САҒАН АРНАП САМАЙДА АППАҚ ГҮЛДЕР ӨСІРІП…
05.02.2016
1914
0

КалауҚалау СӘЛЕМЕТБАЙҰЛЫ

                       Алтай аңызы
Арда Алтай мен Алматының арасын,
Жалғамасаң қалай тыным табасың?!
Дөң басында бұғы тұр ма,
Жарты аймен мүйізінің көбейтіп бір саласын?!

Анаңмен тек ақ әлемді көресің,
Сана қайда сергелдеңді сезетін?
Қайнар – көзі үзілсе де ақ бұлақ,
Құйрығы жоқ кесірткедей безетін!..

Ғажайып боп көрінсін деп қара түн,
Жанарыңа жұлдыз сурет салатын.
Самал тербеп өтсе сылқым гүлдер де,
Шық – моншағын ауыстырып тағатын.

Таста от шашып тұлпарлардың тағасы,
Жан отым да тұтанған-ау шамасы.
Жартастарға айғайласаң,
Үніңнің жетер шауып көп жаңғырық – баласы.

Алтай!
Алтай!
Аңыздағы бір ұғым,
Шыңғырады құрық бунап құлының.
Медет тұтам көріп көктен жарты айды,
Кер бұғымның мүйізінің сынығын…

                      Соқыр сөз
Аңсарым алаңда жүр ақ боранды,
Әй, Өмір!
Айыра алман ақ-қараңды.
Соқыр сөз жолға шығып бара жатыр,
Түрткілеп қалам ұшы ақ қағазды…

Өмірде адам жоқтай менен өзге,
Құбының құмы көшер кенеземе…
Құмырада өскен гүл әлденені,
Ойлайды басын сүйеп терезеге…

Ағаштар құйға батқан балалардай,
Аңсайды-ау,
Асыр салар дала қандай!
Дірілдеп тоңа берер электр шам,
Өзі шашқан шуаққа орана алмай…

Өмірде еркіндік бар, сірә, нендей,
Құс жолы кісендеулі білегімдей…
Артық зат сияқтанам,
Құлтемірге
Салынған адамзаттың жүрегіндей…

Ембестен үміт үрпін езіле бір,
Көңілім, көп көкімей «өзіңе» кір…
Түсімде жүрем ылғи құзғын аулап,
Құям деп соқыр Сөздің көзіне нұр…

Әмірхан Балқыбекке

Бүгін жарық жылынан да ұзын күн,
Ескі арбадай көңілім мың бұзылдың.
Ат тұяғын тай басқанмен,
Тұлпардың
Толтыра алар тау орнындай ізін кім?

Қоғадайын жел-заманға бас ұрған,
Ақындар жүр ұлпа-миы шашылған.
Не дәрмен бар?!
Қарап тұрмын…
Ай – ару
Барады өліп құс жолына асылған!
Үлпілдеген кекіліндей құлынның,
Келешекке келді тас боп ұрылғым.
Алып қала алмады ма өмірде
Түтіні орап соңғы досың – шылымның?!

Құдіреттен құртқа айналдық жыбырлақ,
Ықылыққа ұласуда мың ырғақ.
Ең соңғы рет соғыстырған өзіңмен
Бокалымдай барад миым шыңылдап!

Мынау шексіз кеңістікті жасқаған,
Кетті үзіліп бөрі үніндей асқақ ән.
Сені іздеймін Алматының қап-қара
Көшесінен қара түнге бастаған!

***

Бұлт – мұңды қаузай беремін,
Нөсер боп сәтке құйылмай.
Өлді ғой талай өлеңім,
Ақ парақ – кебін бұйырмай.

Кетіппін тас боп, білмедім,
Мұң шағып жүріп тасқа да.
Жоғалды бірге кірдейін
достарым сіңген ақшаға.

Қайтатын қандай қақым бар,
Қалдырам бәрін алыста.
Ғарып боп өлер ақындар,
Кетем деп жүріп ғарышқа.

Қараусыз қалған қалқада,
Жатыр ғой жырым жөтеліп.
Мәз болады алау арқаға,
Албасты-түнді көтеріп…

                    Ана
Көзінен тамды-ау бір тамшы,
Елесі ол да ұлының.
Кәрі аттай бүгін қыршаңқы,
Кешегі ерке құлының.

Арттағы мен де, қарт ана,
Ел жайын ойлап егілем.
Бұтағын саптап балтаға,
Кесердей діңін сонымен…

Қызғалдақ гүлдің құтты жыл
Теретін біздер баяғы –
Күлтелері қып-қызыл
Көзімнен жас боп тамады.

Сырласы қылған ақ құсты,
Еліктеп едім асқарға –
Жыл бойы ақ қар – пәктікті
Көтеріп тұрар аспанға.

Жасыңды көзден тамар мың,
Құлыным қашан келер деп –
Жырыммен тосып алармын,
Қолымнан басқа не келмек?..

***

Бала күндей ойнар едім алысып,
Әжіміммен болған жоқсың танысып.
Сүйе алмадым,
Бүтін жырдың бетіңе
Бір әрібі кете ме деп жабысып…
Сәл жымидың,
Жетер маған осы да,
Ендігәрі хат жазбаймын, шошыма!
Отырамын арқар-арман төстігін,
Кірпігіммен қақтап көздің отына.
Өзің жайлы жарыма да шағынып,
Тындым ақыр тағдырыма бағынып.
Хаттарыңнан қайық жасап баладай
Көп ойнадым көз жасыма ағызып.
Марқұм болған махаббаттың (енді жоқ),
Ойла мені хатымына келді деп.
Сары жапырақ жүрегімнен төгілген,
Сыбырлайды сағыныштың ерні боп.

***

Cағыныш-ау, мен – тағдырға тостаған,
Көз жасыммен толамын да,
Бос қалам.
Бір жымита алмас сені жүз жырым,
Ақынмын деп айта алмаспын тек саған!
Арда Алтайды жүрегіммен көшіріп,
Алатауда елеңдеймін, есіріп.
Мен өзіңді күтіп өтем,
Самайда
саған арнап аппақ гүлдер өсіріп…
Жүректегі (тамып қалам – бұрғыдан)
Сенің атың боп жазылып тұрды қан.
Сыйлау үшін көз жасымды кіршіксіз,
Жанарымда өмір бойы тұндырам…
Кемедейін келе жатқан сең бұзып,
Тым ұзаққа төзе де алмас енді үміт.
Әжімімен атың жазып жүзіме,
қалам қатып тағдырыма телміріп.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір