ӘДЕБИЕТКЕ ОРАЛУ
12.02.2016
1310
0

bf5156ffbf228c287364475d3cb704bfНЕМЕСЕ

ТАРАЗЫНЫҢ ЕКІ БАСЫ…

Әлқисса…

Қиямет-қайым орнағанда адамзат, барша тірі жан Маһшар алаңына жиналады. Тірі өледі, өлі тіріледі… Жақсы амалымыз бен жаман ісіміз Хақиқат таразысына тартылып, қай жақ басым түссе, соған қарай үкім де шығарылады. Жұмақтың жұпар иісі мен Тозақтың тоқсан мың қиындығын жасырған қос есіктің қайсысы пендеге, қаражүзді пендеге ашыларын ешкім білмейді. Алланың «тоқсан тоғыз есімі» адам үшін аян болғанымен, тереңіне барғандар бірен-саран-ау. Егер Құдіреті күшті Құдай әдебиетші болса, Бізді – адамдарды талғамсыздығымыз үшін, жаманды жақсы, жақсыны жаман деп таныған талғамсыздығымыз үшін, «өткінші кезеңнің» өтірігіне сенгеніміз үшін, бір-бірімізді орынсыз мақтап, бір-бірімізді даттағанымыз үшін, тапсырыспен – «заказбен» тұқыртып, әдебиет айдынынан аластатқымыз келгені үшін жазалар еді.Жаратушыға жалбарынып, күнәміз үшін кешірім сұрайық. Кешірімгерлер арғы өмірде ақырғы пайғамбар Мұхаммед Мұстафа саллалаһу әлейһи уәссалламның Ақ туының астынан табылуға жазсын дегіміз келеді. Аумин!


 

АЛАҚАНДАҒЫ АЙ…

Ескі Ай есірке, жаңа Ай жарылқа!

Жас жазушы болсын, аты қалыптасқан қаламгер болсын Сөз өнерінің құдайы… Зевстен немесе Зевстерден шығармасының оқылғанын, танымал болғанын сұрайды. Поэтика пойызы Муза аялдамасынан түсіріп кетсе де Олимпке жеткені бар, жетпегені бар. Екі тізесі қан болып орта жол­да қалғандары қаншама…

Дегенмен бір нәсте анық…

Белгілі бір туындыға деген сүйіспен­ші­лік­тің халықтық сипат алуынан ортаны, кезеңді, ой-сана деңгейін, мұңы мен арман-аңсарын аңғара аламыз. Уақытын­да қатты мақталған шығармаларға бүгінгі күн биігінен қарасақ, кей сәтте «халық­тық», «жалпыхалықтық», «халық талға­мы» деген дүниенің өзі күмәнді көрінетіні несі екен, осы?! Әлем жұртын зерттейтін әлеуметтану ғылымы наданданған топқа «тобыр» деп ат қойып, айдар тақты. Бұ күндері осы сөзге ауыз үйренгені сонша­лық, оп-оңай айта салатын болдық. Өкі­ніш­ке қарай, тобыр жел сөзге ергіш, өзін­дік пікірі, ұстанымы, үлкен мақсаты жоққа тән. Со тобырдың ішінде Сіздің – ініңіз, Оның – бауыры, Менің – ағам, Біздің – қазақ бар ғой. Бұқаралық сана тұрақсыздау келеді. Олар үшін мода күнде өзгереді (моданың өзі өзгеру ғой). Ойлы ортаға ортақол көрінген жазушы Олар үшін классикпен тең. Өзіндік ой, жалпы ОЙ ауылынан алыстап кеткен тобырлық дүниетаным үстемдік құрып, құндылық­тар­ды үсті-үстіне төпелеуде. Жан-жаққа жар салған жарнама қандай әдеби тауарды насихаттап жатыр, оның мән-маңызы қаншалықты, оқуға тұрарлық па, әлде көркемдік дәрежесі, эстетикалық әсері төмен бе?.. Уақытты да, заманды да кінә­лау­дан аулақпыз. Кінә өзімізде. Өз мінін, өз кемшілігін білмейтіндер мін­бер­ден кесек-кесек сөйлейді. Сөйлегенде бүй дейді: «Мен шығармашылықтың шыңына жеттім. Қазір менде сұхбат беруге уақытым жоқ. Менен кейін ерген іні-қарын­даста­рыма айтарым – менен үйренсін». Бұл шың емес, шыңырауға құлау ғой. Тозығы жеткен дүниені көпшілік озық ретінде қабылдайтыны өкінтеді. Теледидардың арғы жағында отырып бүкіл елге билік айтудан еш ұялмайды. Жеткен жеріміз осы. Тірелген.

Бүгіндері аспандағы Айды алақанға қондыру өте оңай. Тек оның жолын, әдіс-тәсілін біліп, тамыр-танысыңыз болса болғаны!.. Қазір жұлдыз Көкте емес, Жерде.Кешіріңіз, жұлдыздар. Мына Ғарыш барған сайын кеңейіп барады. Жоғарыда қанша аспан денелері бар екенін анықтау тіпті мүмкін емес. Шексіздік, Құдай шексіздігі осында байқалады. Сол секілді, бүгінгі қазақ қоғамында да жұлдыздар жетерлік. Шексіз деуге келмес, енді. Өйт­кені, шексіздік тек Аллаға ғана тән. Одан бұрын халық көретін, халық сүйетін, ха­лық оқитын, халық тыңдайтын дү­ние­лер­­дің мазмұны, ішкі сипаты өзгергелі өтірік айтпасақ, он бес жылға жуықтады. Дүбәра. Қайта Біз Тәуелсіздік алған кезде қазақ күйін, қазақ ой-санасының өсіп-жетілуін көбірек ойлаған сияқтымыз. Тоқырау таңбасын салып үлгерген тоқ­са­ныншы жылдың… аяғына таман ұйым­дастырыл­ған айтыстың бейнежазбасын көріп отырып, ойға қалады екенсің. Со кезге деген сағыныш бар ма қалай, өзі?! О кезде баламыз ғой. Сонда да «көксандық­қа» телмі­ре­тінбіз. Телміртетін магнит болғандықтан шығар деп ойлаймыз… Айтыста отырған ха­лықтың жүзінен шынайылық пен қуаныш байқалатын. Еркіндік бар, тату­лық бар… Залда отырған қазіргі билік ба­сын­дағы ағаларымыз бен зиялыларымыздан салыстырмалы түрде алғанда тазалық, арлылық, қамқорлық, кішіпейілдік, қа­ра­пайымдылық, сүйіспеншілік сезілетін. Ол уақытта айтыс дамыды, бірақ әде­биет­тегі жастар бала-шаға қамы үшін базар жа­ғалады. Біреу картоп сатты, біреу кітап, енді біреуі киім-кешек дегендей… Айналып келгенде, барлық кінәні халыққа жа­уып, адамзат күнәсін арқалаған Иса мәсіх немесе Будда кейпіне түсіп, мүләйімси қалудан асқан опасыз тірлік жоқ (бір жағынан алғанда). Айналаға қараңызшы… бәрі сөйтіп жүр емес пе?! Бәрі таза, бәрі арлы, бәрі талғампаз, шетінен. Тағы бір қызығы, бәрінің қолында АР атты таразы бар. Алады да өлшей салады. Сонда сенің талантыңды, мүмкін­ді­гіңді, әдеби потенциалыңды, жалпы алғанда бол­мысың бір килограммға да жетпей қалады. Кейін ойласаң Әлемдегі ең оңбаған, ең сұмырай, ең жексұрын, ең дарынсыз, ең, ең, ең сен болып шығасың. Бағана айттық қой, бүгін бәрі оңай. Ала­қандағы Айды уатып жіберуге дайынбыз. Патша көңі­ліңіз білсін! Егер білместікпен істесеңіз, Құдай кешіруі мүмкін. Мүмкін!

Ескі Ай есірке, жаңа Ай жарылқа!

 

ІШКІ ЦЕНЗОР

Мектептің жәйін білесіз…

Мұғалима қолындағы жорналдағы: «Қазақ классикасы» деген жазу көзіме оттай басылғаны бар. Тұтас қазақ әде­биетін екі-ақ тоқсанда еңсеріп тастадық. 5 алдық. Мәзбіз. Қуанышым қойныма сыймай үйге қайтып келе жатқанмын. Абайдың жинағын ары ақтарып, бері ақтарып, өзім де білмейтін бір себеппен хакімнің табиғат лирикасын қайта-қайта оқи бердім. Оқыған сайын көз алдыма «Жаз», «Қыс», «Күз» емес, Өмір, Өлім, Адам, Ажал, Мәңгілік елестеді. Абаймен ауыра бастадық…

Қатты бір әсерленіп жүрген кезімде үйдегілер тойға баратын болды. Аяқас­тынан. Ағамыз үйленді. Далада палатка жайылған. Ауылда ғой, енді. У-шу, ду-думан, ән-би… Бір топ еркек жинала қалыпты. Жандарына бардым.

– Жақын кел. Жақында. Жемейміз, – деді бір кісі аққумойын бөтелкені шетке қойып жатып. – Денсаулық үшін!

Бәрі алдындағы стакандағы арақты қағып салды. Ананы айтты, мынаны айтты. Біреуінің есіне қызы түсті ғой дей­мін, көзіне жас алды. Біреу өлген әкесін жоқтап әлек. Үшіншісі қыбын тауып бір қызбен танысып та үлгерді, қу ғой.

– Ей, бос әңгімені қойыңдаршы, осы, – деді әлгі еркек жанындағыларына жақтырмай қарап. – Одан да әдебиет туралы айтайықшы…

– Айтайық.

– Абай туралы.

– Иә, Абай туралы.

Абай қазақ дүниетанымына сіңісіп, бітеқайнасып, талғамын, ішкі талғамын қалыптастырғанын сол кезде ұққандай болдық.

– Абай деген мұхит. Біз со мұхиттың жағасында отырып, хал-қадерімізше су ішуге ынталымыз… – деді де бәрінің стаканына «ащы судан» құйып шықты.

– Ынталымыз! – деп қайталады оң жағында отырған ұзынтұра.

– Қараңдаршы, қандай ғажап!

Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті –

Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.

– Ғажап емес пе, а?

– Ғажап, ғажап!

Байлар жүр жиған малын қорғала­тып,

Өз жүзін, онан беріп, алар сатып.

Онан алып, тоқсаннан дәме қылып,

Бұл жұртты қойған жоқ па құдай атып?

– Қараңдаршы, дәл қазір айтыл­ған­дай.

– Тура бізге қарата айтылған ғой, мы­нау, – деді біреу Американы ашқан Колумбша.

– Бұл да Абайдан!

– Өлеңдері ұнай ма? Көңіліңнен шыға ма?

– Әрине.

– Абайдың бүкіл өлеңін Шәкәрім жазып бергенін білемісің, сен?

– Мүмкін емес.

Осы сөзден кейін той той болудан қалды. Күні-түні ойлайтыным, әлгі кісі­нің айтқаны. Есімнен кетер емес. Қи­налысым сыртқа шыққан сияқты.

– Не болды? – деп сұрады ағам.

– Осылай да осылай.

– Қоя салшы. Сол да сөз боп па? Еркін­бек те Сұлтанға сөз жазып беріп жүр ғой! Соны ұялмай қызына оқып берді…

Абай әлемі күйреп, көз алдымда құла­ғандай көрінді. Бірақ шайтани ойша ерік бермей, қайтадан сынықтарды сынық­шыша жинауға бейіммін. Абай ойшылдық әлемі опырылып ортаға тағы түседі. Тағы құрастырамын. Қимаймын. Кейін ойласам, қазақтың бойында тал­ғам­паздыққа құштарлықты оятыпты. Сол үшін қимап­пын. Арада ай өтті. Әлгі кісіні Алматыдан көріп қалдым. Саяхаттан. Ауыл мен қала арасында адам таситын. Таксист. Көргенде шыны керек, оны өлтіргім келді. Өлтірмес бұрын шындықты білгім келді.

– Өй, інішек, қалайсың?

– Ассалаумағалейкум! Аға, алдында Абай туралы айтқаныңыз рас па?

– Қай Абай?

– Құнанбаев.

– Е-е-е… Ой сен де. Баламысың деген… Өтірік қой бәрі. Сен ақынды қаншалықты жақсы көретініңді сынағым келді. Енді кең тыныста бала.

Уһ! Жүрегімді басқан қара тас домалап түсті. Ойша хакіммен қайта қауыштым. «Енді мен оны ешкімге бергім келмейтін шығар-ау» деген эгоистік ой келді. Кейін ол өзгерді. Абай қазақ талғамының негізін салушы екен. Абай – адамзатқа ортақ… Мен өз МЕНІМДІ жеңдім. Бұл – ұлы жеңіс еді!

 

HELLO

Абылай хан көшесімен төмен қарай құлдилап бара жатқанбыз. Жанымда досым бар. Алдымызда бір кісі. Шамасы, турист. Асығып барады. Ағылшын екен.

– О, Гамлет! – деді досым. Неге бүйт­ке­нін әлі өзі де білмейді. Құпия.

– YES, YES!

– Бұ шаһарға келгеніңізге қанша болды?

– 4! (Саусағымен көрсетті).

– Қандай мақсатпен?

– Әдебиет!

Әлгі азаматымыз кандидаттығына: «Қа­зақ аңыздарындағы кейіпкерлердің талғамға деген көзқарасы» атты тақырып таңдапты. Бір қарағанда, абстракция. Нақтылық жоқ. Абсурд. Далбаса. МС Сайлаубектің сандырағы сияқты. Шынында да солай. Бірақ! Бұдан шығатын қорытынды – ұлттың бойында талғампаз­дық алтын таразысы болған. Алайда, Біз оны кейін жоғалтып алғанбыз. Шоу, концерт, нашар шығармалар, адамдар, аюлар, иттер, құбыжықтар, өтірік сұхбаттар, бос сөздер, данышпандардың даналық дәрістері, бәрі-бәрі елдің еңсесін езіп, есін ауыстырды. Бұныңыз тап-таза Чеховтың «Палата №6»-ы ғой. Өздері есті, ел ессіз, сонда. Со шындыққа, өздері ойлап тапқан ақиқатқа бәрімізді сендіргісі келеді.

Әлгі ағылшынмен ұзақ әңгімелестік.

– Сендер қазақтар… өздеріңді әлі то­лық танып болмаған ұлтсыңдар. Мен бір нәрсені түсінбеймін. Соншама мұра тұр­ғанда, басқаға еліктеудің қаншалықты қажет?.. Сендер ақсүйексіңдер. Соны жо­ғалтқан күні өздеріңді де жоғалта­сың­дар… (Ойланып барып) Бүгіндері Еуропаға босқындар келіп жатыр. Толастамауда. Ол неден?

– Неден? – дедім мен досыма.

Ол да маған:

– Неден? – деді сұраулы жүзбен.

– Билік, Еуроодақ  талғамын жоғалты­п алған. Ал сол талғамды қал­пы­на келтіру үшін біз әдебиетке қайта оралып, жаңа дүниелерді, жаңа шығар­ма­ларды, тың материалдарды зерттеп, зер­делеуіміз керек. Сонда ғана алға жылжимыз! Солай емес пе, жігіттер? – деді жаман орысшасы­мен.

– Солай, солай. Бірақ… бір ғана сұра­ғым бар?

– Қандай?

– Сіздер неге талғамды сырттан іздеп жүрсіздер?

Жауап жоқ. Бұ сауал оның шамына тиді ғой деймін, боқтанды-ау, шамасы. Иә, боқ­танды.Қолын бір сілтеді. СОЛ қо­лын!..


 

P.S.: Бәріне бірдей жақсы немесе жаман көріну мүмкін емес. Абсолют адамға тән емес. Оң мен сол дегенде еске Абыл мен Қабыл, Асан мен Үсен түсетіні заңдылыққа айналған ба, а? Ал Біз үлкен мен кішіні, биік пен аласаны, кең мен тарды, ақ пен қараны ажыратып, өз-өзімізге келуге ниетті секілдіміз. Алайда, халық – көпшілік жүйкені жұқартқан Жүйенің қитұрқылығын сезіп, сергектікке ұмтылғысы келетін ойын орта жолдан кесіп отыр. «Ну, погоди!»-дағыдай ғой. Қасқыр жіппен көтеріліп келеді, қоян оны кеседі. Талғам, талғампаздық жібін кеседі. Бүгіндері қазақ мұрасы, қазақ өнері, қазақ мәдениеті, қазақ әдебиеті билік басындағыларға қаншалықты қажет болып тұрғанын түсіну қиындау шығар. Дегенмен, оған бола ұнжырғаны түсірудің қажеті жоқ деп ұғамыз. Себебі, ел болашағы елге ғана керек. Ал талғам бұл тек сөз өнеріне ғана емес, қазақ ұлтына, адамзатқа қажет құндылық.

Әлібек БАЙБОЛ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір