Екі әңгіме
29.01.2016
2352
0

690274_993627489__________________

Азат ӘКІМ

АҚШАНЫҢ
БІР АТЫ ӘЗӘЗІЛ

Осы жайсыз оқиғаны аудан орталығы болып есептелетін стансадағы үлкен-кіші кезінде түгел естіп білді. Стансаның теміржол мекемелерінің біріндегі токарь шеберханасында жұмыс істейтін Әбдібай үш аяқты мотоцикл сатып алу үшін ұзақ уақыттан бері қаражат жинап жүретін. Ара-тұра көлденең түсетін табысы бар. Құдай қаласа, желден жүйрік көлікке айналатын ақшасын кейде бір іштей ризашылықпен түгендейді, санап қоя­ды. Біреу үптеп кететіндей жиі орнын өзгертіп тыққыштап жүреді жиған-тергенін. Жеке үйдің қуыс-қолтығы көп. Соңғы рет кебеже ішіндегі әйелінің көк­тем-күз айларында киетін қызыл еті­­гінің бір сыңарына таза шүберек қиын­дысына орап салып жатты. Он­шақ­ты күн өтісімен жоғын іздеп таба ал­май қойғаны. Сан сапалақ шаруа есін шы­ғарғандай қайда жытырып жібер­ге­нін ұмытып қалыпты. Кейде үйге емес, отын сарайдың төбесіндегі белдік ағаш­тың қуысына немесе шаң басқан, қабыр­ға­дағы шегеде ілулі тұрған ескі самау­рын­ның өңешіне жасыратын. Бес-алты бөлмелі үй-жайы мен сарайындағы ты-
ғ­уы мүмкін мүкәмәлді ақтарып-төңкер­гені­мен ештеңе табылған жоқ. Әйелі мен баласы да ештеңе білмейтіндей.
Бәйбішесі қаражат өзінде тұрса шыр­­ғасы шықпастан сақталатынын ай­тады. Алайда, әйел қызықпайтын мүл­кәт бар ма? Қолына түскен ақшаны қайда кеткенін тізбелейтін де ойсырайтып тас­тайтын. Айтқан уәждері рас, бірақ тиын-тебеннің басын құрауға қанағаты, ынта-пейілі жоқ. Жалғыз ұлы көше беттегі алқам-салқам шарбақты тәртіпке келтіргенін, қисайған дарбазаны тікте­генін жақсы көретіндей. Әрі-бері өткен жұрттан ұялатын сияқты.
– Қой, балам, мотоцикл сатып алсақ, ағайын-туыстың берген байғазысына да­р­база мен шарбақты түгел жаңалар­мыз, – деп басу айтады әкесі. Жетінші клас­ты бітірген баласы Маусым бірде шәй үстінде әзіл-шыны аралас сөйледі.
– Сол ақшаны тауып алсам, ешкім білмейтіндей бір жерге тығып тастаймын.
– Әуелі тауып ал! – деп әкесі мұрты­ның астынан күлетін. Із-түзсіз жоғалған ақша үлкен уайым әкелген, әкесі баласынан күнде тәптіштеп сұрайды.
– Үйге ешкім келген жоқ. Сен алма­саң, кім алады? – дейді. Баласы азар да безер болатыны түсінікті.
– Алғаным жоқ, көке. Мен не істеймін ол ақшаны?
– Мүмкін, бір жерге тығып қойған шығарсың.
– Ол ақшаны өмірі көрген жоқпын. Көрмесем қайда тығамын?
Сенбі күні көршісі, құрдасы Мәулен көшеде Маусымды кездестірді. Жазғы каникулдың кезі.
– Көңілсізсің ғой, – деген Мәулен.
– Әкемнің бір керегіне жинаған азын-аулақ ақшасы бар еді. Сонысын қай жерге жасырғанын ұмытып қа­лып­ты, бірақ мені кінәлі санайтынын қоя­тын емес, – деп жауап берді Маусым.
Жасөспірімдер бірін-бірі туған бауырындай іштартып жүретіні рас, сырлары бір. Аудандық кітапханаға бірге барып жатса, көркем әдеби кітаптарды қосылып таңдайтын. Ара-тұра қармақтарымен балық аулау үшін қалашық сыртындағы Ақөзекке бара жатады әңгімелері тасып-төгіліп.
– Жоғалып табылғанды жақсы ырым­­ға балап жатады, табылар, – деді Мәу­лен алаң көңіл досын жұбат­қан­дай.
Сол Әзәзілдей ақшасы түскір ақыры қайыр әкелген жоқ. Әкесі бір ай бойы құлағының құртын жегесін Маусым шарт кеткен көрінеді. Адам намысының құлы. Жексенбі күні әкесі сәске түсте ауладағы көкөністің арам шөбін отауға шықса, отын сарайдың бір қапталында арқанға асылып тұрған баласын көріпті. Бүгін таңертең кешке дейін мұрсат бере­тінін, осы уақыт ішінде ақшаның бір ха­барын айтпаса, ағайын-туыстың тал­қысына салатынын ескерткен. Ағайын-туыс­тың өзі қатарлы ұлдары мен қыз­да­ры құлағдар болатынын ойлаған, алдын ала ұяттан өртенген баласы жалынып-жалпайып, шыр-пыр болса, көкесі ұр­лы­ғының үстінен түскендей одан сайын екіленіп кетіпті. Ашу алда, ақыл артта.
Көп ұзамай-ақ сол ақшасы құрғыр та­былғанында қайда тыққаны енді есіне түскен әкесі морт сынған. Жалғыз ұл­дың күйігі оңай ма?! Әбдібайдың шашы бір күнде ағарып кетті.
Осы суық хабар көрші тұратын Мәу­лен­нің жан-дүниесін астан-кестен күйге түсірді. Екеуі бір айда, бір күнде өмірге келген, желкілдеп қатар өскен досының күт­пеген ажалы алқымында өксік болып тұрғандай. Ілгеріде әкесі Мақаш әскери комиссариаттың шақыруымен Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысып еді. Украина жерінен айықпас дерт тауып қайтты да, ақырында сол ау­руынан көз жұмды. Маусымның мез­гілсіз қазасына асқар таудай әкесі бүгін қайтқандай қатты қайғырғаны рас.
Бір күні түс көрді Мәулен. Түсінде аудандық кітапхананың оқу залында Маусым мектеп оқушыларына арналған газет тігіндісін ақтарып отыр. Көңіл хошы жоқтай көрінді.
– Көңілсізсің ғой, – деді Мәулен аман­дасқаннан кейін.
– Әкемнің бір керегіне жинаған азын-аулақ ақшасы бар еді. Сонысын қай жерге жасырғанын ұмытып қалып­ты, бірақ мені кінәлі санайтынын қоя­тын емес.
– Уайымдама, оның жолы жеңіл, – деп жатыр Мәулен. Бір есептен ақшаны тық­қан жерін айтса, оны қайдан біле­тінін сұрайтындай көрінді. Тығырыққа тірелгенімен досын құтқарып қалу үшін жұрттың бәрі хабардар болған құпияны құлағына сыбырлап айтып жатты.
– Кебеженің ішіндегі қызыл етікті қарасын, ақша сол жерде тығулы тұр.
Бір ғажабы, Маусым таңқалған жоқ. Ештеңе сұрамады да. Әкесі айдаған белсебеттің артына мінгескен Маусымды түсінде тағы да көрген. Әлденеге жа­рысып күлген екеуі көңілді. Қарсы кездескен Мәулен дауыстап сұрап жатыр.
– Табылды ма?
Маусым құрдасы бас бармағын көрсетті, бәрі жақсы дегені шығар. Сол арада Мәулен жердің астынан ба, әлде жеті қат көктен бе? Төтенше дауысты есітігендей болғаны.
Тағдыр ісіне неге араластың, құ­лы­ным?! Тағдырдың жазғанын кім, қашан бұзып еді?! дейтін сияқты. Және де марқұм болған әкесі Мақаштың дауысы­на ұқсайтындай. Қасіретті, өкінішті үн. Үлкен қателікке бой алдыр­ғандай, ойда-жоқта күнәға батқандай жаны қысылып кетті жасөспірімнің. Таңертең төсегінен тұрған жоқ. Елгезек, өмірді қалай көрсе, солай қабылдайтын, жасы үлкенге, қатар-құрбыларына сәлемінен жазбайтын Мәулен мәңгілік ұйқыға кетіпті.
Осы оқиға уақытқа салсаң әлдеқашан болғандай, ал көңілге салсаң күні кеше болған сияқты. Маусымға, сондай-ақ, Мәуленге күнәлар дарымауы керек еді. Зейіндері түзу, ой-ниеті таза екеуі аяқ ас­тында ақирет бақшасына аттанып кетті.

 


 

КӘМІЛ СЕНІМ

Ердос былтыр жасы толғасын бел­гіленген тәр­тіпке сәйкес зейнетке шық­ты. Баяғыда жоғары білімі туралы дип­ломы қолына тиісімен жалпы білім беретін мектепте оқытушылық жұмыс­тан бастады еңбек жолын, осы ұстаздық қызметінен игілік іздегені рас. Соңғы жиырма бес жыл бойы Астана қала­сын­дағы №5-ші мектепте тарих пәнінен сабақ берген, үлгерімі нашар бірқатар оқушыларының ішкі мүмкіндігіне се­ні­мін оятты. Шәкірттерін ілгері күн­дерге жетеледі, адал еңбек­ті сүюді, тарихын бағалай білуді, ұлт тарихынан сабақ алуды хал-қадерінше үйретті. Оқушыла­ры­ның ішінде осы күні елге, халыққа сыйлы болған аты дардай азаматтар өсіп жетілді.
Ғимараты ескілеу, бірақ көзіне ыс­тық білім шаңырағына ара-тұра арнайы баратын. Ізін басып келе жатқан әріп­тес­терімен әңгіме-дүкен құрса, көңілі жадырап сала береді, бір жасап қал­ған­дай сезінеді өзін. Кейде қаланы қақ жа­рып жатқан Есіл өзенінің жағалауында қыдырыстайтыны бар, бір күні әуесқой балықшыларды қызықтап тұрға­нында қалта телефоны жанына желеу халық әуе­­нін баяу ырғақпен ойнап қоя бер­гені.
– Мені танисың ба? – дейді көңілді дауыс. Бала күнінен таныс-білістей бастырмалатып әкетіп барады. Алматы қаласында, жоғары оқу орнында бірге оқыған Сейітқазы екен. Астанадағы қалалық оқу бөлімінде қызмет істейтін, бір жыл кейінгі курс түлегі Көпжасардан алғанын айтты телефон нөмірін. Елордада өтіп жатқан методист-оқыту­шы­лар­­дың республикалық ғылыми-прак­тикалық конференциясына қатысу үшін облыс орталығы Орал қаласынан ке­ліпті. Оқу бітіргелі қырық жыл­ға жуық уақыт өтті, адамның түр-тұлғасы өз­геруі табиғи болса, дауысы айнымастан сақ­та­ла­тыны қайран қалдырды!.. Екеуі Республика даңғылы мен Иманов көше­сінің қиылысында кездесетін болып сөз байласты.
Қызыл іңірде уағдаласқан жерде курстасын күткен Ердос Алматыда өт­кіз­­ген уақыт туралы ой қаузады. Жас­тық дәуреннің әңгімесі көп. Бірде осы Сейітқазы екеуі ЖенПИ-дің екі қызы­мен бірге Көктөбеге шықты. Алдында «Арман» кинотеатрында бейкүнә жан­дар­дың кісі қолынан қаза табатын, бойжеткен қыздардың ар-ұяты аяққа тапталатын көркем фильмді қызықтаған, мазмұны ауыр оқиғасы жаныңды құла­зы­татындай. Көктө­беде қыдырыстап жүргендерінде Ердос қыздарды дәм­ха­наға шақыратын ниетін білдіріп еді. Жаңағы киноның әсері ме? Ілгеріде
А.Чехов атындағы кітапханада танысқан, әрдайым көңілді жүретін Гүл­шарасы қарсылық танытқандай қабағын түйіп тұр. Алған бетінен қайтатын түрі жоқ.
– Кеш батып келеді, қараңғы түспей қайтуымыз керек, – дейді төмен қарап тұрып. Ақырында Ер­дос аспалы жол арқылы жүретін, құстың ұясындай көлікке мінгізіп салды бойжеткендерді. Оңаша қалған жастар дәмханада емін-еркін отырып ша­рап ішті, әлсін-әлі түсі сары құмыраға құйып әке­ле­тін әйгілі портвейн шарабы да, әңгіме-дүкен де түбіне жеткізетін емес. Шараптың қы-
з­уы еңсеріп ба­ра жатқасын қау-қауласып сыртқа шықса, аспалы жол тоқтап қалыпты, екеуі амал жоқ, Көк­тө­бе­ден жаяу түсті. Сүрлеу-соқпағы болмағасын еңіске тартқан қадамдары өнбей қойды, бір замат­та ит тұмсығы батпайтын ну жыныс қалақайдан әрең дегенде жол тауып шықты. Үсті-бастары қала­­қайға таланып қалыпты, Сейітқазы шөл­де­генін, қаталап шөлдегенін айтып келе жатқан. Жол-жөнекей кездескен сарай­дың ішінде сіріңке жағып су іздеп жүр.
– Мына қоянды қара! – дейді жіңіш­ке сымнан жасаған жәшікті көрсетіп. Сол салпаң құлақты қойнына салып алды Сейітқазы. Қоян тыныш жа­та ма? Екпіні қатты тепкісімен екі өкпесін те­сетін болғасын аяқ киімінің бауларымен төрт ая­ғын тырп еткізбейтіндей қылып байлап тастады. Ердостың жалдап тұр­ған пәтері Көктөбенің етегінде болатын, Бал­қан тауға барып келгендей үйдің көше беттегі отырғышында жан шақыр­ды екеуі. Оңаша, шағын қоныс­жайдың құлпын ашып, жарықты қосып, түн ішін­де әлгі ор қояннан жас сорпа жасап ішті.
Көп ұзамай кілт тоқтаған такси көлі­гі­нен ұзын бойлы, сырбаз, мұнтаздай киін­ген Сейітқазы түсіп жатты. Қолын­да жұ­­­қа, түсі қара былғары портфелі бар. Бір­қы­дыру жерде тұрған Ердосты бірден та­ны­­са керек, оң қолын көтеріп мезіреті жа­сап жатыр. Екеуі құшақтасып қауыш­ты.
– Ереке, ор қоянның дәмі тіл үйіретін сорпасы есіңде ме? – деп қояды Сейітқазы амандық-саулық сұрасқаннан кейін. Ердос езу тартып күлді.
– Адам жасы ұлғайған сайын көп нәрсе ойынан шығып кететіндей, бірақ көк пияз және қара бұрыш қосқан қоян сорпасын ұмытқаным жоқ.
Сейітқазы шалғайдан келген қонақ, шаңыра­ғын көруге шақырған Ерекең келіні дастархан дайындап жатқанын жеткізді.
– Ықыласыңа рахмет, бауырым! Жақын жерде мейрамхана болса, жол баста. Ақшасы менің есебімнен, – деді курстасы. Әңгімесіне қарағанда, Астанада тұрып жатқан туған інісі Санкт-Петер­бургте іссапарда жүргесін келген күні амандығын біліп шығыпты, шәй да қойдырмапты. Сейітқазы ішкі ойын тарқатып сөйледі.
– Бала-шаға емеспіз. Ешкімді, туған-туыстың өзін әбігерге түсіргім келмейді. «Зейд» қонақүйінде жатырмын. Оның үстіне үйде емін-еркін сөйлесе алмаймыз.
Сағынышты көңілмен сыр бөліскен екеуі «Шым­кент» дәмханасына бас сұқты. Курстастар арақ-шарап ішпейтін­діктен кәделі ыстық тамаққа тапсырыс берілді. Күннің аптабы кешкісін де қайтпай қойғасын ба? Сейітқазы сондай-ақ мұз­дай сыраны қолай көретіндей.
– Әуелі сыраңды әкел, айналайын. Жолды ашып алайық. Басқа да бұйым­тайы­мыз болса, қосымша айта жатамыз, – деді жас даяшы қызға.
Ердос Алматыдағы жоғары оқу орнына әскер борышын өтеп келгесін, сон­дай-ақ, бір жыл құры­лыс­та жұмыс істегесін түсті. Сейітқазы мен оның қа­тар-құрбылары мектепті бітірген бойы студент атанғасын үш-төрт жас кіші.
– Айтпақшы, Ереке, жеңешеміз қай жақтың қызы? – деп сұрады.
– Қоянның жас сорпасын айттық қой. Сол жо­лы Көктөбеге бірге шығатын, дәмханаға барудан ат-тонын ала қаша­тын Гүлшарамен бірге, міне, оқу бітіргелі бір шаңырақ астында тұрып жатырмыз.
– Гүлшараны курстастардың кейбір мерекелік іс-шарасына ертіп әкелетін­сің, бір көргеннен жақ­сы әсер қалдырды. Сүйкімділігімен қатар мінезі бар қызға ұқсатқанмын, мінезі жоқ бойжеткен өмірлік жарың бола алмайды, әрине.
Сейітқазы өткен уақыт туралы әңгі­ме­леді. Бі­лім-білігін тереңдеткен, көңіл аңсарын тапқан Мәскеу аспирантурасын үздік бітіргені өз алдына, тарих ғы­лы­мының кандидаты атағын қорғап шы­ғып­ты. Қостанай облысының тумасы болғанымен, дәм-тұз тартқасын ұзақ жылдар Орал облыстық әкім­шілігінде жауапты қызметтер атқарған көрі­неді. Қазір Жайық жағасындағы қаланың жоғары оқу орнында декан екен.
Сейітқазы тершіген маңдайын таза орамалымен сүртініп жатыр.
– Сыраның уыты күшті, маңдайым терлеп са­ла берді. Сен де жанға дауа сыра ішсеңші.
– Шет жағасын айттым ғой, тұңғы­шы­мыз өмірге келгенде ішімдікті үбді­рім қойдым. Күніне бес мезгіл намазға жығыламын, жылда ораза ұстау парыз.
Сексеуіл шоғы дәмін кіргізетін бапты тамаққа – төрт істік жас қой еті мен екі саптыаяқ сыраға тапсырыс алды даяшы қыз. Оқулық сипатындағы үш-төрт әдістемелік кітаптар жазғанын өміріндегі елеулі жетістіктеріндей көре­тін Сейітқазы әңгіме ауанын өзгертті.
– Иә, Ереке, өзің туралы ештеңе айт­па­дың ғой. Ұрпақтарың айта жүретіндей не бітірдің?
– Әуейі болып кеттім, – деп айтқысы келгенімен Ердос ішкі ойын іркіп қалды. Оның өзіне мәлім себебі бар-тұғын, ұстаз еңбегі түсінген жанға ине­мен құдық қазғандай. Дәулет, атақ қуған адам мектеп жұмысына бармайтыны белгілі. Барды қанағат тұту, өзінің бақы­тын шәкіртінің бойынан, шәкірті­нің болашағынан іздеу мұғалім пеше­несіне жазылғандай. Ешкімге жалтақта­май­тын рухани жетілуді көкседі. Өзінен өсіп-өнген ұл-қыздарын да жастайынан осындай көзқарасқа үйретті. Адал, қарапайым тірлік кешті.
Кейбір адамдар сыртынан мысқыл­дап күліп жүретінін білетін. Күлсе кү­ле­тіндей-ақ ілік бар еді. Құпия ұстағаны­мен жас күнінен бері көкейін тескен арманынан пайғамбар жасынан асып кеткенше айныған жоқ. Үкілеген арманы өмірге үш қайнаса сорпасы қосыл­май­тын. Ара-тұра оңашада: «Бір мәрте құс сияқты ұшатындай мүмкіндік жаса­ңыз­шы, Жасаған ие!» деп таусылып мінә­жат етіп жатады.
Түс бекерге ене ме? Бірде түсінде көк жү­зінде қалықтап ұшып жүрді. Ақ­шаң­қан бұлттармен араласып самғап жүр­генінде тәубесін айтып жатты, төмен қараса, жер бетіндегі адамдар құрт-құ­мырс­қа сияқты өріп жүр, айналып кел­генде, тіршілік қамымен күнін өткізетін құрт-құмырсқа­дан айырмашылығы жоқтай. Түннің бір уағында төсегі жанында әлдекім бұрын-соңды есітпеген ән салып жатқасын оянып кетті. Сыртта ай сүттей жарық, жаздың жаймашуақ түні. Салған әні жан тебіренткен қоңыр дауыс Есіл өзеніне барғанды хош кө­ретіндей.
– Есілге барып қайтайық, – дейтін сияқты. Құс ұйқы кемпірі түн ішінде не әбігерге түскенін сұраған. «Қапырық түннен ұйқысы қашқанын, таза ауаға шыққанды көңілі қалап тұрғанын» айт­қасын асығыс-үсігіс сыртқа шығып кет­ті. Таби­ғат пен адамдар тыныстап жатқан бейуақыт, пәтеріне тиіп тұрған өзен жағалауы тым-тырыс. Толық, жа­рық ай, қисапсыз көп жұлдыздар селт етпестен тынып қалыпты. Көзге көрін­бейтін, бірақ қап­тал­дасып жүрген әлгі жұмбақ жан ананы-мынаны сұрап қояды.
– Жүрегің алып ұшып тұр ма?
– Жүрегімнің қағысы бірқалыпты, – деп жауап берді Ердос.
– Құс сияқты ұшқың келе ме?
– Ұш десең ұшайын.
Енді бір сәтте әнтек соққан желмен бірге көк­ке көтеріле берді Ердос. Алысқа ұзамастан сол төңіректі айналып ұшты. Әлі күнге дейін тап осындай шат-ша­дыман сезімді басынан кешпепті. Баяғы балалық шағы қайта айналып келгендей жан-дүниесі ашылып сала берді. Көз ұшында ту­ып-өскен ауылы көрініп тұр­ғандай, аулада са­мау­рынға шәй қойып жүрген көк көйлекті келіншекті ізет-ибасы жарасты жеңешесіне ұқсата берді.
– Төмен қара, – дейді серігі. – Не көріп тұр­сың?
– Есіл жағалауында бұралқы иттер қаңғып бара жатыр.
– Жоқ, сен су түбіне көз сал!
– Ә, иә, көрдім! Су табанында екі үл­кен балық тыныстап жатыр.
– Сол балықтар әлеуетіңді сезінсін, суға бір сүңгіп шық.
Көк жүзінен сары ала қаз сияқты қалықтап түсті Ердос. Көңілді серігінің сүйкімді дауысына бойы үйренгендей, жаңағы балықтарды тауып алғанын сұрап тұрғасын киімдерін шешіп тастады да жалаңбұт суға түсті. Су астында емін-еркін, жас балықтай жүзетіні орасан зор қуаныш әкелді. Шөп-шалаңы аралас шұңқырда тыныстап жатқан екі тұқының қара жондарына қос алақаны қатар тиісімен тұнбаны шаңдатқан балықтар тұс-тұсына қашып кетті.
– Тағы қандай тапсырмаң бар? – деді судың бетіне шыққасын. Оған да, бұған да мәз жас баладай дауыстап күліп жатыр.
– Тапсырма емес, тілек. Аяғыңның желі бар ма? Жоқ па? Соны бір байқастап көрші.
Есіл жағалауындағы тақтайдай тегіс табан жолмен жүгіре жөнелді Ерекең. Бұрын-соңды жел­ден де жүйрік жүгі­ретіні қаперіне келмепті. Жағалаудағы көп отырғыштардың бірінде отыр­ған қыз бен жігіт сүйіспеншілікке мөлтілдеп толған сырласуын кілт үзді.
– Елес пе? Әлдене құйындай жүйткіп өтті!.. – дей­ді жігіт аң-таң күйі.
– Мен де сездім, – деп қоштап қойды жас қыз. Қас-қағымда ұзап кеткенімен жастардың өзара сөйлескені ап-анық естіліп тұр. Кейін қарай қайта жүгіріп өткенінде әлгі жігіттің көңілі тағы да елеңдеп сала берді.
– Екінші рет әлдене зу етіп өте шық­ты!..
Шаһардың шетіне дейін аяғы аяғына жұқпай жүгіріп қайтқанымен шарша­ғаны сезілетін емес, жайлы ұйқыдан оянғандай тың, сергек.
– Маған серік болғың келе ме? – деп сұрады қамқоршысындай әулиесі.
– Менің атым Сары Салтық.
– Серік болғым келеді, – деп шынын айтты Ерекең.
Күндер өтіп жатты. Анда-санда Са­ры Салтық түн ішінде ізіне ертіп кетеді, бой сергіткенді өзінің де көңілі қалап тұратын. Осындай түндер рухани әлеміне жаңа, жасампаз күш-қуат бі­тіретін, шыбын жаны жеті қат көктің сауабын сезінгендей оңашада Жарат­қан­ға дұға-ризашылықтары таусылмайды.
Тағы бірде түн ішінде сыртқа шық­пақшы болып жатқанында қойнында жататын, қолындағы кенже баласынан көрген тұңғыш немересі ыңырсып бір аунап түсті. Есімі Тасжарған. Сүйікті немересімен бірге күндіз қыдырып жүр­генінде кейбір көрші-қолаңы кімнің баласы екенін қалжыңдап сұрайды.
– Атамның баласымын! – деп аузын толтырып жауап беретін үш жасар құ­лы­ны. Ара-тұра іштей ой қаузайды байы­­бымен. «Бүкіл жүрек сырын аман­дық болса, кәмелет жасына толса, осы жаман немереме айтып кетермін. Бәл­кім, Сары Сал­тықпен таныстырармын». Түн іші ғой. Кез келген дыбыстан оянып кететін кемпірі әдеттегі сұрағын қой­ды.
– Шалым-ау, қайда жиналдың?
– Кейде жүрегім қысылатындай, далаға шық­сам бойым жеңілдеп қала­ды.
– Ибай, онда бара бер, бізге керек­сің!..
Жас күнінен бері арзу тілегіне қосқан жасырын сырын неге жария етуі тиіс? Онда оның қадір-қасиеті қалмайтын сыңайлы. Таяуда су астында жас шортанды індетіп қуғаны есінде, қалың қо­па­ға сүңгіп кеткенінше екі рет құйры­ғы­нан тартып зәре-иманын көзіне көрсетті. Иә, тылсым дүние бүгін пайда болған жоқ. Табиғат аясында, сондай-ақ неше алуан тұрғындары бар үлкен қа­лада сыры құпия құбылыстар бой көрсетіп жататыны таңсық емес сияқты. Өткен жолына қараса, ойы мен бойын таза ұстауға ұмтылыпты, бала-шаға­сынан, ағайын-туыстарынан қымсына­тын­дай ештеңе жасаған жоқ. Жасаған иеге сенді, осы кәміл сеніммен өмірден өткісі келеді.

* * *
– Үндемей қалдың ғой, – деді Сейітқазы. – Сонымен бала-шағаң айта жүретіндей не шаруа бітірдің, Ереке?
– Суда жүзуді үйрендім.
– Суда жүзуді бала күнімізде бәріміз де үйрен­ген жоқпыз ба?
– Жоқ, мен суда балықтан да жылдам жүземін. Ілгеріде су түбінде ұйқтап жатқан екі тұқыны оятып жібергенім бар.
– Өмір қажытқан-ау өзіңді, Ереке. Оралдың қызы, баяғыда бірге оқыған Алуа есіңде ме? Сол құрдасымыз сені бір көргісі келеді. Әзіз жандай көреді өзіңді.
– Қалта телефонымның нөмірін бер, хабарла­сайық. Амандық-саулық сұра­сайын.
Келесі күні Ердос меймандостық танытты. Көз­дері үйреніскен «Шымкент» дәмханасында отырды екеуі. Өтіп кеткен күндердің қызығы көптей кө­рі­нетін әдеті. Бірге оқыған ұлдар мен қыз­дар туралы әзіл-қалжыңы аралас ұзақ әңгіме ай­тылды. Курстастардың қайда жүргені, кейінгі тағдыры туралы Сейіт­қазының мағлұматы мол болып шықты, жарық дүниеге құштар, армандары көп кейбіреулері пәниден ертерек кетіп қа­лыпты.
– Өмірге өлу үшін келеді ғой адам, жандары жәннатта болсын! – деп бет сипасты.
Ертеңіне Сейітқазыны әуежайда шығарып салды Ердос. Сыралғы жолдасы күтпеген кездесу, шер тарқатып әң­гімелесу жаныңды тазартатынын айтып жатыр. Ақырында бір-біріне жақсы ті­лектерін қосты.
– Құс сияқты ұшатындай, балық сияқты жүзе­тін­дей, желден де жүйрік жүгіретіндей көңіл-күй сыйласын өзіңе, бір Алла! – деді Ердос курстасы­ның қолын алып тұрып.
– Жақсы сөздер ғой, Ереке. Рахмет!..­– деп толқып қоштасты Сейітқазы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір