КҮРЕСКЕР КЕЙІПКЕРЛЕР
26.06.2015
2273
0
890611_2080778493_______________________10001Өткен ғасырдың 80 жылдарынан бері шағын жанрда жазып жүрген Жанар Әбдішова әңгімелерінің алғашқы жинағын «Өмір сүргім келеді» деп атапты. Негізінде оқырман Жанардың әңгімелерімен «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті», т.б. басылым беттерінен көптен таныс.

Өз басым осы автордың әр жаңа туындысын қалт жі­бермей оқуға тырысамын.
Шығарма кейіпкерлерін жарық дүниедегі тірші­лік­тің қиындығы қаншалықты күйзеліске түсірсе де, олардың өмірге деген құштарлығы сан қилы қызықты сюжеттер арқылы ерекше баяндалады. Жанардың кейіп­керлері қаншалықты жолы болмай жүрсе де, ілгері ұмтылғыш, жан алып, жан беретін қайсар, өжет аналар, намыстан қайралып, ширыққан қыздар, жал­пы өмір сүру үшін күрескен әйелдер…
Дүниеде әйелден төзімді жан жоқ. Оны адамзат мойын­дайды. Алайда, «төзім деген тамаша қасиет, ұзақ төзуге өмір қысқа» (М.Әуезов). Осы ұзақ төзімді ар­қалаған әйелдің бір басында тіршіліктегі таршылық, қазіргі заманғы жоқтық пен бүгінгі жұмысындағы қуда­лау сияқты келеңсіз оқиғалар – «Көк көйлек» әңгі­месінде баяндалады. Ұстаздық деген маман­дық­тың жауапкершілігін жан-тәнімен сезінетін Жібек мектептегі жұмысын басқалар үлгі алатындай абыроймен атқарып жүр. Бірақ күндердің күнінде жоға­ры­дан келген «сүрмеленген қысық көзін ажырайта қараған» тексерушілердің біріне: «Тексереміз деген желеумен қанша сабақ өз жөнімен өтілмей жатыр.Сіздерге тамақ пісіріп, шыр-пыр болып, қанша оқыту­шы жүр… Сіз қадалып отырған мұғалім ең жақсы ұс­таз. Анау: «Жазғандары жақсы екен! – деп мақтап отырған мұғаліміңіздің берген он сабағы оның бір сабағына татымайды. Ылғи сабақтарына қатысып, кө­ріп, біліп жүрген соң, қорықпай айта аламын! Жақ­сыға жабысқанды бірінші рет көріп отырмын!», – деп айтқан сөзімен бүкіл ұжымға жексұрын болады. Автордың суреттеуінде: «Жан-тәнімен беріліп, атқа­рып жүрген жұмысын бұралқы иттей пайда болып кеткен әлдекімнің қаралап кеткені – асылына, қым­ба­тына ит сарығандай әсер етіп кетті. Бастапқы кез­­де тексеру есіне түссе, бетіне алапестің түкірігі ша­шырап кеткендей жиіркеніп, жиырылып, шімір­кеніп қалатын… Қазір уақыт өте ұмытылайын десе де. …Бірақ жүрегіндегі маздап жанып тұрған шамшы­ра­ғын өлімсіретіп кеткендей болды. Өз-өзіне көңілі тол­май, өкінеді. Кібіртіктей басып, мектепке келеді. Бұрын­ғы өзі басқарып жүрген әдістемелік бірлестіктің жұ­мысынан да бас тартып, тек қана бір жүктемелік жұ­мыспен шектелетін болды. Күйеуі де мектеп мұ­ғалімі. Екеуінің табысы қанша жинаса да, бір «төрт дөңгелек» алуға жетпейді. Ержетіп қалған, бойжетіп қалған ұл мен қыздың компьютері түгіл олардың сы­ныптастарынікіндей тәуір киімдері жоқ. Ба­ла­ларының айтқандарын алып берген соң, «мәшине мінсек» деген арманды да ағын суға жіберген, қағаз­дан жасаған қайықтай, қалтылдап, алыстай берді. Жалақы алған сайын жаңа киім алатын бұрынғы әде­тін де ұмытты… Сағы сынып, жаны жүдеген Жібек мұ­ғалім енді кір көтергіш көк көйлеген үстіне тастамай киетін болды.
Ал шәкірттері киімі жүдеу, көңілі пәс мұғаліміне мү­сіркей қарайды. Жібек бұл күнде бұрынғыдай әлем­де болып жатқан жаңалықтармен байланыстыра түсіндіремін деп, жанын жеп, кітапханадан кітап­ха­наны, кітаптан кітапты, күнделікті баспасөз бет­терін ақтаруды қойған. Міне, кейіпкер үшін бар тра­­гедия осы жерден басталды. Жаңа директор кел­гелі ай сайын мұғалімдерден жинайтын азын-аулық ақшасын үнсіз беріп, бастықтың көңілінен шықсаң бол­ды. …Жібектің бастауыш сыныпта оқытқан шә­кірт­тері жоғары сыныпқа келгенде баяғы көк көй­лекті әлі киіп жүргеніне оқушылар, әсіресе, қыздар намыс­танады. «Осы жексұрын көйлектің көзін құртпасам, мен Мәнсия болмай кетейін! – деді отты көздерін клас­тастарына қадап». Жексұрын көк көйлектің көзін құртуға бел байлағандар ақыры амалын тауып, көй­лекті төрт жерден тесіп, күйдіріп тастайды. Ер­теңін­де Жібек апайларын оқушылары тағатсыздана, мектеп дәлізінде күтіп тұрды. «Апайлары келді, аман-есен, арай­лы жүзі нұрланып, жібектей дауысын созып аман­дасты, мұғалімдер бөлмесіне кіріп, сырт киімін ше­шіп, қайта шықты. …Үстінде сол көк көйлегі… тек төрт тесіктің үстіне төрт үлкен баданадай-баданадай көк түйме қадап, артын алдына қаратып, қайта тігіп­ті».
Автор кейіпкерлері үшін отбасынан артық бақыт жоқ. Қазіргі қазақ қоғамында отбасының бүкіл ауырт­пашылығын бурлактар сияқты тартып келе жат­қан жаны нәзік, бірақ рухы мықты әйелдер қан­шама. Солардың бәрін болмаса да, біразын Жа­нар­дың әңгімелерінен кездестіреміз.
Өмір уақыттан тұрады. Адам уақытпен бәсекеге түс­кендей, асығып, уақытты басып озғысы келеді. Адам асықса да, Алла тағала асықпайды. Бәрі өз реті­мен… Жанардың әңгімелеріндегі пасық, менмен адам­дар, тұла бойын қызғаныш билегендер, ошағын ойрандаған опасыздар, қара басының қамын күйт­теген сатқын алдамшылар бәрі де күндердің күнінде құ­дайдың қаһарына ілінеді. Жаратылыс заңындағы жүйе бұзылмайды екен. Мың асқанға – бір тосқан. Зауал деген ауыр сәт өмірдегі жамандықтың есебін тү­ген­демей қоймайды. «Найзағай», «Қызғаныш па, ­жоқ әлде қорлық па екен?», «Сұлулық киесі», «Жауапты тапсырма», т.б. әңгімелеріндегі хикаяларды оқып, оқушы санасына осындай сенім ұялап, сабыр­лыққа келетіндей әсер бар.
Жалпы, кітаптың өн бойында ұлтқа ғана тән этнолексемалар (сөздер) жиі кездеседі. Бұл автордың менталдық жеке тілдік білім ерекшелігін көрсетеді. Демек, өмірден көрген білгені мен түйгенін эстети­ка­лық-көркемдік таныммен терең ұштастыруы әңгіме мә­тіндерінде шығармашылық шеберлікпен талданады.
Қаламгердің шағын сюжетті әңгімелері үлкен тар­тыстан тұрады, қат-қабат оқиғалар тізбегі ком­по­зициялық құрылымды әлсіретпей, тұтасқан күйде қи­сынды басталып, идеялық шешіммен аяқталып жа­тады. Жанардың әңгімелеріндегі «е, бәсе дегізетін» таныс, «сұмдық-ай, неткен жауыздық дегізетін» бейтаныс кейіпкерлердің тағдыры оқырманды бей-жай қалдырмайды. Бір деммен тез әрі әсерлі оқылады. Қазір «миниатюралық жанр» (әңгіме) белең алып келеді деген пікір бар. Өмірдің желдей ескен сәттері, кітап оқуға уақыттың жетпеуі шағын сюжетті, қысқа жазылған дүниелерді қарауға итермелейді. Шағын әң­гі­медегі көп спектрлі бояулармен астасқан оқиға кө­ріністері жалықтырмай жетелей береді. Жанардың әңгі­мелерін оқығанда осындай ойда болдық.

Гүлдархан Смағұлова,
профессор.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір