ӨМІР ЖӘНЕ ЖАЗУШЫ
26.06.2015
2505
0
888887_648354204_C____________________________Заря Жұманованың “Сіз іздеген әлем” атты әңгімелер жинағына ірісі-ұсағы бар, семізге арық қосылған, он сегіз әңгіме жинақталған. Ең үлкен табыс – жазушының жазушылық мақсат, ниет, жігер қайраты екен. Заря қаламын қолына алып жазу столына отырғанда “Мен Қазақ деген ұлттың, Қазақстан атты тәуелсіз, енді ғана бағы ашылып келе жатқан елдің жазушысымын», – деген берік мақсат-мұраттың жетегімен жазады екен. Олай дейтінім, мейлі табысты, мейлі табыссыз болса да осы әңгімелердің барлығында жазушы Тәуелсіздіктен кейінгі Қазақстандағы Қазақ ұлтының қоғамдық өмір мен тұрмыстық өмірдегі қайшылықтарын негізгі тақырып етіп, ұлтының сапасын көркейтуге тырысады. Сөзімізге дәлел үшін жазушының “Сырлы әуенге сіңген сыбызғышы” атты әңгімесінен мына шағын үзіндіге үңілейік.

«Анда-санда, “Орыс радиосы” “Все бу-дет хо-ро-шо” деп мен сияқты өз елінде жүріп жалғызсыраған жан­дарды жұбатарға емексітеді. Алайда, кімге ненің жақсы болатынын ашып айтпайды. Қалай түсінсең со­лай түсін,” сендер қонақжай, төзімдіміз деп кеуде со­ғып мақтанушы едіңдер ғой. Тағы да сәл өз дем­деріңе өздерің пісіп, ұйқылы-ояу шаламас жүре тұ­рыңдар. Кейін… ұйықтап қалған ар-намыстарың оя­нып жатса, ешкімнің қас-қабағына қарап, жау­таң­дамай біз құсап өз тілдеріңде емін-еркін сай­рар­сыңдар” дегені ме?.. Әлде “Онсыз да бөтен ел, бөгде мем­ле­кеттің төбесінде төрт аяғымен жүрген біздің тіліміздің айы оңынан туар кезі әлі алда” дегені ме? Жазу­шы сырлы да, сыншыл сықақшыл ой шебер­лігін қол­данып, “Қызым саған айтам, келінім сен тыңда” деп өзінің жан әлемін жайып салып, әңгіме айту ар­қы­лы, әлі де арылмаған сорымыздың барлығын ес­кер­теді. Түлейлердің намысын да түрткілейді. Оянсын, ой алсын дейді. Сөзді қойып, осы әңгімедегі ойға ке­лейік. Жазушы бұл әңгімеде өзі айтқандай «ұйық­тап қалған ар-намысты оятуды» өзіне парыз етіп алған. Міне бұл Қазақ жазушысының қазіргі замандағы төл мін­деті.
Заря әңгімелерін оқи отырып ағынан жарылған ние­тіне разы боласың. Әйел жазушы ретінде көбінше Қа­зақстандағы әйелдер өмірін тіліне тиек етеді. Әйел­дер қауымының жеткені мен жететін арман-мұратына ті­леулес болмақшы болады. Мен бұл кітаптағы сәтті әң­гімелер деп: «Тордан үшқан тотықұстар», «Уақытша не­ке», «Ақ босаға», «Сырлы әуенге сіңген сыбызғы», «Шын­жыр баулы сағат немесе ұмытылмас үш кездесу», «Диктор қыз бен етікші», «Ақ мамық жауған түн», «Шаңы­рақтың киесі» қатарлыларды айтуға болар.
Жазушы өмірді шынайы бейнелеу үшін оған ше­бер­лік керек. Қаламгер оқырманын табам десе онсыз болмайды. Тілі жоқ шығарманың күні де, гүлі де жоқ… Тағы да айтуға болады. Жазушы Заряның әңгі­ме­­лерінің біразы жазушылықтың бұл шарттарын орын­даған немесе орындауға ұмтылыс жасаған. Мы­салы, «Тордан ұшқан тоты құстар» әңгімесіндегі ұнам­сыз кейіпкер Нұрдәулет образы, «Уақытша неке» әңгіме­сіндегі ұнамды кейіпкер Күлшат­тың образы, «Ақ босағадағы» ауылға келін боп түскен қалалық қыз Шынардың образы, ұлттық өмірдің кескін-келбеті, «Ақ мамық жауған түнде» адал да нәзік әйел жаны­ның күйеуіне деген сағынышы мен махаббаты тамаша жарасым тапқан. Болымсыз жері жетпей тұр. Жі­гі­тінің асығып жар құшағына, құтты үйіне оралып ке­ле жатқан кескінінен бір сурет қоса салса нетер еді дейсің? Осындай әңгімелер жас жанұяларға тама­ша үлгі. «Шынжыр баулы сағат» атты әңгімесі жазушы Оралхан Бөкейдің «Тоқадан қалған тұяқ» атты керемет әңгімесінің деңгейіне дейін көтерілген сияқты. Алайда, Заря Жұманованың өз шығар­масы, өз биігі бар. Ол жаңа образ, жаңа кейіпкер. Айтары да, алқа­бы да өзіне тән. «Диктор қыз бен етікші» әңгімесі әлем­дік әңгімелер бағытына жол алған, келіскен ро­мантика. Қиылысуға мүмкіндігі аз екі тағдырдың қи­сынын тауып жазған. Жаңаша әңгіменің бел ор­тасын­да «Шаңырақтың киесі» тұр. Қазақ ұлтында ға­на болатын алтын қасиет менмұндалайды. Заман бұ­зылса адамның бұзылуы да оңай. Ерке өскен, шал­дың жалғызы Кенжеш көңілдес тауып, балдай ұйып отырған үйін бұзбақ болады да, әке сотының қатаң жазасына ұшырайды. Ендігісін әңгімеден естиік!
«– Шақыр анауыңды! «Әкең өлгелі жатыр» деп айт! Жұмысына телефон соқ! – деді қатқыл да, бұйрықты үнмен.
– Сап-сау еді ғой! Табан астында оған не боп қал­ды. «Жау жағадан алғанда бөрі етектен алды» – деген осы болды-ау! Қашан көшіріп әкетесің деп, анау да ана жақтан күнде звандап жатыр деп күйіне сөйлеп, түп­кі бөлмеге кіре берген Кенжештің көзінің оты жа­рқ ете қалды. Қара шалдың қанша жыл серік еткен тая­ғы қабырғаға сарт етті. «Айдың күннің аманында қасиетті қара шаңырағым қақ бөлінгенше сенің ақы­мақ басың қақ жарылсын» – деді қаһарлы үнмен. Ше­ке­сінен саулаған қызыл қан Кенжештің бетін жауып кетті. Күйеуін аяп, жүрегі нәзік Несіпәлі жылап жіберді».
Шаңырағын қорғауды өзінің ұлттық бітімі мен сал­тына айналдырған қара шалдар тек қазақтан ға­на шығады. Әке десін патша кесімінінен артық кө­ретін, Кенжештей жігіт тек қазақтан ғана шыға ала­ды. Жазушы келін Несібелінің образын да өте сүй­кім­ді, үлгілі етіп жаратқан. Айналайын, қазақтан басқа біреулер болса, баласын милицияға мәлімдер еді. Ұлт үшін осындай дара характерлі образды жаратып жаза алған жазушымыз Заряға да көп алғыс.
Дегенмен, Заря мен қалам ұстағандардың керегі­не жарап жатса деген оймен топтамадағы ішінара әң­гімелердің ойға томпақ келген жақтарын айта кетуді жөн көрдім.
Шынымды айсам, «Сіз іздеген әлем» атты әңгімелер жинағындағы жоғарыда атын атаған әңгімелерден басқалары көркем әңгімелердің қатарына жатуы қиын. Көбі журналистік пайымдау, баяндау форма­сын­дағы шығармалар. Әңгіме дегеніміз – сөз кесте­сі­мен зерленген айшықталған өмірдің драмалық қай­шылықтарына толы ой қорытындысы. Тәуелсіз өмі­рімізде мүмкіндігінше әшкерелеу емес, жетектеу, ша­быттандыруды негізге алып жазуымызды қоға­мы­мыздың қазіргі рухани шындығы қажет етеді. Осы топтамада бұлар кем. Айтқандарымызға дәлел үшін екі әңгімені сөз етейік!
18 әңгіменің ішіндегі ең ұзын әңгіме «Қара бұлт­тан шыққан күн» 22-беттік әңгімеде аты аталған бар-жоғы үш кейіпкер бар әңгіме бас кейіпкер Зұбайданың жаны сүйген әскер күйеуі Құмар жұмысқа кеткеннен себепсіз жоғалып, сүйегі мәйітханадан табылады. Зұ­бай­даның басына қара бұлтты түн орнайды. Өлгеннің артынан өлмек жоқ. Күндер өтіп жатады. Кездей­соқ отырған такси шофері Құмарға аумай ұқсайды екен. Таңғаларлығы әлгі адамның аты Ғұмар екен. Ұғысса ол да әскерден босаған, әйелі өлген. Зұбайда оның қам­қорлығына бөленеді. Сонымен тағдыр ма, махаббат па Ғұмармен үй болады да, «Қара бұлттан күн шы­ғады» осымен бітеді. Ойлап көрейік! Бұл әңгіменің қай жеріне таң қаламыз? Қалай ойға батамыз? Тір­шіліктегі қарапайым құбылыс қана: Тағдырдың жазмышынан басқа ешнәрседе емес. Я! Бір таңғала­ты­нымыз екі күйеуінің аттарындағы «Қ», «Ғ» әріптерінің ұқ­самауы ғана. Басқа тартыс та, ләззат та, кек те тап­пайсыз.
Екінші әңгіме «Жалғыз шыбынды пәтердегі қырық шы­рақты әйел» осы әңгімеден қайта-қайта оқысаң да ой алу емес, нені айтпақшы болғанын түсіну қиын. Әң­гіме дегенде өзекті ой болуш еді, бас кейіпкер де­ген болушы еді. Соны төңіректеп айтыстармен тартыс­тар өрбіп оқырманын енді не болар екен деп же­текке алып кететін. Сен жемқор аттай жетегінде еретінсің. Бұл әңгімеде жетімхана­да өскен Толқынның той жасағаннан кейін өзін «Алмасам асылып өлем» деген Тоқтарбегі тастап кеткеннен кейін бір үйде жалғыз шыбынмен бірге жалғыз қалып қиялдағаны жазылады. Заря Толқын­ның қырық қиялын жазбақ болады. Тіпті, бір қиялында өзін тастаған тасбауыр әке-шешесін арашалап оны «ядролық қалдықтардың кесірінен» көреді. Айтары көп тиянағы жоқ қиялдар. Менің айтарым: кейіпкері, диалогы жоқ әңгімені әңгіме деуге болмас. Кейіген жерім: жазушы бұл баян­дау мақаласында қазақ қоғамына талай өкпе айтқан­мен, әлгі атың өшкір жетімдер үйін басынан сипағандай сыңай байқатады. Ол ол ма, «Салтанат» ат­ты әңгімесінде Салтанат атты бас кейіпкер жасап, ол бас кейіпкерді қазақтың қаймағы бұзылмаған жанұяда өскен құрбыларынан әлде­қайда биік қояды. «Салтанатты» жазуда Заряның ниеті түзу дейміз. Ол журналистика саласынан шыққандықтан «Ауру кетсе де, әдет кетпейді» ақпараттық әдебиеттің жазу үлгі­сімен жаза салған. Публицистика үшін «Салтанат» очерк деп аталса табысты шығарма болар еді.
Қорыта айтар болсақ, Заря өз әлемін іздеген талапты жазушы. Заряның әңгімелерінен тәуелсіздіктен кейінгі қазақ қоғамының өмірін бір қырынан көре аламыз. Жазушы өмір алдындағы міндетін адал­дық­пен орындауға ұмтылған. Аспаздықтың ең қиыны – тұзын теңшей алу деп естігенім бар. Меніңше, тамақ­тың тұзы кемдеу сияқты. Ас пісіре алған адамның, тұзын теңшеуі қиын емес, артық айтылған ағалығым бол­са, «Енесі тепкен кұлынның еті ауырмайды» дейтін шы­ғар деп сенемін.

Нұрмұқан Жанұзақұлы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір