ҚАЗДАУЫСТЫ ҚАЗЫБЕК БИДІҢ ШАПАНЫ
05.02.2016
2323
0

IMG_9744немесе көнені жаңартушы Жайлаубаева

Астанадағы Ұлттық музейдің құнды жәдігер­лерінің бірі – осыдан 3 ғасырдай бұрын өмір сүрген Қаз дауысты Қазыбек бидің шапаны. Шапанды біраз жыл бұрын бидің ұрпағы Алтын Қожахметов деген ақсақалдың өзі музейге табыстаған болатын. Соншама уақыт бойы ұрпақтан-ұрпаққа мұра ретінде жеткен шапан әбден тозған еді. Қазыбек бидің ұрпақтары бабаларынан қалған мұраны аман алып қалу үшін кейде оны жердің астына да көміп сақтапты. Сонымен қатар, шапанды қадір тұтқан халық оның әр шетінен тәбәрік ретінде жыртып алып кеткен. Осылайша қазіргі қоғам үшін аса бағалы жәдігер саналатын шапан үлкен реставрациялық жұмысты талап етіп тұрды. Мұндай абыройлы міндет Тұрсынгүл Жайлаубаеваның мойнына жүктеледі.

Тұрсынгүл Жайлаубаеваның арнайы реставрация­лық білімі бол­ма­ғанымен, он саусағынан өнер тамған ше­бер тігінші. Жасы 75-тен асқан ше­бер апамыз қазір Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде қызмет атқарады. Ол әйгілі «Алтын адамға» ре­конструкция жа­саған мамандардың бірі. Ал Қазыбек бидің шапанын қы­зы екеуі бірігіп 2 жарым жылда толық рес­таврациядан өткізіп шыққан. Ша­пан тігілген парша де­ген материал мен алтын жіптерді іздеп сонау Бұха­ра­ға дейін барып қайтқан. Нәти­же­сін­де, атақты биден қалған көне бұйым бұрынғы қалпына қайта келіп, му­зейдегі бағалы жәдігерлердің қа­та­рын толтырып тұр. Шапанның қа­зір­гі қаржылық құны 60 миллион тең­геге бағаланған. Жайлаубаеваның айтуы бойынша шапан өте бағалы ма­териалдан тігілген. Шапанның жиек­тері мен өңірі алтын және күміс жіп­термен зерленген. Сол кездің ба­ғасымен есептегенде мұндай қымбат киімге екінің бірі қол жеткізе алмас еді.
Тұрсынгүл апа Алматы облысы­ның Таутүрген де­ген жерінде өмірге кел­ген. Өнер адамдарының шаңы­ра­ғын­да дүние есігін ашқан болашақ рес­тавратор ұлт мәдениетінің мәйе­гіне кішкентай кезінен қанып өседі. Тұр­сынгүлдің әкесі Жайлаубай қолө­нер шебері болатын. Қолөнерге бейімі бар кішкентай қыз әкесі­нен етік тігу­ді, тарамыс ширатуды, тері илеуді, те­­­ріден даярланатын сан алуан бұйым­дардың қалай жасалатынын кө­ріп өседі. Осылайша ол әкесіне кө­мек­ші ретінде қолғабыс көрсете жү­ріп, шеберліктің әуелгі сатыларын иге­реді.
Жайлаубаева ең алғаш рет Өзбе­кәлі Жәнібеков Мәдениет министрі болып тұрған кезде Алматыдағы «Қаз­МузРеставратор» мекемесіне жұ­мысқа қабыл­да­на­ды. Оның осы кә­сіппен айналыса бастағанына шамамен 30 жылдың жүзі болды. Сол кез­ден бастап Тұр­сын­гүл апа көне жә­дігерлерді қайта түлетіп, қалпына келтірудің шеберіне айналады. Өз ісін ерекше сүйетін шебер бос уақы­тында ұлт тарихы мен мәдениетіне қа­тысты кітаптарды ақтарып, рухани әле­мін кеңейтіп, халқымыздың көне бұ­йымдары жөніндегі таным-түсінігін толықтырып отырады. Ол қа­зір бұл кәсіпті ту­ған қызы Назымға да үйреткен. 11 жасынан бастап қо­лына ине-жіп ұстаған Назым қазір Тұрсынгүл апаның айтуынша анасы білетін шеберлікті толықтай дерлік игеріп болған. Назымның қолынан шыққан Сақ патшайымының киімі Франция, Сингапур сияқты елдерде көрмеге қойылған.
Тұрсынгүл апа қызы екеуі бірігіп ең әуелі Есік қор­ғанынан табылған Ал­тын адамның, содан кейін сақ, скиф жауынгерлерінің, көсемдерінің және хан­шайым­да­рының киімдерін тігеді. Тарихи киім­дерді тіккенде Зей­нолла Самашев, Карл Байпақов қ­а­тарлы ғалымдар­мен ақылдасады. Сақ дәуі­ріне арналған киімдерді тігіп болған соң ше­бер қазақтың ұлттық киімдерін қолға алады. Тұрсын­гүл апа сақтар­дың киімдерін тіге жүріп, қазақтар олар­­дың тікелей ұрпағы екендігіне көз жеткізгенін айтады. Қазақтар ис­лам дінін қабылдаған кезеңнен бас­тап аң стилінен біртіндеп ою-өрнекке ауыса бастады дейді.
IMG_9730Шебер апамыз әр түрлі пұлдардан, теріден, киізден бұйым­дар жасайды. Теріні өзі илеп, өзі бояп, өңдейді. Біз кес­те, қол кесте сияқты кесте өнері мен тоқыманың да талай түрін игерген. Әр киімнің материалы мен өзін­дік ерекшелігіне сай тігістердің алуан түрлі өзге­шелі­гін ескеріп отырады. Өмірін ұлт мәдениетін қайта қалпына кел­тіру ісіне арнаған шебер, талай кө­не дүниелердің тозығы жетіп, му­зейлердің қоймаларында шіріп жат­қанын көріп қынжылатын кездері де аз емес. Ол реставраторлардың еңбегін қоғам дұрыс бағаламай отыр деп ашынады. Реставрация жұмыстарын жүр­гізуге арналған лабораторияның қажеттігі осы саланың ең өзекті мә­селесі. Біздің кейіпкеріміз рес­тав­рация жүргізуге арналған арнайы орын­ның жоқ­тығынан кезінде талай дү­ниелерді өз үйінде оты­рып жасап шық­қан көрінеді. Осылайша өмірінің жар­тысын құнды жәдігерлерді қайта қал­пына кел­тіру­ге арнаған шебер әлі де ұлт мәдениетін жаңғырту жо­лын­да қызмет етіп келеді.

Б.ТОҚТАРБАЙ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір