«Сағындым» дедің, келдім ғой…
03.07.2015
2166
0

901638_1851107499_____________Динара Мәлікова

***

Ерік берсе, жыр жазар ем көз ілмей,

Алғаш рет ақын болған кезімдей.

Ей, тәкаппар!

Ей, аяулы қарт-ғасыр!

Болмысымнан жүрмін әлі безінбей.

 

Жыр жазар ем, жұрттың бәрін таң қылып,

Тауларды да, бауларды да ән қылып.

Қазанымды айырбастап қаламға,

Кетер едім ен далаға қаңғырып.

 

Өлең шіркін, болар ма едің, тым аппақ,

Кетсек пе екен, көшсек пе екен, жырақтап.

Соңғы демде сөйлермісің сезім боп,

Жүрегімде қалармысың тұрақтап.

 

Ошағыма жарды тастап, баланы,

Құшағыма ап кетсем бе екен даланы!

Жарты жолдан, бұрылам ғой, о, тоба,

Ақын етіп жарата ма ананы!

 

Күндіз күлкі, жаныңды арбар жалған бақ,

Мені қойшы, өлең қалай қорғанбақ?

Ағыл-тегіл жылап алды ол, бүгін,

Аспан жақты жалғыз өзі армандап…

 

***

Гүлден де нәзік жанымның,

Керегін таппай жаңылдым.

От болып жанған өмірдің,

Шоқ болар сәтін сағындым.

 

Базары басым көңілдің,

Жүзіне қарап жеріндім.

Көппенен бірге күліп ап,

Елеусіз қалып егілдім.

 

Достың да білмей ниетін,

Сенім бар бірге жүретін.

Құдай-ау, бір жан бар шығар,

Күнәсіз келіп сүйетін!

 

Сезім жүр мені басқарып,

Ақыл тұр одан жасқанып.

Көзімде уақыт көктейді,

Барады өмір басталып.

 

Адалмын десем пендемін,

Жаман да емен, сенбегін.

Күрсінгім келген… шүкірмін,

Жалғызбын десем Елдемін.

 

Тағдырдан нені таба алдым?

Табайын десем таландым.

Еркекпен құны өлшенген,

Әйел боп қана жаралдым!

 

Өлең берді…

Алла өзі кешірген соң пендесін,

Өлең берді өлеріме сенгесін.

Бірін-бірі жерлеп жатқан тіршілік,

Бөліп бере қояр дейсің кім несін?

 

Алла өзі өмір берді күрделі,

Сәби-жүрек сыналарын білмеді.

Азабымнан арман жасап алғанмын,

Мазағына күйдіре алсын кім мені?

Жүрек өзі істей алды дегенін,

Жүрек дейтін жалғызыма сенемін.

Бір ғасырға қайта келер хақым бар,

Бұл ғасырға болмаса да керегім!

 

Сезім өзі жасырмады шындығын,

Ақиқатым аласарып жүр бүгін.

Мен сияқты ойлай алар көп адам,

Мен сияқты айта алады мұңын кім?

 

Жиырма төрт жыл соғып тұрған кеуденің,

Қашан… қай кез… жаңыларын білмедім.

Көңіл болып құбылады құрғырлар,

Өлең болып ойланғанын көрмедім!

 

***

Қала мені шамдарымен арбайды,

Бұл қалаға болмайды екен ар-қайғы.

Жарықтардың жанарына мұң сіңген,

Жанымды бір шарықтата алмайды.

Бұл қалаға керек екен махаббат,

Сезімім жүр суық қарды аралап.

Бір досым кеп, сенімімді жылатты,

Бір досым жүр тағдырымды табалап.

Адамдарға тән болған соң жаңылу,

Жүректерде болады екен жабығу.

Бұл қалаға керек екен мен құсап,

Бір адамды, бір жүрекпен сағыну!

Керек екен бұл қалаға жылылық,

Дала туған, ана туған ұлылық.

Қызыл гүлдер бүршік ашса қыста да,

Аппақ қардың жалғыздығын ұғынып.

Ал, көктемдер серік болса күзге ше?

Жылы жаз кеп, желтоқсанды іздесе.

Бұл мезгілдер қосылмайды ешқашан,

Біздің тағдыр содан болар өзгеше.

Біздің қала содан болар суықтау,

Сіздің қала содан болар тұйықтау.

Құмарымды сезсең, жаным шегі жоқ,

Қиялымды керек шығар құлыптау…

 

***

Бұралаң жолдар бұралаң,

Ес жиып талай құлағам.

Өмірді қойшы, өң мен түс,

Күйімді кім бар сұраған?!

Белгісіз мұңға түнегем,

Сенгісіз ғұмыр сүрер ем…

Жиылмай жүрсе көз-жасым,

Бұйырмай жүр де бір өлең!

Үндемей жүріп сөйледім,

Күлімдеп тұрып күйредім.

Тағдыры бөлек о, тоба,

Жолыққан жалғыз сүйгенім…

Ашылса таңмен есігім,

Сыбырлап сүйдім есімін.

Түннен де тығам сол жанды,

Күннен де сұрап кешірім.

Ақ пенен қара арасын,

Аралап нені табасың?

Алладан түскен шыбын-жан,

Шырылдап қайда барасың?!

Тұтанбас қайта сөнген шоқ,

Түңілгем ажал төнген жоқ.

Ойға да баттым тұңғиық,

ақылды болып көргем жоқ!

Қалжырап қалған қаладан,

Тұнжырап ауып бара ма ән…

Түнектен жырмен тіріліп,

Жүрек боп қайта жаралам!

 

***

Мен гүлмін ғой,

Су құйып жүрші сезіммен.

Мен Күнмін ғой,

Көрініп тұрам көзіңнен.

Мен желмін ғой,

Алдыңнан шығам ұмтылып.

«Сағындым» дедің, келдім ғой,

Жүрекпен бірге ынтығып.

Мен жыр екем,

Жазылмай жүрген түндерде.

Сүйген бір шақта тірі екем,

Сезініп сен де көрдің бе?

Мен жас екем,

Жан адам оны көрмейтін.

Өмір дегенің осы екен…

Жанарға симай сырғитын

 

***

Көзге көрінбес күнәларымды,

Оқылмай қалған дұғаларымды…

Алладан бұрын пенде біткенді,

Бес күнге қимай сынағанымды…

…Өшіре алам ба кеудемнен?

Есімді білмес ессіз күнімді,

Түгесілген төзім… көзсіз мұңымды…

Жария етіп… жалғаннан бездім,

Қараңғы дедім, Сізсіз ғұмырды…

Өзгерерін бәрін кім білген?

«Жалғызбын» деппін… сезбеді жаным,

Түннің де тұнық көздері барын.

Сезімге ұйып сыңар етіппін,

Өзіме тілеп, өзгенің бағын…

Көңілді қалай сендіргем?

Бағалай алмай бақыттарымды,

Жалғанға қиып жақұт-таңымды.

Нұрынан Күннің жасқанды жүзім,

Кім білсін… бүгін ғаріп халімді…

Жанымды шерге көндірген…

Қайғыға балап, шүкір күнімді,

Тағдырға телген бүкіл мұңымды…

Тілімнен шыққан тоғыз күнәмді,

Айтылып қалған күпірлігімді…

Өшіре алам ба кеудемнен?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір