АЯҚТАЛМАҒАН СҰХБАТ
26.06.2015
1827
0
891352_1744515518_004__1_Сайрам ауданы − қасиетті Сансыз Баптар мекені. Жері − жұмақ, даласы − байтақ өлкеде талай таланттар туылған. Солардың бірі, ақын, аудармашы, сазгер, Саха-Якутия Республика­сының еңбек сіңірген қайраткері, А.Фадеев атындағы және Халық­аралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының, сондай-ақ, «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы» мерекелік медалі мен «Құрмет» орденінің иегері − Тұрсынай Оразбаева. Қазақтың аяулы ақын қызы Мәскеуден «науқастанып келіпті» дегенді естігенде, ата дәстүрмен алдына көңіл сұрай барған едік.


− Мәскеу жайлы айтыңызшы…

− Мәскеу − көп ұлтты қала. Адам­да­ры­ның бәрі асығыс. Әрлі-берлі сапырылысып жатады. Көшелерінде адас­қан­дай бол­саң, кетіп бара жатқан жо­­лау­шыдан жөн сұрауға батына ал­май­сың. Қара­пайым жанға Мәскеуге бару арман көрін­генмен, бизнесмендер топырлап күнде келіп жатады. Біз жақтан барған бизнесмендер ырду-дырду ресторандардан шық­пай, мың долларға қинал­май түстеніп ке­теді екен. Осыны естігенде: «Жетіс­кен­дер», − деп ызам келеді. Одан да сол қа­ра­жатты жетім-жесір, мұқтаж жандарға берсе ғой, сауабы тиер еді.
− Қазақтың талай зиялысы Мәскеу жай­лы қалам тербеген. Көркем әде­биет бойынша сіздің өлеңдеріңіз бен Айгүл Кемелбаеваның хикаяты арқы­лы Мәскеуге қанықпыз. Туған елге де­ген сағыныш Айгүлдің прозасында «сүт құбырына» айналыпты…
− Иә, иә, оқығам. Ел мен жердің қа­дірін жы­рақта жүрген адам қатты се­зінеді. Са­ғыныш − қиялды қанат­тан­дырады. Жал­­пы, адамзаттың қиялы жүйрік қой. Айгүлден қаншама жылдар бұрын, Саха елінен телегей-теңіз боп, буырқана аққан Лена, Ньюрба, Марха, Таатта өзендерін көрдім. Абайсызда түсіп кеткен адамды жұтып жібере жаздайды. Көл-көсір су жер­гілікті халықты әбден мезі еткен. Күн жы­лынса болды, сай-саланы топан су алып кетеді. Ми батпаққа батып немесе тас­қын суға кетіп өлген адам шығыны көп. Менің көз алдыма шөл далада ке­не­зесі кеуіп, тұзға шөгіп, қай­раңдап қалған Аралдағы кемелер елес­тейді. Сондайда: «Тайга менен Азияның арасын жалғайтын канал салынса ғой», − деп армандайтынмын. Ғалымдар да тиімді жоба жөнінде зерт­теулерін ұсынып жүрді. Кейін одақтас ел­дер тараған соң, әркім өз дүниесін қо­рып, бұлдап жатқа­нында әкімдер бас қа­тырып жатсын ба, үздік деп танылған жо­балар кәдеге аспай қалды. Соған әлі күн­ге жүрегім ауырады, себебі, екі елдің мұң-мұқтажын көзбен көріп, жаныммен сезінген пенде ем…
– Жат жұртта жүріп өнеріңіздің баға­лан­ғанын көру өзгеше сезімге бөлейтін шы­ғар…
− Мен өз өнеріме алғашқы құрметті Са­ха елінен көріппін. Сол елдің танымал ақын-жазушыларымен тығыз шығар­ма­шылық қарым-қатынаста болдым. Мен оларды, олар мені аударды. Жолым түс­кен әрбір сапарымда ел-жұрты тіке­сінен тік тұрып, шет елдің Президентін қарсы ал­ғандай құрметпен күтіп алады, құр­метпен шығарып салады. Саха-Якутия автономиялы Республикасының Пре­зи­денті «Саха-Якутия Республикасының ең­бек сіңірген қайраткері» атағын салтанатты түрде өз қолымен табыстаған.
Кейінгі құрметті Өзбекстан елінің бас­шысынан көрдім. Ташкент қаласында қа­зақстандық жас ақын-жазушылардың кезекті басқосуы өтіп жатты. Делегация құрамында мен де бармын. Сол сапарда, Әлішер Науаи атындағы драма театрда ұйымдастырылған кездесуде «Өзбек бауыр­­­ларға» атты өлеңімді оқып бердім, тыңдашы: «Науайыңды сүйемін Абайымдай, Сыйласамын бір туған ағайындай. Қа­шан келсем, тұрасың гүл-гүл жайнап, Мәң­гі баһар – шырайлы май айындай. Өмі­рі абад – ғажайып гөзәл ән деп, Ежел­ден-ақ «Өзбегім – өз ағам» деп. Келіп тұрмын тойыңа ақ тілеумен, Жүрек сырын толғайтын сөз алам деп. Күннен күнге құл­пырған сәнің керек, Жанымды жадыратар әнің керек. Жаңа өмірдің Хамзасы, Надирасы – Сүйкімді ұл-қызыңның бәрі зерек. Даңқың өрлеп, алға озып, жанса ба­ғың, Тойыңды өз тойымдай қарсы аламын. Кең даламнан жеткізіп құттықтауды, Та­бысыңа қуана қол соғамын! Қыз алысып, қыз берген тату досым-ай, Сіз бен біз­ге керек-тін бақыт осындай. Досты­ғы­мыз мұнан да ажарлансын, Қызыл-жа­сыл, үр жамал атласыңдай». Ду қол шапа­лақ­тау. Қошемет. Сахнаға Өзбекстан Рес­публикасының бірінші хатшысы Иномжан Усманходжаев жылдам шықты да, иіліп келіп, қолымнан сүйді.
− «Құрмет» орденін иелендіңіз. Ел­ба­сымыздың қабылдауында болған бо­ларсыз?
− «Жомарттың қолын жоқтық байлайды» дегенді ата-бабамыз текке айтпаған. Ма­рапатталар кезде, Алматыдан Мәскеу­ге енді ғана оралып ем. Қаражат қолбай­лау болды да, Қазақстан Жазушылар ода­ғына наградамды ала тұруды телефон арқылы аманаттадым. Кейіндеу Алматыға жол түскен сапарда Нұрлан Оразалин өз қолымен табыс етті. Елбасының еңбегімді елеп-ескергені шабытымды еселеді.
− Алдыңыздағы ақын апаларыңыз бен қаламдас сіңлілеріңіздің шығар­ма­шылығы жөнінде не айтқыңыз ке­ле­ді?
− Шымкенттен қос ақын қыз қатар жарқ еттік. Ханбибі Есенқараева екеу­міз­ді Фариза апамыз Алматыға қайта-қайта шақырып, өнер мен мәдениет ор­та­сында біте қайнағанымызды қалады. Жұ­мысымды Алматы қаласына ауыстырып, «Қазақ» радиосының поэзия бөліміне ре­дактор болып орналасқаннан кейін, бір күні құшақ толы раушан гүлдерін кө­теріп, Марфуға Айтхожина келді. Үйіне қонаққа шақырды. Дәмнен кіші қазақтың баласымыз, бардым. Осылай танымал тұлғалармен таныстығым арта берді, әрі ақын, сазгер ретінде таныла бастадым.
Өнердегі достарым Қатира Жәленова, Күләш Ахметова, Жадыра Дәрі­бае­ва­лармен мақтана алам. Ал талантты ақын, аудармашы Сәуле Үсенбекованың шығар­машылығынан зор үміт күтем.
80-90 жылдары көркем әдебиетке кел­ген жастар арасында қолына қалам ұстаған нәзік жандыларды көзге ілмеу­ші­лік сезіле бастаған. Ер-азаматтар жа­ғы қыз-келіншектерден ақын-жазушы шықпайды деп бір тиіссе, «кәріқыздар» деп екі тиісті.
− Жерлес ақын-жазушылардан кім­­дер­мен шығармашылық байланыс­тасыз?
− Кейінгі жастарды танымаймын. Елден жырақта жүрген соң, олардың қабі­лет-қарымын байқау едәуір шектелді. Ер­сінбек Қойбағарұлы, Мирполат Мирзо, За­хардин Қыстаубайұлы, Қабылбек Төре­тай­ұлы, Сабырбек Нұрманұлы, Үсен Шой­беков, Баян Тіленшина, Зияда Исатай­-
қы­зы, Әбдірахым Пратовтарды ақын-жазушы ретінде бағалаймын.
Ерекеңмен сонау жастық шақтан аға­лы-қарындастай болдық. Екеуміз көр­шілес ауылдардан: мен − Қайнарбұлақтан, ол − Құрлықтан едік. Біз бір-бірімізді қа­жет кезде демедік, жетектедік, қам­шы­ладық, пікірлестік. Оның мәдениеті мен тү­сінігі, білімі, өз ортасында өзгелерден озық тұратын. Сол даралығын көзіқа­рақ­ты оқырман шығармаларынан байқар. Жай­саң азамат еді, жарықтық. Науқас­та­нып қалып, Бағдагүл жеңешеме көңіл айту­ға да жарамадым. Менің Ерекең жай­лы айтарым ішіме сыймайды. Өте көп. Сәл тәуір болып алайын, сосын…
Ал Мирполат Мирзо Мәскеуге кетке­нім­нен кейін, екі рет арнайы іздеп келді. Нақ­тылап айтсам, Шымкент қаласында өт­кен шығармашылық кештің соңынан ке­ліп құттықтады. Ал Алматыда өткен шы­ғармашылық кештен оны кездестірем деп мүлде ойлағам жоқ. Алтын уақытын қиып, жердің шалғайлығына қарамай, елдің соңынан елеусіз ғана кеп, мені құттықтағаны және қолыма «Сайра, дом­бы­рам!» атты аударма кітабын сый­ла­ғандағы қуанышым күні бүгінгідей көз алдымда. Жерлес, қанаттас, қаламдас, замандасым қазақ әдебиеті антологиясын Абай атамыздан бастап, Әбілда Аймаққа дейін өзбекшелепті. Поэзиядағы көркем аударма қиынның қиыны болса да, қазақ әдебиетін бүтіндей өзбек әде­биетімен қауыштыруы, екі ел арасындағы ру­хани достық байланысты одан әрі ны­ғайта түсуге қызмет етеді. Осы еңбегі ба­ғаланып, ақын, аудармашы, Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі, Халық­аралық Б.Пастернак атындағы сыйлық­тың иегері, Мирполат Мирзо − Халық­аралық «Алаш» әдеби сыйлығымен марапат­­талған. Сен оны танисың ба, өзі?
− Әрине. Ақын, аудармашы, драматург Мирполат Мирзоның шығар­ма­ла­рына қанықпын, бірақ сырттай ға­на танимын…
− Мен − Мәскеуде, ол − Тәшкенде. Көр­мегеніме көп болды. Сенен өтінем, кез­десе қалсаң, міндетті түрде танысып, ме­нен көп-көп сәлем айт! «Өзбек бауыр­ларға», «Құрма түбіндегі кездесу мен қош­тасу», «Мәзірі − кәзір әзір» атты өлең­дерімді аударуға бер.
− Жарайды, сәлеміңізді жеткізем. Сіз қалай ойлайсыз, өмірдің мәні не­де?
− Тіршілік үшін от пен су, ауа қандай қа­жет болса, адамға да соның бәрі зәру. Ден­саулық, өнер, білім, отбасы, ұрпақ, қыз­мет, дәулет, дос-жаран, бәрі-бәрі керек. Қамшының сабындай қысқа ғұмыр­да, төрт құбылаңды түгелдеу оңай емес. «Өлең, өлең!» деп жүріп, ауруды асқын­ды­рып отырысым мынау. Жалғыз қызым Сардаананың әкесі − Абай Семейдегі ар­ғынның жігіті еді, ерте дүниеден қайтты. Ақындықпен де алыстым, тұрмыспен де тайталастым. Асау өмір өз дегенін істеді. Көңілімдегі бір медет − қызым мен күйеу-балам. Олардан өрбіген немерем − Нұрәмір. Қызым − өнертанушы. Ал күйеу­ба­лам Рүстем – Мәскеудегі италиялық ком­панияда көлік саласының жауапты ма­маны болып қызмет атқарады. Артыма қа­райласам, өмірде де, өнерде де із қа­л­дырған сияқтымын…
Осы сәт бөлмеге былдырлап үш жасар Нұрәмір кірді де, әжесінің етегіне ора­лып, әңгімеміз үзіліп қалды.

Қадірлі әдебиет сүйерқауым! Ардақты ақынмен ақпан айындағы алты кездесу маған үлкен сабақ болды. Тұмадан тұнық Тұрсынай әпкем Мәскеуге аттанарында қалта телефоныма хабарласып, «қайыр-қош» айтты. Тамағымда тізбектелген түйдек-түйдек сұрақтар сол жақ кеудемді тыз-тыз түйнетіп, мен қала бердім, елде. Біздің сұхбатымыз аяқталмай қалды.
Сонда менің қоштасқым келмеген… 

Гүлдәрия Әшірбаева.
Сайрам ауданы,
Оңтүстік Қазақстан облысы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір