АҢЫЗ БОЛҒАН ҰСТАЗ
05.02.2016
2179
0

ОспановХабибулла Оспанов 1200-ден аса ғылыми еңбектің, соның ішінде 155-тен аса авторлық өнертабыс пен патент куәліктерінің иегері, 60 оқулық, оқу құралдары мен монографиялардың авторы. 58 ғылыми еңбегі Лондонда, екеуі Германияда, біреуі Мәскеуден шыққан. Минералды ресурстар Халықаралық академиясының, ҚР минералды ресурстар академиясының академигі, ҚазКСР еңбек сіңірген өнертапқыш, КСРО өнертапқышы. Ғылым әлемінде төрт Халықаралық ғылыми жаңалық ашып, Қазақ атын Жер-жаһанға танытқан талантты тұлға. «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» деген екен ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлы. Көненің көзін, бүгінгінің өзін көрген атақты ғалым, химия ғылымдарының докторы, профессор Оспанов Хабибулла Құсайынұлы да өз ұстазы Батырбек Беремжанов жайында көңіл тебірентерлік естелік жазған екен. Сіздердің назарларыңызға сол материалды қысқартып ұсынуды жөн көрдік.

Әрбір адамның өсіп-жетілуі мен адам болып қалыптасу жолында жеке тұлғалардың еңбегі ерекше.Негізгі мақсаты білім алам деген жас­тарға қамқор қолын созып, келешекте халық мақтанышы болатындай шәкірт тәрбиелеп, адам­гер­шілік­ке баулитын жан – Ұстаз.Сон­­дай тұлғалардың бірі һәм бірегейі аса мейірімді ұстаз Батырбек Ах­мет­ұлы Беремжанов. Қазақ Ұлттық университетінің химия факульте­тін­де білімге құштар жастарды жинап, ақыл-кеңес беріп, тәрбие мен тәртіпті, жан баласына деген асқан сүйіспеншілікті бір бойына жинақ­тап, көп жыл бойы декандық қызмет атқарған жаны асыл абзал адам болатын. Баташ аға бүкіл жастардың сүйіспеншілігіне ие болған парасатты ұстаз. Үлкенді де, кішіні де әдеп­пен сыйлағандықтан барлығы Баташ аға деп құрақ ұшатын. Ол кісімен сөйле­сіп тілдескеннің өзі бір ғанибет еді. Өйткені, сымбатты, көрікті келбеті­мен қатар ақсүйектерге тән жылы жүзділігі сөйлескен адамды өзіне магнит сықылды тартып алатын қа­сие­ті бар-тын. Ол кісімен сөйлес­кен­нен кейін көңілің көте­рі­ліп, мық­тыларға тән бойыңда ерекше күш пайда болатын. Баташ аға бұ­йым­таймен келген кісілерге шамасы келсе жақсылығын аямайтын. Тек қана химия саласындағы ғалым­дарға емес, ғылымның басқа салаларында көз майын тауысып еңбектеніп жүрген ғалымдардың талай жетіс­тік­ке жетуіне себепкер болғанын көз көрді. Батырбек Берем­жанов­тың та­маша қасиеттерінің бірі – жақсы­лық істегенін білдіртпейтін және жақ­сы­лық істедім деп бетіне басып мақ­тан­ға бой ұрмайтын. Және қазақ­ты жүзге бөлмейтін. Шәкірт­терінің бә­ріне «сендер химия руының азамат­та­ры­сыңдар» деп отыратын. Аз сөйлеп көп іс тындыратын. Әрбір сөзі алтыннан да қымбат болды. Оқушыла­рына және басқа адамдарға қол ұшын беріп жақсылық істеген кезде, тек риясыз көмек беретін. Қазіргі кезде көп ұстаздар жақсылық істесе, өтемін талап етіп жатады. Француз жазушысы Жан-Жак Руссо «Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің ба­қытын аялау» деген екен. Осы тәм­сілді бүгінгі ұстаздар тереңірек тү­сін­се деймін. Баташ ағамен көп жыл қызметтес болдым. Шәкірттері мен қызметтестерінің жетістіктеріне жас баладай қуанатын, уақыт бөліп сөй­лесіп бағыт-бағдар беріп отыратын. Бір адамға қатты сөз айтқанын ес­тіген емеспін. Химия факульте­тін­дегі сол кезде үлкен ғалымдар Сәт­паевтың кезіндегі академиктер Д.И.Сокольский, М.Т.Козловский, М.И.Усанович Баташ ағаның талантын, парасаттылығын, ұлылығын сыйлап, қатты құрметтейтін. Тұл­ғасы мен азаматтығы өзгеден ерек Ба­тырбек Ахметұлы халық үшін жер-жерден асыл тастарды жалықпай жинаған, мейірбан және дана гео­лог­қа ұқсас болды. Батырбек Берем­жа­нов­тың жеке өзі және онымен бір­лескен қызметкерлері 1000-ға жуық ғылыми еңбек, соның ішінде 17 монография шығарды. Респу­бли­ка­­ның орта және жоғары мектеп­те­ріне арналған 10 оқулықты қазақ ті­ліне аударып, 6 оқулықты редакциялады. Сондай-ақ, 20 ғылыми-әдіс­темелік жұмысы жарық көрді.Жоғарыда айтқанымдай, ғылым жо­лын­­дағы жандарға өз көмегін аямады, өмірінің соңына дейін маған да көп көңіл бөліп, әкемдей қамқорлық көрсетті. Сол кісінің қарамағында істес болғанымызға біз өзімізді ба­қыт­ты деп санаймыз. Үлкен еңбек пен ұстаздық тәлім-тәрбиенің нә­ти­жесінде химия факультетінен бастау алған, Қазақстанның түкпір-түк­пі­рінде ғылым докторларының, профессорлар мен химия маманда­рының бүгінде үлкен армиясы шо­ғыр­­ланды. Ол кісі дүниеден озып кетсе де, оған риза болған шәкірттері екі жылда бір рет еліміздің әрбір облыстарында Баташ ағаның құрметіне халықаралық химия, технология және білім беру саласында съезд өткізіп келеді. Профессор З.А.Мансуров осы съездің өтуіне ат­салысып, ұйыт­қы болып жүр. Кейбір оқу­шы­лары мысалы, сүйікті шәкірті профессор М.Р.Танашева әрбір жыл­дың 10 желтоқсан күні (Баташ аға­ның туған күніне арнап) көптеген профессор ғалымдар мен сол кісімен қызметтес болғандарды жинап, дас­тархан жайып, ас береді. Енді бір шәкірті профессор Н.С.Шарипованың бастамасымен орыс тілінде «Эпоха Беремжанова» атты кітап жарық көрді. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «Өнегелі өмір» серия­сымен жарық көрген «Батырбек Беремжанов» кітабы және бар. Бұл кітаптарда тек қана қазақ ғалым­дарының ғана емес, басқа елдің де азаматтарының Баташ ағаның ұлы­лығы, парасат­талы­ғы, адамға деген сүйіспеншілі жа­йын­дағы ой-пікір­лері жинақ­талған. Осынау игі­лік­ті істердің баршасы шәкірт­те­рінің сол кісіден алған адамгершілік қасиеті мен Баташ ағаға деген шексіз құр­ме­тін көрсе­теді. Мұндай қасиет­тердің тәр­бие­лік маңызы өте зор, бүгінгі ұр­пақ, бү­гін­гі жастар осындай тұл­ғалардың өнегелі өмірімен таныс болса келе­шегі кемел, болашағы жарқын болары хақ. Өйткені, мұндай кемеңгер ұстаздар бірен-саран, жоқ­тың қасы. Иса Пайғам­бар­ «Адамның ұлылығы, оның бастық болып адамдарға билік жүргізуінде емес, оның ұлылығы – адамдарға сү­йіс­пеншілікпен қызмет етуінде» деген екен (орысшасы: «Велик не тот кто командует людьми, а тот кто служит людям из-за любви»). Осы сөз біздің Баташ аға туралы айтыл­ғандай. Шынында да Баташ өз хал­қына адал сүйіспеншілікпен қыз­­мет еткен абзал, кемеңгер, мейі­рімді адам еді. Аңыз болған ұстаз деп атауымның да мәні осында. Біз осын­дай кемеңгер адаммен қыз­мет­тес болғанымызға өзімізді бақытты деп санаймыз. Ұлы ұстаздан көрген тәлім мен тәрбиемді үлкен ғылым жолындағы еңбек­те­рімде көрсеттім. Ту­ғанына 105 жыл толу мерейтойына орай Баташ ағаның ұлылығын ша­мам келгенше өлең-шумақ­тары­мен оқырмандарға жеткізгім ке­ле­ді.
Менің мәңгі жастығымның куәсі,
Мың сан қырға кеткен алып құлашы.
Жүрегімді салып алақаныма
Саған арнап жазған мендік жыр – осы.

Дәркүмәндау сен туралы пайым жоқ,
Тудың көкте жарқыраған Айым боп!
Сенің атың – мынау дала, мына қыр,
Сенің атың – бар ғұмырым, сайын көк.

«Ұстаз айтқан» деген сөздің төркіні,
Менің саңлақ ойларымның көшкіні.
Сенің қат-қат еңбегіңнен ой саудым,
Әттең, бірақ түсіндім ғой кеш мұны.

Көңілімде сөзі қалған асылым!
Өмірімде ізі қалған ардақтым!
Саған қарап сөз түзедім, бой жаздым,
Саған қарап ғұмырымда жол таптым!

Хабибулла ОСПАНОВ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір