«ҚАЗАҚ ТІЛІ ҒЫЛЫМҒА КЕЛГЕНДЕ ДЕ ҚҰНАРЛЫ, ӘМБЕБАП»
12.02.2016
1831
0

12656507_933539270061080_1401422500_oБүгінгі оқырманды жаңа басылыммен таңдандыру қиындау. Әсіресе, саржағал басылымды жиі парақтағысы келіп тұратын оқырман көбейген заманда байыпты сұхбаттар, ғылыми мақала мен қоршаған ортаны қорғау бағытындағы басылымның көпшілікті сүйсінтері анық. «Қазақ баспасөзіне жаңа леппен қосылған «National Geographic Қазақстан» ғалымдар мен зиялы қауым, жалпы оқырман үшін несімен тартымды болмақ? Қоршаған ортаны қорғау, табиғатқа жақындау, жалпы экологиялық тақырыптарды оқырманға ұсыну жоспары қандай?» деген сауалдар төңірегінде журналдың жауапты редакторы Мақсат ЯСЫЛБАЙҰЛЫН сөзге тартқан едік…


 

– Білуімізше, «National Geographic Қа­зақ­стан» Орталық Азия бойынша жалғыз Қа­зақстанда жарық көрмек. Шетел­дік­тер­дің таңдауы Қазақстанға түсуінің себебі не­де? Бұл таңдау оқырман санына бай­ла­ныс­ты ма, әлде территориялық ауқым­ды­лы­ғымызға орай жасалған болар?

– Дұрыс айтасыз, «National Geographic» жур­налы Орталық Азия аймағында алғаш рет біздің елімізде жарық көріп отыр. Бі­рақ бұл жерде нақтылай кететін бір нәрсе – шет­елдіктердің таңдауы бізге емес, кері­сін­ше, біздің таңдауымыз «National Geographic»-ке түсіп отырғанын айтуымыз керек. Ал енді біз неге дәл осы басы­лым­ға қызықтық дегенге келер болсақ, бі­ріншіден, «National Geographic» – ғы­лым-білімге негізделген, танымдық әрі өте қызғылықты басылым. Ол жай ғана қа­тардағы журнал емес, бастауын ХІХ ға­сырдан алатын бүкіл әлемге белгілі, бе­делді қауымдастық. Мақалалары шынайы әрі түбегейлі ғылыми зерттеулерге негізделген. Олардың тартымдылығы да сонда.

Екіншіден, саясаттан тыс басылым. Яғ­ни журнал қандай да бір елдің белгілі бір саяси ұстанымы, билік пен оппозиция арасындағы текетіресі, болмаса басқа да бір қайшылықтардан бойын аулақ ұстауға ты­рысады. Негізгі мақсаты – күн сайын ушы­ғып бара жатқан экологиялық проб­лемаларға адамзат назарын аударту. Жүр­ген, өмір сүрген ортаны қорғауға, сый­лау­ға үндеу. Бұл жағынан келгенде қазақтың «көкті жұлма», «ағын суды лайлама» деген өмір­лік қағидасымен дәлме-дәл сәйкеседі. Оның бүкіләлемдік беделі де осы ұста­ным­­ның арқасында келген шығар деп ой­­­­лаймын. Сондықтан «National Geographic»-ті түрлі топтар өз мүддесіне қа­рай пайдаланғысы келеді. Бірақ ол мүм­кін емес. Бір жарым ғасырға жуық уа­қыт­та әлемнің ең мықты білімдарлары тер төккен бренд өз қауіпсіздігінің бар­лық механизмдерін қалыптастырып қой­ған.

Үшіншіден, бір кезде кеме борттарында кеткен жер жүзінің интеллектуалдық қуаты араға ғасыр салып, ІТ форматында әлемге қайтып жатыр. Бәзбіреулер наси­хат­тап жүргендей, мұхиттың арғы бетінен тек озбырлық, басқыншылық келмейді. Бү­гінгі Америка білім мен жоғарғы тех­нологиялардың елі екендігін мойындауымыз керек. Бір кезде Кеңес Одағы да сон­дай ақыл-ой қуатына ие еді. Бірақ сек­­­сенінші жылдардың соңынан кейін ол­ сол биігіне қайтып көтеріле алмады. Ен­дігі кезек Қытай мен Батысқа келді. Ен­деше осынау білім мұхитына қа­ра­домалақ ауыл баласы неге өз қабілетінше сүңгіп, өз ана тілінде тануға мүмкіндік ала алмауы керек?

Журналдың алғашқы саны 1888 жылы жа­рық көрген болатын. Бұған дейін әлем­нің 37 тілде сөйлеген басылымның лицензиясын 38-ші болып біз алдық. Осылайша қазақ тілі 80-нен астам елге тара­латын танымал ба­сы­лым­ның 38-ші ресми тілі болды. Бұл қа­зақ тілінің халық­аралық арена­дағы үлкен беделін көрсетеді. Шынын айт­қанда, «National Geographic»-ті Қа­зақ­стан­ға әкелу идеясы көп адамның басында жүрген де болуы мүмкін, бірақ оны еш­кім нақты жүзеге асыра алмады. Жур­налдың құрыл­тай­шысы – еліміздің медиа кеңістігінде танылып келе жатқан отан­дық компания «KAZMEDIA HOLDING» ЖШС. Осы ком­па­нияның директоры, бел­гілі кәсіп­кер, «Қазақстан жас кәсіп­кер­лері қауым­дас­­ты­ғы­ның» теңтөрағасы, досым Еркін Жақыпов былтыр аталмыш журналды шығаруға ма­ған ұсыныс біл­дірді. Мен бірден келістім. Се­бебі, бұл қы­зықты да, қажетті идея еді. Бұған дейін бірде-бір шетелдік басылым 100 пайыз қа­зақ тілін­де шыққан жоқ. Сол тұрғыдан бұл жобаны «алғашқы қарлығаш» деуі­міз­ге болады. Осылайша редакция жа­сақ­тап, «National Geographic» журналы­ның бас кеңсесі орналасқан Вашингтон қа­ла­сына аттанып кеттік. Қажетті ке­ліс­сөз­дер жүр­гізіп, біздің мамандар журнал жа­сау тә­жірибесі бойынша арнайы се­ми­нар-тренингтен өтті. Батыс журналисти­ка­сы мен біздікінің айырмашылығы «жер мен көктей» деп өтірік айтудың қажеті жоқ. Бі­рақ белгілі бір ерекшеліктері бар. Ұйым­­дас­тыру­шылық, жоспарлау, пиар мен маркетинг жағынан үйренетін тұс­та­рымыз баршылық, әрине. Әрқайсысы бір-бір тарих секіл­денетін таңғажайып су­реттері бір төбе. Вашингтонға барған сапарымызда фоторедакторлардың 10 000 суреттен алты-жетеуін ғана іріктеп алып отырғандарын көріп, шынымен де қайран қалдық. Журналда тек фотолардан ғана тұ­ратын мақалалар бар. Біз оны өз оқыр­мандарымызға «Көзтартар» деген айдармен ұсынып отырмыз. Он екіде бір нұс­қа­сы болмаған дү­ниені идеядан өнімге айналдыруға аямай күш жұмсалды. Реті келгенде айта кеткім ке­леді, белгілі әдеби аудармашы, ақын Дәу­рен Берікқажыұлы, аудармашы Бағлан Мизам­хан, Оразалы Кәрімбай, Арай Ізбаев, Әлия Ескендірова, Қанат Тоқабай, Марал Ах­метова, т.б. аза­маттар бұл журналдың жарыққа шығуына зор еңбек сіңіріп келеді.

– «National Geographic» журналы осы уа­қытқа дейін өз басылымдарында қа­зақ­тың тұрмыс-тіршілігі туралы материалдар ұсын­ды ма? Моңғол қазақтарының өмірінен сыр шертетін бірнеше сериялы суреттердің барын білеміз. Ол суреттерге, журнал өкілі ре­тінде қандай баға берер едіңіз?

– Вашингтон сапарында біз «National Geographic»-тің бірнеше миллиондаған фо­то сақтаулы тұрған әлемдегі ең бай мұ­­ра­ғатын аралап көрдік. Ол жер астында, бір­неше темір есікпен құрсалған мұ­қият қорғалатын аймақ екен. Осы қорда Қа­зақс­танға қатысты тың фотодеректер сақ­таулы тұрғанын өз көзімізбен көрдік. Көп­шілігі ХХ ғасырдың алғашқы шире­гіне тән суреттер. Қазақтар туралы жарияланымдар қатарына 1937 жылы шық­қан «Күн тұтылу» атты мақаланы атауға болады. Онда қазақ даласына келген америкалық журналис­тер­дің біз туралы байқаған, түйген ойлары жарияланған. Біз бұл мақаланы қазақ тіліне аударып, ал­дағы уақытта өз оқырмандары­мызға ұсын­сақ деп отырмыз. Сондай-ақ, Арал теңізі, Астана қаласы туралы зерттеу ма­қа­лалар бар.

Ал енді моңғол қазақтары туралы жа­рия­­­ланымға келсек, өз басым ол жерден бәлен­дей сөкеттік көріп тұрған жоқпын. Әрине, «итті қонақ сүйкімсіз», бірақ бұл са­лып ашулануға негіз емес. Жалпы, ме­нің бір байқағаным, біз өзімізге ұнамаған нәр­­сенің бәрінен дұшпандық іздейді екен­­біз. Жуырда әлеуметтік желілерде Тұр­сын­бек Қабатовты кінәлаған пост жа­рияланды. «Қазақты сынады, өйтті-бүйт­ті» деп шаужайына жатып кеп жабысып жатыр. Сынаса не бопты? Әрбірден соң рас қой сол ай­тыл­­ғандар. Меніңше, кем­шілігімізді айтқан адамды жек көр­меуіміз керек. Қайта содан сабақ алған дұрыс.

– Журнал ағылшын тілінен тікелей қа­зақ тіліне аударылады дегенді естіп жатырмыз. Ағылшын және қазақ тілін жетік мең­­герген ма­мандар табу қиын болмады ма? Бұлай дейтініміз, кейде аударма мәтінді оқы­ғанда оның түпнұсқасынан сонша­лық­ты алшақ еке­нін байқаймыз. Журнал шы­ғару ісінде аудармадан қиындық тумай ма?

– Бәлендей қиындық бар деп айта ал­­­маймын. Біз мақалаларды орысшадан емес, тікелей ағылшын тілінен қазақшаға ау­да­рамыз. Тісқақты аудармашыларымыз жет­­кілікті. Сосын мәтінді ғалымдарға, са­лалық мамандарға беріп сараптама жа­сатамыз. Редакцияда жасақталған зерттеу тобының бірнеше қайтара тексеруінен өтеді. Бір қызығы, ағылшын тілінен қазақ тіліне ауда­рылған мәтін көлемі әдетте 25-30 пайыз­ға ұзағырақ болып шығады да, дизайн жұмыстарында қиындық ту­ғы­за­ды. Жапондық әріптестеріміз, кері­сін­ше, мә­тін­нің қысқарып қалатынын айтады. Бұл қолданыстағы әліпбидің «ептілігі» мен «ебедейсіздігіне» байланыс­ты болса керек. Осы жобаны бастар алдында кейбір кі­сілер бізге: «Қазақша журналды қазір кім оқиды, оның үстіне қазақ тілі ғылым тілі емес, ау­дару­ға да қиын, одан да орысша шы­ғар­май­сыңдар ма? Болашақта жар­намадан да қы­сыл­майсыңдар», – деген еді. Бұндай сөз­дер, әрине, ескекке жабыс­қан балдырдай есіл еңбегіңді еш қылып, жүй­кеңе жүк салары рас. Ол сөздердің эксп­рессивтік қуаты күшті болғаны сондай, тіпті кейде «Шынымен де неменеге ты­раштанып жатырмыз осы» деп күмән­данған да кездеріміз болды. Бірақ солай екен деп отыра береміз бе? Ақы­рында «қа­зақша шығарамыз!» деп ең әуелі өз күмәніміздің алдында табан­дадық. Мен сізге қолымды жүрегіме қо­ып тұрып ай­тайын, шын мәнінде қазақ тілі ғылымға кел­генде де сон­шалық­ты құнар­лы, сон­ша­­лық­ты әм­бе­бап екен. Бізге жанашыр адам­дар – ғалымдар, блогерлер, фотог­раф­тар, қа­рапайым оқырмандар, ұстаздар мен оқу­шылар көп хабарласады. Бір күні Зоология институтынан Алтай Жат­қан­баев есімді ғалым кісі телефон шалды. Ақ жар­қын тілегін ақтара, шабыттана сөйлеп жатыр. Дауысынан жанашыр адамның шын қуанышы сезіледі. «Бүгінде құмай тұ­қымдас құстардың атауы дұрыс аталмай жүр. Орыс­тар­дың «бородавочник» де­генін біреу «сақал­тай» деп аударып қойып­ты. Қазақ оны атам заманнан «бал­тажұтар» деген. Осындай терминдерді қал­пына келтіруіміз керек. Мен сіздерге ақы-пұлсыз-ақ көме­гім­ді аямаймын», – деді Алтекең. Сөйтіп, уақы­тының қауырт­тығына қарамастан, алғашқы нөмірімізде шыққан «Қанқұмар құстар»  атты мақа­лаға сараптама жасап берді. Бұндай мысалдар жетерлік. Бір нәрсе анық: ғылыми атаулар қазақ тілінде бұрын­нан бар, тек олар си­рек қолданыста болған­дықтан бірте-бір­те ұмытылып бара жатыр. Қуаты азай­ған сол сананы жаң­ғыртып жіберсе, ғы­лым моторы дүріл­дей жөнелетін секілді кө­рінеді маған.

Аудару дегеннен шығады, «Euronews», «Reuters»,«France-Presse», «Эн Эйч Кей», «Си­нхуа» агенттіктерін тікелей тәржіма­лай­­тын, ағылшын, қытай, жапон тілдерін еркін меңгерген мамандар бізде жоқ па? Әрине бар. Тіптен, көп. Ақпаратты орта жолда­ғы бірнеше аударма арқылы қабыл­да­ғаннан гөрі, тікелей алған қай жағынан да тиімді емес пе? Уақыттан да, экономи­калық жағынан да, ең бастысы, ақпа­рат­тық шына­йы­лық тұрғысынан оқырман, көрермен, тыңдарман ұтады ғой. Әрі­-бері­­ден кейін қаншама журналистке жұмыс орны ашылар еді. Тек қорықпай бастау керек. Осыны істесем екен деген ерік-жі­гер керек. Мейлі кем-кетігі болар, мейлі көңіліңізден 100 пайыз шықпай тұрар, сонда да бастаңыз! Бар кінәні билікке ар­тып қойып отыра беру – қате. Кез келген мемлекет өз халқының білімді, мә­­де­ниетті, көзі ашық, саяси сауатты бол­ғанын қалайды. Біздің «National Geographic» жур­­налын қазақша шығар­ғалы жат­қа­ны­мызды естіп, билікте жүр­ген бір­­қа­тар беделді азаматтар риза­шы­лықтарын біл­діріп, кездесулерге ша­қыр­ды. Жан-жақ­ты қолдау білдірді. Тіпті, Елбасымыздың өзі арнайы құт­тықтау хатын жолдады. Сол хатта: «Әлем­дік басылымның қазақ ті­лін­де шығуы – ана тіліміздің халықара­лық дең­гейдегі тағы бір жеңісі!», – делін­ген. Жоғарыда айтқан сөзімнің дәлелі осы.

– Құдайға шүкір, Қазақстан – табиғаты сұлу өңір. Оның бары мен жоғын фотосурет­тер арқылы көрсетуде қандай фото­тіл­ші­лер­мен жұмыс істеп жатырсыздар? Оларға қойы­лар талап қандай? Жан-жануарлар дү­ние­сінде де Қазақстанның көрсетері мол. Дала кезген ақбөкен, арабтар қатты қызы­ға­тын сұңқар, қар барысы… Айта беруге бо­лар, әрине. Бұлардың суреттерін де жинап, қаттап қойған боларсыздар?

– Бүгінде қолына камера ұстағанның бә­рі фотограф секілді көрінеді. Бірақ қаза­қс­тандық фотожурналистикада қа­лып­тас­қан екі мектеп бар. Соның бірі – алматылық мек­теп. Ол түсінікті де, елдің ұзақ жыл бойы астанасы болған қалада талантты су­рет­шілердің бірнеше буыны қалыптасқан. Осы ерекшеліктерді ескере отырып, біз белгілі фотопублицист Асылхан Әбді­райым­ұлы басқаратын «Фо­то­өнер» қоғам­дық бірлестігіне әріптестік меморандум жасасу жөнінде ұсыныс біл­дірдік. Нәтиже­сінде сандаған жылдық же­ке мұрағаты бар тәжірибелі мамандар жо­баларымызға атсалысатын болды. Ал­дағы уақытта «National Geographic Қа­зақстан» оқырмандары журнал беттерінен қазақ фотографтарының да жұмыстарын тамашалай алмақ. Алла қала­са, мамыр айында «National Geographic Қазақстан» журналының тұсаукесерін өткізсек деп жоспарлап отырмыз. Салтанатты шараға қазақстандық және амери­ка­лық бірқатар ресми тұлғалар, іскерлік қауым, БАҚ жә­не елшілік өкілдері қатыса­ды деп күтілу­де. Сол шараға шетелдік фотографтар да ша­қырылып отыр. Бұл отандық фото­ше­бер­леріміз үшін таптырмас диалог алаңы бо­лады деп сенеміз. Осы орайда бү­кіл әлем­ді жеті жыл бойы жаяу аралауды ­мақ­сат етіп келе жатқан журналист, фотограф Пол Салопектің елімізге келіп жеткенін айта кету керек. П.Салопек Маңғыстау жерінен бастап, же­ті ай бойы Қазақстанның оңтүстік өңі­рімен жүріп өтпек. Бұл еліміздің туризм саласына керемет жарнама жасап бере ала­тын, оқыр­маны өте көп адам.

– Журналдың таралымы қандай? Көп­ші­л­ік оқырман оны қалай жаздырып алуына болады?

– Журналды еліміздегі бірқатар газет дүң­гіршектерінен, ірі супермаркеттер мен жанар май құю бекеттерінен сатып алуға бо­лады. Сондай-ақ, «Қазпошта» мекеме­ле­рі­­нен 74886 индексі бойынша жазылым жүру­де.

– «National Geographic Қазақстан» жур­налының негізгі бағыты қандай? Ав­тор­­ларды тарту мәселесі кездесті ме? Бұлай сұ­рап отырған себебіміз, ғылыми-таным­дық ма­қалаларды зерттеп жазу, оны фото­сурет­термен байытуда қиыншылықтар бар ма?

– Журналдың негізгі мақсаты – Қа­зақ­с­тан­ның қайталанбас сұлу табиғатын, өсім­­діктер, жан-жануарлар дүниесінің алуан­­ды­ғын насихаттау. Сондай-ақ, қа­зақстандық ғалымдардың ғылыми жаңалықтары мен елең еткізер еңбектеріне әлем назарын аударту. Осының бәрін қы­зық­ты фотосуреттер мен тартымды ма­қа­лалар түрінде оқыр­ман­дар назарына ұсын­бақпыз. Алдағы уақыт­тарда еліміз бойын­ша зерттеу экспе­дицияларын ұйым­дастыру да жоспарымызда бар. Журналдың белгілі бір бөлігін әлем­дік кон­тенттен аударып, қалғанын жергілікті материалдармен толтырып отырамыз. Қазір бірнеше тақырып бойынша зерттеу мақалаларымызды бастап кеттік. Назар аудартарлық ғылыми жаңалығы бар кез келген зерттеуші бізге автор бола алады.

– Жұмыстарыңызда сырт көз біле бер­мей­­тін басқа да қиындықтар бар ма?

– Негізінен, ғылым түрлі қайшылық­тар­­дан барып нақтылыққа жетеді ғой. Бү­гінде ең бір дау тудырып отырған сала­лардың бірі – картография. Мысалы, әлем­де аннексия­лан­ған, заңдастырыл­маған даулы аймақтар бар. Оларды картада қалай белгілейміз? Мысалы, Қырым қай елдің территориясы? Осы секілді көп­теген сұрақтарға байыпты­лық­пен қа­рау керек. Бір елдің көзқарасымен, ақ­па­раттық һәм идеологиялық ықпалымен өмір сүру дегеніміз мәдени мәңгүрттену де­ген сөз. Бұл – өте қауіпті құбылыс. Ата-ба­бамыз қанымен қорғап, бізге аманаттап кет­кен қасиетті қазақ жерін байырғы та­ри­хи атымен атап, сол жердің жан-жа­нуары мен өсімдік әлемін мәде­ниет­сіз­діктен қорғау бүгінгі ұрпақтың ай­­­нымас парызы болуы керек. Сөзімнің соңын Алаштың арқалы ақыны Жәркен Бө­деш­тің мына бір өлеңімен аяқтағым келеді:

«Туған жердің бұлағы,
Толқыныңмен ат мені!
Туған жердің жыланы,
Шырылдатып шақ мені.

Туған жердің қасқыры,
Кемір ақын сүйегін.
Туған жердің тас-құмы,
Сені осылай сүйемін!»

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Қарагөз СІМӘДІЛ.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір