ХАН-ТӘҢІРІ ҰЛАНЫ
22.02.2016
1623
0

fc75adb1d51b65280fc2d160fbb3393fҚазақта Мұқағалидың есімі аталғанда елеңдеп, құлақ түрмейтін,  жоқ дегенде ақынның  бір өлеңін жатқа оқымайтын жан жоқ шығар, сірә. Жоғары жақтан ешқандай ұйымдастыруды қажет етпей-ақ жылда ақпан айының басында ақиық ақынды еске алып,  оның жауһар жырларын  төгілте оқып,  оған деген сағыныштарын арнау өлеңмен жеткізу  өз-өзінен дәстүрге айналып кеткелі де біраз  жыл болды. Хан-Тәңірінің мұзбалағына теңелген ақынның туғанына 85 жыл толуына  және  «Мұқағали Мақатаев атындағы қордың» он жылдығына орай  ақынның келіні, аталмыш қордың төрайымы  Бақытгүл Қыдырбайқызын әңгімеге тартқан едік…

– Бақытгүл апай, өзіңіз басқаратын « Мұқағали Ма­қатаев атындағы халықаралық қоғамдық қор­дың» ашылғанына да 10 жылдай уақыт өтті. Осы уа­қыт­та қандай жұмыстар жасалды? Жалпы, қорды ашудағы алғашқы идея қайдан келді?

– Иә, атамыздың атындағы қордың құрыл­ға­нына биыл он жыл толды. Бұл қор Лашын ана­мыз­­дың арман-тілегінің арқасында дүниеге келген болатын. Ол кісі газет-журналдардан, те­­ле­­ди­дардан әр түрлі қорлардың бар екендігін кө­ріп: «Әкелеріңнің атына қор ашқандарың дұрыс», – деген ұсыныс айтты. 2006 жылы қор өз жұ­мысын бастады. Осы жылдар ішінде оның  бізге қалдырған мол мұрасын жинақтап, жұрттың игілігіне жарату жолында біраз шаруалар атқардық. Ақынның көзі тірісінде шығарылмай қалған біраз шы­ғармалары бар екен. Сол дүниелері мен ақын­ның қол­жазба­ларын, күнделігін қайта жинастырып, жарыққа шығардық. Бұрынғы кі­тап­та­рын оқырмандардың өтініші бойынша қайта бас­тырдық. Өздеріңіз көріп жүргендей, ақынның әр туған күніне мекере­келік шаралар ұйым­дас­тыру­ды дәстүрге айнал­дырдық. Алғашқыда төрт жыл қатарынан ақынның өлеңдеріне жазылған әндерден концерт өткіздік. Өкінішке қарай, соңғы жылдары қаржы тапшы­лығына байланысты арасы сиреп қалды. Биыл тәуелсіздіктен кейінгі жылда­ры шыққан «Таң­дамалысын» қайта шығардық. Ата­мыздың туғанына 85 жыл толу мерейтойына орай Респуб­лика Сарайында үлкен концерт өтті.

– Қоғамдық қордың қазіргі таңдағы атқарып отыр­­ған міндеті қандай? Халық оны қалай қабыл­да­ды?

– Бұл қор халыққа кеңінен танымал болды деп айтуға болады. Ақынның шығармашылығына деген халықтың сұранысы өте жоғары. Ән-жыр ке­ші бір жыл өтпей қалса жұрт: «Неге концерт өт­кіз­бейсіздер? Біз күтіп жүрміз…», – деп хабарла­сып жатады. Қанша кітап шығарсақ та жетпейді. Ха­лық сағынып, күтіп отыратын сияқты. Биылғы ата­мыздың 85 жасқа толған туған күніне және қор­дың он жылдық мерейтойына орай алғаш рет Мұ­қағали атындағы арнайы төсбелгілер дайын­да­дық.Бұл төсбелгі соған лайық ақын-жазу­шы­ларға, атамыздың сөзіне жазылған әндерді орындайтын өнер саңлақтарына берілді. Бес жылда бір рет лауреаттық тағайындаймыз. Жалпы, халықтың сұранысын толықтай қанағаттандыру мақсатында қор тынымсыз еңбек етуде.

– Алдағы жоспарларыңыз туралы сөз қозғай кетсеңіз?

– Жылдың аяғына дейін де біраз жұмыстар жаса­­сақ деген ойымыз бар. Қарттар үйіндегі ағ­айын­дарға да ән-жыр кешін өткізіп, қамқорлық жасасақ деген ойымыз бар. Оның сыртында балалар үйіне де бару жоспарда бар.

– Республика Сарайында өткен концерт халық­тың көңілінен шықты деп ойлайсыз ба?

– Биылғы концерт бұрынғылармен салыс­тыр­ғанда, халыққа өзгеше әсер етті. Өйткені, атамыз­дың сөздеріне соңғы жылдары жазылған тың ән­дерді ұсындық. Қытай Халық Республикасынан келген әншілер жанды дауыспен, адырна, жетіген сияқты қазақтың көне аспаптарымен сахнаға шықты. Халық жақсы қабылдады. Кештен кейін де көрермендер жылы лебіздерін білдіріп жатты. Соған қарағанда, жоғары деңгейде өтті ғой деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Г.СЫДЫҚОВА.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір