«АҚЫН БАЛА»-ДАН «АҚЫН АТАҒА» ДЕЙІН
26.06.2015
1805
0
889401_1663673300___________Алпысқа келдіңіздер,
Бәрін де көрдіңіздер.
Бәрін де бердіңіздер,
Алпысқа келсек енді біздер.., –
деп Мұқағали ақын арман еткен алпыс жасқа қой жылы туған біздің құрдастарымыздың да алды келіп жетіпті:
Перзентімін қой жылы елу бестің
Жаман болып еліме көрінбеспін.
Кішкентайдан мал бағып, қой қайырып,
Көзімді ашып еңбектің шебінде өстім, –
деп жырлаған Үмбеталиев Мұхтархан 1955-ші жы­лы Алматы облысы, Райымбек ауданының Қа­расаз ауылында дүниеге келген. Мұқағали ақын­ның аталас жақын туыс інілерінің бірі. Мұх­тар­ханның өлең жазу қанында бар қасиет.
Отырғызғандай әкеліп таққа мені,
Мен үшін бұл керемет мақтан еді.
Мойыныма пионерлік галстукті,
Мұқағали ағам өзі таққан еді.
Артық айтып күпініп керегі не,
Өмірдің болды осындай дерегі де.
Есімде әлі, арқамнан қағып тұрып,
«Сен өзі ақынсың-ау» дегені де.
Ұмытар өткен күнін пенде деген,
Әйтсе де мұны ұстадым зердеге мен.
Алғашқы өлеңімді мақтағанда,
Мен онда он жасқа да келмеген ем, –
деп балалық шағында Қарасаздың Қарасуына шомылып, қара шалғынына аунап өсіп, «қара өлеңнің» қайнарына қанып өсті.
Сегізінші сыныпта оқып жүрген Мұхтарханның өлеңдері алғаш газет бетіне шыққанда шын қуанып құттықтадық.
1983 жылы «Жалын» баспасынан шыққан республика жас ақындарының «Қарлығаш» атты жыр топтамасында алыстағы ауылдағы қарапайым механизатор Мұхтархан Қалиұлының:
Ортаға сап білгенің, сезгеніңді
Былай қойып өзге жыр, өзге мұңды.
Ал да жөндеп ақиқат безбеніңді,
Сынашы бір сезімсіз кездерімді,
Ширықпаған, шықпаған сөздерімді,
Сөйле жүрек!
Өзіңе сөз берілді! –
деп басталатын бір топ өлеңдері жарық көрді. Мер­­зімдік баспасөз беттерінде өлеңдері жарияланып тұрса да, өзінің жеке жыр жинағын шығару Мұхтарханның арманы еді, оны бізге де айтып қоятын.
2010 жылы «Дәуір» баспасынан «Аңсап күткен ар­­маным» атты жыр жинағы жарық көріп, көп ұза­май «Менің сыршыл жүрегімнен тамған тамшылар» атты екінші жыр жинағын оқырманға ұсынды.
Мұхтарханның өлеңдерін оқи отырып, пайым-па­расатының толысып, өлеңге деген талап-талға­мы­ның өскендігін көріп қуандық. Махаббат, сезім сырлары мен табиғат бояулары сияқты лирикалық өлеңдерін оқығанда таңғажайып табиғат аясында жүргендей күй кешесіз, ойыңа қуат, бойыңа шуақ кіріп өмірдің өзін өлең етіп мөлдіретіп бере білген шеберлігіне тәнті боласың. «Мен қазақпын», «Тәуел­­сіздік толғауы», «Қарқара қасіреті немесе азат­тық толғауын» оқығанда ұлттық рухың көте­ріліп, «Тобық туралы балладасын», «Аспантауым, Ата­­тегім, Азаматтарым» поэмасын оқи отырып, бүгін­гі кейбір тегінен адасқан қандастарымызға са­бақ боларлық танымдық қызметі жоғары дүние екеніне көз жеткізесің.
Бұл күнде алпыстың асуына аяқ басқан Мұх­тархан досымыздың:
Қазынасын, байлығын, құрақ көлін,
Асқар тауын, айдынын, жұмақ төрін.
Құба жонын, қырқасын, қырат белін,
Мықтылардың мекен жай, тұрақ тегін.
Өлең қылып өзіңе ұсынайын,
Құдай берсе жаныма қуат менің, –
деп басталатын «Жетісу – жәннәт мекенім» атты поэ­масы жәннат мекеннің сұлулығын көз алдыңыз­ға әкеледі. Мұхтарханның:
Қарасазым саған қай маң жетеді,
Жырға оранған Елшенбүйрек етегі.
Баршаға аян елің ақын екені,
Қарасазым ақиықтар мекені, –
деп басталатын «Қарасазым тұғырым» өлеңіне ән де шығарылған. Оның тағы бір қыры кезінде аудан­дық, облыстық ақындар айтысына да қатысып, жүл­дегерлер қатарынан көрінуі дер едім. Мұ­х­тар­хан текті ақын. Ол өзі тәрбиеленген, өскен орта­сы туралы:
Қарттарым қасиетті киелерім,
Сендердің ақ батаңа сүйенемін.
Алдымнан шықса қартым абыздай боп,
Жел сүйген сақалыңнан сүйер едім, –
деп өзіне жол көрсетіп, бата берген ауылдың абыз қарияларын сағына есіне алады.
Мұхтархан қазіргі таңда Алматы қаласындағы «Самай» ЖШС-нің Қауіпсіздік қызметінің күзет бөлімінде жұмыс істейді. Қарасазда жүргенде біз оны «Ақын бала» деп атаушы едік, қала маңына қо­ныс аударған соң қазіргі ауылдастары мен не­мерелері Мұхтарханға «Ақын ата» деген ат қойып­ты. «Ақын атаның» алпыс жылдық мерейтойы құтты бол­сын. Мерейі үстем болсын деп тілейік!
Алдырмаймын десем де сезімге бой,
Тыншытпайды жанымды безілдек ой.
Басылмады десең де бас асауым,
Менің жаным тізгінім өзіңде ғой, –
деп өлеңді бұрқыратып жазып жүріп, сүйіп алған жары Майра көп жыл қызметте жүріп-ақ жеті бала тәр­биелеп өсірген ардақты ана, ұлағатты ұстаз. Ұл-қыздары жоғары оқу орындарын бітіріп, екеуі заңгер, екеуі ұстаз, бірі банк қызметкері, бірі бай­ланыс саласында жемісті еңбек етуде. Ел іші та­ныл­маған таланттарға кенде емес. Таланты тасып, ша­быты шалқып тұрса да өзін жарнамалауды ұнат­п­айтын жандар болады. Соның бірі – Мұхтархан Қалиұлы.
«Алпыс деген тал түс» дегендей, алысқа шабар тұл­парлар сияқты танылмай жүрген талантты ақын­ның екінші тынысы 60-жастан кейін ашылар бәл­кім.

Елеусіз Ахметкерімұлы,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
Алматы қаласы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір