеке, арнайы тоқ­тауды қажет етеді. Мұндай тақырып театр ре­пертуарына қажет екені белгілі, тек біраз пісіп-жетілген соң, көрерменге бұдан да жақ­сы әсер етеді деген ой бар.

 

Салтанат ӘБІЛҒАЗИЕВА,
театртанушы:

– М.Әуезов атын­да­ғы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында 1986 жылы А.Володиннің «Кесіртке» пьесасы бойынша ре­жиссер С.Асылханов «Мың жылдық арман» спектаклін қойған болатын. «Қоштас­қым келмей­ді» драмасын режиссер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров сах­налады. Шығармашылық жолын Батыс Қазақстан облыстық драма театрында бас­таған режиссер көпшілікке Орта Азия мен Қазақстан театрлары фестивалінде жүлде алған «Хайуатхана» (Э.Олби), Ғ.Мүсірепов теат­рындағы «Қара шекпен» (Г.Хугаев), Бек­жан Тұрыстың 50 жылдық мерейтойына бай­ланысты «Ұлым, саған айтам…» (Б.Бе­дел­ханұлы) қойылымдары арқылы жақсы таныс.

Режиссер өз спектакльдерінде адам­ның­ жан дүниесі мен тағдырын терең зерттеуге тырысады. Қай қойы­лым­да да актер мен көрермен арасында шынайы рухани байланыс орнатуды көздеп, сахнадағы ойынның пафоссыз, барынша табиғи болуын жіті қадағалай­ды. Оның бұл ерекшелігі жаңа жұмысы – «Қоштасқым келмейді!..» спек­так­лінде де анық байқалды. Қойылымда жекелеген адамдардың өмірі арқылы жалпы қоғам мәселесі көтеріледі. Отбасы – шағын мемлекет, ал, рухани-адамгершілік құндылықтар тәрбиенің тал бесігі – отбасында қалыптасады. Қойылым авторлары­ның көрерменге айтқысы келгені де осы.

Спектакль теміржол бекетінде поезд кү­тіп отырған екі адамды көрсетуі­мен бас­талады. Алдыңғы планда жаңа­дан шаңы­рақ көтерген жастар Митя мен Катя. Көпшілік арасынан шығатын тағы жеті ерлі-зайыпты ендігі жерде жұп­тасып өмір сүрудің еш мәні жоқ еке­нін ұғынады. Оқиғалар желісі өмір­дің сан түрлі сынақтарына ұшырап, ажы­расуға бел буған сол адамдардың тағдыры арқылы өрбиді. Бұл ретте қою­шы-режиссер мен актерлер көп еңбек­тен­ген. Актерлер өз­дері сомдаған тағ­ды­ры әр түрлі кейіпкер­лердің жан дүниесін ашуға, жай күні көзге көріне бер­мейтін, тек жүрекпен сезінетін нә­­зік байланысты нәзік  жеткізуге ұм­ты­лады. Сүйген жарға деген махаббат, қи­мас­тық сахналары ерекше лири­ка­лық әсерге толы.

Спектакльдің негізгі желісін алып жүре­тін Митя рөлінде актер Азамат Сатыбалды, ал, Катя – актриса Зарина Карменова. А.Са­тыбалды өз рөлінің кілтін жақсы тап­қан. Оның кейіпкері – сырт көзге өз-өзіне сенімді, намысқой жігіт, ал, оның ішкі арпалысын бірде елеусіз штрихтардан, енді бірде аста-төк эмоциясынан көреміз.

З.Карменова осы театр сахнасында А.Чеховтың (ауд. Ә.Бөпежанова, реж. Р.Андриасян) «Апалы-сіңлілі үш­еуін­де» Ирина, Ж.Ерғалиевтің (реж. Е.Нұрсұлтан) «Қас-қа­ғымында» Жазира сынды бейнелер жасаған жас актриса. Оның кейіпкері махаббат бар жерде кіршіксіз сенім болуы керек деген қағиданы ұстанады. Сондықтан да күйеуінің алдында есеп беріп, ақталуды өзіне намыс көреді. Актриса Катяның ішкі жан-дүниесін, жұбайына деген махаббатын, қоштасқысы келмейтінін шынайы түрде бейнелейді.

Митя мен Катя рөлдерін келесі құрамда жас актер Абзалбек Асхатұлы мен актриса Сал­танат Бақаева орындады. Бұл актерлік жұптың ойынынан балаң сезімнің шынайы­лығын көре алдық. Катяны актриса ерке, ба­лаңды­ғы­мен есте қалатын кейіпкер етіп бей­нелейді. Бір-бірін сүйетін екі жас жар таң­дауда қателескендей, өзара ор­тақ еш­теңе байланыстырмайтындай күй кешеді. Дегенмен, олардың бір-біріне деген махаббатын көздерінен байқау қиын емес. Тәкап­парлау Митяның жанын жылытқан Катяның бойынан албырт сезімнің ұшқыны сезілді. Ал, Валерамен (актер А.Шаяхметов) диалог сахнасында айғайла­ға­ны ак­трисаның әлі де шыңдалуы керек екенін байқатады.

Жас актер А.Асхатұлының орындауында Митя еркін де ерке, тәкаппар, бір жағынан әлсіздеу жігіт. Жасы кейіп­керімен шамалас болғандықтан актер­дің ойыны табиғи шық­ты десек, қателес­пейміз. Ол барынша шынайы болуға тырысты. Қойылым соңында жарына деген күдігі сейіледі. Жарын шын сағынғанын, қоштасқысы келмейтінін жан жүрегі елжіреп, ерекше қимастық­пен жет­кіз­ді. Кей тұста жас актердің тәжірибесінің аздығы байқалды, қо­балжыған, толқыған сәттері де болды.

Ажырасуға мәжбүр болған ендігі бір отбасы – Козловтар мен Мироновтар. Козлов қа­рапайым жұмысшы, әйелі актриса. Козлова рөлін алғашқы құрам­да актриса Ш.Жа­нысбекова орындады. Өмір мен өнерді ажырата алмай, үнемі рөл ойнап жүргендей сезініп, сотқа келгенде де образға еніп кете беретін кейіпкерді актриса нанымды сомдады.

Козлованы екінші құрамда сомда­ған Д.Жүсіптің трактовкасы мүлдем бөлек. Оның кейіпкері бір жастыққа басы түйіскен екі адамның дүниетаны­мы­ның алшақ­ты­ғынан жапа шегеді. Көйлегінің етегіне қай­та-қайта шалынып жүрген, ептеп қызып ал­ғандай көрінетін әйел, кейде аянышпен қа­рауға мәжбүр етеді. Дегенмен де, кей тұста актрисаның рөлді әсірелеп алатыны байқалады.

Қойылымда ерекше есте қалар бейнелер аз болған жоқ. Солардың бірі – Никулина рөліндегі актриса К.Шаях­ме­то­ваның ойыны. Ол сахнада өмір сүреді, әр сөзі анық, шы­найы, жүректен шығады. Кейіпкер Никули­наның күйеуінен, өзінен, өмірден жалыққанын актриса терең психологиялық иірім­дер­мен жеткізе білді. Бұл кейіпкерді келесі премьерада Ә.Сайлауова орындады. Жас актриса кейіпкерінің күйеуі­мен арасындағы келіспеушілік­тер­ден туындайтын ішкі қыжылын, ажырасудан кейінгі қуанышын пластикамен ұтымды жеткізеді. Дегенмен, біздіңше, рөл өрнегі әлі де ай­шық­тала түсуі тиіс. Әзірге ішкі психологиялық тебіреніс кемдеу түсіп жатыр.

Театрдың бірнеше буыны қатысатын қойылымдағы рөлдердің бәріне бірдей тоқ­тау қиын, десек те Әйел рөліндегі актрисалар Ғ.Әбдінәбиева, Д.Те­мір­сұлтанова, Миронов – Б.Тұрыс, Никулин – Ж.Толғанбай, Шумилов – Ғ.Ос­панов, Ж.Садырбаев, Козлов – Е.Да­йыров, Керилашвили-Ж.Бай­сал­бековтер шебер ойын көрсет­ке­нін айту парыз.

Спектакльдің лейтмотивіне авст­рия­лық көр­некті композитор Франц Шуберттің «Кеш­кі серенада» әні алынған. Бұл клас­сикалық туынды спектакльдің өн бойында кейіп­кер­лер­дің көңіл-күйлері мен тағдыр талайына қарай әр түрлі рефренде есті­ле­ді.

Сахнада декорация жоқтың қасы. Ортада темір кереует және кейіпкер­лердің қол­дарындағы қолшатырлар мен шабадандар ғана. Шабадан көп фун­кцио­налды, ол бірде ажырасудың, бірде ірге-тіректің символы. Спектакль соңында кейіпкерлердің барлы­ғы шабадандарымен алға шығып, жас отаудың қабырғасын биіктете қалап шығатын үнсіз сахна өте әсерлі.

Сахна өнерінің негізгі мақсаты – қоғам мен әлеумет өмірінің көркем бейнесін өз уа­қытымен үндестіре жасау болса керек. Бүгінгі күнмен үңдестік тапқан «Қоштасқым келмейді!..» осы мақсат үдесінен шықты. Қойы­лымда режиссердің, сондай-ақ, актер­лердің де ой-толғам, позициялары шынайы айшықталған.

 

ПІКІРЛЕР1

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір