Арманнан арман асулап…
29.01.2016
2999
0

Ел тәуелсіздігі идеясы және Мағжан-жыр

Шериаздан Елеукенов,

филология ғылымдарының докторы,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Қазақтың бас ақыны Абайды сүйетінін айта келіп, Мұхтар Әуезов: «Бұдан соң Мағжанды сүйемін. Европалығын, жарқырағын, әшекейін сүйемін… Мағжан – культурасы зор ақын. Сыртқы кестенің келісімі мен күйшілдігіне қарағанда, бұл бір заманның тілегінен асқандай, бірақ түбінде әдебиет таратушылары газетпен қомақталып, ілгерілеп кеткен ақын болады. Әдебиет әдебиет үшін деген таңба айқын болмай, нәрлі әдебиет болуға жол жоқ. Сондықтан, бүгінгі күннің бар жазу­шы­сының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуғ­а жарайтын сөз – сол Мағ­жанның сөзі», – деген.

080c10895cc02a5dc89ac480b8c5668fМағжанның ұлттық сана-сезімі ерте оянды. «Жатыр» деп аталатын өлеңі баспа жүзін алғаш көргенде жасы он сегізде ғана болатын. Сол уыз шағында-ақ, өрт та­лант Қазақ елінің «От жегіп, көкте ұш­ып, суда жүзіп, Тәңірінің рақметіне қа­нып» жат­қан дүниежүзі озық елдерінің қатарына қосылуын армандап, Мұхаң айтқандай, келешекке, болашаққа бой ұрған. Қала­мы­ның тұңғышы – «Шолпан» жина­ғын­дағы (1912) «Туған жерім – Сасықкөл» ат­ты тағы бір өлеңінде ол оқу­шысын та­ри­хымыздың нелер сілемдеріне сам­ғатады.
Айдын көл, ата қоныс, құт болған көл,
Сусын боп сұрағанға, от болған көл.
Кеше бірлік, ынтымақ түгел шақта
Бейне бір сенің басың сүт болған көл.

Білмеймін не боларын қайран көлім,
Жарайды тең болмаса күн мен түнің.
Итиіп қара шекпен келіп қонса,
Басыңнан құсың ұшып кетер сенің.
Атын «еркелетіп Сасықкөл» қойған, то­ғыз шумақтан тұратын осы өлеңде әлеу­меттік мәселе («Байларың кедейлерге қарасқан көл»), ел ынтымағы мен бұ­рын­ғы жарасты тұрмысы («Сапырып сары қымыз ертеңді-кеш»), махаббат әуені («Ғашықтар жарын іздеп, ойлаған көл»), тамылжыған табиғаты және елінің бұрын­ғы азаттығы аңсаған арманға айналғаны, аспанын енді отаршылдық қара бұлтының қаптай торлағаны бар шындығымен бір өрімде бейнеленген.
Қазақтың ата қонысын, шұрайлы жер-суын тартып алуға ашқарақтанған отар­шылдық озбырлығы жас ақынның ұлт­тық сана-сезімін дүр сілкіндіріп, не іс­теу керектігін ерте ойлауға мәжбүр етті. Оның «Қарағым» өлеңінің ел қамын жеген Едіге іспетті лирикалық кейіпкері: қазағым, өміріңнің үміті үзілмеуін ойла, қол қусырып бос жүрме, өйтсең «Тер ағы­зып, өліп-талып табылған Ата дәулет быт-шыт болып тозады», – деп тебіренеді. Азат­тыққа қол жеткізу амалдарын ойластырады.
Мағжанның замана толғағын толға­ған өлеңдерінің маңызды бір парасы күл­лі түрік әлемін отаршылдыққа қарсы жұ­­мыла, ұйымдаса күресу идеясымен қа­нат­танған. 1913 жарияланған «Орал тауы», 1923 жылы шыққан «Алыстағы бауырыма» өлеңдері түрік тектілердің та­рихы, туыс­қандық бірлігі, ынтымағы ғасырлар қойнауына кететінін паш етеді. Бір өтірігі жоқ, бәрі – шындық. Тарихтан бейхабар адам бәз баяғы Ресей жері Орал тауы қа­лай­ша түрікке жатқызылған деп күмән­дануы мүмкін. Мағжан татар, баш­қыр әде­биетін бір кісідей білген адам. Ақын­­ның «Орал тауы» өлеңінің түп негізі Баш­қырс­танның «Орал батыр» эпосымен байланысты. Башқырлар өздерінің Шатак тауының маңындағы таспен шегенделген көлемі 23х6 метр алып мүрдені күні бүгінге дейін арыстанды ат қып мін­ген Орал батырдың зираты санайды.
Мағжан сол Оралға, шығыс беттегі Ал­тайға «Аузы түкті шетелдер ие болып, Көрсетіп тұр қысымды ерлеріне» деп ашынады, бірақ жасып жабырқамайды да. «Есімде… тек таң атсын!» жырында ол «Сұр жылан, өзі оятар, қатты шақсын, жаңа­дан жолбарыстай ұмтылармыз» деп атой салды.
Ақынның «Түркістан» атты шежіре жы­рының кейіпкерлері – жер жүзіне даң­қы шыққан геройлар: «Тұранды түгелімен билеп тұрған Афрасияб», «Тұранға қа­сиет­ті құмар болған Ертеде Кей-Қысырау мен Зұл­қарнайын», «адамзатта ондай ер ту­маған» Шыңғыс хан, бөрі батырлары Ша­ғатай, Үкітай, Жошы, Төле және атақ­ты «Жолбарыс Сұпытай мен Көкжал Же­бе», «От шашқан жер жүзіне Ақсақ Темір». Тұ­ран­да хандық құрған «Қазақтың қасқа жол­ды Қасым ханы» мен «әділ Назар хан»…
Тұранның ғалымдары, мәдениет қай­рат­керлері – әл-Фарабимен қоса атақ-даң­қы жер жарған әйгілілер: «Сырласқан үйде отырып аспан-көкпен» Ұлықбек, «Молдығы білімінің сиқыр дерлік» Ибн-Сина Әбуғали…
Осы айтылғанның бәр-бәрін есепке алғанда, Түркістан тек ер түріктің бесігі ға­на болды ма екен деген ойға еріксіз бе­рілесің. Ол ойыңды Мағжанның «Ақсақ Темір сөзі» өлеңі бекіте түседі. Ұлы әмір­дің аузына мынадай сөз салынады:
«Жаһан деген не нәрсе? –
Алақанның ауданы!
Бір ауданда көп тәңірі
Болудың тіпті жоқ сәні.

Тәңірі – көктің тәңірісі
Күңренсін, көгін билесін!
Жер тәңірісі Темірмін.
Жеріме тәңірі тимесін!».
Бұл кестенің өрнегі Ұлы Даланың ұлы пер­зенттері – Тұранның ғана емес, күллі ада­мзатқа әйгілі тұлғалар деген құнарлы идеямен көмкерілген.
Тұран тарихының Еуроцентризм бұрмалаған шындығын қалпына келтіру­ге бағытталған «От», «Пайғамбар», «Күн­шы­ғыс», «Жер жүзіне» атты өлеңдерінде Мағжан ақын арттағы мыңжылдықтарға көз тастап, бұл мәселеге қатысты теріс түсініктерге күйрете соққы береді.

Жарқырап от боп туғаннан,
Белімді бекем буғаннан,
Қараңғылық – дұшпаным.
Сол жауызды жоюға,
Соқыр көзін оюға
Талай заулап ұшқанмын.
Әлпіге барғам Алтайдан,
Балқанға барғам Қытайдан…

Заулап, өрлеп аспанға,
Әлпіден әрі асқан да
Отты Аттила, Баламер
Мен едім. Тағы барғанда
Ойран салып Балқанға.
(«От»).
Ата-бабаларымыз қан майданда күллі Еуропаны жайпап өтсе, ұлы жеңіс аспаннан түскен жоқ. Мағжанша айтқанда, әрі «ақ білектің күші мен ақ найзаның ұшы­мен», әрі қару-жарағын, темір үзеңгіге дейін болаттан құйып соққан метал­лур­гиялық ұсталығының, сол кездегі озық мәдениеті мен өнерінің ересен қуатымен қамтамасыз етілді. Бұл тарихи шындықты Мағжан ақын қаламы символистік реңк­те суреттейді. Күн Шығыс жиегінен кө­терілсе, өркениет таңы да сол өңірден сәуле шашпақ. Шығыс – күн баласы, Батыс – түн баласы.
Қап-қара түн. Толқындары қара қан,
Қара түнде өңшең соқыр шұбырған.
Сол шұбырған сансыз соқыр алдында
Ентелеген кәдімгі Иван есалаң.
…………………………………………………
Қап-қара түн. Уақыт ауыр өтеді,
Ой артынан ойлар келіп кетеді.
Түн баласы көр көзінен жас төгіп,
Күншығыстан бір пайғамбар күтеді.
………………………………………………………
Мен келемін, мен келемін, мен келем –
Күннен туған, гуннен туған пайғамбар».
(«Пайғамбар»).
Бұл ақ, қара бояулар, кереғар метафора, ауыстырулар Шығыс ел-жұртын жабайы, қараңғы, надан еді деп жүзі жанбай гөйітетін Еуроцентризмнің аярлығын әшкерелеу, отаршылдық уытын жою талабынан туындаған. Осы ойын оқушы­сы­на бірден сездіру мақсатында Мағжан орыс ақыны Дмитрий Мережковскийдің «Пророк» атты өлеңінің мына бір шума­ғын «Пайғамбарына» эпиграф етіп алады:
Устремляя наш очи
На бледнеющий Восток.
Дети скорби, дети ночи,
Ждем, не придет ли наш.
(«Пророк»).
Мағжан ақын «Түркістан ер түріктің бе­сігі ғой» дей келіп, сол Шығыстың шы­райлы өлкесі – Қазақ елінің түбі бір туысқан халықтар арасындағы тарихи орнын атақты жырының алтын діңгегі етеді. Былайша жар салады.
Тұранда түрік ойнаған ұсап отқа,
Түріктен басқа от боп жан туып па?
Көп түрік енші алысып тарасқанда
Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?
Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тарих тол­қы­нында» атты кітабының (2003) маңыз­ды бір тарауы «Қазақ даласы – ұлы Түркі елінің қара шаңырағы» деп аталатыны мәлім. Елбасы Мағжан ақынның қоры­тындысын үстей түсуі үстіне бұл биік бей­нелі ұғымның тарихи мағынасын ғы­лыми тұрғыдан талдап тереңдете түсіп, ұлттық сана-сезімімізді мақтаныш сезім­ге бөлейді. «Ұлы Дала ерекше рух пен дү­ниетанымды қалыптастырды. Түркі рухының серпінді қажыр-қайратының түп тамыры осында жатыр», – дейді.
Бұл ақиқат арғы ата-бабаларымыздың ұлан-байтақ дала төсіндегі көшіп-қонып жүрген бүкіл тіршілік-тынысынан көрініс табады. Ондай тарихи фактілерді өмірдің әр саласынан келтіруге болады. «Отырар, Тараз сияқты тағы басқа қалалар ірі-ірі мәдени орталықтарға айналды. Оларда жергілікті дәстүрлерді дүниежүзілік мә­дениеттің ең жоғары жетістіктерімен ұш­тастыра білген энциклопедист әл-Фараби, математик әрі астроном Жаухари сияқты тамаша ғалымдар өмір сүріп еңбек етті».
Елбасы кітабында әл-Фарабидің еңбе­гі ортағасырлық Шығыс ойшылдары Низами Ғәнжауиге, Омар Һайамға, Әлішер Науаиға, математика негізін сал­ған әл-Хорезмиге, ортағасырлық Шығыс­тың ойшылдары Жүсіп Баласағұн мен Махмуд Қашқариға, Түркістандық Қожа Ахмет Иассауиге орасан зор ықпал еткені, «Екінші Аристотельдің» ізгі мемлекет пен оның басшысы туралы ілімді дамытқан әлеуметтік-этикалық трактаттары күні бүгінге дейін өзінің маңызын жоймағаны атап көрсетіледі.
Қазіргі археология, антропология және этнографияның жаңа жетістіктері, ғылыми дәлелді деректері көшпенділер тарихына Батыста қалыптасқан теріс көзқарасты қайта қарау қажеттігін дәлел­деуде. Алматының қақ төріндегі Тәуел­сіздік монументінің төбесіндегі Алтын адам мүсіні – Есік археологиялық олжасы сонау б.з.д. VІІІ-VІІ ғасырларда-ақ Орта­лық Азияның шығыс аймағында қуатты мемлекет һәм гүлденген мәдениет болға­ны­на көз жеткізеді. Тағы бір Алтын адам, қолына болат қылыш ұстаған сармат жауынгері енді Қазақстанның батыс өл­ке­сінен, Атырау облысынан табылды. Шығыс Қазақстанның Берелінде қазыл­ған патша зиратындағы арба, арбаға же­гіл­ген 13 аттың өне бойының алтынмен безендірілген көне мирасымыз және бас­қа соңғы жылдары табылған мұралар өр­кениет Батыстан емес, Шығыстан бас­тал­ғанының куәсі.
Аталған фактілер Мағжанға беймәлім болса да, осы іспетті көп жәйттерге ол Медресе Ғалияда, Сібір мұғалімдер гимназиясында, Мәскеудің Әдеби-көркем институтында оқи жүре қанықты. Сон­дық­тан да жырынан әрдайым ақындық алғырлықпен қатар, оқымыстылық біл­гір­лік, ғылыми көрегендік нұр шашып тұрады.
Тұранға жер жүзінде жер жеткен бе?
Түрікке адамзатта ер жеткен бе?
Кең ақыл, отты қайрат, жүйрік қиял,
Тұранның ерлеріне ер жеткен бе?!
«Түрікке адамзатта ер жеткен бе?»… Бұл жауабын тілемейтін риторикалық сауалдың айтары анық шындық: Ұлы Да­ла – Тұран ер түріктің, көшпенділер мә­де­ниетінің тал бесігі ғана емес, кезінде күллі адамзат мәдениетінің шоқтығы болған.
«Қорқыт» поэмасында Мағжан-жыр енді жер шары аспанын шарлап самұрық құстай саңқылдайды. Кемеңгер ұлт ақы­ны күллі адамзатқа ортақ жаһандық про­блема көтереді.
Алтайға жер жүзінде тау жоқ жеткен,
Алтайға бетегедей алтын біткен.
Бейіштей алтын Алтай етегінде
Ертеде Алаш елі мекен еткен, –
деп басталатын поэманың Қорқыт қобызы шанағынан күмбірлеген күйі әлемге «Өмір не?» деген сұрау салады. Мылқау табиғат ләм демейді. Қорқыттың: «Есалаң желдей ескен өмір өтер», аузын арандай ашып ажал жетер, соған ем табылар ма?» деген зарлы арызын дүниежүзінде есті­меген жер қалмағандай. Сазгер қай өл­кеге барсын, алдынан қазылған көр шы­ғады. Өлімнен күшті ешнәрсе жоқ еке­нін мойындауға мәжбүр болады. Алайда, поэма «Қайда барсаң да Қор­қыттың көрі» деген аңызды құр жаңғырту мақсатында жазылмағанын айтуға керек. «Шолпан» журналының 1922 жығы 2-3 сандарында жарияланған бұл поэманың кілті – ақынның өз тағдырына тікелей қатысты соңғы сегіз шумағында.
Мағжан Кеңестік тоталитаризмнен аз теперіш көрген жоқ. Елінің бодандық қамытынан құтылмағанын көріп-біліп жүрді. Аңсаған Тәуелсіздік қарасын көр­сетпеген соң тағдыры да талайсыз болды, Қорқыт қобызындай өксіді.
Өмірде арманым жоқ Қорқытқа ерсем,
Қорқыттай жанды жаспен жуа білсем.
Жас төгіп, сұм өмірден зарлап, сарнап,
Құшақтап қобызымды көрге кірсем.
Либреттосын Мұхтар Әуезов жазған «Абай» операсында ұлы Абай өмір сүрген заманына наразы ария шырқайды. «Сұм заман, тағдырыма сені берді» деп опынады.
Мағжан тағдырының Сұм заманы «Құшақтап қобызымды көрге кірсем» деген арманына да әттегене толық жет­кіз­беді. «Жан сөзі» өлеңінде (1920) ақын «Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған» деп соң­ғы арман-тілегін былайша ағытқан болатын:
«Сұлулықтың асығы – жыршы!» – дер ме?
«Жүректің сырын шешер сыршы!» – дер ме?
Не қуаныш, не қайғы басқан күнде
Басыма келіп: «Ақыным, тұршы!» – дер ме?

Болмаса басыма да бармас па екен?
Атымды аузына да алмас па екен?
Қарайып жапан түзде жалғыз тұрған,
Молама көз қырын да салмас па екен?
Сталин жендеттерінің қолынан қаза болған соң елу жылдан кейін Мағжан ақын еліне қайта оралды. Мағжан-жыр рухани өміріміздің гүл бақшасына айналды. Өкінішке орай, ақын арман- тілегінің бәрі бірдей әлі де түгел орындала қойған жоқ. Басына барып бата қылуға әрекет ете алмайсың. Өйткені, мүрдесінің қай тұста жатқанын күні бүгінге дейін білмейміз.
Мағжан Бекенұлы Жұмабаев Алматы­ның бүгінгі Наурызбай батыр мен Қарасай батыр көшелерінің қиылысындағы бұрынғы НКВД, кейін КГБ-ның сұр үй жер төлесінің бірінде 1938 жылы 19 наурыз күні атылды. Ақын рухына өз басым сол сұр үйдің қасына келіп қол жайып тәу етемін.
…Қазақ Елі аспанынан тұнжыраған отар­шылдық қара бұлты сейілгеніне биыл аттай 25 жыл толмақ. Азат Еліміз алдына бірінен бірі асқақ міндеттер қо­йып отыр. ХХІ ғасырдың ортасына қарай біз тәуелсіздігіміздің көк байрағын желбірете отырып, туған Қазақстаны­мыз­дың әлемдегі аса дамыған 30 мем­ле­кет­­тің қатарына қосылуды жоспарлап отырмыз, – деді Президентіміз жуықта жарияланған «Ұлт жоспары – Қазақс­тан­дық арманға бастайтын жол» атты мақала­сында. Бұл бос қиял емес, бүгінгі күн тәртібіндегі нақтылы бағдарлама. Алғаш­қы 100 нақты қадамын бастап та кеттік.
Мағжан өлеңдерін оқып отырғаныңда ақын арман асуларынан асып ортамызда жүргендей, әр басқан қадамымызға сәт­тілік тілеп, бүгінгі тәуелсіз ел мінберінен сөйлеп тұрғандай әсер аласың.
Тәуелсіздік идеясымен суарылған Мағжан поэзиясы Мәңгілік Елімен бірге мәңгі жасайтыны хақ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір