ӘБІШ ТОЙЫНЫҢ ТАҒЫЛЫМЫ
12.02.2016
2483
0

3.Әбіш Кекілбаевтың дүниеден озғанына 100 күн болып қалыпты-ау!..

Ел құрметіне бөленген жазушының 60 жасқа толған мерейтойын туған жері қалай атап өткенін ақын Ханбибі Есенқарақызы кезінде тәуір барлап, мерейлі шақтың керемет ахуалын тартымды баяндаған екен. Мемлекет қайраткері, жазушы, ақын жаратылысына үңіліп, сол бойынша жасаған әрбір қорытындысы тағылымға толы. Сондай тұлғаның қадірін жете біліп, жүрек тербер әсерге бөленудің өзі бір ғанибет екен ғой, біле білген кісіге.


 

Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ

 

– Ау, мен бұл жерде болғанмын!

Алғашында бұл сөзді ішімнен айттым… Дүниежүзілік картада көз жасындай мөлдіреп қана көрінетін қарт Каспий толқындарын көкке атып, аспанға қол созады. Сабырлы да сарабдал жігіттей маң­ғаз Маңғыстаудың марғасқа ұлы — Ақ­тау да кеудесін кере тыныстап, тәкап­парлана көкке қарайды. Орталықтан алып қашқан жүйрік көлік мөл­текау­дандарды мөлтілдетіп, қоштасқан арудай артта қалдырып, ашық тұсқа алқы­н­а­ды…

– Ау, мен бұл жерде болғанмын! – Бұл жо­лы даусым бәріне естілді-ау деймін! Бі­рақ ешкім селт етпеді.

«Бұл жерде кім болмаған? Қызық екен» дегендей, маңымдағыларда үн жоқ. Бұл күнде мұнайлы Маңғыстау түгілі, Мек­кеге бару да таңсық болмай қалған за­ман емес пе?! Бірақ менің бұл жерді көру­ді соншалық аңсағаныммен оны тек тү­сімде көргенімді жанымдағылар қайдан біл­сін? Дәл осы көріністерді түсімде көр­генім өзіме де жұмбақ күйінде қала бер­ді…

Бағытымыз – Әбіш аға дүниеге келген Маңғыстау ауданының орталығы – Шетпе. МАИ бастаған автокөліктердің жол бас­тауымен ресми делегация отырған кө­ліктер асфальт жолды қусырап-ақ ке­леді. Менің жанымда қазақ жур­налис­ти­ка­сының бірегейі Маңдайлы Қосым
отырды. Ақтаудағы қонақтарға арналған киіз үйлердің бірінде онымен танысқан Зей­нолла Қабдолов ағамыз: «Мен сені ер аза­мат па деп жүрсем, қыз бала екенсің ғой!» – деп таңданысын жасырмап еді. Аға­мыздың «жазып-сызатын» әйел баласын көрсе: «Мен сені бұрын неғып бай­қа­мағанмын?», – дейтін әзіл-шыны аралас сөзіне бой үйреніп қалған.

Жол ұзақтау көрінді. Облыс орталы­ғын­да өткен салтанатты мәжілісті ой еле­­гінен өткізіп келемін. Әбіш ағаның на­­ғыз тұлғалы азамат екенін сөз дүл­дүл­дері – Зейнолла, Манаш Қозыбаев, Әб­ді­­жәміл Нұрпейісов  ағаларымыз жеріне жет­кізе айтты-ау!

Бурадай буырқанған арқалы ақын – Те­мірханның арнау өлеңі-ай!..

Әбіш тойы шын мәнінде табыну емес, та­ғылым болғанын бәріміз мойындадық. Сон­дай жерде кежегем кейін тартып, мен неге өлең оқымадым екен, ә?! Әлде ағаға ар­наған өлеңім көңілімнен шықпады ма? Әлде батылым жетпеді ме? Көресіні осы жүрексіздігімнен көріп келемін. Былай қарағанда, ұялмай-ақ оқуға болатын өлең сияқты. Ішімнен қайталай бердім:

Елге шықсаң – ұлансың,

Тауға шықсаң – қырансың.

Талға қонсаң – бұлбұлсың,

Тасқа салса – талдырып,

Шынары боп шығарсың!..

Сөз – сұлудың жүрегі,

Шерткен сайын түледі.

Жатты орнынан бір аунап,

Маңғыстаудың түбегі!

Арыстандай айбары,

Шерқаладай жайдары.

Адайының ары да,

Қазағымның қаймағы!

Шарболаттан құйғандай,

Тұлғаң толы имандай.

Он сегіз мың бұл ғалам.

Құшағыңа сыйғандай!

Жайығымда жүзбедім.

Қырыңнан гүл үзбедім.

Атажұрттың айғағын,

Жанарыңнан іздедім!

Наркескені намыстың,

Сәулең болып жарыстым!

Екі әлемнің елшісі.

Белгісі алты Арыстың!

Адамзаттың көксеген,

Арманына жетсе дем:

– Тұранымда тұлғалы ұл,

Өзің барсың! – деп сенем!..

Жол-жөнекей жота-жондар, өркешті түйелер, бұйдалы боталар кинолентадай ше­гініп қалып барады. Осы сапарда жер биігі Маңғыстау болып көрінді көзіме.

Екінді әлетінде Шетпеге келіп жеттік. Орталық Мәдениет сарайы бүгін ерекше құлпырып тұр. Кең залда ине шаншыр жер жоқ. Халық өз Әбішін, әз Әбішін кө­ру­ге, жүздесуге тайлы-таяғы қалмай жи­на­лыпты.

Кілем төселінген кең залда сахна шы­мылдығы үлбіреп тұр. Елдегі жаңару осы арадан көрініс тапқандай. Жаңармай ше? Қос өкпеден қысып, нарық салған қаяуды, көңілдерге жиналған күресінді алыс лақ­тыру үшін келе жатқан жоқ па Әбіші!

Аз өтпей-ақ сахна төрін талайғы та­лант­­тар тобы толтырып жіберді. Маң­ғыс­тау ауданының әкімі Қыдырбақыт Сейіл­хановтың сөйлеген сөзі салмақты да маз­мұнды болды.

Сарымайдан айырған торта сынды жү­рек айнытпайды, жаныңды жалық­тыр­майды.

Мінберге сұлу сөзді, сері мінез Зей­нол­ла ағамыз шыққанда, жұрт сілтідей тын­ды. Қарт тарлан тебіріне сөйледі:

– Әбіш – ұстаздан озған шәкірт, – де­ді. Сонау 50-ші жылдардың ішінде жас мұ­ғалім едім. Мен сабақ беретін Қазақ мем­лекеттік университетінің аудиториясында бір ерекше ұлан отырды. Жүздеген шәкірттер ішінен өзгешелеу көрінген оның жанары ойға тұнып тұрды, көмірдей бұйра шашының әрбір талы ән салып, жанарыңды еріксіз өзіне бұрды… Мен бұл көрген жаңалығымды жасыра алмай, ұстазым Мұхтар Әуезовке қуана жеткіздім! Заңғар жазушымен жас Әбішті осылай та­быстырған едім, — дегенде, аямай со­ғыл­­ған алақаннан кең зал тебіреніп, тер­бе­ліп кетті.

Бүгінгінің Қаз дауысты  Қазыбегі – Ма­наш Қозыбаев:

– Нағыз Адай, Нағыз Құдай, тірі Әу­лие – Әбіш жасасын! – деп, көпшілікті та­ғы да бір серпілтіп тастады.

Сахна төріне марапаттаушылармен қа­­тар жайғасқан Әбіш аға арнасынан асып жатқан таңғажайып теңеулерді де, «әт­теген-ай» дегізетін кейбір селкеу тұс­тар­ды да бірқалыпты қабылдап отырды. Жел­пінбеді, желікпеді. Ол солай үйренген. Өйт­кені, ол – арнасынан асып-таспайтын Ұлы теңіз, Ұлы Дала перзенті!

Мектеп оқушыларының Әбіш аға пье­сасы бойынша қойылған «Абылай хан» спектаклінің мизансценасы көрер­мен­дерді бейтарап қалдырмады. Тағы­лым­дық әсері мол болды. Болмағанда ше?

Қазақстан Жазушылар одағының бі­рін­ші хатшысы ақын, драматург Нұрлан Ора­залин, жазушылар Марал Сқақбаев, Төлен Әбдіков, Сауытбек Әбдірахманов, Мереке Құлкенов пен ақындар Темірхан Медетбек, Есенғали Раушанов, сондай-ақ, ғасырымыздың біртуар жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов, «Ясная поляна» жорналының бас редакторы, мәскеулік Анатолий Ким және оның ақын қосағы Наталья Громовалардың желпіне айтқан сөздері желтоқсан айындағы маң далаға көктемді ала келгендей болды.

Үш сағатқа созылған кездесу аяқталуға тая­ғанда алғыс білдірмекке мінбеге жа­қын­дай берген Әбіш:

– Әй, Әбіш, тұра тұр, бүгінгі кездесуде мен қалай сөйлемей қаламын? – деген, кү­пілі қазақ тоқтатты. Аға кідіріп қал­ды.

– Мен Әбішпен бір сыныпта оқыдым, – деді шешен. – Бірақ оның орны ерекше еді. Оқымаған кітабы қалмаған. Ондаған шақырым қашықтықтан мектепке жаяу қатынайтынбыз. Әбіш үйге берілген тапсырманы жолда келе жатып-ақ орындап қоятын. Орысы жоқ ауылда орыс тілін қа­лай меңгерді десеңізші? Тіптен, орыс га­зеттерінде де мақалалары жарияланатын. Бірақ жан-жақты керемет екен деп ойлап қалмаңыздар, ол есеп сабағына шор­қақ еді… – дей бергенле:

– Әй, болды, аяқта сөзіңді – деп, сах­на­ға беттеп келе жатқан ақ жаулықты ана шешенді мінберден ысырды. Шамасы, әлгі кісінің сөзіне көңілі толмаған сияқ­ты. Ананың есімі Ақай екен. Үстіне киген ұлт­тық киімі өзіне айбар беріп тұрған сияқ­ты. Қазір ұлттық киімді әркім киеді. Бі­рақ  Ақай ананың үстіндегісі дүкендерде толып тұратын бірыңғай стильмен тігіл­ген киім емес, көне дәуірдің ұрпақтан-ұр­паққа келе жатқан этнографиялық дү­ние­сі секілді. Кимешегін жөндеп қойып, сөз тиегін ағытты.

– Қарағым Әбіш! Алдымен, сенің анаң, менің абысыным Айсәулеге сәлем айт! Елдің бәрі алпысқа келгеніңді айтып жа­тыр. Алпыстан кейін де жарық бар қа­ра­ғым, жасай бер! Сенің анаң тоқсанға жа­қындаса, мен де ол кісінің аяғын алып ке­ле жатырмын. Әлі жассыңдар. Сенің кө­зіңдегі жарық менің көзімнен кейін сөн­сін! Саған амандық тілеу үшін жүрміз. Алтын басыңа айтылған сөздің бәрі рас. Сен кеңсің, құшағыңа ел сияды, сол елге сен де сиясың! Сөз реті келгенде айтыл­ма­ған сөз – ауырып өлген аюдың етін же­генмен тең! Айтайын дегенім, елдегі жа­ман құрдастарың: «Адайдың қатыны ба­ла емес, банда туады», – деп көкиді.

Сен еліңе анда-санда болса да ат басын бұрып тұр. Көрсін, сезсін. Адайдың қатынының дәл сендей ұл туа алатынын. Мына бізге бәрібір, сенің жақсы қасиетің артыңнан еріп келе жатқан жастарға үлгі болсын!

Сосынғы айтайын дегенім, қазір ел жо­ғын айтуға әбден машықтанып алған. Үкіметке алақан жаяды. Үкімет қазақты қашан асырап еді? Алдыңда — малың, иек ас­тында – жерің. Ешкім қолдан қағып жат­қан жоқ. Еңбек ет те – жоғыңды жет­кіз, барыңды түгелде! Ата-бабамыз қам­шы­ның күшімен, найзаның ұшымен аман алып қалған өз жерімізде отырмыз. Өкі­мет болыспай тұрған кезде, неге ата-ба­бамыз қырылып қалмаған? Қазақтың жауы – жалқаулық. Балаларымызды содан Құдай сақтасын.

Ал, Әбіш сенің жақсы жақтарың елің­дегі әрбір жасқа жұғысты болсын! Мен бол­дым! – деп мінберден түсіп бара жат­қан ананы Әбіш аға тоқтатып, қолынан сүйді. Ол ағаның маңдайынан сүйді. Ма­ған сол анадан артық сөйлеген адам бол­ма­­ғандай. Шынын да, сырын да бүр­ке­ме­лемей, еркін айтып тұрды.  Асси­миляцияға талай түсіп, қырық өзгеріске ұшыраған мінез-құлқымыздағы қоспалардың таза тұнбасы осы анада толып тұр еді…

Біз сөйлеуге де, тыңдауға да әбден үй­ре­ніп алғанбыз. Бірақ қазақтардың бү­гін­гі қалпына мәскеулік Анатолий мен На­тальяның таңдануында шек жоқ.

– Япыр-ай, нағыз демократия далада екен ғой, – дейді олар қосарланып. — Мем­лекеттік хатшыны аяғынан үш сағат тұр­ғызып қойып сөйлеген шешен елді бі­рінші рет көріп тұрмыз. Оның үстіне өз ба­лалары болғандықтан ба, Әбіш те мем­лекеттік хатшы екендігін ұмытып кетті. Бұны даналық демеске болмас! Ұлы да, хал­қы да дана екен, – деп, кете-кеткенше бас­тарын шайқап, таңданысып жүрді.

Шетпедегі әдемі кеш аяқталып, біздер Әбіш ағаның кіндік қаны тамған Мырзайыр қыстауына жол тарттық.

 

МЫРЗАЙЫР

«Мырзайыр деген жер бар-ды,
Мен үшін жердің кіндігі».
Әбіш.

Шетпенің сері сағынышы серпілмей жа­тып-ақ, намаздыгер әлетінде көш шеруі Мырзайырға табан тіреді. Кездесуден гөрі қоштасудың ләмі өткір, соңы са­ғынышқа ұласарын сезінудің өзі ауыр екен. Әр кездесу сайын Әбіш аға біріне-бі­рі иық тіреп, арқаланған тұтас таулардай биіктеп бара жатты.

Мырзайыр қыстағындағы жазыққа ті­гілген киіз үйлердің жанында тағат­сыз­дана күтіп тұрған халық асыл ұлын хан кө­теріп қарсы алды. Қауымның еңсесі биік, көңілдері жарқын. Қыздары қаздай ті­зіліп, келіндері басы жерге жеткенше иі­ліп сәлем салса, ақ жаулықты аналар шашу шашып, мәре-сәре.

Сарабдал жеңгелері мен Айсәуле ана­ның мұңдас-сырлас болған абысын-ажын­дары алып тұлғалы Әбішті құн­дақ­тағы сәбидей домалатып, туған ошағының орнына аунатып жатты. Халық  дәстүрінің алдында сәбидей шарасыз күй кешіп, үн­сіз мақұлдаған мемлекеттік хатшыға аяй қараған мәскеуліктердің көзі шарасы­нан шыға жаздады. Бұл дәстүрдің құй­қаң­ды шымырлатардай-ақ әсері мол болды.

Қалың нөпір өз қызығы өзінде болып жат­қан сәтте мен үнсіз Басқұдықтың жа­ны­на келдім. Әбіш аға талай рет мына шы­ғыршықтың шылбырын түсіріп, қау­ғамен су тартқан шығар… Кеудеме өлең жолдары оралды:

Мен Абайды көрмедім,

Бірақ, оны сен дедім.

Әуезовті көрмедім,

Бірақ, оны сен дедім.

Әбіш деген асылмен,

Жасадым бір ғасырда

Деген ойға сенбедім!

Кеудеңе мұң толған соң,

Жазығы жоқ елестің.

Сен аяулы болған соң,

Ұлы көшке ілестім.

Мырзайырда мығым боп,

Жақсылармен кеңестім.

Жалғыз-жаяу келді деп,

Шеттетпеді мені ешкім!

Көзіңдегі кеңдікті,

Кеудеңдегі ерлікті

Аузыңдағы бірлікті,

Артыңдағы тірлікті

Айыруға ақыл мен

Сана керек бір мықты!

Көптен адам ізі түспеген жазық жай­лау­дың айналасын момын таулар тізбегі қор­шап тұр. Көз алдыңа алақандағыдай кө­рінетін бұл жазықта жарық жоқ. Өйт­кені, бүгінде ел тұрмайды. Лезде түсіп кет­кен қараңғылыққа сеп болар деп орна­тылған мотордың себезгі жарығы бір жа­нып, бір сөнеді. Алла, Құдай-ай, бә­рі­нен де ауыл ағасының арнау сөзін оқи ал­май қиналғанын айтсаңызшы! Елдің «қоя ғой» дегеніне қоймай, шам жалт еткен сәтте жазбаларының бір-екі жолын оқи қалып, құдайға жазып ол тұр! Тәңірі адам баласының бәрін бірдей ғып жаратсайшы! Осы Әбіш ағаны сөйлетші. Төрт күн түнек болса да, шешендіктің тай­пал­ған жорғасынан жаңылмас еді-ау. Не дейін? Ел болған соң бәрі де болады ғой. Қа­раңғыда қағаз оқыдық, қараңғыда ат мін­дік. Ең негізгісі – туған жердің төріне ау­нап қайттық. Бұл жердегі кездесу – сим­воликалық кездесу. Кештің үлкені Мыр­зайыр қарайтын аудан орталығында бол­мақ.

Қаракөлеңкеде қарауытып, мұңайып Мыр­зайыр қалды, қауқиып Басқұдық қал­­ды…

Намаздыгер, намазшам,

Ай менен Күн таласқан.

Жамиғатқа жарасқан

Жадырап тұр Қараспан.

Мырзайырдай жалқының

Мұңыменен тел өстің.

Буына сен балқыдың,

Балалық шақ – елестің!

 Келдің бе? – деп еміне,

Ту сыртыңда тау жатты.

Туған үйдің төріне,

Аналарың аунатты!

Баса алмастан тасқынын,

Кеудеңнен тау құлады.

Есіне алып жас күнін,

Жеңгелерің жылады…

Бала қыздай сезініп,

Құрбың шықты гармонмен.

Қарадың-ау езіліп,

Аяулы бір арманмен.

…Бәрі де рас. Нанымды

Той да көркем дуымен.

Бастық іште жалынды

Басқұдықтың суымен.

Туған жерге жеттің-ау,

Топырағын өптің-ау!

Жаныңдағы топ мынау,

Келдің-дағы, кеттің-ау!..

Басқұдықтай тұнықтың.

Тұмасынан сыр ұқтым.

Жайы қалай болды екен,

Жалғыз қалған құдықтың?!

Біз бұл күндері уақытпен санаспадық. Оң­ды совхозының (ауылдық кеңестің) ор­талығындағы аршылған жұмыртқадай су жаңа Мәдениет сарайына Әбіш есімі берілген. Аяғының астына айна төселген, соңғы дизайнмен салынған бұл сарайда Темірхан бастаған, Есенғали, Мереке жә­не мен қостаған ақындар армансыз өлең оқыдық. Бұл кеш қазақ поэзиясының есте қаларлықтай бір кеші болды-ау деймін!

Қош айтысар сәтте ақ кимешекті қарт ана сөйледі. Алғысын айтты. Ізгі тілек ті­леді. Сөз соңында:

– Әбішжан! Маңғыстау – қасиетті тү­бек. Бұл жерде туған адам түгілі, жо­ғал­ған ботасы да өз мекенін іздеп тауып жа­та­ды. Қызға жасау ретінде сыйға тартқан буаз биенің құлыны да жер түбінен тауып келеді. «Кім қай жерде туылмаған» – деп, ша­шың­ды қырау шалған тұста облыс ор­та­лығынан қайтар болсаң, біз  не дер едік?

Кіндік қаным тамған жер деп іздеп кел­геніңе, өзіңді аңсап жүрген біздің кө­зі­мізге бір көрініп кеткеніңе құлдық, жа­­рығым!

Аман бол, сау жүр! – дегенде бәріміз де көзімізге жас алып қалдық.

Қайтар жолда аға қазалы болған ша­ңы­рақтарға бас сұғып, көңіл жұбатты.

Ел есінде осындай қасиеттер қалса ке­рек.

 

АТЫРАУ АЙМАҒЫНДА

«Мінеки, мінбеге Әбіш Кекілбаев көтерілді.
Шіркін, сіз сондағы қалай сөйлегенін көрсеңіз!
Қандай шешен!
Сені өз көзіммен көре алғаныма шексіз куаныштымын!».
Клаус Шрайдер.

Маңғыстауда өткен мерейтойдан қа­зір­гі қазақ әдебиетінің абыздары мен үзең­­гілес, қаламдас, дос-жораларының шы­­найы мәлімдемелерінен кейін Әбіш­танудан мол мағлұматтар алдық. Тал бе­сік­­те талпынып жатқан жас сәбидің кін­дік қаны тамған жерінде Әбішті мақ­тадық та, Әбішпен мақтандық та! Өзі аз сөйледі, көп тыңдады.

Атырауға табан тіреген кезде мерейтой бағдарламасының басқа бағытта құ­рылғаны көзге бірден шалынды. Енді ха­лық мерейтой иесін көбірек тыңдауды жос­парлапты. Бұл да орынды.

Ә дегенде облыстық тарихи мұражайға ат басын тіредік. Бұл заңды да. Бола­ша­ғыңнан үміт етсең – өткеніңді ұмытпа. Мұражайды сол өлкенің паспорты деп қабылдау керек. Әбіш сөзімен айтсақ, тарих – адамдардың кеңістікті меңгеруі, игеруі. Ата-бабадан кейінгі ұрпаққа қан­дай мұра қалды? Нені мирас етті? Нені мін­деттеді?

Осы тақылеттес ойлар әйгілі Са­рай­шыққа жеткенше санадан өшер болмады. Мі­не, кеңістікті меңгеру! Сарайшық – ке­зінде транзитгік сауда бекеті болған. Жеті хан­ның көзін көріп, дәл қазір бәрінің де, құл­пытасын бауырына басып, үнсіз жат­қан кәрі тарих. Ұлы пантеон. Са­рай­шық­тың соңғы билеушісі Жүсіпханның құл­пы­тасы ғаламат сыр шертеді. Ханның ер­ке қызы Сүйінбике нөкерлерін ертіп, ал­тындатқан кеме үстінде Ақжайыққа бет алған кеш қызығы көз алдымызға елес­теп, Әбіш кітаптарын парақтап отыр­ғандай күй кештік.

Әбіш ағаның «Дүние ғапыл» атты өлең­д­ер жинағының облыстық ғалымдар үйінде  өткен тұсаукесер рәсімі тағы­лымды жиынның бірі болды. Кітаптың кіндік әке­сі десе болғандай, академик-жазушы аға­мыз Зейнолла Қабдолов: «Әбіш, жұрт­қа мәлім, поэзиядан сынға, сыннан про­заға көшті. Осы топтамаға тіпті драмасы да кіріп отыр. Демек, ол – жазушы, сыншы, драматург. Бола берсін, бәрібір… ол осы­ның бәрінде де ақын… Қай жанрда бол­сын тауық секілді тұғ­жың­дап, жер­бауыр­лап қалмайды, қы­ран­ша қанат қа­ғады, кең көсіледі, серпіледі, ша­мыр­қа­на­ды, шалқиды…» – деп ағынан ақ­та­рыл­са, Қазақстан Жазушылар одағы­ның бі­рінші хатшысы, ақын Нұрлан Оразалин «Әбіш Кекілбайұлының «Дүние ғапыл» өлеңдер кітабы қазақ әдебиетінің алтын қо­рына қабылданатын сүбелі де қабыр­ғалы дүние екендігін мәлімдеді.

Әр уақытта да ізденімпаз, танымпаз оқыр­мандардың қардай боратқан сұрақ­та­рына жазушы да әбжіл жауап қайтарып жат­ты. Көп ішінен оқырманның бірі:

– Біз сізді жазушы ретінде, мемлекет қай­раткері ретінде білеміз. Ал өлең жазу­ға қалай келгеніңізді естігіміз келеді, – деп сұрады. Әбіш аға:

– Жасыратыны жоқ, мен прозаға өлең­­­нен келдім. Кейінірек қойып кеттім. Әйт­се де, «Ұрыдан шыққан патша таққа отыр­са да, қасына жақындағанның қал­тасын бір сипап қалмай қоймайды екен», — деп оқырмандарын күлдіріп, бір сер­піл­­тіп тастады. – Өлең – менің күнде­лік құ­­ралым. Өмір трактаттарымның ши­ф­рог­­раммасы сияқты. Мен бұл кітабымның жарық көру-көрмеуін ұзақ ойландым, қа­бырғаларыммен кеңестім. Сосын жа­рия­лауға келістім. Әр оқырманның тал­ға­мы әр түрлі. Біреу іздегенін табар, біреу оқы­мас, ол – оқырманның өз еркі. Ал әр­бір жазушының өз оқушысы болады. Бар­шаға бірдей ұнау мүмкін емес, ал солай боламын деп тырысу – ақымақтың ісі.

Мен де ақындық дертіменен ауыратын болғандықтан ба, «Дүние ғапыл» қо­лыма іліне сала, беттерін ақтара бастадым.

Ел болмақтың орнына,

Бара жатыр ел іріп.

Ойланбақтың орнына,

Жүргендер көп еліріп.

Сахарада тудық па,

Сағымды көп қудық па,

Желпіл қағып шығамыз,

Етек-жеңді жел үріп.

Желпілдедік, желпіндік,

Шетімізден жел кіндік.

Еркін ойлау орнына

Еліре сөйлер бейпілдік.

Аузымызбен тау жығып,

Тілімізбен жер тілдік.

Басқаны көрсек жағынып,

Бастасты көрсек қағынып.

Тұрамыз дау сағынып,

Жақыннан жау табылып.

Жақсы сөзге тарынып,

Жаман сөзге жарылып.

Су шалаптай шылдырап,

Қу бұтақтай сылдырап,

Қара суық соққанда

Қаптай қашқан тағыдай

Ойдан қырға құлдырап,

Бұралқы сөзге бұлдырап,

Осынша аңғырт болардай,

Осқырынған біздің жұрт,

Бұ Құдайға неғылды-ай!

«Замана термесі» десе болатын бұл өлеңін­де өз халқына Абай көзімен қа­рай­тын сұңғылалық  танытады. Шындығында да етек-жеңіміз жиналмай, талай мық­ты­ның қалпағын теріс кигізіп, қара нарды қа­мырдай илеген нарық келген шақта, хал­қына ақын ретінде де, жанашыр ре­тін­де де бұлай айтпай, қалай айтсын?! Шын­туайтқа келгенде, Бұхар жыраудан кейінгі халық жағдаятын жырлаған бір­ден-бір мемлекет адамы да осы Әбіш емес пе? Бүкіл шығыс халқына аты аян, Бейба­рыс Сұлтанның Отаны, ұлттық поэзия сар­дары Махамбет шыққан Атырау өңі­рінен Әбіш неге шықпасқа?!

Махамбет атындағы облыстық драма теат­рында өткен «Зерделі сөздің зергері» деп аталатын сыр-сұхбат кешін айдарлы аза­маттардың бірі, мәдениет қайраткері Ас­қар Харесов деген жігіт жүргізіп отыр­ды. Бұл кештен әсерленбей кетпейтініне се­німді ел зиялыларынан залда ине шан­шыр­ға бос жер қалмады.

Әбіш аға кейінгілерге сабақ болсын деді ме, өз өмірбаянынан хабардар ете ке­ту­ді жөн көрді.

– Маңғыстау  кіндік кескен жерім бол­са, Атырау – тұсау кескен, менің тағ­ды­ры­ма бағыт, талантыма қанат бітірген жер. Ата-бабаларымның қорымы да Нарын, Тайсойған, Жем бойлай жатыр. Аты­рау — рухани Отаным. Тәуекел басын бас­таған қасиетті жер. Бақыт – қолыңның қи­мылында, көңілдің пиғылында.

Әлі есімде, бала кезім. Кең байтақ же­рі­­міз бар десек, сол шектеулі кеңістік ай­­­мағына тұңғыш рет тау-кен институты­нан барлаушылар шықты. Бескемпір ауылы, Уәлі деген жерден бастау алған геолог­тар мені жолбасшы етіп алды. Бала да болсам – жершілмін. Маңғыстау өңірі кенге бай. Мұнда мұнай да, газ да, түсті ме­талл да бар. Бәрі де шыңырау алыста. Ме­нің еңбегім ұнаған болу керек, оқу б­і­тіретін жылы барлаушылардың жетекшісі Иван Иванович Бог деген ғалым кісі Ал­матыдағы тау-кен институтына түсуіме кө­мектесетінін айтты. Бірақ менің ойым бас­қа оқуда. ҚазГУ-дың журналистика фа­культетіне құжат тапсырдым. Оқуға тү­сетініме  сенімді  сияқтымын. Қазақстан Рес­публикасының Орталық комсомол ко­митетінің екі құрмет грамотасы, «Комсомольская правда», «Прикаспийское море» газеттеріне шыққан мақалаларым мен «тілшісі» деген куәлігім тағы бар. Бі­рақ ол кездің заңы басқа, оқуға екі жыл­дық стажы барлар кезексіз қабылданады екен де, мен сияқтылар сыпырылып, өт­пей қалдық.

Емтиханды дұрыс тапсырдым, оның үс­тіне балауса еңбектерім ескерілген бол­уы керек, армандаған журфакқа түсе ал­ма­сам да, филология факультетіне қа­был­дандым. Одан кейінгі өмірбаяным өз­деріңізге аян…

Бұл кештегі қойылған сауалдардың шегі жоқ еді десе де болғандай. Ел жағ­дайы, мемлекет жағдайы, халықаралық қа­рым-қатынас, Қазақстанның қазба бай­­лықтары, тіпті, кадр мәселелері бо­йын­­­ша да қызығушылық танытып жат­қандар болды.

Қара сөздің майын тамызып, біз айтар қа­рабайыр сөздеріміз шешеннің аузына түскенде қызғалдақтай құлпырып, жау­қазындай төгіліп, ауыздан шыққан тұтас сөз түгілі, әріптерге жан бітіп, билей жө­нел­гендей, көкірек – күйсандықтан уыс-уыс күміс шашылғандай. Көсемдігі мен ше­шендігі тең түскен осы кісілердің сөзін тың­дай алғанымыз үшін де бір кезде ба­қыттымыз деп айтармыз.

Бұл аптада көргенім мен көкірек кө­зіне түйгенім бір әңгіме аясына сия қой­мас, дей тұрсам да, жақсыға еріп ел көр­ге­німді, жер көргенімді оқырмандарыма сыр сандықты ақтарғандай өріп бер­ге­німді ешкім әбес көре қоймас деймін.

«Қимас  сәттер артта қалды. Маңғаз Маң­ғыстау, тәкаппар Атырау, аяулы Әбіш аға, хош!», – деп, біз де туған жерге орал­дық.

Ел алдында есеп беріп қайтты. Алдағы уа­қытта не ойлайды екен? Кеше де, бүгін де, ертең де Әбіш ағаның ойын онға, қия­лын қырыққа бөлетін бір-ақ нәрсе бар. Ол – елінің ертеңі. «Түнгі Кәлима» өле­ңін­­де:

Аллада сонда бар ма еді соңғы сұ­ра­ғың,

Алладан не деп ақырғы рет сұрадың?

Аллаға сонда ақырғы қояр сұрағым:

– Қалса орнында мына Жер менен мы­на Күн.

Жалынамын, жаппар ием, өзіңнен,

Қарағайсың шарапатты көзіңмен

Қасіреті асқан, қасқа маңдай қазаққа.

Көнтері боп, көндігетін азапқа,

Көншімей жатқан көңілі бостан азатқа,

Ұшырата көрме масқара менен мазаққа!

Саппастардың сөзіне ертіп сабылтпа,

Тантықтарға ертіп,

әумесерлерге табынтпа!

Тасынтам деп жүріп,

Тап қылма қайта тамұққа,

Қанағатты білгізбей

Қағынан жерінтіп қағынтпа.

Бекіткенше буынын нық,

Ұстата гөр туын тік.

 

Соған кәміл сеніммен

Кетуге жазса дәл қазір

Қорықпаймын өлімнен, – дейді.

 

* * *

Бұл – ағаның шыны да, сыры да.

Алматы-Ақтау-Атырау-Шымкент.
1999 жылғы 5-10 желтоқсан.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір