СЕЙІЛҒАЗЫ ӘБДІКӘРІМОВ
12.02.2016
1870
0

СейілгазыҚазақ әдебиеті ауыр қазаға душар болды. 67 жасқа қараған шағында көрнекті жазушы Сейілғазы Әбдікәрімов дүниеден өтті.

Сейілғазы Әбдікәрімов 1949 жылы 1 қарашада Шығыс Түркістан автоно­мия­­лық ауданының (ҚХР) Тарбағатай аймағына қарасты Шағантоғай ауылында дүниеге келген. 1962 жылы ата жұрты Қазақстанға қоныс аударады. 1977 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. Мәдениет министрлігінің ре­пер­­туарлық редакциялық коллегиясында редактор, «Қазақ әдебиеті» газетінде аға тілші, Қазақ телевизиясында коментатор, т.б. қызмет атқарған.

«Аға сержант» атты екі бөлімді драманың, «Үрейлі күндер», «Көпе-көрнеу», «Ма­засыз түн», «Қанды қарымта» пьесалары мен «Беу, Қатира-ай» деген бір актілі ко­ме­дияның авторы. «Көзбе-көз» (1979), «Тастүлек» (1990), «Белес, белес, белес­тер» (1993) және «Өнер мұраты» (Е.Төлегеновпен бірігіп) жинақтарының, «Қазақ өнері­нің ақ ордасында» (1997), «Жақсыдан жақсы туар жарқылдаған» (1997), «Тө­беде жалбыр бұлт көшіп», «Ақиқатқа куә болар Ай, Күн бар» кітаптарының, «Ғи­б­ратты ғұмыр» сериясы бойынша шыққан «Әмина» деректі повесінің (2006) авторы. «Ар» атты радиопьесасы Қазақ радиосының Алтын қорына енген.

«Қазақ өнері антологиясының» он томдық жобасының авторы әрі құрастырушысы. «Әйелімнің күйеуі» атты әңгімесі 1996 жылы ЮНЕСКО-ның «Әлем әдебиеті» альманахында ағылшын тілінде жарық көрген.

1994 жылы Қазақстан Журналистер одағының Кәкімжан Қазыбаев атындағы сыйлығын алған. Қазақстан Кинематографистер одағы сыйлығының бірнеше рет лауреаты атанған. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен мара­пат­тал­ған.

Қазақ әдебиетінен өзіндік орнын алған әріптесіміздің жарқын бейнесі оқырман қауым мен әріптестерінің жүрегінде мәңгі сақталады.

Қазақстан Жазушылар одағы
басқармасының секретариаты.

 


 

Сейілғазы да кетті дүниеден…

Қазақтың дарынды қаламгері, жазушы Сейілғазы Әбдікәрімов өзі пір тұтатын, ағасы ретінде қатты сыйла­ған Мұқаңның (Мұқағали Мақатаев) тура туған күні дүние салды 66 жасында.

Өзі арғы беттен 1962 жылғы үлкен көшу кезінде бері орал­ған еді. Жасынан қаламы жүйрік болып, содан ағала­ры­­ның ақылымен ҚазМУ-дің журналистика факуль­тетін бітірген-тұғын. Әкесі Қыдырмолда тілге шешен, суырыпсалма ақын, дәулескер күйші, ғажайып жан болатын, ұлы Мұхтар Әуезовпен дәмдес, пікірлес еді.

Секең телевидениеде табаны күректей ширек ғасыр қызмет істеді, айтулы хабарлар жүргізіп, мәдениет мәсе­ле­лерін көтерді. Дос-жарандары көп, қолы ашық болатын, бірге жүрген жолдастарынан ештеңесін аямайтын, дастар­қаны кең, көпшіл жан еді. Нарық кезінде жұмыс­сыз жүрсе де мойымай, әдебиет, публицистика майданына араласып, әдемі хикаялар мен әңгімелер жазды. Қазақстанның халық әртісі Әмина Өмір­зақова туралы соқталы дүние тудырып, жарыққа шы­ғар­ды. Сондай-ақ, ол менімен бірге 2005 жылы «Джордж Буш және Әлем» деген кітап жазып, шығарған.  «Қазақ өнері» ан­то­ло­гия­сының 10 томын баспаға дайындап қойып еді. Ары-бері демеушілер іздеп, сарсылып жүргенде, өзі де дүниеден өтті.

Ілгеріде аса талантты ақын Кеңшілік Мырзабеков Секеңнің мәрт көңілін, ашық алақанын,  достықты сатпайтын мінезін бағалап былай деген екен:

Ризамын Сейілғазыма,
Ризамын пейіл-назыңа.
Өкпелеп кейде қаламын
Жігіттің  сендей азына…

Секең Қадыр Мырза-Әлімен де, Жарасқанмен де сыралғы дос әрі көр­ші болды. Жайсаң жан, абзал дос, хош, жаның жән­натта шалқысын!

Бақытжан Тобаяқтегі.


 

 

ҚОШ, БАУЫРЫМ!

Жаныңда жүрген досың қапелімде о дүниеге атанып кетсе не деріңді де біл­мей қа­лады екенсің. Алматыда қазақтың көр­нек­ті қаламгері Әбіш Кекілбаевтың дү­ние­ден озғанына қырық күн тол­ға­нына орай берілген аста Сейілғазы көп­шілікпен бірге болып жайнаған жүзі жар­қылдап кө­рініп еді. Қолына әдемі таяқ ұстаған, ба­сына қалқиған шляпа киген, нұр жүзі ойнақшып сыр бер­ме­генімен, жағдайым болыңқырамай тұр деп шаршаңқыраған рай танытқан.

Сейілғазы сегіз қырлы жігіт еді. Жазу­­шы­лығы бір төбе. Сонымен қатар, Қы­­тай­дағы Шыңжаң қазақтарының күй­лерін шебер орындайтын, айналасына көңілді күлкі үйіріп жүретін ерекше қасиеті бар еді. Қатарлас жігіттері алып жатқан ма­ра­паттарға ешқашан қы­зықпайтын, ман­сапқа ұмтылу дегенді біл­меген, еш­қашан да біреудің ала жібін ат­тамаған өзінің Алла берген несібесін қа­нағат тұтқан қара­пайым жан еді.

Қош, бауырым! Тарбағатайдың тауларында, Барқытбелдің баурайында, Ала­­көл­дің жағасында өскен жастық ша­ғы­мыз­ды еске алудан басқа шара жоқ. Жа­­ның жәннатта болсын! Жасамаған жа­­сың­ды пәни дүниедегі жарыңа, бала-ша­ғаңа берсін!

Жарқын ШӘКӘРІМ.


 

Өнерге деген ілтипаты қалды

Сейілғазымен 1974 жылдары таныстық, ол кезде Секең «Қазақфильм» ки­ностудиясында жұмыс істеп жүрген. Журналист, ақын-жазушылармен, өнер адамдарымен жақсы араласып, достасып жүрген алғыр жігіт еді. Со­дан бері 40 жылдан астам уақыт өтті. Отбасымызбен аралас-құралас бол­дық, балаларымыз қатар өсті. Сейілғазы ақкөңіл, досқа адал, ақпейіл, еш­­кімге зияндығы жоқ жан еді. Қатарластары, тұрғыластары Сейіл сері деп атайтын.  Кино, музыка, сурет, театр өнері туралы көп жазды. Сол м­а­­қалалары «Өнер өзектері» деген атпен кітап боп басылды. Бұдан бес-алты ай бұрын осы кітапты әкеліп берген еді, ішінде мен туралы жазылған очеркі де бар екен. Осы «Өнер өзектері» Сейілғазының достарына деген сый құрметі, теберігі сияқты көрінеді де тұрады. Өнердің үлкен-үлкен аза­­маттары Роза Бағланова, Ермек Серкебаев, Кәукен Кенжетаев, Нұрлыбай Есімғалиев жақында ғана өмірден өткен Меңтай Өтепбергенов секіл­ді тұлғалар туралы кеңінен зерттеп, толымды мақалалар жазды. Ол өзі­нің өнерге деген жанашырлығы мен сүйіспеншілігін қаламының ұшы­мен білдірген азамат. Оның көзі кеткенімен, артында өнерге деген риясыз ілтипаты қалды. Ажал – Алланың жазуы, оған шара бар ма? Қош бол, Сейілғазы, топырағың торқа, жатқан жерің жайлы болсын! Алла Тағала ар­тыңда қалған ұрпағыңды аман сау, бақытты еткей!

Шаяхмет ИМАШҰЛЫ.


 

 

Жазушы-қаламгер Сейілғазы Әбдікәрімов ініміздің ақырғы сапарындағы қоштасу сөз

Шынайылық-адалдық пейіл-назы,
Замандас інім болдың Сейілғазы!
Сен өзі жаны жайсаң жақсы адамсың,
Жарқылдаған өмірде жасымаған.
Сендей болсын пәниде асыл адам,
Сен тірлікте ерекше адам болдың.
Досқа адал, өнерге де адал болдың,
Ақ жүрекпен адамсың ақтарылған.
Өзіңе лайық өмірде жеміс тердің,
Тіршіліктің мәуелі бақтарынан.

Беймаза күнді кештің,
«Мазасыз түнді» кештің,
«Өнердің мұраты» үшін,
«Ғибратты ғұмырға» ұмтылдың сен.
«Жақсыдан жақсы туар жарқылдаған»,
Өмірге ұл-қыз бердің алтындаған.
«Ақиқатқа куә болар Ай-Күн бар» деп,
Өмірге жазып кеттің жүрегіңмен,
Ал бүгін қош айтыстың бұл өмірмен!
Отбасың аман болсын,
Аман болсын ұл-қызың бақшадағы,
Қош бол, енді, заманның жақсы адамы!
Адамдық пен адалдық пейіл-назың,
Қош бол, інім, аяулы Сейілғазым!

 Шөмішбай САРИЕВ.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір