ЖҰМБАҚ ӨНЕР – ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ӨНЕР
12.02.2016
3134
0

Дидар(КЛАССИКАЛЫҚ, МОДЕРНИСТІК ЖӘНЕ ПОСТМОДЕРНИСТІК КЕЗЕҢДЕР)

Уақыт өтті.

Бір ғасырға жуық адамзат ақыл-ойына әмірші, талғамына жетекші, мәдениетіне төре постмодернизм ағымы бастауынан адасты. Өнер патшалығында шексіз билік құрған салтанатты дәуір аяқталды.

Ту көтерген байрақты табыс алтын тұғырынан тайды.

Қайраты қайтты. Үнсіз қоштасты.

Шулатып келді, дабырамен өмір сүрді, бірақ көзден елеусіз кетті. Сахнадан түскенін ешкім байқаған жоқ. Дабысы қырды жайлаған, атақ-даңқы түзді дүрліктірген әдеби-философиялық кешен үстемдігінен айырылды. Абырой-беделден жұрдай болды.

Постмодернизм бейнесі күйреді. Бейнелеп айтсақ, метафора жойылды, қаһарман өзгерді, алапаты басылды. Кезінде әдеби кітаптарда, архитектуралық шығармада, кинематографиялық фильм­дерде маңдайы жарқырап – пешенесіне жазған бақ, басына қонған бақыт құсы мехнаттан қашық, сордан шалғай уақыт кешіп еді. Енді, міне, қадір-құрметінің қазасында отыр.

1

Әдебиетке ізденіс қажет пе: эксперимент, жаңашылдық, классикалық үлгі дегеніміз не? Кезеңдік өнеге, белестік құбылыс бастаудағы салтқа қайшы ма? Дәстүрдің түпнегізі халық ауыз әдебиетінен қалыптасты ма, әлде ХVII-XVIII ғасырдағы Франция, Еуропа әдебиетінен келді ме?

Қалихан Ысқақ айтқан мынадай бір қанатты сөз бар: “ХІХ ғасырдағы орыс әдебиеті – ХVІІІ ғасырдағы француз әдебиеті, ал ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті – ХІХ ғасырдағы орыс әдебиеті”.

Әдетте, сонырқалап қиыр асып, от іздеп қияға өрлеп шыққан өрісті айыпқа бұйы­рып, жайылымын кесіп, жазаға ұшыратқан жайлау қашанда сәуірді шілде айынан, тамызды қараша күнінен айырып, етек-жеңін жинап, көшпей отырғанды жақсы көреді. Аламан ішінде сорға біткен аладан көз жазып қалмайын, қаулап өскен қалың шөпті ерте тауысып қоймайын, жылдағы ғадеттен ажырап, бағыт-бағдар, айырым-белгіден адасып, шығандап кетпейін деген ойдан туған талпыныс. Бұл – өзін-өзі сақтау инстинкті билігіне мойынсұнған дағдылы әрекеттің табиғи көрінісі.

Күйе жағып, көлеңке түсіретіні, қараны ақтап, ақты қаралайтыны сол.

2

Ең әуелі, ауыз әдебиеті мен сөздің жазба нұсқасының ара-жігін жазбай танып, дәстүр мен ізденістің мәртебесін теңгеру қажет. Біз  жастардың заманауи шығармаларына дендеп еніп, мұратын түсініп, амалын ұғып, содан кейін ғана пікір білдірсек болады.

Айдан анық: модернизм – ХІХ ғасырдың аяғында өмірге келген эстетикалық талғам.

Ол ХХ ғасырдың қырқыншы-елуінші жылдарына таман әбден толып жетіліп, өзінің шарықтау шегіне жетті, бойындағы бар қуатын сарқыды: сөйтіп, алпыс-жетпіс жыл бойы әлем әдебиетіне (өнеріне де) жарлығын жүргізген, құзырына бағындыр­ған, ақыл-ойын билеп-төстеген бұл әдіс-тәсіл – үстем әдеби ағым, өктем көзқарас тұрғысында – толық аяқталды.

Задында, XXI ғасырда өзін модернистпін деп санайтын жұрт, әсілі, жан-жағына бажайлай көз жіберіп, өздерінің қай жүзжылдықта өмір сүріп жүргендерін айқындап, түсінігін ажыратып алғаны жөн сияқты. Әрине, модернистік машық әкелген эстетикалық табыстар әдебиеттің керегіне жарап, проза мен поэзия жанрына әлі де болса қызмет ете беретіні даусыз. Десек те, енгізген жаңалықтары бүгінде ешкімге таңсық емес. Модернистік тәртіп-талаптар­ды сөйлем құрағанда, шығарма жазғанда – қолдануға, пайдалануға болады, бірақ қазіргі таңда сөздің көсемі озық машық ретіндегі мәртебесінен айырылды. Бродскийдің қалам тартқаны бар: “Модернизм дегеніміз тек логикалық салдар ғана – классикалық үлгідегі шығармаларды – нығыздау және ықшамдау” (“Модернизм есть лишь логическое следствие – сжатие и лаконизация – классики”). Көлемді дүниелер қысқарады, мәтін шымырланады дегені. Негізгі қағидасын, жалпыға ортақ философиясын меңзегені.

Бірақ постмодернистік кезең қазақ әдебиетіне әлі келе қойған жоқ. Біз үйге аяқ аттап баспаған қонақты келмей жатып, көрмей тұрып жақтырмай отырмыз. Ұзынқұлаққа сеніп, қауесетке еріп, бірақ қашан босағадан көрінеді екен деп армандап, дегбіріміз қашып, алаңдап күтіп жүрміз. Себебі, қызық. Бірақ жылдар бойы тосқан мейманымыз ауылымызға жетпей ұзақ сапарда, ұзын жолда қазаға ұшыраған екен…

Әділіне жүгінсек, постмодернистік машық деген жазу тәсілі жоқ. Тек қана постмодернистік ситуация ғана бар. Сол постмодернистік ситуацияда белгілі бір машықтар туады. Ол – полистилистикалық машықтар. Яғни постмодернистік дәуірде бостан проза, тәуелсіз поэзия қалыптасады, еркін әдеби кеңістік жаралады. Дербес кеңістікте полистилистика өмір сүреді. Бірі классикалық үлгіде, бірі модернистік үлгіде жазады, баз біреулер Толстойды да, Достоевскийді де, Бунинді де біріктірген аралас машықта кейіптейді. Немесе тексте Герман Мелвилл, Джером Дэйвид Сэлинджер, Джек Керуак, Томас Пинчон қолтаңбасы аралас-құралас өріліп отырады. Стильдер арасындағы айырмашылық сақталса да, қайшылық жойылады.

3

Аталған тұрғыдан қарастырсақ, жастардың түрлі формада, алуан мазмұнда жазатыны – заңды нәрсе. Маған қайталанбайтындық, ұқсамайтындық, айрықшалық ұнайды. Ұлт әдебиетімен қатар әлем әдебиетін оқитындығына қуанамын. Танымына қарай ізденеді. Әдебиетте мәңгі қалыптасқан, ешқашан бұлжымайтын тәртіп-тәсіл жоқ. Машық үнемі өзгеріп отырады. Әрине, олқылықтар, қателіктер, селкеуліктер болады. Бірақ жастардың талпынысы, шама-шарқы қателіктерді ескеруге, түзетуге жетеді деп ойлаймын. Ізденіс, адасу, ұмтылыс – шығармашы­лықтың негізгі мәні. Түпқазығы. Егер қаламгер төл перзенті – қолға алған романы – қалай аяқталатынын, қай бетіне не жазылатынын алдын ала біліп, танып отырса, онда туынды көркем шығармашылықтан гөрі кәсіпкерліктің еңбегіне, күнделікті еңбектің нәтижесіне көбірек ұқсайды.

Нобайы, сұлбасы бар, соңы белгісіз, мұраты жұмбақ өнер – шығармашылық өнер. Ізденістің мақсаты, мазмұны, мағынасы осы.

4

Қазақтың заманауи прозасы Асылбек Ықсан, Ерлан Төлеутай, Нұрғали Ораз, Айгүл Кемелбаева, Дәурен Қуат, Дархан Бейсенбекұлы, Ақберен Елгезек, Бейбіт Сарыбай, Елдос Тоқтарбай, Серік Сағынтай, Жандос Байділда, Арман Әлменбет, Мейіржан Әуелхан, Мирас Мұқаш, Алмас Мырзахмет, Қойшыбек Мүбәрак тәрізді жазушылардан тұрады. Дархан Бейсенбекұлы – ойшыл жазушы, философияға, метафизикалық мәселелерді қамтуға талпынады. Қойшыбек Мүбәрактің шығармалары Милорад Павичті еске түсіреді. Милорадта реализмнің өзі мистикалық тұрғыда бейнеленеді. Яғни реализм мен мистиканың арасында шекара жоқ, бір-бірінен бір-біріне білдіртпей ауып, өтіп кетіп отырады. Ғұлама қаламгер Габриэль Гарсиа Маркес пен Карлос Фуэнтестің туындылары сияқты. Жандос Байділданың кітабы жарық көрмегендіктен, қолжазбадан оқуға тура келді. Ерекше қабілет, шын дарын иесі. Тілі құнарлы, төгіліп тұр! “Бәтеңке”, “Протез”, “Гәлөш”, “Ұры”, “Шағала” және “Қарыз” деген әңгімелері қандай керемет! Бірақ Жандос­та, менің ойымша, кейінірек өзі-ақ түзетіп, өзі-ақ арылып алатын бір ғана кемшілік бар. Кемшілігі – шығарманың соңында қорытынды жасап, мораль айтатыны. Шығармада, қайткен күнде де, мораль айтылмағаны абзал. Қаламгердің тек ситуацияны бергені жөн. Өміржан Әбдіхалықтың “Топырақ” деген, көзіме кездейсоқ түскен бір әңгімесін оқыдым. Ізденіс үстіндегі қаламгер. Тілі жатық, бояуы қанық, сонымен қоса, тақырыбы – зор. Бастысы – кемел өнерге деген талпынысы бар. Нұрлан Қабдайдың да  кең тынысты қаламгер болатынына сенемін.

Ақберен Елгезектің “Болмаған балалық шақ” деген повесі – құнды дүние. Ақберен, негізі, ақын жігіт. Повесінде белгілі бір сюжет жоқ, бірінен-бірі туындап отыратын эпизодтар бар. Маған, жалпы, фабуласы ұнады, сәтті бейнеленген. Лира Қоныс та қарымды прозашы, дарынды қаламгер. Ол философияға, ойшылдыққа ұмтылады. Өкінішке қарай, талантты бауырым Мейіржан Әуелханұлының “Несібе” деп аталатын бір-ақ әңгімесін оқыдым. Ойымды Фейсбукке жаздым да. Әңгімесін Уильям Фолкнердің ізденістеріне ұқсаттым.

Алмаз Мырзахметтің “Ханшайым” атты кітабын оқып шықтым. Әңгімелер жинағы “Жазушы жазбасы” туындысымен басталған екен. Аталмыш шығарма еркін сюжетке құрылған, қаһарманның қай дүниеде өмір сүріп отырғанын кейде аңғара да алмай қаласыз, оқу барысында қалыптасқан шындықтың өзіне кейде күмәнмен қарап, шындық екеніне кейбір сәт, тіпті,  көзіңіз де жетпейді. Сонымен қатар, психологиялық иірімдерге толы “Автопортрет”, “Өрт”, “Жыртылған күнделік”, “Қуыршақ” атты әңгімелерін, “Түн жанарындағы жас” хикаятын ерекше атап өткім келеді.

5

Маған ұнайтыны – қазіргі таңда қазақ прозасының кеңістігі сан алуан ізденістерге толы екендігі.

Қазір жастар әдебиетіне, әсіресе, прозаға сын көп айтылады. “Жастар тіл білмейді”, “Ізденістері дәстүрлі әдебиетімізге қайшы” дегендері – меніңше, білмегендіктен немесе жаңсақ түсінгендіктен, болмаса қасақана айтылғандықтан. Алаш поэзиясы топ жарды, қазақ прозасынан асып, озып кетті деген сөздің, қалыптасқан түсініктің өзі – арандатушылық, сауатсыздық. Себебі, заманауи оқырман тұрмақ, қазақ ақындарының өзі прозаны оқымайды.

Жастар әдебиеті – дарияның жарға соққан толқынындай қуатты.

Тәуелсіздік жылдары қазақ әдебиеті табалдырығын аттаған жас талап, жалынды топ, еңсесі биік, көңілі шат осы бір азат буыннан өзім, тегінде, зор үміт күтемін.

Дидар АМАНТАЙ.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір