«НЕМЕРЕМДІ БІР ИІСКЕТШІ!..»
12.02.2016
2398
1

IMG_1256Қарттар үйі… Бұл – қилы-қилы тағдыры бар, көздерінде мұң басым жалғызілікті ата-әжелердің мекені. Күлгенінен күрсінгені көп мұндағылардың өзекті өртер өкініші де, асыл арманы да аз емес… Қартайған шағында ешкімге керексіз болып қалған, қадірі кеткен қариялардың тыныс-тіршілігімен етене танысып, олардан сыр суыртпақтауға тырысқан едік.


280 тағдыр һәм үміт

Ақтөбе қаласының іргесінде орналасқан қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйінің директоры Ермек Бейісқалиевтің айтуынша, 300 тұрғынға арналған мекемеде қазір 280-ге жуық тұрғын бар. Оның 160-ы ер, қалғаны әйел адамдар. Мұндағы мүгедек жандардың саны – 108. Өз  кезегінде олардың ішінде орыс ұлтынан шыққандардың қарасы басым – 115 адам. Өкініштісі, қазақ­тар да бұл жағынан қалыс қалмай отыр, олардың саны жоғарыда аталғандардан 15-ке ғана кем… Қалғанын өзге ұлттардың өкіл­дері толықтыратын әлеуметтік нысан­да­ғылардың орташа жасы 85-90 жасты құ­райды.

– Оларға медициналық көмек, түрлі тұр­мыс­тық қызметтер көрсетеміз. Мәселен, жақын­да біразын театрдағы жаңа қойылымды тамашалауға алып бардық. Мәдени-көпшілік шараларға мүмкіндігінше көбірек қатыстыруға тырысамыз. Мекемеде қарттар мен мүгедек­терге ұзын саны 175 адам қызмет етеді.

ЕРмек Бейскалиев (1)

Өздігінен жүріп-тұра алмайтын, ауыр халде жатқан жүз тұрғынымыз ғимараттың 1-қабатына орналастырылған. Олар негізінен, бұл жағдайға табиғи процесс – қарттықтан жетіп отыр. Жылына шамамен алғанда 20-30 егде тартқан жан мәңгілік сапарға аттанады, – дейді Ермек Сламғалиұлы.

«Өмір бар жерде – өлім бар». Осы орайда ел арасында «Қарттар үйіндегілер қайтыс болғанда, арулап жерленгені былай тұрсын, трактор қазған жерге 10-15 адам бірге көміледі» деген алыпқашпа әңгіменің бары рас. Іздеушісі жоқ адамдардың ақтық сапа­ры­ның қалай атқарылатынын мекеме басшысынан сұрағанымызда, бұның негізсіз долбар ғана екенін білдік. Е.Бейісқалиевтің баяндауынша, Үкіметтен осында көз жұм­ған­ның әрқайсысына бұл мақсатта 60-70 мың теңге көлемінде қаржы бөлінеді. Сол қаражатқа тендерде ұтқан мекеме мәйітке арналған жер қазып, марқұмның басын қарайтып, құлыптас қояды. Егер осынау фәниде демі үзілген кісінің алыс-жақын туыс­тарының біреуі келіп, оны өзіміз жер қойнына тапсырамыз десе, интернат үйінде­гілер қарсылық танытпайтынын тілге тиек етті. Ондай жағдайда мұндағылар қосымша көмегін беріп,  денені ағайынына аманаттайды екен.

Жалпы, қамкөңіл қариялар өмір сүретін орынға орналасудың өзі үлкен қажыр-қай­рат­ты талап етеді. Бұрынғыдай емес, соңғы жылдары мұнда тек қамқоршысы жоқ, өзіне-өзі күтім жасай алмайтындар мен I, II топтағы мүмкіндігі шектеулі ақтөбеліктер ғана қабылданады. Онда да аталғандар керек құжаттарын жинап, анықтама қағазда­рын құзырлы мекемеге толығымен ұсынса ғана, әрине. Балалары бар, бірақ осында жанына сая тапқысы келіп, өздері сұран­ғандардың тіркелуі үлкен мұңға айналған. Яғни қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйінің өзіне тән қатаң келу-шығу тәртібі бар. Соңғылары жайлы сәл кейіні­рек… Одан бұрын бір-бірімен тағдырлас ата-әжелердің басында сирек кездесетін жағдайға тоқталсақ. Ол — мезгілінен кеш болса да қателігін түсініп, әке-шешесін алып кететін «іштен шыққан шұбар жылан­дардың» ақылға келуі. 2014 жылы бір қарт өз отбасына оралса, 2015 жылы немересі әжесін іздеп келіп, мекемеден шығарып алған. Қа­жет­ті құжаттарды толтырып, кейуананы жол­ға дайындап жатқан күндері, көңілсіз орта, алакөлеңке жерден мәңгіге ұзайтын әженің көңіл күйін сөзбен айтып жеткізу қиын, тек қана көзбен көру керек! Бәрінен бұрын, көңілі пәс, жаны жүдеу қарттардың немересін бір иіскеп, өз үйінде болуды аң­сайтыны, безбүйрек балаларының қайта оралуын күтетіні айдан анық. Оны түсіну үшін артық-ауыс сөздің, әлдебір қарекеттің қажеті  жоқ, бәрі  жүзі  солғын  жасамыстардың жанарларынан-ақ аңғарылады. Бір  қын­жыл­­та­тыны, арнаулы үйдің басшысы сөз арасында мұндай жайттардың ілуде біреу екенін, жылына көп дегенде, 1-2 қарттың ға­на өз үйіне оралатынын айтады. Және соң­ғы екі оқиғаның кейіпкерлері де өзге ұлт өкілдерінен, біздің  ата-әжелеріміз әлі күнге есік-терезеге елеңдеумен отыр… «Бірақ қандай жағдай болсын, соңғы  демі қалғанша оларда үміт оты өшпейді. Үлкен кісілер ата-анасын жұмыстан күткен бала сияқты қайта-қайта сағатқа қарап, әне-міне біреу кіріп келетіндей күйде отырады…», – дейді әңгімелесушіміз.

7 жыл, 11 күн…

Тажитай ата (2)…Біз  аталған  мекемеге  барғаны­мыз­да, мектеп оқушылары концерт қойып жатыр екен. Мұнда самайын ақ шалған кемпір-шалдар да, арбада отырғаны болмаса, жастығы жүзінен-ақ «менмұн­да­лайтын» бірен-саран жасамыстар да ұшырасты. Барлығының жанарларында нұр жоқ демесеңіз, біз сияқты адамдар… Олар да ұялады, көзінің қиығымен қарайды, сосын… тура бала сияқты жатырқайды. Кең залға кіре салып, суретке түсіріп жатқаны­мыз­ды байқаған бірқатары лезде шығып кету­ге ыңғайланып, соның салдарынан қоларбасымен әуреге түсті. Оның арасында екі аяғы да жоқ, жермен-жексен болған арбаны екі қолымен икемке келтіріп, фотоап­параттың обьективіне  түсуден  тартынғандар да болды. Көзбен көруге қорқынышты, тұла бойыңды  шымырлатар көріністер… Сөйт­сек, мұндағылардың дені өздерінің жалпақ жұртшылыққа көрсетілгеніне, аты-жөн­де­рі­нің баспасөз беттерінде аталғанына түбе­гей­лі қарсы болып шықты. Оның сыры – на­мыста. Қариялар мен денсаулығында кінәраты барлар солар үшін жақын-жуық­та­ры­ның ұялғанын қаламайды… Оларды осында тастап кетсе де, көбісінің тума-туыс­тарының қамын ойлап, бәйек боп жүргені. Дегенмен, басшылық арқылы газетке өз аты-жөнін жасырмай, суретке түсіп, ауыр тағдырын сөз етуге келісімін бергендермен жүздесудің реті келді.

Солардың бірі – Тәжітай Молдабеков. Биыл 73-ші көктемін қарсы  алғалы отырған атай өмір бойы тракторшы болып жұмыс істепті. Отбасын құрып, жар сүю бақытына бөленгенімен, екеуінің маңдайына ұрпақ өрбіту жазылмапты.

– Ырғыз ауданынан боламын. Сонда өсіп-өніп, қартайғанша еңбек еттім. Жұрт қатарлы шаңырақ та көтердім. Бірақ әйелім ауырып қайтыс болған соң, екінші рет үйленбедім. Сөйтіп, жалғыз қалдым.

Туыстарым бар, әйткенмен оларға салмақ салғым келмей, өз еркіммен осында келдім. Осыдан 7 жеті жыл, 11 күн бұрын, түскі сағат 4-те…

Шүкір, жағдайым жаман емес, балалар сыйлайды, бізді қамқорлайды. Тәртібі де жақсы. Тамағымыз да тәуір. Аппақ, таза төсектің үстінде жатырмыз. Керек болса, Айжан есімді жақсы дәрігеріміз ем-домын жасайды. Бізге бұдан артық не керек? Ақиқатын айтсам, мұндайды мен өзімнің үйімде болғанда да көрмес едім… Сондықтан осы күніме де тәубе деймін, – дейді қарт.

Үстіне бешпет-шалбарын киген шүй­кедей ғана Тәжітай ақсақалдың бөлмесіне бас сұққанымызда, мұнтаздай тазалықты, тап-тұйнақтай жиналған төсекті көрдік. Қасында орыс кісі бар, екеуі бір бөлмеде тұ­рады. Хал-жағдайларын сұрағанымызда бірауыздан «жақсы» деген жауап алдық. Әке, ата бақытын сезінбесе де, бізді немересіндей көрді ме, кейіпкеріміз бірнеше мәрте қолы­мыз­ды қысып, артынша жылы жүзбен батасын беріп, төменге дейін шығарып салды. Атай сонысымен-ақ жүректі елжіретті. Біз болсақ, жалғыздықтан жаны құлазығандай көрінген ардагерге амандық тілеп, кете бар­дық…

 

«…Жалғыз көйлекпен келдім…»

Бір қарағанда, жанары жәутеңдеген, әр нәрсеге өкпелеп қалатын болып көрінгені­мен, өмірдің көлеңкелі тұстарын елемеуге тырысатынын кейін байқататын Орын әжейдің ғұмыр жолы, тіпті, адам сенгісіз. 14 баланың анасының (!) мұнда қоныстан­ғанына 4  жылдың жүзі болыпты. «Әже, сізді сурет­ке түсіріп, аз-кем сұрақ қояйық» де­гені­міз сол еді, кейуана әдемі кестеленген кәжекейінің барын, соны киіп келіп бір-ақ суретке түсетінін айтып жөнелді. «Қайтесіз, мына киіміңіз де жақсы ғой» дегенімізге болмай, бөлмесіне асығыс аяңдаған интернат тұрғынының сөзі түзу, жүрісі қалыпты. Тек соңғы кезде көзінің көруі нашарлапты. Жанарына жас толып жымия үн қатқан ол келе сала: «Денсаулығым да жақсы, киімім де бар, тек жетімдігім болмасаОрын аже (1)…», – деп әң­гімесін жалғады.

— Атым — Орын, тегім — Нысырина. 1928 жылы Ойыл ауданында тудым. Шалым да болды, балаларым да бар. 14 бала таптым. Оның көбісі өліп қалды, қалғанынан қайыр жоқ. Тірі жүрсе де, мен үшін олар өлгенмен бірдей. Әйтпесе, мені осылай қаңғытып жібере ме? Осында келгенде жалғыз көйлекпен келдім…

– Бұл жерге қалай тап болдыңыз? Ұл-қыздарыңыз қарттар үйіне неге тапсырды?– деп сауал тастағанымызда, әжей басын шайқап: «Ұл-қыздары құрысын!» – дегеннен басқа тіс жармады. Қазбалап, ескі жараның аузын тырнауға біз де бата алмадық. Тек «Ауыр­­ма­ңыз!» дегеннен басқа  аузымызға сөз түспеді. Әжей сөз соңында: «Алланың одан да ала бергені жақсы ғой. Қайтеміз енді… Сексеннен асқасын кімге керекпіз?..», – деп, бөл­ме­сіне қарай бет алды.

 

…Жасқа қарамайды!

Ауыр жылдарға қарамастан, үлкен бейнетпен бала өсіріп, енді қызығын көремін бе дегенде, арнаулы мекемелерде өмір сүріп жатқандар аз емес. Алайда, мұнда өмір бойы теріс жолға салынып, ішімдік ішкен, «өзі үшін» өмір сүріп, баланы да бақпай, «жал­ғанды жалпағынан басқандардың» саны да біршама. Бір кездергі «қызығы» есіне түсіп, дау-дамайға араласып кететіндері де бар екен. Қысқасы, «Кәрілік – кемелдік» деген сөз баршасына қатысты болмаса керек. Әдетте қазыналы қарттардан гөрі, сол шал-шауқандардың тәртіп бұзып, ата сақалы аузына жеткенде соттың алдында жауап беретіні бар. Ермек Бейсқалиевтің мәліме­тінше, жыл басталғалы интернаттың ішкі ережесін бұзып, жауапкершілікке тартылған қариялар да жоқ емес көрінеді. Айталық, 2015 жылы 2-3 адам мекемеден қуылыпты. Себеп – олардың спирттік ішімдік тұтынып, жан-жағындағыларға залалын келтіруі.

— Үш рет ескерту береміз, одан кейін онымен заң «тілінде» сөйлесеміз. Негізінен, бар мәселе кейбір қарттардың арақ ішуінен басталады. Ол ішкенімен қоймай, басқаларға тиісіп, мекеме мүлкін бүлдіреді. Содан тиісті шаралар қолдануға мәжбүр боламыз. Мәселен, осы жылы соттың шешімімен 4 тұрғынға қомақты айыппұл салынды. Ал бірнеше адамды интернаттан шығарып жіберуге тура келді. Осындай жаза қолданбасақ, басқа амалымыз қалмады. Оларды далаға қаңғытып жіберу де обал, басқа барар жері жоқ қой. Десек те, біздің жағдайы­мыз­ды да біреу ойлау керек деп есептеймін, – дейді Ақтөбедегі интернат үйінің басшысы.

Ақ пен қараның қатар жүретіні және аян. Мекемені мекен етушілердің  арасында, мұндағылардың сөзімен айтсақ, «Еңбек терапиясымен» айналысып, бос уақытында гүл өсіретін, киім тоқитын, жалпы  қолө­нер­мен айналысатындар жетіп-артылады. Ол-ол ма, өмірінің біраз бөлігін артқа тастап, «базардан қайтқандардың» бір-бірімен көңіл қосып жатқандары кездеседі. Деректерге сүйенсек, 280-ге жуық адамның 30-ның өз сыңары бар. Яки қарттығына қара­мастан, осында 15 отбасы тату-тәтті тіршілік етіп жа­тыр. Олардың біразы интернатқа түспей, әлеуметтік бейімдеу орталығында табысса, тағы бірсыпырасы о баста-ақ ерлі-зайыпты болып келгендер. Осы орайда былтыр «алтын тойын» тойлаған Александр мен Нина Фурларды атап өтуге болады. Егер аталған­дар­дың банктен алған несиесін өтей алмай, үйлерінен айырылғанын есептемегенде, арала­рына сызат түскен емес. Сонымен қа­тар, бұл жерде аралас некелер де көп. Мысалы, өткен жылы ғана қосылған Оразбай Сұлтанбеков пен Мария Испусинаның махаббатына діні мен ділінің бөлектігі кедергі бола алмаған деседі. Сол сияқты бір-біріне қарасын болып, бағып-күтіп отырған ша­ңырақтар мұнда жетеді. Бұл ретте 15 жұптың көпшілігінің мешітке барып, мұсылмандық дәстүрмен некесін қиғандарын келтіре ке­тейік. Демек, бұл саналы махаббаттың «же­місі»! Әрі сол арқылы ғашықтық ғаламатына бөлену де, аяғын шалыс басу да жас тал­ға­май­тынына кезекті рет көз жеткізе­ті­німіз­дей…

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.
Ақтөбе.


P.S.: Біз барған мекемедегілер, ақиық ақын Мұқағали жырлағандай, «бірі мініп келместің кемесіне, бірі күтіп, әнеки, жағада тұр…» Сөйте тұра, олардың әрқайсысы үмітін үзбей, «балам енді келіп қалар…» деп жан-жағына жалтақтаумен күнін өткізеді. Ақтық демі үзілгенше ұл-қызын жамандыққа қимайтын, зейнетақысын соларға жинайтын ата-әжелердің арманы алдамағай! Әйтпесе, «атаңа не қылсаң, алдыңа сол келетіні» – әлдеқашан дәлелдеуді қажетсінбейтін мәтел.


 

P.S.S.: Ғаламтордағы соңғы сан айғақтарға сенсек, еліміз бойынша бүгінде 80-нен астам қарттар үйі бар, оны туған баласы безінген 30 мыңдай қария паналап отыр. Әйтеуір қарттар үйі егде жастағылардың «қарашаңырағына» айналып кетпесе игі!..

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 13.02.2024 | 19:59

Ватсап номериие жаза аласызба жакында бараин деп едик +77475706995

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір