«БІЗ ӨСКЕН ОРТА МЕЙІРІМДІРЕК ЕДІ…»
05.02.2016
2635
0

ЖумысЖазушы Мағира Қожахметовамен сұхбаттаспас бұрын өмірі мен шығармашылығынан біраз деректер іздестірген едік. 1980 жыл­дардың аяғында Қарағанды университетін тәмамдаған Жұлдыз Тойбек есімді бітіруші Мағира Қожахметова публицистикасынан қорғаған диплом жұмысын: «Әр мақаласы – көркем әңгіме секілді», – деп бағалауы тегін емес-ау. Қалам ұстаған әйел жұрағатынан қолтаңбасы ғана емес, мінезі де өзгеше тұлға – Мағира, егер орыс қауымынан шықса, зор құрметке бөлене түсер ме еді деген ой келеді. Неге бұлай дегенімізге көз жеткізгіңіз келсе, қаламгердің сұхбатын оқып көріңіз…


– Сіз журналистикаға алпысыншы жыл­дардың соңында қосылған буынның қа­тарындасыз. Ол кездегі шығармашылық ор­та қандай еді? Замандастарыңыздың ерекшелігі неде?
– Біздің курста кілең талантты, дарынды қыз-жігіттер оқыды. Сейітқазы Досы­мов, Қаржаубай Омарұлы, Сейсен Мұхтар­ұлы, Қажытай Ілиясов, Сәлім Меңдібаев, Социал Әйтенов, Құрманғазы Мұстафин, Жарасқан Әбдірашев, Ырым Кененбаев, Мұ­рат Күлімбетов, Сара Ләтиева, Шәрбану Бейсенова, Тынышбек Дайрабаев, Сүлей­мен Тоқсанбаев, Бақытжан Әзірбаев, Ақ­көл Отарбаев секілді бір топ қыз-жігіт – жиыр­ма тоғыз ұл, үш қыз оқу бітірдік. Мен бұл ­топқа қазақтың асыл азаматы, белгілі тұлға Тауман Амандосовтың тікелей қам­қор­лығымен екінші курстан қосылдым.
Біздің толқынның ерекшелігі – әде­биет­ке, жалпы журналистикаға сон­ша­лық­ты іңкәрлікпен келгеніміз. Оқудан жалықпадық, кітапханадан ұзамадық, қолымыздан кітап түспей жүріп, жұмысқа тұрдық.
Иә, біздің толқынның ерекшелігі сол – әдебиетке, мәдениетке, өнерге деген сүйіс­пеншілігіміз зор болды. Жаңа кітап шық­са, іздеп жүріп оқып тауыстық, газет-жур­нал жарық көрген күні жабыла оқып, тал­қыға салдық, премьерада театрдан табылдық.
Біздің буынның тағы бір ерекшелігі – әдебиетте де, өнерде де, өмірде де, тіптен таң­да­ған мамандығымызға да адал болдық.
Біз сонымен бірге, сұмдық жанкешті едік. Өзімізді-өзіміз аямай жұмыс істедік. Білесіз бе, кейін оқу бітіріп, жұмысқа тұр­ған­да да біз сол мінезден танбадық.
1969 жылы оқу бітіріп, студент кезімде табалдырығынан аттауға жүрексінетін «Ле­ниншіл жасқа» қызметке тұрдым. Бас редактор Шерхан Мұртаза мен орынбасары Қалдарбек Найманбаев сынақ мерзім­мен қабылдады. Ой, ол уақыттағы «Ленин­шіл жас» адалдықтың, дарындылықтың, таланттың символы еді ғой. Оралхан Бө­кей, Рашид Рахымбеков, Төлен Қаупын­баев, Қуанышбай Құрманғалиев, Кәдірбек Сегіз­баев, Әнес Сарай, Ақселеу Сейдімбек, Мер­ғали Ыбыраев, Жомарт Әбдіхалықов, Өмірзақ Жолымбетов, Байтұрсын Ілиясов, Берік Шаханов, Жақау Дәуренбеков, Жанат Елшібеков, Орысбай Әбділдаев, Сағат Әшімбаев, Бекділдә Алдамжаров, Теңізбай Рахымжанов, Серік Тұрғынбеков, Эрнест Төреханов, Алашыбай Есмағамбетов, Сьез Бәсібеков, Әшірбек Көпішев, Қайырбек Асанов, Әлімжан Әлімбеков сияқты сай­дың тасындай жігіттермен қатар еңбек еттім. Материал іздеп талай жердің то­пы­ра­ғына табанымыз тиді, ел көрдік, жер шал­дық. Талай жақсымен әңгіме-дүкен құр­дық. Қазір ойласам, біз журналистикада құл сияқты еңбектенгеніміз сонша, өзімізді ойламаппыз. Сұхбат алғанда тек кейіпкердің жағдайына алаңдайтынбыз. Өз басым Ғ.Мүсірепов, Ә.Марғұлан, С.Май­қанова, Б.Римова, Б.Момышұлы, Ғ.Жұбанова, Ә.Мәмбетов, М.Плисецкая, Джу­на Давиташвили, Юлия Борисова сияқ­ты талай ірі тұлғалардың сөзін жазып, қағазға түсірдім. Әрине, газет фото­тіл­шісі сенімен ере барады. Сонда әлгі фо­тотілшіге сұхбаттың басынан аяғына дейін кейіпкерді бақыла, соның ең жақсы, ең сәтті суретін түсіріп беріңізші деп қиыласың. Сенесіз бе, әлгі ірі тұлғалармен бір­неше мәрте қатар жүріп, майдан қыл суырғандай қылып, суыртпақтап отырып сыр тартып жүрсек те, «сізбен бірге суретке түсіп алайыншы» деу ойға келмепті. Ойға келмейтін себебі, біз ол кезде өзіміз үшін емес, кейіпкеріміз үшін көбірек алаң­дадық. Осы күні жас журналистер қан­дай да бір кісімен сұхбат алғанда алдымен өзін ойлап, қатар отырған суретін салып қоятын болыпты. Сол сұхбатқа қарасаң, соншалықты сәтті шықпағанын да жүрегің сезеді. Сөйте тұра олар, кейіпкерін емес, өзін алдыңғы қатарға қояды екен. Сол жас буынның көзімен қарағанда, біздің буынның бір айырмашылығы – бишара болғанымызда, қорғансыздығымызда шығар…
– Сіздің толқынның тағы бір ерекшелігін менің айтқым келіп тұр. Жазушылар одағы деп аталатын қара шаңырақтың табал­ды­ры­ғын аттауға жүрексіндіңіздер ғой?
– Ол кезде университетіміз Жазушылар одағына жақын. Сабаққа бара жатып, оқудан келе жатып, Одақ жаққа үзіліп көп қараймыз. Алайда, табалдырығынан ат­тау­ға қатты имендік. Сол сезім әлі күнге дейін сақталған. Себебі, мұнда ерекше бір тер­беліс бар. Бұл қабырғаларда талай сыр бү­гілген, қаншама тұлғаларымыздың аң­сар-арманы, сезімдері жинақталған. Өт­кен шақ, бүгін және келешектің сыр-сипа­ты қатар тербелген кезде, қабырғаларда сақ­талып қалған мәліметтерге де жан біте­ді екен. Оны біреулер сезбейтін де шығар. Қолына қалам ұстаған адамның сезімі, түйсігі мықты дамыған. Бір кездері кеңіс­тік­те қалып қойған ақпарат, қанша уақыт өтсе де, Одақтың қабырғаларында «тірі­леді». Мұхаң, Сәбең, Ғабеңдердің аурасы ғасыр өтсе де жоғалмақ емес. Жалғыз мен емес, жазуына адал барлық жазушы Одақ табалдырығынан аттағанда ерекше бір сезімге бөленеді деп ойлаймын.
– «Лениншіл жаста» қызмет етіп жүр­ген­де әңгімелескен біраз адамдардың есімін атап қалдыңыз ғой. Қайсы сұхбат ерекше ес­те қалды?
– Әлкей Марғұланмен дұрыс сөйлесе ал­мадым. Ол кезде ауыра жүріп те жұмыс істей беретін кез. Суық тиіп, жөтеліп жүр­гем, о кісі менің күрк-күрк жөтеле кір­ге­нім­­нен сескене қолын сілтегендіктен қа­сына жоламай, қашықтау отырып әң­­гі­­мелестім. Ғабит Мүсіреповпен бірнеше рет сөйлестік. Әлі есімде, менің «Қазіргі ең мықты жазушы кім?» деген сауалыма, суық жымиып, құлағыма: «Қазіргі ең мық­ты жазушылар – Брежнев пен Қонаев», – деп сыбырлағаны бар. Иә, ол уақытта Бре­жнев Тың туралы бұрқыратып кітап жазып жатқан уағы еді. Бауыржан Мо­мышұлымен кездескенім туралы драма жаз­дым. Оны қайталап айтып жатпай-ақ қояйын.
– Сұрақты бірден жастық өміріңізден бастап кеткенімізбен, балалық шағыңыз­дың Тың жерлерді игеру уақытымен тұспа-тұс келгенін білеміз. Сіз туып-өскен дала Тың иге­ру аймағына жататын еді ғой. Ол кез­дері тіл үйрену, тіл білу, қазақ тілінде бі­лім алу қиын­дық туғызбады ма?
– Көкшетаудың Зеренді ауданында туы-өстім. Өзге ұлт өкілдерінің арасында же­тілдік. Жеті класты бітіріп, 13 жасымда ауыл­дан шалғай кеттім. Әкем Көкшетауға апарып, жездеміз Хайрош Көкебаевтың көме­гімен кітапхана техникумына түсірді. Ол жерде де өзге ұлт өкілдерінің салмағы ба­сым болды. Курста төрт-ақ қазақ оқы­дық. Біз – булығып өскен ұрпақпыз. Ба­лалы­ғымыз Тыңды игеру кезеңімен тұспа-тұс келді. Жеті класқа дейін ауылда оқы­­дым дедім ғой. Әкем Дәулетбек ұстаз. Са­бақтан келген әкем күңірене күрсініп оты­­ратын. Күйзелуіне себеп те жоқ емес, біртіндеп бүкіл қазақ мектептерін бірінен соң бірін жауып жатты. Ұрпағымызды орысша оқытамыз деп қазақтардың өздері балаларын орыс мектебіне апарғанын көзіміз көрді. Әкем бізді ақырына дейін қазақша оқытты. Кейін, қазақша мектеп жабылғанда, амал жоқ, бізден кейінгі бала-шағаны орысша мектепке берді. Сізге айтайын, біздің ауылдың мектепті қазақша оқып бітірген балалары түгелге жуық жо­ға­ры оқу орындарын бітіріп, үлкен азамат қатарына қосылды да, орыс мектебіне барғандар, ауылдан аса алмай, ауылдан асқандары да аяқталмаған жоғары оқуды ғана місе тұтты. Бірді айтып бірге кетіп жатқаныма ренжіме. Иә, айналаңның бар­лығы өзге тілде сөйлеп тұрғанын көзбен көріп жүрген біздердің ішімізде қарсылық сезімі оянатын. Біз ол қарсылықты сыртқы кейпіміз арқылы білдіргіміз келетін. Сон­дықтан болар, ауылда жүргенде де, кейін Көкшетауда техникумда оқығанда да қазақтың қандай да бір ою-өрнегін киімі­ме жапсырып алатынмын. Техникумда оқығанда қолымнан білезік түскен емес. Қаппас нағашым кәнігі аңшы болды да, былғарыдан тарлық көрмедік. Иленген теріден ескіше қылып талай сырт киім ті­гіп беретін Бәтима анам. Соларды ғана киетінмін. «Лениншіл жаста» жұмыс істеп жүргенде ішіктің ішін сыртқа қаратып кигенді ұнататынмын. Сондай киімдерім үшін ескерту алған кездерім де болды.
Ал балалығым туралы сұрасаң, он үш жасымда елден қалай кеттім, солай Құдай­дың көмегімен, өз бетіммен күн кешуді үйрендім. Көкшетауым, туған жерім ме­нің басымнан сипап, елеп-ескерген емес. Туып өскен ауылдарымның жағдайын кө­ріп, өзім көмектескім келеді, ал жиі ауысып жататын билік басындағыларымен байла­нысым жоқ.
Адам болған соң, түрлі сәттерді, түрлі сезімдерді бастан өткересің. Күйзеліске түскен бір жылдары, осыдан қырық жыл бұрын Ақселеу Сейдімбеков кездесіп: «Денсау­лы­ғыңды сақта, өзіңді-өзің сүйре, өзіңе-өзің көмектес. Елің, туған өлкең көмек көрсетеді екен деп дәмеленбей-ақ қой. Ең көп қырылған сенің ата-бабаларың, ерте заманнан өлім құшып келеді, ұжым­дастыру уақытында, ашаршылық жылдары, қуғын-сүргін заманында апатқа ұшы­ра­ды, қалғанын Ұлы Отан соғысы жыл­­да­ры қидай сыпырып әкетті. Сен олардан көмек күтпе», – деп еді. Менің Көкшетауым, қанша кітап шығарып жүрсем де, жеке шығармашылығыма арнап бірде-бір кеш өткізген емес. Иә, жалғыз кездесу кеші өткен. Фариза апай Зерендіде курортта жатқан кезде елдегі ағайын амандығын сұрап барса, апай мені айтып, жас қаламгерлердің бір кітабының тұсаукесеріне шақырттырғаны бар. Алайда, мен ешкімге өкпелемеймін, не көрсек те, маңдайымызға бұйырғаннан…

 


 

2016 жылдың 2 наурызында, сағат 16-00-де Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде журналист, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері МАҒИРА ДӘУЛЕТБЕКҚЫЗЫ ҚОЖАХМЕТОВАНЫҢ 70 жасқа толу мерейтойына орай шығармашылық кеш өтеді. Келем деушілерге есік ашық.


– Күйзеліске түскен сәттерде жақсы адамдардың сөзінен бөлек, не көмекке ке­ле­ді екен?
– Жастық шағым, ертегідей өмі­рім «Лениншіл жаста» басталып, сонда аяқталған екен. Одан кейінгі жылдары түр­­лі адамдардың қызғаншақтығын, жауыз­дығын, қаталдығын, екіжүзділігін біршама көрдім. Сонда мені күйретпеген – сөзді зерттеуге деген махаббат еді, мені небір қиындықтан, күйреп кетуден аман алып қалған кітап, музыка, Құрманғазы­ның күйлері, халық әндері…
Сөзді қалай зерттей бастадым? Ісса­пар­мен Ленинград, Мәскеу бардық. Олар­дың еңселі ескерткіштерін, ғажайып му­зей­лерін, патша сарайларын аралап жүріп, қазақ даласында неліктен осындай таңға­жайып орындар сақталмаған екен деп уайым­дайтынмын. Хан ордасының патша сарайларынан несі кем еді, олардың орны қаусап тұрғаны несі деп намысым келетін. Сөйтсем, қазақтың сәулет өнері, графика­дағы бүкіл құдіреті тілінде, сөзде, музыкада сақталған екен. Қазақтың бүкіл құпиясы тілінде жасырыныпты. Осылайша сөзді, сөздің құдіретін зерттей бастадым. Зерт­теуім тым тереңдеп кеткен соң, білгенімді өзгеден жасырмайын деп, сөз құдіретіне, адам табиғатына үңіле «Адам-құпия» кіта­бын жазып, «Дертке дауа» газетін шығара бастадым.
Жетпіске келдім ғой, әлі жұмыс істей­мін. 15 жылдан бері – балаларға арналған «Бал­бұлақ» журналын, 12 жылдан бермен – «Дертке дауа» газетін шығарамын. «Бал­б­ұлақ» үшін жоба жасап, «өзің жаса», «өзің құрастыр», «өзің үйрен», «таң қалдыр» деп, арнайы айдар аштым. Бұл журналдың ред­коллегия мүшелері де – балалар. Журналды жасап, дайындайтын да – балалар. Мұн­дағы ойым, қазақтың балаларын «өзің мықтысың» дегенге үйрету.
Тойдан бірдеме дәметесің ғой. Менің дә­­мем осы жетпіс жасқа толған мерей­тойым­­да газетім мен журналыма көмек алсам деймін. Менің арманым – осы күнге дейін газетім мен журналымда жариялан­ған әр айдар жеке кітапша болып шықса екен деймін.
Елу жасқа дейін жағдайымды айтып, біреуден бірдеңе сұрап, қабылдау бөлме­сін­де отыру ұят көрінетін. Ал басқа біреу­дің шаруасын тындырып беру үшін құстай ұштым. Осы газетім мен журналымды шыға­ра жүріп, бастықтардың алдына барып жалынуды үйрендім.
Бірақ бірде-бірі селт еткен жоқ. Жоға­ры жаққа барсам, «Апай, сізге көмектессек, ол лоббирование болады», – дейді. Қазақ­ша басылымдардың таралымын ұлғайтып беру үшін көмек көрсету қалай ғана «лоб­би­рование» болатынын түсінбей мен жүр­мін.
– Ертегідей өміріңіз өткен «Лениншіл жаста», Сейдахмет Бердіқұловпен қатар еңбек еттіңіз. Ол кісі қандай редактор еді? Қандай ұстаз болды?
– Сейдахмет Бердіқұлов ағаммен он жыл бірге жұмыс істедім. Жалғыз өзіме екі бөлмелі үй берген адамға да түк жақсылық жасаған жоқпын. Өйткені, мұның бәрін солай жасалуға тиіс деп қабылдадым. Тым өзімшіл болдым. Мен мінезімде, тағды­рым­­да асқақтап жүруден көп таяқ жеген адаммын. Жас кезімде өзімді мықтымын деп есептедім. Тәкаппарлықтан көп таяқ жедім. Жас кезімде жұмсақ, кішіпейілдеу болып, ер азаматтың алдында иілгенде, жа­зу­шылық тағдырым да басқаша қалып­тасар ма еді?
Мен кеш те болса тәкаппарлықтан ары­­лып, адамның табиғатына үңілуді, оның жанынан жақсылықты көруді үй­рендім. Бұған да шүкір.
– Адам табиғатына үңілгенде нені байқайдыңыз, нені көрдіңіз?
– Алыс-жақын адамдардың жанына үңілгенде, адамдардың білімсіздігіне қай­ран қалам. Техника дамыған сайын адамдар сауатсыз болып барады. Үлкен шенді қызметкерлер екі сөздің басын құрап мә­се­­ле айта алмайды. Ал жас журналистер ал­дында отырған адамның кім екенін танымайды. Ілгеріде біреу сұхбатқа теле­ди­дарға шақырып, «Сіздің өлеңіңізді оқы­дым» дегенде бір жағынан қатты қор­лан­дым, екінші жағынан қатты ұялдым. Айналайын-ау журналист қой, тым құ­рыса, алдына кім келетінін неге зерттеп, зерделеп алмады екен дейсің.
Қазір халықта талғам жоқ. Ортанқол әншілер бізден әлдеқайда мықты. Күллі телевидение солардың кең сарайдай үйін, байлығын көрсетіп әлек. Ал мен үйіме бір­еу келем десе, төбе шашым тік тұрады. Себебі, кедейлігімнен, ұядай пәтерімнен ұяламын. Кезінде қызмет істеп жүргенде хан сарайындай кең үй салып алуға болатын еді. Бірақ біз үшін ақшаға, дүние, мү­лік­ке қызығу, қызметіңді асыра пайдалану – қылмыс саналатын. Иә, қазіргі сел­­кілдеп жүргендердің теледидардан көрсетіп жатқан ертегідей өмірін көрсеткен сайын түрлі пендешілік ой басқа келеді. Алайда, қайтадан заман айналып келсе де, олай істеу қолдан келмейтінін түсінем.
Жастар өмірден тез түңіледі. Дүниенің кілті қызметте, байлықта деп ойлайтындар көп. Кішкене қиындық көрсе, күйреп кететіндері және бар.
Сіз білесіз бе, Тәуелсіздік алғанда қат­ты қуандық. Аңқаулығым ба, басқа ма, білмеймін, Тәуелсіздік алған соң адам­дар­дың барлығы мейірімді болып кететін шы­ғар деп ойлаппын. Өзі тәуелсіз, елі дер­бес адамдардың бойында жақсы сезімдер оя­нуы керек қой. Өкініштісі, барлығы ке­рі­сінше. Марқұм анам, нарықтың алғашқы жылдары қатты таңданып: «Ойпырмай, өзін-өзі тонайтын да өкімет болады екен-ау», – дейтін. Сол өзін-өзі тонайтын өкі­мет тонап-тонап, енді өз бойынан түгін қал­дырмай барады. Айналаның бәрі жем­қор. Біреуге бірдеме бермесең, ұяттан жер­ге кіріп кететін жағдайға жеттік. Бергенге, же­генге ұялу керегін тіптен ұмытып қал­дық-ау.
«Лениншіл жаста» жұмыс істеп жүр­ген­де, түрмеге түскен, әділетсіздік көрген та­лай адамды құтқарып қалғанбыз. Сол кезде де бізге ақша,т.б. жиі ұсынатын. Бірақ біз ешқашан ешкімнен ештеңе алған емеспіз.
Қазір, басқаны қойып, баланы бала­бақ­шаға орналастыру, мектепке апару, емтихан тапсыру, қызметке тұру үшін де ақша береді. Тіпті жоғары жақта, мәртебелі лауазымда қызмет ететін келіншектердің өзі балалары үшін тәрбиеші мен ұстазға ақша ұсынатынын білем. Оған ешкім ұял­май­ды. Қайта бірдеме ұсынбаса – ұят. Міне, біздегі құндылықтар қалай ауысып кет­кен?!
Бұрын адамдарға көмектесу оңай болатын. Ешкім ешкімге міндетсінбейтін. Бүгінгі адамдарға қараңызшы, мейірім жо­ғалып барады. Біреу біреудің маңдайы­нан сипамайды. Жетім-жесірдің жағдайын айтудың өзі қорқынышты. Айта берсең, сөз көп. Жазушы болған соң, жазғың-ақ келеді. Бірақ жазғаның баспа бетін көр­месе, осыным бекер ме еді деген бір түңіліс те пайда болмай ма?
– Жазушылық демекші, сіз қалай жаз­ды­ңыз? Жазуда нені басты ұстаным қыла­сыз?
– Журналистиканы жанымдай жақсы көремін, ол менің тынысым, демім тәрізді. Көркем дүниелерім баспаларда, журналдарда ұзақтау жатты. Кітаптарым да ке­ші­рек шықты. «Жантәсілім» романы он бір жыл кезегін күтті.
Ал жазу десең, жазған дүниемді екін­ші, үшінші қайтара оқығым келмейді. Оны классиктер сияқты түзеп, қайта-қайта қарауға ықыласым жоқ. Мен үшін жазу де­ген – адамның сол сәттегі бойынан шық­­қан тылсым күш. Оны өзгертуге құ­лық­сызбын. Бірақ негізінен қайта-қайта қарап, түзетуді дұрыс деп есептеймін.
Менің сыншым – анам болды. «Жаз­ға­ныңды оқысам, қара түнекке кірем де, күннің сәулесін іздеп аласұрам. Сенің жаз­баларыңда күннің сәулесі неге көрін­бейді, жарыққа ұмтылу керек», – дейтін. Шығармаларымды дәл анамдай сынап, ақылын айтқан сыншы кездестірмедім…
Қыздар үшін жазу қасірет дер едім. Жазушы әйелдер аз. Проза жазатын қазақ­тың қыздарына ерекше құрмет көрсету керек. Проза жазу оңай емес. Проза жазу үшін таланттан өзге, білім, төзім керек. Көр­кем дүниені былай қойғанда, біз мақа­ла жазғанда «ауырып» қалатынбыз. Бір күні, «Лениншіл жаста» қызмет етіп жүр­ген­де ғой, материалдарымды жазып болып, шаршаңқы жүзбен айнаға қараған едім. Шошып кеттім. Айнадан маған өзім емес, бейтаныс кексе әйел қарап тұр. Жазудың тылсымы сол – өзгелерді емдейді, сауықтырады, жазып шығарады, мұның бәрі жазушыны қалай ауыртпасын, қалай салмақ салмасын…
Бір кісідей-ақ еңбектендім. Талай-талай драма жаздым. Оны да ешкім қоймайды. «Көшім хан – Сүзге» деген шы­ғар­мам республикалық драматургтердің байқауында екінші орын алды. Сол республикалық байқаулардан Бауыржан Момышұлы туралы драма екінші орын, Мәншүк туралы драма үшінші орын алған еді. Алайда, соны қоймақ түгілі, осындай шығармаңыз бар екен-ау деп қызыққан театрды байқамадық.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Қарагөз Серікқызы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір