КӨКШЕДЕ НҰРМИЯШТАЙ АҚЫН ӨТКЕН
26.06.2015
1900
0
889487_550604526_________Ақиық ақын Әбділда Тәжібаевтың бұл күнде кемелді қалам иесіне айналған Күләш Ахметованың алғашқы өлең өлкесіне жасаған қадамына қуанышты сөзін арнап «Күләш-ақын» деп көлемді мақаласын ұсынғандығын ерекше разылық сезіммен еске аламын. Сол Әбділда ағамыз көкшелік агроном ақын Нұрмияш Көбеновтың да поэзиядағы алғашқы қадамын құттықтап, бірер шумақ сәтті өлең жолдарынан сәттілік аңдағандығын айта алып еді.
Кабинетім – кең далам,
Тізем стол.
Мейлің күз,
Мейлің қыс бол.
Ойларымның орманы тасты тесіп,
Тамыр жайып тарайды
Келер күнге ол.
Өлеңім жайлы орын талғамайды,
Мансап – уақыт,
Кабинет – алдамайды…
Осынау өлең жолдарындағы «кабинетім – кең далам, тізем – стол» деген ақынның жай ақын емес диқан, агроном ақынның өз болмыс-бітімін танытар тіркестердің шынайы шындығына, сәтті теңеу – тосын тапқырлығына қуанған қарт ақынның сол тұста айтқан ізгі тілегі ақын Нұрмияшқа қанат бітіріп, бізді де ойға жетелеген еді.
Кезінде агроном ақын атанған Нұрмияш қатарымызда болса бұл күндері 80 жасқа келер еді.
Өмірден ерте озған Нұрмияш Көбенов бірнеше кітаптың авторы атанды. 1964 жылы жарық көрген «Тұңғыш кітаптан» басталған жыр шеруі үздіксіз жол тартып, ақын Нұрмияштың жан сыры, жүрек лүпіліне айналған өлең кітаптары көкшеліктер көзайымына айналды.
Бурабай баурайындағы Абылай хан орда тіккен даңқты «Ханның Қызыл ағашында» осыдан 80 жыл бұрын өмірге келген ол осынау тарихы тереңге тамыр тартқан киелі өлкеден өзіне сарқылмас суат, қанатты қуат таба білді. Бұл жерде айыр көмей, жезтаңдай атақты Тезекбай ақын, кейіннен Халық ақыны атанған Қалия Жұбандықовтар туып өскен. Өңір жұртын ғажап жырларымен әлдилеген қос тарланның табан ізіне телмірген Нұрмияш та өлең өлкесіне тым әріден құмарланып өсті. Осы ауылдан түлеген Саттар Сейітхазин, талантты тарлан ақын Еркеш Ибраһимдер бозбала Нұрмияштың балаң үнінің бекіп, қалай қарымының қатая түсуі үшін мол ықпал етті. Тәрбиелі тағылымдарынан ой бөлісіп, шығармашылығының шырайлана түсуіне қамқор болды. Өз кезегінде Нұрмияш ақын да айтулы өнердің еңісі мен өрісіне көңіл көзін қадап, өз шеберлігін шыңдай білді. Бір жинақтан бір жинаққа ауысқан сайын кемелденіп, керегесі кеңи берді, көркемдеп сөйлеу, айшықты бейнелер сомдауға бейімделе түсті.
Дәуір – дауыл,
Өмір – құйын.
Мұң шертеді көңіл-күйім.
Үміт – күдік алма кезек,
Тіршіліктен алар сыйым, –
деп толғанған ақын, әрине, өмірден ерте өтті. көңіл төріндегі көп ойлар, арман аңсарлары барынша ашылып, ақтарылып кетті дей алмаймыз. Ортасы ауыл адамдары, сырласы қаламы, кабинеті астықты алқабы болған Нұрмияш француздардың «ақындар ауылда туып, Парижде өледі» деген қағидатына түзету енгізді. Өмір бойы ауылынан табан аударған жоқ. Тақырыбы да, тірегі де, тілегі де сол ауылы болды.

Төлеген ҚАЖЫБАЙ.
Ақмола облысы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір