КЕРІКЕТКЕН
22.02.2016
1566
0

встав-3Телефон тыпыршыды. Трубкасын кө­тердім. Арғы жақтан:

– Ало-оу, квартира ма? – деген жас жі­гіттің дауысы естілді.

– Иә, – дедім мен.

– Сіз Пәленше Түгеншеев пе?

– Иә, төбесінен түстің, соның дәл өзі­мін, айналайын.

– Айналайын емес, мен Керікеткен Берікелмесович.

– Жарайды, түсіндім, Керікеткен.

– Мен емханадан звондадым.

– Рахмет, Керікеткен, жайшылық па?

– Агашка… сіз өлесіз…

– Не-е, не-е деп сандырақтап тұр­сың?! – Тынысым тарылып, жүрегім ау­­­зыма тығылды. Әрі үйде ешкім жоқ еді. Өзімді өзім ұстауға тырыстым.

– Сіз өлесіз.

– Әй, найсап, оны кім айтты саған?

– Мен Найсап емес, путаете с другим че­ловеком. Сізге айттым, мен – Кері­кет­кен.

– Кері кетсең, кері кеткен-ақ неме екен­сің, тағы не айтқың келеді?

– Сіз осында келіңіз, агашка, бәрібір өле­сіз.

– Апырым-ай, мынаның жағы қа­рыс­пады-ау! Ей-и-й, Керікеткен, сонда жаналғыш сенсің бе?.. Жоқ.., әлде.., кім қа­шан өлтіреді?

– «Ей» не говорите, мен врач.

– Жарайды, врач мырза, мені кім өл­тіреді деймін? – Көзімнің алды тұ­ман­­данғандай болды.

– Агашка, осында келіңіз. Сіз бәрібір өле­сіз. Справка керек.

– Қандай справка, өлгенім туралы ма? – Мына жетесіздің ызасы-ай, – деп іш­тей күйініп отырмын.

– Иә, өлген туралы. Осында келі­ңіз.

– Керікеткен, мен әлі тірімін ғой. Справканы әзір қоя тұрсаңшы. Өлген соң балаларым барып алар.

– Жоқ, агашка, біз оларға бермейміз. Сіз келіңіз.

– Сонда өзімнің өлгенім туралы справканы өзім алуым керек пе? Ол не үшін керек?

– Сіз өлесіз. Справка жоқ, жер жоқ.

– О, Құдайым-ау, не деп тұрсың? Сон­да өлгенде жер де бермейсіңдер ме?

– Иә, справка жоқ, жер жоқ.

– Апырым-ай.., өлесің… справка… жер… Тықақтап болмадың-ау. Ал айтшы, қай жерге барайын?

– Ана көше мен мына көше пересекает. Поликлиника. Бірінші этаж. Направо, компьютерный центр.

– Сонда не, компьютермен өлтір­мек­сің­дер ме? Кімге, саған барайын ба?

– Осында қыздар бар. Келесіз, заяв­ле­ние жазасыз… Агашка, пока!

– Мына жетесіз не дейді тағы? Мені өл­тір деген заявление ме? – Ол естіместен трубкасын қоя салды. Мен есеңгіреп ба­рып, диванға жығылдым. Көзімді тарс жұ­мып, өзімді-өзім сабырға шақырдым. Бі­раз уақыттан соң есік қоңыраулатып, ке­лінім мен кіші немерем келді.

– Өңіңіз неге қашып тұр? –деді келі­нім.

– Жай әншейін, ештеңе де болған жоқ, айналайын, – деп барып бетімді суық сумен жудым. Немерем мойныма мініп, бөлмеден-бөлмеге дедектетті. Бір­тін­деп есімді жиғандай болдым.

Есіме қайта-қайта телефондағы әң­гіме түсіп, мазам кете берді. «Тексіз най­саптың «өлесіңі» несі? Кім жұмсап отыр екен! Әрі емханадан дейді. Әлде, құр­дастардың бірінің жетесіз ойыны ма екен. «Қорқыт, қорқыт дегенде осылай қорқыт деп пе едім» демекші, қалжың­ның да жөні бар емес пе?..». Осындай сансыз сұрақтардың шырмауымен күнді де батырдым. Бірер кесе шайдан басқа кешкі тамақ та батпады. Түнімен көз ілмей дөңбекшіп, атар таңды көзбен атырдым. Таңертеңгі жұмыс уақыты бо­ла кеңсеге телефон шалып, емханаға баратынымды айттым. Баламның құ­лағы шалып қалып:

– Жайшылық па, әлде бір жеріңіз ауы­рып жүр ме? – дейді.

– Еш жерім де ауырмайды. Мекемеден қанның группасын қайта анықтауды тапсырып еді, – дей салдым.

Емхана есігінен кіре салған қарсы ал­дыдағы «Анықтама» бөліміндегі ақ халатты «қиық қас» қайда баратынымды сұрады. Керікеткен Берікелмесович телефонда кел дегенін айттым. Ол оң жақтағы екінші есікке кіруге жөн сілтеді. Онда компьютерлеріне үңілген төрт-бес қыз-келіншек отыр екен. Керікеткеннің шақырғанын айттым. Бірі ыңғай та­нытқан соң қасына бардым. Ол емхана компьютерлендіріліп, бас дәрігердің ауысуына байланысты құрылымы өз­геріп жатқанын түсіндірді. Стол үстінде жатқан үлгі бойынша өтініш жазуым керек екен. Онда:

«№4 емхананың Бас дәрігері

Сылқым Сырғалы ханымға (өз аты-жөнім, мекен-жайым көрсетілуі керек).

 

 

Өтініш

«Менің сізге өтініш беретін себебім, мені емханаға қайта тіркеуіңізді өтінемін», – делінген.

– Дұрыстап жазсам қайтеді, – деп едім, «Үлгіні» бұзуға рұқсат етілмейді екен. Орта жастағы дәрігер ханымға Керікет­кен­мен телефонда болған «әңгімені» «тұ­таттым». Ол кісі күлімдей күрсініп алып, басқаларға естіртпей:

– Бір мықтының қазақшасы да, түсінігі де шолақ еркесі. Онымен «тұшымды» сұх­баттасқандардың кейбіреулерінің «жедел жәрдем» шақыртып жатқандары да бар. Көңіліңізге ауыр алмағаныңыз жөн, – деп басу айтты.

Сондағы оның айтпағы: Емханаға келіп, қайта тіркеуден өтпесеңіз, жаман айтпай жақсы жоқ, қайтыс бола қалған жағдайда «қайтыс болды» деген анықтама берілмейтінін, ондай анықтамасыз, қала басшыларының шешімі бойынша көметін жер бөлінбейтінін жеткізу екен.

Тексіздің жетесіз сөзі жүрегіңе қанжар­дайын қадалар деген осы болар.

Тынысты келте үздіретіндер де осындай керікеткендер-ау…

Еркін ЖАППАСҰЛЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір