ШЕН МЕН ШЕКПЕННІҢ ҒАСЫРЛАР ШЕРУІ…
05.02.2016
2247
0

chinovnikiАқпарат кеңістігін үш-төрт күннен бері шарлап, журналистер жарыса жазған жайға үңіліп, дереу қорытындысын шығару ұшқарлыққа ұрындыратын да шығар. Әйтсе де, мінез деген жарықтық Гегельдің «спиральді диалектика заңдылығына» келе ме деп қалдық. Тектілік, қазақ тектілігі қайта орала бастағанына іштей тебіренеді екенсің. Ұлттық қалпымыз бен сан ғасырлық салтымыздан алыстамасақ досқа күлкі, дұшпанға таба болмаймыз.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Мұғалжар ауданының әкімі Серік Шаңғұтовтың үйіндегі жа­рықты сөндіріпті. Уәжі – «10 жылдан бері ауыл жарықсыз отыр. Сіздің үй­де жарық бар. Бас­қаға бас ауыртып отыр­ған жоқсыңдар. Бүгін­нен бастап ау­дан әкімі мен орынбасарының үйін­де­гі жарықты сөндіріңіз. Қашан Қайың­­дыдағы мә­селені шешеді, сол кез­де қосыңыз». Бұған қоса, «11 жыл әкім болып, 11 көшеге жол төсепсің. Әр жыл­ға бір жол. Қалған көшені жөн­деуің үшін са­ған 30 жыл керек пе?» – деп­ті сұраулы жүзбен. Осы­нау дүние қа­зақ үшін жаңалыққа балан­ған­мен, әлем үшін таңсық емес-ау. Дегенмен, бұл оң өзгерістің, бетбұрыстың алды шығар. Соны аң­ғар­­ғандай болдық. Аны­ғында, «Дәрежелер тура­сындағы та­бельде» қай шендінің нешінші орын­да тұрғаны елге деген ықыласпен өлшеніп, «көп­пен көрген ұлы тойдың» ауылы да жақындай түс­кендей сезілді бізге. Лайым, солай бол­ғай! Әкім-қара мен бұқара арасындағы байланыстың үзілген жібін жалғау үшін уақыт қа­жет екен. Қа­жыр-қайрат, шешім­тал­дық, түйсік, үлкен жү­рек, кесек бітім, те­рең ой – Биліктің серігі екені ежел­ден-ақ анықталған-ды. Сол мінездер шен­ді­лердің бойынан табылмағанда сынау мен мі­неу, ашыну мен күйіну, айқай-сүрең, дау-дамай төменнен жоғарыға қарай жетіп жатады, жетіп жа­тады. Көп түкірсе көл ғой. Алайда, адам­дар­дың көз жасы мұхитқа айнал­ғалы қашан. Еділ пат­ша­ның: «Егілген ерді көрдім. Бірақ елім жыламасын­шы!» деген сөзі жаугершілік дәуірден жаң­ғырық бо­лып естілгендей әсерде бо­ласың. Осы орайда, га­­зетімізге мемлекет, ел-жер, саясат пен шенеу­нік­­тер жөнінде ойымызды ортаға салған едік. Енді басылым бетінен осынау бір са­рын­дағы ма­қалаларды тұрақты түрде жа­риялап тұруды жөн көрдік. Бұ дүние соның бір парасы.
Чехонте – Чеховтың «Шенеуніктің өлі­міндегі» Червяковтың қылығы шыны керек, күлкі шақырады. Бүгіндері сол кейіпкердің Бризжалов жаққа түшкір­ге­ні үшін қатты ыңғайсызданып, одан ке­шірім сұрауы әпенделікке балануы мүм­кін. Алайда, ар-ұят алдындағы адам жанындағы осынау бір өзгерістерді жазушы нәзік сезініп, терең бере білді. Әң­­­гіме финалы өліммен аяқталуында символдық мән жатқанын ескерсек: «Қа­зақ қоғамындағы әкімдер, басшылар ұлық бола тұра кішік мінез таныта ала ма екен?» деген сұрақ әлі жауапсыз. Біз осы Халық алдында Үлкен ба­­сымызды кішірейтуге дайынбыз ба екен?..
Қырғызстанның қай қаласы екені есімде жоқ, бірінде жиын өтіп жатады. Иін тірескен жұрт, әйтеуір. Сол ша­раға шаһар әкімі келеді. Бәрімен аман­­дасып, асығып, залға кіріп келген ол орын жоқ екенін көреді. Ары қа­райды, бе­рі қарайды. Төрге озу­дың ретін таппай біраз қиналады. Соны байқап қойған бір ақ­са­қал:
– Ей, бала қойсаңшы, енді. Ма­­нас­шы­ның жырын тың­дайық­та. Әлде мына елден үл­кен­­бісің? Ірі болсаң, ісіңмен дә­лел­де. Егер орын табылмаса, соған қа­­нағат ет те, бір жерге жайғаса сал, – дейді.
Шенеунік:
– Жарайды! – деді де көп­­шіліктің ішіне сіңіп кет­ті.
Кейін сол жас әкім үш айға жетпей үлкен нә­тиже көрсетіп, елдің ри­за­шылы­ғы­на бөленіп, қарт­тар­дың батасын ал­ған екен.
Шешенстан Президенті Рамзан Қа­ды­ров траптан түсіп келе жатып, кіш­кен­тай баланы байқап қалады. Жас ша­ма­сы – тоғыздарда. Бала Қадыровтың құлағына бір нәрсе деп сыбырлайды да кетіп қалады. Жанындағы ше­неу­ніктер ішінде оянған қызығушылығын басу мақсатында:
– Не деп айтты?
– Не деді?
– Түріңіз бұзылып кетті ғой… – дейді бәрі жан-жақтан.
Қадыров оң жағында тұрған министрге:
– Жұмыстан босатылдың! – дейді.
Ол:
– Неге? – деп таң қалады.
– Боссың дедім! – деп зекиді.
Оның сырын ел-жұрт кейін біледі. Президент кетіп бара жатқанда артында келе жатқан әлгі шенеунік амандасқысы кел­ген адамды итеріңкіреп жібереді. Ба­ла соны көріп қалған екен. Сонда Қа­ды­ров:
– Егер сен бүгін бір шешенді итерсең, ертең сен мың шешенді итергенің өз алдына ұлт ұсынысын, ұлт сөзін де естуден қаласың, – депті. Айтқаны айдай келіпті. Кейін сол адам биліктен, саясаттан мүлде аластатылыпты. Себебі, мен­меншілдігі қозып, ешкімді менсін­бей­тін жағдайға жетіпті. Онымен қоса, дарынсыздау жақын-жуықтарын жанына тартып, «этикетті бұзыпты». Біреу оны «Путинның қуыршағы» дер, енді бірі оны «сайқал» дер, бірақ халық арасында Қадыровыңыздың қадірі асып тұр. Той-томалаққа барған ол лизгинкасын билеп, көмек ретінде қомақты қар­жы тастап кету бұрыннан келе жатқан ғадеті екен. Шешендер үшін қатты жаны ауыратынын содан-ақ көруге болады.
Бұ мысалдарды аспаннан алған жоқ­пыз. Мұхиттың арғы жағындағы емес, бізбен іргелес, мұсылман елдердегі жағ­дай­лар. Шенділердің ірі мінезі, жақсы қы­лығы ел арасында жатқан ба?! Аңыз болып бізге де жетті, міне. Халық бала сияқ­ты ғой. Жақсылықты көрсе аузы­ның суы құрып, тамсана айтады. Қазақ­та «қарғыс алған оңбайды» деген сөз бар. Ауыр сөз! Қарғыстан гөрі алғыс алатын уақыт жетті. Кімге болса да…

 

***

Елімізде шенеуніктің образы қалай қалыптасты? Қай қырынан? Шен-шек­пен дегенде неге көз алдымызға өзін паң ұстап, алшаң-алшаң басатын адам елес­тей­ді екен, осы? Одан бұрын халықтың «ана жақтағы адамдарға» деген сенімі де аса мықты емес. Біздіңше… бұның себебі, бос уәде беріп, көпірме сөзден астымызға көбік-көпшік қоюында. Абай­ша айт­қан­да, «болыс болдым мінеки» дегендей, сай­лау өткен соң ол адам құбылып шыға ке­леді. «Ұлы жоспар мен арман-аңсар» жайына қалады. Артынша көңілге күдік ұялайды.
– Кеше ғана не айтып еді? – дейміз де жан-жағымызға қараймыз. Ешкім жоқ.
Олар ұрандатып, жалаулатып келіп ел­ді жалғыздан-жалғыз қалдырғанда, не айтарын білмей сасқан кісілерді де көр­дік. Сонда бір ағамыз аспанға қарап тұрып:
– Соңғы үмітіміз – Құдай. Өйткені, адам­нан пайда жоқ, – дегенде біреулер үнсіз қалды, біреулер күбірлеп бір нәрсе­лерді айтып жатты.
«Айтылған сөз – атылған оқ» екенін неге түсінбейміз?! Жалпы, сол ауыздан шыққан сөз салмағы да жеңіл тартатындай. Егер берілген уәде өтірік екенін біле тұра, соған халықты неге сендіргісі ке­ле­­ді екен. Уәде – Құдай сөзі ғой! Аманат. Сә­­ті түссе болды, сол аманатқа қия­нат жа­сауға дайынбыз. Таң қалдыратыны – сол.
Сайлауалды науқан басталғанда (Президенттік немесе парламенттік бол­сын) қарабайыр тіршіліктің бойына қан жүгіргендей болады. Үміткерлердің суре­ті ілінген билбордтардан көз тұнады. Агитация дегеніңіз қызады. Әркімнің өз тұжырымдамасы, ұстынды ойлары бар. Қайтсек қазақты «кемел болашаққа» бас­таймыз? Атқаратын іс өте көп. Жат­пай-тұрмай елдің қамын ойлауға кірі­се­міз. Бір ай көлемінде ғана. Қызылкеңір­дек болып телеарналарда айтысамыз. Ұлт төңірегінде, ұрпақ жөнінде. Сол бір ай көлемінде олардың жаны қатты ауырады. Бәрі қазақ үшін. Бір дәуге тағы бір дәу табыла кетеді. Сөйлегенде сүйсіне­сің, тегі. Цицирон шетінен. Олар секілді халықты, Алашты ешкім сүйе алмайды. Науқан аяқталып, электорат кандидаттарды таңдаған соң бір қорқынышты тыныштық орнайды. Ұлы үнсіздік! Келесі сайлауды күтеміз. Бюллетеньді тол­тырар кезде қалам мен қағаздың жа­нын­да ыстық шай мен палау тұрады. Қар­ныңыз ашпас үшін… одан бұрын… дұ­рыс таңдау жасауыңыз үшін барлық жағ­дай жасалынады… Қарны тойған қа­зақ үйіне қайтады. Біз «халық қа­лау­лы­­ларын» осылай таңдаймыз…
Егер елде әлі де саяси сана қалыпта­сып үлгермесе, онда ондай мемлекетте би­лік пен ұлт арасындағы байланыс та жоқ деген сөз ғой. Халық не үшін дауыс беріп жатқанын толық түсінгенде ғана белгілі бір идея төңірегінде шоғырла­нып, жұмыла көтеріп, жүкті жеңіл­детеді. Ал бұ жағы бізде қалай? Бүгіндері «көк­сан­дық­тан» біз депутаттар (парламентари) мен әнші, әзілкештерді ғана көреміз. Түске дейін біреуі, түстен кейін екіншісі сөйлейді. Елдің де еті өліп кеткен. «Бүгін не тал­қыланып жатыр екен?» деп қызы­ға­тындар сирек.
– Одан да сериал көрейік! – деп бас­қа арнаға ауыстыруға дағдыланып ал­ған­быз. Бұл да өз-өзімізді алдаудың бір түрі.
Әдебиетімізде шенеуніктің толық­қан­ды көркем образы жазылған жоқ. Гогольдың «Шинеліндегі» Акакий Ака­кие­вичтың өмірі қаншалықты аянышты болса, соншалықты өнегелі. Әркез қа­ғаз­басты болып жүрген ол шен туралы ойлауы мұң екен, түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырылады. Кейіпкер өлген күннің өзінде елесі біразға дейін елді кезіп жүреді де, әйтеуір сол шинельге қол жеткізеді. «Қатқылдық, қатқылдық және қатқылдық» деп айтуында бір сыр бар. Жазушы шенеуніктер арасында нәзіктікке орын жоқ екенін осылайша аңғартады. Саясат жүректің, жанның ісі емес, ақыл-парасаттың, кейде күш­тің құралы. Кейде күш қатты жұмсалып, біреулердің қабырғасына батып, беліне салмақ түскен жағдай да кездеседі…
Кейде қызық үшін адамдардан сыр суырғымыз келіп: «Шенеуніктер туралы не ойлайсыз?» деп сұрағанда:
– Ештеңе ойлағымыз келмейді!
– Чиновник он и в Африке чиновник!
– Олар қарғысқа ұшыраған. Сон­дық­тан, қолдарынан ештеңе келер емес…
– Үлкен өзгеріс болатынын сезе­мін.
– Олардан «атқарушылық» функциясын алып тастаған…
Расында сондай ма? Бірақ халық айтса қалт айтпайтынын тарих дәлелдеп үлгерген-ді. Одан бұрын билік басын­да­ғы­лардың өнерден алыстауының кесірі енді білініп жатыр. Жасандылық көп, табиғилық жоқ.

 

***

Бір кездері ханы мен уәзірі, жырауы мен батыры ел алдында үлкен пакт алып шығып, талқыға салар кезде бәрін електен өткізіп, қырнап, алып-қосып, жұп-жұмыр қылып дайындайтын, «ұятты өлімнен де биік» қойған «дала димократиясы» өзгеге үлгі еді ғой. Алыс-жақын ше­телден келген дипломаттар көрген­де­рін қойын дәптеріне түртіп, патшаларына таңырқап баратын болған-ды. Біз­ден үйренетін… ал қазір біз үйреніп жүрміз. Кей сәтте өзімізде аса терең тү­сіне бермейтін модельдерді енгіземіз келіп, енгіземіз. Бірақ оның тетігін, механизмін таптық па таппадық па, оған бас ауыртпаймыз.
«Бүлінгеннен бүлдіргі алма» дейді қазақ. Шіріктен тек шірік қана аласыз. Басқа дүние қолға ілінеді деп дәмелен­беңіз. Бюрократия, автократия және коррупциямен күресіп жүрміз. Бірақ «ақ туды» көтеріп, капитуляция жариялаған ешкімді көрмедік. Тоқшылықтан кекі­рі­гі азғандар елдің ақшасын астына басып, мұхит асты. Бірақ негізінде олар­дың ішкені ірің, жегені желім екенін біл­мейді-ау, білмейді. Қарынбайлар қап­тап жүр. «Әлі ештеңе өзгере қоймапты ғой» деген бір ауыз сөз ұнжұрғаңды түсі­ріп, еңсеңді езе түсетіндей көрінеді. Өз елі үшін жаны ауыратын қазақтан гөрі, Батыс сарапшылары мен солардың мақтауы біз үшін қымбат екені – қазіргі қазақ қоғамының шындығы. Бүгіндері ұлт қамын ойлаудан гөрі бір-бірімізге жа­ла жауып, артымызды ашып, сотқа сүй­реу қызығырақ көрінеді. Орға итере салу да оңай, өлтіру де қиын емес. Әдет­тегі нәрсе. Саясат хирургтың қолындағы скал­пель секілді. Бір тіліп өтсе болды ті­гі­­сіңіздің жазылуы тым қиындау. Арбаны сындырмай, өгізді де өлтіргісі жоқ. «Сират көпірінен» өтсек те бүйтіп қо­рық­пайтын шығармыз. Қалай болғанда да өз-өзімізге, мына миға сондай бұйрық беріп қойғанбыз. Қазақстаннан Авс­трия­ға қашқан репатриант Алиевты экст­радияциялау туралы өтінішті өңе­ші­міз жыртылғанша айқайлап, талап еткен тұста «Крестный тесть» атты доку­менталды кітаптің авторы өз-өзіне қол жұмсапты. Бірақ шыны керек, оның өліміне көп адам сенбеді. Сонда өлімнің өзі адамды сендірмейтін қоғамда өмір сүріп отырмыз. Сол Алиев те чиновник еді ғой!
Ал Серік Ахметов, Бауыржан Әбді­шев, Ерлан Арын, Бергей Рысқалиевтер, Талғат Ермегияевтер де шенеунік еді ғой, бір кездері. Бәрі елге қалтқысыз жұ­мыс істейміз деп ант-су ішкен. Билік ат­ты машина репрессияны еске салады. Біреулерді ұстап береді, біреулерді аждаһаша жалмап барады. Айға қарап ұлитын қасқырша қазақ та іштен тынып отыр. Дастархан басында гу-гу әңгіме. Далада өлі тыныштық. Мылқау, керең, иіссезбес, сезімсіз… және соқырмыз. Жер қозғалса да қозғалмайтын кісілер бар. Ол шенеуніктер. Креслоларының астында магнит бар. Оң-солға, алдыға-артқа кете алмайсыз. «Ұлы тартылыс кү­ші» Орталықтың қолында. Ырық бермейді. Орныңнан тұрудың ыңғайын тапсаң, қудаланғаның қудаланған. Затың тұрмақ, атың да қалмайды. Пәр­мен беріледі. Жойыласың. Ал депутат­тық мандат алғандар немесе шенге ұмтыл­ған­дар «жоғары жақ» екіжүзділікті талап ететінін біліп келеді. Шыңғыс қағанның көрегендігіне таң қаласың. «Билік, тақ, мансап мұз секілді. Қысқан сайын ери береді. Суға айналады». Чиновник үшін ар-ұят пен адам болып қалу принципі қан­шалықты маңызды еке­нін дәл қазір кесіп айту қиын­дау шығар. Алайда, бәріміз Алланың алдына барамыз ғой. Сонда не деп ақ­­талар екенбіз? Сол қы­зық болып тұр. Құдайға, адамға, ұлтқа деген махаббатымыз шенге деген құрмет, шенге деген ын­тық­тыққа ауысып үлгер­ді. Бұл қанша уақытқа дейін жал­ғаса­ты­нын ешкім біл­мей­ді…
Қазақ үшін шенеуніктің та­ланты де­ген әлі ашылмаған, әлі зерт­телмеген тақырып қой. Роза Мұқанованың «Мы­сық­тар патша­лы­ғындағы» бір кейіпкер айтпақшы: «Менің талантым кіндігім­нен сәл тө­мен, сол бүйрегімнің жанында» деген сөз­дің астарында қандай мән, қандай астар жатқанын айтудың өзі артықтау секілді. Көп сөйлейтіндер, көп сұрақ қоятындар мен әсіре пысықтар, әсіре ұлтжандыларды біреулер қағып отырады. Сенің дарындылығың – ба­ғынуың­да. Талантты ба­ғынушылардан ға­на жап-жақсы шенді шығатынына ел куә. Ал ағысқа қарсы жүз­гі­сі келетіндер оп­позицияға кетеді. Біздің елде оп­по­зиция­ның өзі салыстыр­малы түрде ғана екені бәріне белгілі.

 

***

«Ұлы депрессияны» басынан өткер­ген Америка зерттеу жасапты. «Олқылық қай жерден кетті?» дегенге жауап іздейді. Рухани һәм экономикалық кризистің бастауы жемқорлық пен шенеуніктердің халыққа бей-жай, салғырт қарағанды­ғы­нан екен. Бұ нәрсе жақында ғана анық­талыпты. Сол кездегі билік басында отырған чиновниктардың отбасы, үрім-бұтағы мемлекетке конфискация төлейтін болыпты. Заң сөйтіп шешіпті. Өте көп ақша. Сол қаржы жетімдер мен қарттар үйі мен мүгедектерді емдеуге ар­налатын қорға аударылып отырады. Жүйе қалай тиімді жұмыс істеп жат­қа­нын байқаған боларсыз. Ал біз қазаққа қанша қарызбыз? Ақшаны былай қойғанда жүйкесін жүн еткеніміз үшін, жанына жара салғанымыз үшін, қылая­ғы өтірік айтқанымыз үшін…
Бір данышпан айтыпты ғой… Екі нә­р­сеге таң қаламын деп. Бірінші аспан­ның шексіздігі… екінші адамның ақы­мақ­тығы. Сол секілді бізді де таң қалды­ра­­тын нәрсе өте көп. Жиын, шара, бас­қосуларда шенділерді көрген елде ес қалмайды. Реті келсе Брежневше сүйісу­ге дайын тұрады. Амандасқан соң, жағ­дай айтып, «бір нәрсе» сұрайтын кез ке­леді. Аға-екесі деп басталады әңгіме. Сұрайды. Бірақ ол кесіп ештеңе айтпайды. «Көрейік!» дейді. Ары көреді, бері көреді… Сонымен көріп болады. Сұра­ға­нын береді. Бір күні. Шенді әлгі жа­ғым­­пазды жанына тартып, оны мақтата­ды, жағдайын жасайды. Екеуінің де беті ашылады. Қызына қатты ынтық бір жігіт оны көрген соң: «Енді сен маған қызық емессің» дегеніндей алыста жүр­ген­де асылға теңегенде, ол жақын­да­ғанда, пенде екенін көргенде сырынан, ішкі сымбатынан айырылғандай күй кешетіні бар. Неге екенін белгісіз, әкімді көрсек үй, ақша, машина, қызмет сұра­ғы­мыз келіп тұрады. Біріншіден, түу деп түкірігі жерге түспей, дәуірі жүріп тұр. Екіншіден, қолында билігі бар. Ал әлемде қалай екен? Әйтеуір, Германияда канцлермен жолыққан адам бірінші мемлекеттегі ахуал мен ұлт басындағы қасіретті толық айтып болған соң ғана, ең соңында «өзім үшін» деген пункт бар екен. Бірақ олар дүние сұрамайды. Сұ­рай­тыны – білімін ұштағысы келеді, тәжірибе жинағысы келеді, елге пайдалы бір дүние ашқысы келеді. Осылай, енді. Сондай кезде: «Біз қайда, әлем қайда?» деген сұрақ көкейден кетпей тұ­ратыны бар. Алла шенді адамды сынау үш­ін береді. Жұмақ пен тозақ арасы бір адым емес пе? Сол себептен істейтін іс шаш-етектен екенін ұғынайық. Егер ұғына алсақ, әри­не.

Әлібек БАЙБОЛ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір