МЕНІҢ ФАРИЗАМ
05.02.2016
3305
1

СанаторийдаАқұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА
Фариза тұрып бара жатқан орындығына қайта отыра кетті де, әңгімені өте пәс дауыс­­пен өзі жалғады.
– Ол Алматының дәрігерлік институтында оқы­ған, болашақ хирург болуды ар­мандаған еді. Мені «Фари» дейтін. Ол кез­де студентте не болушы еді?! Каникулға кел­генде маған бірде дәрігер пинцетін, бір­де скальпель әкелетін, «кейін үйімізге ке­­рек болады» деп. «Мені кесіп көресің бе?» деп күлетінмін. 3-курсты бітірген жы­лы Гурьевте мотоциклден құ­лап, жазым болды. Мен тілдесе де алғаным жоқ. Жер­леуіне баруға да батылым жетпеді. Келер жылы құда түсірем деген арман солай үзілген. Мен есімді жия алмадым, ешкімді сүйе алмадым. Сөз салғандар болды, біріне де қарағым келмеді. Көз ал­дымда тек соның бейнесі, тек соның мі­незі, күлкісі, қазір де сол алақанның жыл­уын қолыммен сезем. Ұмыту түгілі, жыл өткен сайын сағына түсемін. Тіптен есім­нен кет­пейді ол. Сенің көзіңде оған ұқсас бірдеңе бар. Ол да ақсары еді. Енді сен маған соны елестетесің де тұрасың. Соң­ғы кезде сен келем десең, сол тіріліп келетін­дей күй кешемін, күтемін. Осы мен жынданатын шығармын, – деп мойнымнан тас қы­лып құшақ­тап алып, ағыл-тегіл жыласын.
Мен жұбатпай отыра бердім. Жібек кеудешемнің иығы су болып, жеңсіз бі­ле­гімнен тамшы жас жылжып ақты. Біраздан соң өзі жылауын қойды, бетін жууға кетті. Одан кейін мен Фаризаның көзіне жас алғанын көргенім жоқ, тас мүсіндей қатты да қалды. Тор көз дәптерінің екі бетін ашып, алдыма қойды. Мен үнсіз оқи бас­та­дым.

* * *

Лүпілдей соқты жас жүрек,
Еркелеп назбен қарадым.
«Пойызға хатты жазшы» деп
Елжірей қалды жанарым.

Албырттау жүрек, жас жаным –
Бәрі де сен деп талпынды.
Білдіріп аяқ басқаның
Абыржып тұрған қалпыңды.

Сөз таппай үнсіз тұрмыз кеп,
Теңіздей жүрек толқыды.
Ышқынды гудок «жүр-жүрлеп»,
Мұңая қарап ол тұрды.

Сөйткенше қолдар бұлғанды,
Мөлдіреп көздер соңғы рет.
Айтылмай талай сыр қалды,
Қимастық сезім толды кеп…

Қоштасарда

Қоштасу кезі келгенде
Жаутаңдап маған қарадың.
«Жүрмейсің бірге сен неге?»
Дегендей болды жанарың.

Елжіреп тұрды жас жүрек
Жеңе алмай күшін сезімнің.
Кеудеме жалын түсті кеп
Жаныңдай ыстық өзіңнің.

Перронға шықтың, қарадың,
Тұрдың ба мені қия алмай?
Сыр ашпай қалай қаламын,
«Сүйіктім» дер ме ем ұялмай.
Айта алмай қалдым. Жалынға
Өртеніп кеудем тұрды-ау бір…
Қалды да қойды жанымда
Жауғалы тұрған бір жаңбыр.
Бұл өлең жолдары алғаш бастаған жас ақын қыз­дың аяқ алысы, алғаш сыры еке­ніне күмән жоқ. Бұл өлеңдер Фаризаның әлі өз қолтаңбасы айқын қалып­таспаған кезде жазылғанын аңғару қиын емес еді. Ме­нің көз алдымда мөп-мөлдір қара көзі се­зімге толы жап-жас Фариза тұрды. Өзі ашып берген екі беттен моншақтай тізілген сұлу жазумен жазылған дәптерден осы екі өлең­ді оқып, басқа беттерін ашпастан, жыл­жытып қойдым.
Біраз үнсіздіктен кейін: – Мен өлең жазу­ды оны Алматыға шығарып салып, кү­тіп жүрген жылдарда бастап едім ғой, – де­ді. Содан соң мен ол жігіт жайлы ауыз аш­падым. Тек келер жазда Гурьевте мама­сының бөлмесінде терезе алдында жатқан көне пинцетке көзім түсіп, жүрегім шым ете қалды. Фариза байқаған жоқ. Мен терезе алдында тұрған кітаптың тасасына итере салдым.
Сол сапарда Гурьевте көңілді бір апта өт­кіздік. Махиз ағай өте қонақжай адам еді. Бір кеште үйіне ағайындарын түгел жинады. Айбарша жеңгеміз жаны қал­май жүгіріп жүр. Гурьев университетінің сол кез­дегі ректоры (қазір де Атырауда тұрады) Дайыров Ғафуролла ағай туысқандарымен қоса, бүкіл әдебиет­шілерін, өнерпаздарын жинап келді. Әңгіме, ән, домбыра – бір ға­жап отырыс болғаны әлі көз алдымда. Ол кезде Фариза тым тәуір домбыра шер­тіп, ән айтатын. Мен де кезектесіп, халық әндеріне қосыла­тынбыз. Алматыда да шуы мол әдеби кештермен той думан кешіп, бұған дейін де бірге біраз әнді орындауға жаттығып қалған едік. Бірінен көңілді, бірінен шаршап қайтып жүретінбіз. Шар­шауға себеп болатын, жасыратыны жоқ, Фа­риза-мінез еді. Өйткені, ол бәрін өз деге­ніне бағындырып алғысы келетін. Кейде көңіліңе қараса, кейде қарамайтын еді ғой…
Сол аптада Гурьев қаласында тұратын өнерлі отбасында да қонақта болдық. Сол сапарымызды ары қа­рай Грузияға, дәлірек айтсам, Абхазиядағы «Но­вый-Афон» курортына жалғастырдық. Ол кезде жолдамалар 21 күндік болатын. Демалдық деген аты ғана. Өз басым қатты шаршап қайттым. Кей күндері Фариза өз-өзінен шамданып, бабын таптырмай-ақ қойды. Ол өлең жазарда осылай түсініксіз күйге түсетінін білуші едім. Соған жорыдым да, шыдап бақтым. Теңіз жағасы болғасын таңғы шәй­дан кейін суға шомылуға шығамыз. Фариза екі-үш күнде күнге күйіп шыға кел­ді, мен болсам, күнді тез қабылда­май­мын. Жақын арада қараятын түрім жоқ.
Бір күні соны сылтау етіп жатып алды. «Мен суға түс­пеймін, сен күймейсің» деген сыл­таумен. Жалғыз қалдырып кету ыңғай­сыз, сонымен 20 күн оның көңіліне қарау­мен өтті.
Қайтадан Гурьевке ұштық. Мен: «Орал­ға бірге соғайық, менің де анама барайық. Ма­шинамен Индер арқылы тәуекел етсек, жер көреміз. Бәрі таниды, күтеді», – дедім. Фариза жұлып алғандай, «Ендігәрі Индер дегенді айтпашы маған, қайдағы-жайдағы еске түседі», – деп зірк ете қалды. Ендеше, сол жігіт Индер ауданында туған, не тұрған деп жорыдым. Тағы да Фаризаның көңіліне қарап, Алматыға бірге ұштық. Мен оған көп қиналмадым, көп кешікпей менің анам Ағзила екі немересімен келуі тиіс еді.
­Сол жолы бізді Атыраудан Махиз ағай шы­ғарып салған еді. Бүкіл Гурьевті танитын ақжарқын азамат самолет баспал­да­ғына дейін қолжүгімізді өзі көтеріп келді. Багажға ап-ауыр қорап өткізді. Ол әр түрлі қара икра болатын. Алматыға келген соң Фариза екеуміз машинаға әзер жеткізіп салдық. 180-ші «Волганың» жүргізушісі Сашаға Фариза «Қайда жүрсің?» деп жатыр. Сонымен, қазіргі Достық даңғылы, бұрын­ғы Ленин көшесіндегі жазушы Кә­дірбек Сегізбаевпен көрші қонған Фа­ри­заның пәтеріне Сашаның кө­ме­гімен әзер көтерілдік. Ол кезде холодильник, морозильник деген қолға түсе бермейді. Киім іле­тін жар­дағы қуысқа қоя салдық. Бір ай­дан кейін икралар бұзылды. Екеуміз ше­лектеп қоқысқа төктік. Шикі балық исі үй­ді алып кетті. Сыртында бекіренің суре­ті бар көк банканың 2-3 түрін тазалап алып, біріне тұз, біріне ине-жіп салатын ыдыс жасадық. Өзіміз абыржып, біресе күліп, мәзбіз. «Не қайғыратыны бар, керек бол­са, тағы беріп жібереді», – дейді Фариза. Өзі­нің қара икра жеуге құлқы жоқ.
Ол заман Гурьевте балықты құмға кө­міп, икраны суға төгіп жүрген молшылық дәурен еді-ау, шіркін…
Кешікпей Алматыға менің анам келген соң Фариза бірге қыдырып, мәз болды. Сол кезде Тимирязев көшесінде көршілес қонған Сыдықов Хабиболла ағамыздың үйінен қонақтық басталды. Әбу Сәрсен­баев атамыз, Әбіштің анасы Айсәуле әжеміз менің анамды Фариза екеумізбен құрмет­теп-ақ бақты. Фариза бұл жолы менің анамды өз анасындай құрметтеп, еркелеп, «Апамның әкелген ірімшігін өзім ғана жеймін» деп балаша иемденгені есімде. «Біздің үй де толып тұрсыншы» деп күнара кешкісін машинамен келіп, алып кететін. Алдағы жазда Оралға баруға уәде беріп, анамды шығарып салысты.
Фариза өлең жазарда қатты тебіренеді, толқиды, қатты қиналады. Жыр толғағы жанын жеп қоятын. Мен оның барлық көңіл күйін қабағынан айтқызбай-ақ түсі­ніп, алдын ала сақтандырып отырушы ем. Оқыс біреудің сөзі жанына тиген сәтінде бірден сезем. Жұмыстан келгенде кешкі тамағын қадағалап отырамын. Кей күндері тамақ ішпей қоятын. Ол түнімен өлең жазу­ға кірісетін. Түні бойы таңға дейін көз іл­мейтін сәттерде жұмысқа өте шаршап баратын. Ол күндері ұжымда өшін кімнен алар екен деп ойлайтынмын. Болған жайтты кеште өзі-ақ айтатын. Кейде оның дұрысын, не қатесін жәймен отырып мойын­­­дататынмын. Ол алғашында бір шап­шып алады да, сабасына түсіп, қатесін мойындайтын. Маған сәл жымиып, риза көңілмен қараушы еді. Жанарында «Менің ақын жанымды кім түсінер?» деген сұрақ тұратын.
Бұл жылдары біз Алматыда да, іссапар­да да жұп жазбай бірге жүрдік. Өлең жайлы, өмір жайлы көзқа­ра­сымыз кейде жым­дасып, кейде келіспей, керісіп те қа­ла­тынбыз. Фариза қай кезде де алдымен өзінің дегені болғанын қалайтын. Бірақ біраз уақыт өткен­нен кейін дұрыс емес жерлерін мойындайтын еді. Сонымен, кейде шекісіп, кейде бекісіп, бір-бірімізге үлкен сеніммен қарап, бір-бірімізді сыйлап, аялап, қос ақын қыз боп, қос құрбы боп жазушы ағаларымызға еркелеп, әдеби ор­тада ылғи бірге жүрдік.
1973 жылы көктемде екеуміз Қызылорда облысына бірге бардық. Арманы Сырдың «Шиелі вальсі» шырқалып тұрған шақ еді бұл. Шерхан Мұртаза ағамыз шақырып алып, сол жақтан очерк жазып келу ке­ректігін тапсырды. Он баламен күріш егіп, «Еңбек ері» атанған Ұлбала Алтайбаева мен Шырынкүл Қазанбаева жайлы екі қыз «Жұлдызға» очерк әкелуге тапсырма алып, Сыр бойына аттандық. Екі күрішші «Еңбек ерлерімен» кездестік, сөйлестік, дәмдес болдық. Шиеліні аралауға қыз-қырқын толы автобуспен әндетіп шықтық. Қауынға да, қымыранға да тойдық. Ыбырай Жақаевтың кетпендерін көрдік, Жадыра Тастанбекқызының ерлігін естідік. Қы­зыор­да­дағы атақты Мәншүк Мәметова атындағы педаго­гикалық колледжде кездесу өткіздік. Ол кезгі директор Ұлмекен Рысбекова апамыз (иманды болғай) өте парасатты ұстаз болатын. Колледж бітірген қыздарын түгендеп отыратын анасындай кісі еді. Қазақтың әйелі мен нағыз ұстазы осындай деп көрсететін эталон сияқты көрінді. Біздің алдымызда келіп кеткен шәкірті, әнші Бақыт Әшімоваға той көй­лек тігіп, сыйға тартқан. Бізге де отау тігу бақытын тілеп, екеу­мізге алтыннан алқа тақты. Бұл колледж түлектерімен мен бірге Қыздар университетінде оқыдым. Олар – Шәмшә Беркінбаева, Мәрия Жүйрік­таева, Қуаныш­күл Меңдіаяқова сияқты ұстаздық жолда ерекше көрінген қыздар еді. Ұлмекен апай бәрін сұрап, өз туған қыздарындай еске алып отырды. Фариза екеу­міз бұл сапардан өте көңілді қайттық, блокнот толы қызық деректер мен көкірек толы сағынышты, сазды жүздесулермен қанаттанып оралдық. «Жұлдызға» очеркі­мізді бердік. Шерхан аға да арқамыздан қағып, мадақтап жатыр. Кешікпей мені шақырды кабинетіне. «Бізде қалам ұстаған батыл қыздар әлі аздау. Сен ке­лер жылы партияға өтуің керек. Әзірше Мұқағали ағаң­­ның орнына поэзия бөліміне отыр­ғызамын, бірақ ол орынға нық отыруың үшін коммунист бол­уың керек», – деді. Мен үнсіз тыңдап, үнсіз шығып кеттім.
Қарт әжем Қатира тәрбиесі менің коммунист бо­луымды жүрегім қаламайтын көзқараста қалып­тастырған еді. Институтта комсорг, оқу озаты, ақын, активист деп ұсынған партияға мен кірмей қойдым. Әжем ата-бабасының большевиктен көрген қор­лығын айтса, төбе шашым тік тұратын. Бала жүрек суып қалған еді. Әсіресе, ауырып жатқанда «Ленин, Сталинге табын, бәлкім солар көмектесер» деп мысқалда­ғаны көкейімде мәңгі қалып қойған. Енді не болмақшы? Жүрегім мүлде қаламайды сол партияның мүшелігін…
Кеште келіп, бар әңгімені Фаризаға жайып салдым. Фариза тіс жармады. Тіпті, естімеген адамдай көңіл де бөлмеді. Менің сөзімнің бәрін жауапсыз қалдырды.
Мен бір күні кеште әңгімені Фаризаның «Мазасыз шақ» жинағын дайындаған кездегі оның қатты ашуланғанынан бастадым. «Мазасыз шақты» «Жазушы» баспасына тапсырдық қой. Бір күні қолжазбаны қайта алып қара демей ме Есет Әукебаев, әлде Қайрат Жұмағалиев. Екеуміз қосақ­тасып барып, баспадан қолжазбаны алып, Фаризаның үйіне келдік. Бірден пікір жазған хаттарға үңілдік. Біреу «Өлең жолдарында размері сақталмайды» депті, біреу «Поэзия емес, қара дүрсін сөздер көп» деп­ті, біреу «Кей буынын оқуға дем жетпейді» деп­ті, әйтеуір, біраз сын айтылған екен. Фа­риза оқып болды да, түрі өзгеріп, түтеп аш­у­ланды. Ол кезде пластика ыдыстар жоқ, қоқыс салатын темір шелек тұрған, соны әкеліп, асүйдің ортасына қойды да, жинақты жын қаққандай ызалана жыртып, соған лақтыра бастады. Мен түгел жыр­тыл­мағанына жармасып, шығарып алып жатырмын. Суырмаларды жұлқылап, сіріңке тауып алды да, от қойды. «Қой!» деп едім, тыңдаған жоқ. Үй көк түтін, өлең жанып жатыр. Әрине, жүрегім жұлынып, шан­шып кетті. Сөзімді тыңдата алмадым, көңілім суып барады. Су құйып отты сөн­діріп, үнсіз отырмыз. Мұн­дай сәтте жал­ғыз тастап кетуге болмайды. Қа­лайын де­сем, ызадан бет қаратпайды. Амал жоқ, қал­дым. Аядым…
Бұл апта ауыр апта болды. Қатты шаршадым.
Бір күні жұмыс аяғында Фариза телефон шалды. «Мен саған соғамын, шығып тұр», – деді. «Жазушы» баспасынан звон­дап­ты, жоспарда тұрған «Мазасыз шақты» қатесін түзеп, алып кел» депті. Екеуміз қайта жинақтап, бір жұма әбігер болдық. Түгендедік, жо­ғын еске түсірдік, өрттен қалғанның шетін іздедік, сөйтіп, «Мазасыз шақ» өрттен шықты. Кітап тез таралып кетті. Авторға 10 дана ғана тиді.
Бір күні «Қазақстан пионері» редакциясында отыр едік, қабылдау бөлмесінен келіп, Өмірзақ Қо­жа­мұратов деген ақын кіргісі келетінін айтты. «Кір­сін», – деді Фа­риза. Танымадық, ол өзін «ақынмын, өлең жазамын» деп таныстырды.
– Газетке өлең берейін деп пе едің? Ба­лаларға жазасың ба? – деп сұрады Фә­кең. Ол бірінші көріп тұрса да, «сен» деп сөй­лей беретін.
– Жоқ, – деді Өмірзақ.
– Онда менде не шаруаң бар? – деп дүңк етті Фариза.
Өмірзақ төсқалтасынан кіп-кішкентай кі­тап алды, бірінші бетіне автограф жаза бастады. Оның да мінезі қырсық сияқты. Мен сөзге араласпадым. Фариза алып оқы­ды, Өмірзақ «Сау болыңдар!» деп шы­ғып та кетті. Автографты маған ұсынды.
– Кім көрінген мені үйретпек пе? Мынау кім өзі? – деді Фариза.
– Танымадым, – дедім мен.
Ол ақынмен одан соң да еш жерден кез­деспедік. Сол автографты мен бірден жаттап алдым. Фариза кітапты қоқыс жә­шік­ке лақтырып жіберді, мен ара түскенім жоқ. Оның бәрібір тыңдамайтынын біле­мін. Өмірзақ былай деп жазыпты:
«Әрқайсың сияқтанып қия шыңдар,
Білмеймін, қай белестен құясыңдар.
Тұлпар болсаң, тұлданба!
Айналайын,
Аспан сыйған далаға сыясыңдар.
                                         Құрметпен, Өмірзақ Қожамұратов».
Бұл кеште де үн-түнсіз үйге қайттық. Бей­таныс ақынның мінезіне ренжіген Фа­риза кеш бойы қаба­ғын бір ашпай қой­ды. Маған ол бүгін түнде де өлең жазатындай көрінді.
Фаризаның қатқыл сөйлейтіні оның сақтану құралы еді. Ол ақынмын деп тұл­данған емес, өз басына түскен өмір жүгіне майыспау, сынбаудың амалы болатын. Егер сәл жұмсарса, оны ұқпағандар төбе­сіне шығып кетеді-ау деп сескене ме, қа­лай?! Қайткен күнде де, бағынбау, жуасымау керегін мақсат еткенге ұқсайды. Иә, бұл өмірмен күресу үшін өжеттік те, өткір­лік те, қаталдық та қажет. Әйтпесе, жүрегі нәзік, сезімтал ақын қыз сынбаса да, майысып кетуден қорқады. Сүйенері болса, әлде қайтер еді. Бәлкім, жуа­сыр ма?! Мен оны түсінген сайын шаршайтын болдым. Жаным ашитын.
Сол жылы жазушы Тахауи Ахтанов аға­мыз 50-ге толды. Алматы жоғары оқу орындарының студенттері түгел кездесті-ау. Фариза екеуміз де творчестволық кешке бірге бардық, сөз алып, тілек айттық. ҚазГУ – қазіргі әл-Фараби атындағы уни­верситетте ең тамаша кеш өтсін. Ақын Сырбай Мәуленов өлең оқыды, жазушы­ның досы Қуандық Шаңғытбаев қызғы­лықты естеліктер айтты, Фариза қысқаша қара сөзбен тілек білдірді. Маған сөз тигенде экспромт шумақтар келе қалды. Ол өлең былай аяқталды:
Лапылдап сезім отына,
Жас дәурен кештік баршамыз.
Бойжеткен кезде оқыған
«Махаббат мұңын» қанша қыз.
Жылдарды, аға, елеме,
Көңілді бөлме мұңға еш.
Елу жас сізге немене,
Екі рет келген жиырма бес, – дедім.
Зал гулеп кетті. Өйткені, залдағы сту­дент­тердің жартысы өлең жазатын ақындар ғой. Сырбай Мәуле­нов ағамыз оқ тиген саусақтарымен мұрнын бір сипап, «Мұндай тапқыр жол біздің поэзияда алғаш рет ай­тылып тұр, Ақұштап қарындасымды бү­гін­гі өлеңімен құттықтайық» деп акцент жасап, қайта қол соқтырды.
Ректорат жайған шәй дастарқанынан екеуміз дәм таттық. Сол күні кеште Фариза маған «Енді сен өлең оқы­ған жерге мен бар­маймын. Өйткені, сен жатқа оқисың. Өзің де көз тартып тұрасың, ендігі кездесулерге бөлек барайық», – десін. Бұл тосын шешімге мен жеңіл әзілмен «Жарайды, Фару, сенің дегенің болсын», – дей салдым. Бірақ жүрегімнен бір салқын леп өтіп кетті…

ПІКІРЛЕР1
Қамар 01.11.2017 | 18:27

Фариза апамыздың тік мінезі туралы естігенбіз ғой, бірақ мына жазбадан кейін ол кісінің мінезі, болмысы туралы мүлдем басқаша ой қалыптасты. Өмірзақ Қожамұратовтың шумағы қатты ұнады «Тұлпар болсаң, тұлданба, айналайын!»…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір