ӘКЕЛЕРІНІҢ ӘКЕСІН ТАНЫТҚАНДАР
12.02.2016
1574
0

Өзіміздің «ҚалжыңқаКемелбек Шаматайлтаның» «басыбайлы» авторларының қатарына соңғы кездері ғана қосылғанына қарамастан, алға қарай ентелеп бара жатқан Кемелбек Шаматай есіктен ене берді. Дидарын дұрыстап көруіміз үшін дәметіп қалған дәмеміз дүрбімізді дереу солай қарай бұрғыза қойды. Түйсігіміз түзу екен! Кемекеңнің көңілінде алаң жоқ, есесіне тонының іші тоқ! Жымың ете қалғанымызды байқамаппыз. –Жай ма? – деді Кемекең жайбарақат.
Ештеңе емес, жай… отырмыз… – Жымың еттің ғой.
– Е, белсенді авторымыздың келгені үшін қуанышымыздың қойнымызға сыймай, асып-төгіліп жатқаны ғой. Оған қоса тоныңыздың іші… – Ә, мынау ма? – Кемекең асықпастан, өңірінің түймелерін ағытып, томпайып тұрғанды қолына алды. – Білетін боларсың, соңғы кездері «Арамен» достасқан еді шалың, бұл –  содан жинаған балым…
– Оппо-о…  Әй-шайға қарамадық, өзі ұсына берген дүниені әлдекім қағып кете ме дегендей, қолынан жып еткіздік. «101 жүгермек» деп аталады екен. «Тоғанай Т» баспасынан 2015-тің жылжабарында ғана жарық көріпті. «Араның» ұясынан алынған соң, бал болса керек, әрине! Соның бір тамшысын сіздерге де ұсынып отырмыз. Дәмін татып көріңіздер…

– Айтқаным – айтқан! Тимейді деген соң тимейді!

– Тигенде қандай, тұп-тура анау үй­дің төріне бір-ақ сүйрейді!

– Айтады екенсің! Ол өзіне тигенді сүй­мейді! Тиіп көрсін! Тимек болғанның өзін кәуап етіп түйрейді! Тәк што, бұл ба­тырың ешкімге басын имейді.

– Көр де тұр осыдан, тигенде бар ғой, анау кекжиген басы тұрған жерінде күй­рейді!

Екілесіп тұрған екеуге бүйірден келіп үшін­шісі қосылды.

– О, не боп қалды түге, езулерің көпі­ріп кетіпті ғой мүлдем?

– Е, мынау Қапалақ қой, ана кісінің ер­кесі кішкене нетіп қойған екен. Енді соған қиын  болатын болды деп, қабыр­ғасы қайыса құалыпты!

– Қай кісінің, ә, анау ма? Айтқандай, оның маңдайына басқан жалғызы кіш етіп қойған дей ме? Бұты не бопты, тазарыпты ма? Иә, нақтырақ айтқанда, тазартыпты ма?

– Тазармай қайда барады дейсің, тазарттырады ғой!

Қапалақ осы тұста шыдамай кетті.

– Заң – баршаға ортақ! Ендеше, ол үшін жауап береді. Біздің құқық қорғау­шы­ларымыз жауап бергізеді! – деді. Апа­лақ оған ақшия қарады.

– Сен мына жерде жүр екенсің ғой, Қапалақ-ау! Заңды баршаға ортақ деп кім айтты саған? Біздегі заң тек сүйенері жоқ әлсіздерге ғана міндетті. Ал мойыны жуан­дар көздерін алартып қараса бітті, заңыңыз­дың баптары дүр-р көтерілген күйі үдере көшіп барып, жарлы-жақы­бай­ларды жағалап кетеді.

– Сен өйтіп, біздің әділ заңы­мыз­ға…

Қапалақ арғы жағын айт­қыз­бай, бас­тырмалата жөнелді.

– Заңның кінәсі жоқ, әри­не! Мә­селе оны ноқталап алу­шыларда! Арқыраған автокөлігімен алты адамды жапырып өткен анау Мақ­сат Үсеновтің еркесі жайын­­да естімеген құлақ жоқ шығар. Зәмзәм суына сүң­гігендей тап-таза боп шы­ға келген ол араға жыл салмастан сол «еркелігін» та­ғы да қайталаған жоқ па?

– Ол енді…

– Ой, біз бос әңгіме со­ғып тұ­рып, кешкі жаңа­лық­ты жі­беріп алмайық! – деді бұл екеуіне бүйірден қо­сылған үшіншісі.

Үшеуі топтаса келіп, 31-те­леар­наның шымылдығын сыр­ғытты. Дәл уақытында үлгерген екен! Кезекті жаңалық енді бас­талыпты.

Кенет көз ілеспейтін қимыл басталды да кетті. Телебізірде! Ә дегенде, бұлар еш­теңе ұқпай қалды. Жаңалық дейін десе, жаңалық емес! Оған ұқсамайды, жанталас әрекет! Анау телеэкрандағы бейне қар­сы алдындағы кісі бойы кедергіден қар­ғып өткенде, бұлар Джеки Чан қайдан пай­да бола кетті деп ойлап қалды. Сөйткенше болған жоқ, онысы сол күйі барып, қос аяқты қайшылай сермегенде, отырған орнынан ұшып тұрған қыз шал­қалап барып, ұзынынан түсті. Джеки Чан болса, ой, кешіріңіз, соның шеберлігін қай­талаған бейне көз ілеспес жылдамдық­пен қимылсыз қалған қыздың үстіне төне берді…

Мына шым-шытырық, өткір оқиғалы фильм қайдан пайда бола кетті өзі?! Оның күтпеген жерден басталғаны сонша, көз алдарындағы көрініс диктор үнін тың­дауды естерінен шығарып жіберген екен. Бұл оқиғаның Астана қаласындағы Kinopark 8 SaryArka кинотеатрының кассасында болған оқиға екені айтылғанда барып, өздерінің жаңалық көріп отыр­ғандарын естеріне түсірді.

Сөйтсе, олардың Джеки Чан деп ойлап қал­ғаны Астананың кәдімгі өз тұрғыны Қуаныш Тұракелдиев (кей ақпаратта – Төрекелдиев) екен. Жасы тұп-тура жиырма екіде. Осы жасында оның мынадай ше­берлікті қайдан, кімнен үйренгенін дик­тор айтып уақыт оздырған жоқ. Бар бол­ғаны премьер-министр кабинетінде жо­ғары лауазымды қызмет атқаратын бе­делді кісінің, нақтылап айтқанда, канцеля­рияның бас инспекторы Болат Тұра­келдиевтің ақыл-ойы, санасы, көзі­нің ағы мен қарасы екендігін тұспал­да­ды.

Ақпараттық хабарды көрген үшеу бұл жайды одан әрі өз беттерінше зерттей тү­сіп еді, кассир қызды теуіп құлатқан жі­гіт­тің кінәсі жоқ көрінеді. Ол сәтте Қуа­ныш Тұракелдиев бар болғаны аффекттік, яғни өзіне-өзі есеп бере алмайтын жағ­дайға келіп, қозбасы қозып, өзіне есеп бере алмайтын жағдайда тұр екен. Қыз­дың қорғаушысы оның тап сол шақтағы жай-күйін солай бағалаған. Ал оның өзі­нің айтуынша, қызды неліктен және қа­лай сұлатып түсіргені мүлдем есінде жоқ!

Бір анығы, жоғары шенді әке беделінің арқасында асып-тасып, кеуделеріне нан пісіп жүретіндердің ақыл-есін айдалаға адастырып жіберетін осындай себептері ескерілгендіктен болса керек, қазіргі кез­де қылмыстық істе «медитация» деп аталатын жаңа түсінік өлшемі пайда бо­лып­ты. Ол қылмыс жасалуына байланыс­ты екі жақтың заңнан тыс, өз беттерінше ымыраласып, адамгершілік танытуы де­генді білдіретін, өсіп-өркендеген қоғам­ның моральдық өлшеміне тән жаңа қ­а­сиет болса керек. Дәлірек айтқанда, екін­­ші жақты риза етсеңіз болды, өлеңіңіз­ді айтып әндете-е-еп жүре бере­сіз! Қор­ғау­шы Жандос Тұяқовтың түсін­діруі бойынша, бұл құптарлық шешім екен.

– Әне, айттым ғой тимейді деп, – деді Апа­лақ осыны естігенде.

– Е-е, қауашағыма енді ғана бірдеңе там­шылай бастады. Демек, бұл жаңа түсі­нік бойынша, тұмсық бұзудан бастап, кісі өл­тіруге дейінгі кез келген қылмысты жа­сап алып, одан соң қылмыскер екінші жақ­пен келісімге келу арқылы, яғни иы­ғына торқасын жауып, көңілінің қалауын тауып, жазадан құтылып кетсе, ол адам­гершілікке жатады екен!

– Әсіресе, заңның қазақстандық бұл иі­рімі Қуаныш Тұракелдиев сияқтылар әке­лерінің беделіне нұқсан келтірмеу үшін таптырмайтын тәсіл ғой!

– Бәсе, әлгі алты адамды бірден жапы­рып өткен Мақсат Үсеновтің үстіне қы­лау жұқпай жүргені сондықтан екен дә!

– Е, сол үшін «үлкен Үсенов» қызме­ті­нен кетіп, жауапқа тартылған жоқ па?

– Оның қызметтен кетуіне де, жауапқа тар­тылуына да баласы көрсеткен «өнер­дің» қатысы жоқ, ол өзіне сеніп тапсы­рыл­ған ЭКСПО қаржысының бір бөлігін «әп!» деп қойған әпитетінен келген зауал!

– Ендеше, әкесінің өзі бірдеңені жазатайым қылдан тайып кетпесе, Қуаныш Тұракелдиевтің мазасын ешкім алмайды десеңізші!..

Кешіріңіздер, осыдан апта бұрын қа­ғаз бетіне түсірілген бұл жазбамызға осы тұстан нүкте қойып, сиясын кептіру үшін күн көзіне жайып қойғанбыз. Сонымыз дұрыс болған екен! Ол кеуіп үлгергенше әке­лердің жалпақ табанын пайдаланып, заңыңыздың белінен басып тайраң­дағандардың бір тобымен тағы да танысу бақытына ие болдық! ҚР Әкімшілік полициясы комитеті төрағасының орынбасары, полиция полковнигі Бақытжан Балташевтың ұлы өзінің үйлену салтанаты кезіндегі автошеруде Астананың басты көшесінде жолды көлденең кесіп, көлік­тен беліне дейін шығарып, тіпті бірнеше джип артымен жүріп, қозғалысқа қауіп төндіріп, «ғажайып» өнер көрсеткен.

– Сол үшін әке Балташев қызметтен кетуін кетті-ау, бірақ бала Балташевтың Ата заңымыздан да биік тұрғанына қара­ғанда, олардың шебі әлі де болса мыз­ғы­маған қалпында тұрған жоқ па? – деді бұл жайында да хабардар болған Апалақ Қа­па­лаққа көп мағыналы көзімен қарап.

– Түсініңкіремедім, шебінің мызғы­май тұрғаны қалай?

– Егер заңымызды мойындап, оған мо­йын­сұнған болса, өздерінің осынау еркелігінің бағасын шығарған сот отырысына келген болар еді ғой! Оларды соған әкелуге заң орындары құдіретінің жетпей қалуы нені көрсетеді?

– Осы жайдың өзінен ЭКСПО-дан кер­тіп жеген Үсеновтің тәбеті тәрізді бас­қаша ши шығарып алмаса, әкелер Тө­рекелдиевтің де, Балташевтың да мұрт­тарын балта шаба қоймас деп жобалауға бо­латын сияқты, – деді Қапалақ та қарап қал­мастан. Оны аз десеңіз, Балташевтың ұлы Астананың Қонаев көшесінде «өнер» көрсетіп жүрген сәтте Алматының әл-Фараби даңғылында онымен сырттай «бәсекеге» түскен Тамаз Құрбанов пен Аф­ган Мамедовтың он тәулік қана «демалып» шығатыны да талай нәрсені аңғар­тып тұр ғой!

– Ендеше, ұлдарының көрсеткен «өне­рінің» құрметі үшін көрер көзге «жау­сап түсіп» әкелерін таныған сияқты боп кө­рінген әкелер әлі алдағы уақытта шах­маттағы аттың жүрісін жасап, тұяқ­та­рымен жер тарпып, өзге бір тұстан ос­қы­рынып шыға кеп жүрмесін деңіз!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір