КӨР
26.06.2015
1679
0
Екінші дүниежүзілік соғысында жер жастанған, мүгедек болып оралған әкелеріміздің рухына бағыштадым.

***

888468_60544622____________1Бүкіл солдат жапыр-жұпыр жанталасып, окоп қазып жатыр. Қазақ Түрксібті салған, қара жұмыста алдына жан салмайтын нағыз тесікөкпе еді. Тастақ жердің талқанын шығарып, тез-ақ окобын әзірлеп алды. Шеп жағалап келе жатқан шенді командирі бұрқ-сарқ. Қабағынан қар жауады. Белуардан ғана окоп қазғандарды боқтап-боратып, ұрсып жатыр.
Молодец, азиат, могилу свою глубже копаешь, живее будешь, – деп қазақтың жанынан әрі өтіп кетті.
Жаңағы сөзге жаны түршікті. Ауыз жиып алғанша болған жоқ, неміс оқты қарша боратып, мина мен снарядты бұршақтай жаудырып, төбеден аңыратып бомбыларын сорғалатты. Командирі айтқан окоп-көрінің түбіне бұға берді. Қазақтың соғысты тұңғыш көруі. Үстінен топырақ саулап, басып жатыр. Соғысқа ағасының орнына саналы түрде жазылып келген еді. Мұндай сұмдық боларын қайдан білсін?! Жер қозғалып, өзі қазған окобы үстіне құлап бара жатқандай көрінді. Көз алдына ағасы топырақ салып тұрғандай елестеді. Шын мәнінде, қазып алған окобы өз көріне айнала жаздапты. Үстін басқан топырақтан әзер босап, суырша басын қылтитты. Оң жағы да, сол жағы да – қасап. Бірінің басы, бірінің аяғы, бірінің қолы, бірінің белі шашылып жатыр. Иманы кәміл болды. Командирі келе жатыр екен. Атып тұрып, әскери рәсіммен сәлемдесті.
Я, же им говорил, что, свои могилы копайте глубже, целее будете. Не слушались. Вот результат – азиат жив, а эти оболтусы мертвы, – деп өте берді.
«Қанды қырғын, қызыл от, қаптап жүр ажал дегенің» деп Қасым Аманжолов ағасы жырға қосқандай, алғы шепте атой салмаса да елден озып окобын қазып, елден қалмай мылтығын атып, Сеңкібай бабасының аруағына сыйынған. Ол да, Қасым ақын да Биата – Сеңкібайдың тікелей ұрпақтары еді.
Өлген немісті көрді. Аузы аңқиып, көзі ақшиып жатыр екен. Шашы – сары, көзі – көк. Орыс та – бір, неміс те – бір қазаққа. Бұлар неге қан майданға шығып, қырылысып жатқанын түсінбеді. Өлген немістің күрегін олжалады. Шыңылдап тұрған нағыз болат екен. Жер қазған қазақ күректің қадірін білетін. Тас жаратын неміс күрегі талай ажалдан алып қалған. Окоп-көрінің арқасында.
Окоп-көрде көп жатқызбайды екен. «Алға!» деп командирі бұйрық бергенде қазақ бірінші болып, окоп-көрінен ырғып шығып, мылтығын кезеніп, аруағына сыйынып, алға ұмтылды. Қара саннан неміс оғы сарт етті. Ұшып түсті. Есінен танып қалыпты. Бырдай өліктің ортасында жа­тыр екен. Ымырт. Санитарлар жүр. «Қарындас» деп айғайла­ды ма, сыбырлады ма, білмейді.
Қазақ солдаты өліктермен қанша жатқанын білген жоқ. Оқ тиген аяғы күп болып ісіп, бөренедей болып кетіпті. Есі кіргенде, «қарындас» деп айғайлайды. Сыбырлап шыққан болуы керек. Бұл жолғы санитар татар екен. Жанына жүгіріп келді. Арқалап дала госпиталіне жеткізді. Аяғы гангрена болып кетіпті. Солдат шалқайып жатып жан-жағына қарады. Біреудің аяғы, біреудің қолы үйіліп қалған бұрышқа көзі түсіп, төбе шашы тік тұрды.
Хирург келді. Үсті-басы, әсіресе, қолы білегіне шейін қып-қызыл қан. Адам қасапшысының қолына түскенін түсінді. Өне-бойы түршігіп кетті. Маңдайынан сұп-суық тер моншақтап ақты. «Ногу отрубим, а то умрешь», – деді. Қазақ оның не айтқанын түсінген жоқ. Әйтеуір иегін қақты. Спирт әкелді санитар. Ішкен жоқ.
Ну, азиат. Пеняй на себя, дайте ему в зубы ложку, – деді.
Аппақ тәнін қолара кескенде шыдады, сүйегіне жеткенде талып қалды.
Қазақ есін жиған.
О, қазақ, башың аман, бір аяқпен де өмір сүресің. Еліңе қайтасың, – деп тұр екен бір қолы жоқ башқұрт жігіті. Керемет қуанды.
Айтқаны айдай келді. Еліне оралды, ауылдың айдай сұлуына үйленді. Өзегінен он бала өрді. «Көріп тұрсыз, бір аяғым осында, екіншісін басып тұрмын Берлинде», – деген Қасым ағасының «Балдақты жігіт» атты өлеңіндегідей Дон даласында қалған бір аяғынсыз-ақ бәрін оқытып, жеткізді. Тек түсінен жер тырмалап, окоп қазып жатқаны шықпай қойды.
Көлденең кесел ойда жоқта килікті. Жантәсілім беретін мезет те жетіпті. Талмаусырап жатып, көзін ашты. Сұмдық соғыстан шүберекке түйіп әкелген қу жанын бергісі келмейді Жаратқанға. Ошарылып он баласы қаумалап, басын бәйбішесі сүйеп отыр. Жанарымен үлкен ұлын іздеді. Ол бір ауылдың білдей басшысы еді. Жетіп келіп, әкесіне еңкейді.
Ұлым, окоп-көрімді терең қаз, – деп иек қағып, жүре берді.
Ұлы әкесінің не айтқысы келгенін түсінбеді. Соңғы аманатын орындады. Қабірін терең қаздырды. Бәрі топырақ салды. Соғысқа бармай аман қалған ағасы топырақ салып тұрып, жылап жіберді. Окоп-көрге жас тамып кетті.

Мағауия СЕМБАЙ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір