Балқан, Балқан, Балқан тау
03.07.2015
2614
0

901485_1885617114_497764_112466892__________________________________Бақытжан Тобаяқов

(шетел дәптерінен)

***

Ғажап-ау,

Жер-жаһанды көрмек деген,

Өлеңмен өңірлерді өрнектеген.

Алпыстан асқан шақта әлі де мен

Саяхатпен талай жер өрлеп келем.

 

Ендігі сапар сәті – Балқан жері,

Еуропаның кіндігі, салқам белі.

Адриат теңізі тулап жатқан

Черногор мен Сербиядархан елі.

 

Оңтүстік славяндық аймақ келдік,

Көңілге бір түйткілді байлап бердік.

Мамыражай өлке екен өркен жайған,

Табиғаты тамылжыр қаймақ дерлік.

 

Жан-жағын тау қаусырған пейіш мекен,

Жасыл орман желекті жер үсті кең.

Бақшасарай дермісің жер жаннаты,

Көргенім жоқ осындай өрісті мен.

 

Тиваттай әуежайға қондық құстай,

Табыстық талай жұртпен қолтығыстай.

Бұғаздан паромменен жеттік-ау біз

Игалодай кентіне жол дұрыстай.

 

Шипажайы Милошевич атындағы,

Ну орман айналасы расындағы.

Түн торлап алғанында тау етегін,

Шам-жұлдыз жарқырайды абсындағы.

 

Көз тоймас қаласына – Жаңа Герцог,

Балқанның қойнауында дара дерсің.

Ерлері еңгезердей шетінен дүр,

Тек қана бойларына сана берсін.

 

Әлқисса, жырым осы тәмам емес,

Әлі де жасаймын ғой жаңа кеңес.

Еуропа ендігін ен жайлаған

Атилладай ер бабам маған елес.

 

Сол құрлықтың пұшпағы Балқан тауым,

Бұл да менің бүгінде барған тауым.

Жырақта бабамыздың шырақтары,

Құлақта дүбірлі ат-тұяқтары,

Санам ел-тарихтан тамған жауын.

 

Будвада

Саяхаттың жасадым мың қадамын,

Мен енді черногорлық Будвадамын.

Сұғына енген бұл бұғаз тау ішіне,

Көрсетпей қойды бүгін Күн қабағын.

 

Будвадамын – Балқанның айғақ көркі,

Адриат теңізінің айлақ кенті.

Бұғаздың ортасында өркеш төбе

Батырдың сайлағандай таймас серті.

 

Будвадамын – бұл да сирек белгісіндей

Бабамнан қалған ерек еншісіндей.

Осынау жұмақ жерді жортып өткен

Жер қайысқан қолымен ер кісім кей.

 

Ер кісім ол Атилла – Еділ патша,

Білеміз ғой қаһанның тегін жатша.

Ат суарған Дунай мен Сена өзенде,

Дұшпаны тітіреген өліп жатса.

 

О, бабалар, рухтарың бізбен бірге,

Қазсам-дағы жаныңнан, түзден ірге.

Будваданың бұғазында бас иемін,

Әруақтарға жеткізген ізгі өмірге!

 

Подгорица

Подгорица – бір жоны Балқан таудың,

Астанасы, ортасы салқам баудың.

Тау менен тау соғысса, дос пенен дос,

Көрер ең көсегесін талқандаудың.

 

Өткен мұнда азамат ұрыстары,

Бір-бірімен қаржасып тұрысқаны.

Хорват пенен сербтер, алуан бөлек,

Содан бетер арқаның құрысқаны.

 

Сұлу өлке, қойнауы орманы ну,

Сайраған құс, айнала толғаны ду.

Айтарға жоқ, айтулы байтақ аймақ,

Көсемдерін халқы да қолдады ду.

 

Тау біткен жасыл желек, жаңғақ ағаш,

Құстары тал басында, аң аралас.

Қылтадан бұрылыста шыға келсең

Төңкеріліп көл тұрар жап-жалаңаш.

 

Тау арасы қия жол қалтарысты,

Түлкі көрсең жалт беріп жалтарысты.

Табиғатқа ғажайып аң-таң болып,

Уайым мен мұң-шерің тарқар ішкі.

Тау ішінде Балқанның қыр қаласы,

Адамзат та табиғат бір баласы.

Сол табиғат ғажабы

бойға толып,

Ойға шомып оңаша тұр данасы…

 

***

Өрге де шықтық, тегіске,

Жерге де түстік, еңіске.

Еленіп жатса еңбегің,

Жеткенің болар жеңіске.

 

Алпысты да алқымдап,

Өткердік оны қарқындап.

Шау тартатын хал келді,

Бола да қоймас жалқын бақ.

 

Алма ағаш кәрі бақтағы

Жемісін бермес жастағы.

Менің де асқақ арманым

Шамамнан артық аспады.

 

Тәуба ғой, тәуба бәріне,

Әркім де қарар әліне.

Сонда да менің жүрегім

Махаббат қызық бақ іздеп

Дүрсілдеп соғар әлі де.

 

Оу, қайда сол кез ғашықтық,

Көңілді күйлер тасыттық.

Думанды кештер қайда деп

Аптықтық, алға асықтық.

Біртіндеп кетті жоғалып,

Жастығым өшті тоналып.

Күзеткен үйді төбеттей

Отырмын енді омалып…

 

***

Кейде мен мүлдем тыншымай,

Бақсыдай болам жын қаққан.

Сыртымнан біреу сыншыдай

Ғарыштан маған үн қатқан.

 

Санаулы әрбір жүрісім,

Межелер артта, тыс қалды.

Тарылар ма тынысым,

Кәрілік қатал сұстанды.

 

Дес бермес ем, дес бермес,

Зырылдар сағат ұршықтай.

Мұңымды ешкім ескермес,

Уақытым қоймас тыншытпай…

 

 

***

Ағалар өтті өмірден,

Көтеріп жүкті зілмауыр.

Кетпейді естен көңілден,

Кешкендей болды бір дәуір.

 

Ебіней ағам еңселі,

Тұлғасы болды халықтың.

Бөркіндей елдің сеңсеңі,

Бірі еді-ау алты алыптың.

 

Жаттаушы едік өлеңін,

Ақтаушы едік атын көп.

Әннің де жазды көлемін

Ақиық ақын Кәкімбек.

 

Кемелді жылдар кернеуін,

Ғасырдың жүгін асыр деп.

Өнердің өрді өрмегін

Сығайдың ұлы Әшірбек.

 

Қараптан қарап демігем,

Ағалар қайда алдаспан.

Шетінен дүлдүл кемі-кем,

Артынан өмір жалғасқан…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір