ҮШ ФИЛОСОФИЯ: ӘДЕБИЕТТАНУ, РУХТАНУ, ДҮНИЕТАНЫМ
05.02.2016
1966
0

Дидаргносеологиялық, логикалық және онтологиялық жазбалар

(эссе)

1. ӘДЕБИЕТ – ӘРІП!

Меніңше, әдебиет – әріптен бастала­ды. Бұл жерде біз, әрине, жазба әде­бие­тін айтып отырмыз. Әріп – ауызекі тілде ай­­тылатын сөздің мәнерін, ойдың фор­ма­лық нұсқасын өзгертеді. Сөйтіп, кө­теріңкі пафостың қуатын, екпінін, ары­нын азайтады, пәрменді серпінін қа­жетті шамаға дейін бәсеңдетеді. Әң­гіме шабытынан айырылып, бірқалыпты, қоңыр дауысты на­қышқа, әуезге түседі. Әйтпесе, пафосқа құрыл­ған шығармада жалған әуен (фальш) пайда бола­ды, ол, задында, оқырман тарапынан се­нім­сіз­дік тудырады. Міне, хатқа түскен графика­лық белгілердің осындай әсері, ықпалы бар. Суық жазылған мәтін неғұрлым бей­тарап болса, оның оқырманға етер әсе­рі де күшейеді. Жазба әдебиеті де­ге­німіз осы.
Ізденістердің мұраты да мәтінді па­фос­тан, жалған әуеннен (фальштен) мей­­лінше тазарту екені рас. Өзіне сендіре алмаған уақиға не болмаса атмосфера түптің түбінде макулатураға ай­налады, оны ешкім оқымайды, ол сәтсіз ізденіс ретінде ел жадынан өшіріледі.
Қалам ұстап үйрену, тегінде, жазу­дың сол замандағы тәртібін, низамын меңгеру, сосын қалыптасқан машықты игерген соң, сара жолдың жеткен мұ­ратынан ары, жаңа мақсаттарға қол созу деп білеміз. Мәдениетті қалам ешқашан жалған пафосқа жоламайды, өзіне пана, қорғаушы іздемейді, ол қашанда ағып жатқан өзен тәрізді өз тыныштығынан айырылмайды. Жақсы мәтін сабырға жүгінеді.
Әріп – civilis (civility), әдебиет – cultura.
Жазба әдебиетінің бейнеті көп. Басу технологиясы кемел дамуына жетіп, эс­те­тикалық тал­ғам, этикалық талап элек­т­рондық нұсқаға көшкенде, салыс­тыр­малы Эйнштейн теориясындай, күтпеген жерден, алдымыздан, жеке заң­дылық, оқшау тәртіп ретінде көзден жасырын қа­лып­тасып келе жатқан… жазу технологиясы ашылды.
Проза кәсіп түріне айналды. Өлең жа­салу жолдарын, өнімді жазылу амалын, өндірістік сипатын тапты.
Бірақ мәтінді тез жазып, соңына, нә­тижеге асыққан шығармашылық тас­қа басылып алдына түскен, мұқабаға түп­телген қалың тексті қайта мұқият оқы­ғанда, тәртіп сақтап маржандай ті­зіл­ген әрбір өркениет сөзінен әрнеге алаң­даған қаламның қауырт жүрісін, өкі­ніштің сұлбасын, сөйлемдердің жансыз табиғатын, мұратынан адасқан ой­дың сілемдерін, технология іздерін кө­ріп тұрады.
Ұшқыр қалам бейнеті асып, азапқа түс­кенде, алаңсыз көңіл сәтті шығарма, са­б­ырлы күйден бақыт кешеді.

2. ҚАЗАҚҚА ТИІСКЕН АДАМНЫҢ ТҮСІНЕ ҚАСҚЫР КІРЕДІ

Сақарада еркін жортқан көк бөрі бет­­пақ даламызды тастап кетті.
Сындық!
Қазақы интеллигенция – сағы сын­ған интеллигенция.
Жалтақ зиялы қауым кісі бетіне тура қа­рауды үйрене алмапты.
Үнсіздік те – айқын позиция.
Деп жаздық. Кезінде, 1997-1998 жыл­да­ры.
Қара орман халық бәрін көріп отыр, деп жалғастырдық ойымызды. Халыққа үйдегі сөздің керегі шамалы. Не айт, не үндеме! Мін­бе­ге шықтың ба, туралғанша айт, тура айта алмайсың ба, мінбеге шық­­па.
Қасиеттің қасірет шегіп, тауқымет тарт­қанда ғана келетінін меңзедік.
Жалпы, бүгінгі зиялы қауымды ха­лық атынан сөйлеу құқынан айыру қа­жет, зиялы қауым – әкім-қараның суын та­­сып, отынын жарады, деп те қатты айт­­тық.
Күл шығарып, от жағады, дедік.
Бірақ зиялы қауым – өмірде, адамның ой-санасында бар ма, жоқ па, ойланбадық.
Қазір интеллигенция деген сөз ке­ше­гіден қалған, Кеңес Одағы идеология­сынан туған ұғым-түсінік тәрізді кө­рі­неді.
Интеллектуалдар бар. Қасқырдай жал­­ғыз жортқан ойшылдар бар.
Дей тұрғанмен… қазақтың бойын­да­ғы қасқыр өлген. Рухымыздың бас­тауын­­­дағы бөрі оққа ұшқан. Кімнің қас­­қыры тірі? Бізге қасқыр қажет. Қай­дасың, қасқыр бабалар? Серік Ақ­сұң­­қарұлы. Әмірхан Балқыбек, қайдасың қасқыр құдай болған кез, дер еді.
Мүмкін, түрте берсек, түртпектесек, халық­тың бойындағы қасқыр қайта тірі­летін шығар. Қасқыр тірілсе, оның не Махамбет, не Сыздық төре, не Мағ­жан, не Сұлтанмахмұт, не Бауыржан, не Мұқағали, не Жұматай, не Қайрат ­бей­­несінде келетінін білемін. Сол кезде қыр ас­тынан ана қасқырдың қатты ұлыған дауысы шығады. Дабысы қыр даланы дүрліктіреді.
Қыр астынан қасқырды күтіңдер, жас ұрпақ, рухтың белгісі сол! Көксерек қай­та айналып соғады. Өздеріңді қай­дам, мен әйтеуір осыған қатты сенемін. Көк­серек! Көксерек!

3. БОЛМЫС ТУРАЛЫ

Бірінші нұсқа
Болмыс дегеніміз не?
Шынтуайтына келсек, болмыс – тіл­дің туындысы. Сөзден туған перзент.
“Пристуствие”. Бар болу.
Философияда сөздің мәніне ерекше на­зар аудару қажет.
Бар. Болу.
­Басты айырма-белгісі – бар екендігі. Бұл – болмыстың негізгі қасиеті.
Тегінде, болмысты сонау замандағы көне гректерден бастап, жиырмасыншы ғасырдағы Мартин Хайдеггер (“Болмыс және уақыт”), Эдмунд Гуссерль (“Формалды және трансценденталды логика”, 1929; “Рене Де­ка­рт­тық (Картезий) ой-толғаулар”, французша, 1931; “Еуропа ғылымының дағдарысы және трансценденталды феноменология”), Жан-Поль Сартр (“Болмыс және ештеңе”) тәрізді пәлсапашыларға, ойшылдарға шейін түгел зерттеді. Бірақ кешегі танымнан әрі аса алған жоқ.
Болмыстың қуаты – тілдің құнарын­да. Тіл, Хайдеггердің айтуынша, бол­мыс­тың мекені. Тіл – болмысқа пана, уа­қытқа – серік.
Тіл уақытты мәңгілікке сүйрейді.
Болмыс – қатысушы, қатынасушы нәрсе, болмаған нәрсе – болмыс емес.
Құнарлы тіл болмысты мәнге толтырады. Құрдымнан құтқарады. Бол­мыс­тың қазасы – тілдің абстракциялық кү­шінің жойылуы.
Түсінік неғұрлым айқын болған сайын болмыс соғұрлым көмескі­лене­ді.
Болмысты айғақтайтын – абстрак­ция­лық категориялар.
Анық түсінік болмысты жояды.
Болмыс екінші атауына көне замандардан бастап ие болды: оны анықтап айту мүмкін емес. Түсініктемесі күңгірт­тенгенде мәні толық ашылады. Анық-та­нығы тілдің табиғатына тәуелді фи­лософиялық категориялық ұғым.
Табиғат анық айтылады – болмыстың тілдік бейнесі кейіптелгенде – бұлыңғыр тартқандай көрінеді. Бірақ болмысқа қатысты қолданылған сөздер бұлыңғыр тартқан сайын болмыстың мәні айқын­дала түседі.
Көне лұғаттар мен заманауи кітап­тардың бәрінде жазылғандай, бүгінгі таным онтология­ны болмыс туралы ілім деп түсінеді. Болмыстың мәніне терең­де­ген сайын аталған ілім туралы таным тү­сі­нігі де өзгеріп отырады.
Задында, ілімсіз таным, танымсыз ілім жоқ. Ілім – танымның жолы. Кең ма­ғынасында. Та­нымның жаратылысты тану әдіс-тәсілі – ілім.
Ілім – таным-түсініктің жеткен те­реңі. Задында, ілім таным-түсінікті же­те­леп отырады. Бірақ Абай айтпақшы, бір қайғы жүз қайғыны қозғайды. Неме­се, ақыл алтау, ой жетеу, дейді Абай. Бір сөзінде, қайғы шығар ілімнен, дейтіні тағы бар. Сондықтан сауал таусылмайды.
Абай­дың түсінігінде, ой да, қайғы да – сауал­дың баламасы.
Қайғы сауалдан туады, оймен аяқ­талады. Ой мазалайды, мазалап сұрақ туын­датады, сосын, жауап іздеген ой­дың сауалы біртіндеп, баспалдақтап қай­ғы­ның өзіне айналады.
Пәлсапаның даңғыл жолы осы: ой – сауал – қайғы. Жауабын тапқан пәл­сапа – пәлсапа тарихына айналған жүйе. Енді, ол – өмір сүріп отырған пайымдау­шы пәлсапа емес, ізденісі тоқтаған, ойы тоқ­таған пәлсапа. Мұражайда тұрған та­рихи жәдігер.
Пәлсапа сауалдан басталады. Кө­нерген қағидат. Яғни ескі түсінік. Бү­гін­гі заманда ойды туындатушы – та­ңыр­қау. Біз қоғамда ар-ождан жоқ­­­­­тығына емес, бар екендігіне – кез­дей­соқ куә­ға тартылғанда, тіпті, тосын көргенімізде, жалпы, көзіміз жетіп, көңіліміз толғанда – таң қаламыз.
Демек, көзден қайтқан – адам да, ада­ми қасиет те – көңілден де түпкілікті жоғалады. Негізінен, сирек құбылыс, то­сын жайтпен қайта қауышқанымызда риясыз қуанып, қатты тол­қып, артынан қалың ойға батамыз. Бұл ненің белгісі екен, астарынды қандай мән жатыр екен деп ұзақ топшылап, күдік пен күмән бей­нетін кешеміз, жанымызды қинай­мыз.
Сұрақ – пәлсапаның азығы. Жақсы сұ­рақ – терең пәлсапаның алғышарты. Яғни сауалын таппаған пәлсапаның өмір сүруге қабілеті жоқ.
Жалпы, пәлсапаның басты тақырыбы – шексіз кеңістік пен шектеулі уақыттың мұратын, шалқар ғарыштың түп ма­ғы­насын, ғаламның мәнін, дүниенің не­гізін іздеген сауал.
Құбылыстың сипатын көріп, заттың құпия­сын ашқан, өзара байланысын, дамуы мен өз­геруін топшылаған, табиғат пен қоғамның сырын аңғарып, әлемнің құрылымын пайымдаған, мазмұны терең, түсінігі кең болмыс категориясы – кез келген пәлсапалық жүйенің ірге­тасы.
Ертеден келе жатқан шежіредегі ғұла­малар мен данышпан ойшылдар бұл ұғымды телегей теңіздей ой-толға­ныс­тар­дың пәлсапалық қай­на­ры, түп қазы­ғы, бастапқы негізі тұрғысында санады.
Болмыс ұғымын тұңғыш қолданған Пар­менид еді: ол, дүниеде бар нәрсе – бар, жоқ нәрсе – жоқ, деген пікір ұстан­ды.
Парменид жаратылыс нағыз болмыс емес, ой елегі арқылы жете алатын дү­ние­міз – болмыс, деп екі жарым мың жыл бұрын қорытынды жасады.
Яғни ойлау мен болмыс бір-біріне тең.
Болмыс – көне грек дәуірінен бері өз­гермей келе жатқан категория.

Дидар АМАНТАЙ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір