ӘДЕБИЕТ ШАҺАРЫНЫҢ ӘКІМІ!..
22.01.2016
4050
0

69cf3311c8869ed2894c9be40129bd86«Манана менің өң-түсіме алдымен таңырқай қарады, содан кейін барлай қарады, сонан кейін сұқтана қарады. Мен ыңғайсызданып отырдым. Бір кезде Манана маған шүйіле қарап:
– Атың сонымен Аким болды ма? – деді.
– Иә, – дедім мен.
Манана тағы да ойланып қалды. Содан кейін:
– Сенің жасың қаншада? – деді.
Мен айттым:
– Жиырма жеті, – дедім.
– Е-е-е, – деді Манана, – менен тұп-тура жиырма жас кіші екенсің. Мен қырық жетідемін! – деді.

– Әкім, сен білесің, мен қырық жетідемін деп саған өтірік айттым, шын мәнінде мен төрт жүз жетпіс жастамын! – деді».


Әлібек БАЙБОЛ

Бұл қазақтың қарымды қаламгері Әкім Әшімов – Таразидың «Андрейінен» үзінді. Аталмыш әңгімені оқып отырып төбе шашың тік тұрады, құйқаң шымырлайды. Автор армян Андрей Вердиянның әпкесі Манана аузымен сұмдық дүние­лерді айтқызады. Әлгінің қазаққа салған «уколы» сананы, қанды, ұрпақты улап, рухани мешелдендіріп, өсіміне, кең қанат жаюына кедергі келтіргені оқырманды ойға жетелейтіні өз алдына, шындық атты шыңырауға жетелеп келіп, итеріп жібер­ген­дей әсерде боласың. Шығармада, тұ­тастай – «Көк аспанда қырағы көз бар» аталатын кітапта жазушы позициясы ай­қын әрі анық (бұ дүниенің иесі Алла, оны ұмыту үлкен күнә екенін, адамзаттың адасуы осынау бір олқылықтан басталатынын Ол есіңізге салып отырады). Өзек – қазақ тағдыры, қазақ проблематикасы – елдің езілген еңсесін көтеру, бодандықта жүріп бостандықты аңсаған ұлтының жо­ғын жоқтау, қауырсын қаламымен қору, жыртығын жамау, жоғалғанын табу, сыны­ғын бүтіндеу, ең бастысы – ұйқыдағы сананы ояту, рухты іздеу, жан-жараны емдеу. Қазақ әдебиетіне келген қырыққа жуық жас кейін «Алпысыншы жылғылар» атанып, солардың алдыңғы қатарында жүріп, әп дегенде-ақ топтан қара үзген қаламгердің бірі – Әкім Тарази бүгіндері «Шабыт» университетінде дәріс беріп, шәкірттерін кинотеледраматургия қыр-сырын үйретумен келеді. Жазушының әр туындысында драматургтың қою қолтаң­басы жатады. Қақтығыс, тартыс, талас, инт­ри­га, фарсқа толы шығармаларын бей-жай оқу, кейде мүмкін еместей кө­рінеді. Орныңда отыра алмай, қипақтап қаласың. Себебі, қазақ даласын қан са­сытқан жаналғыш-жандайшаптардың қорлығын білу жүрекке жүк екені бесенеден белгілі. Манананың үш бөлмелі үйінің терезесінен қарап тұрған Әкімге Мәскеу өзені «иретіліп солға бір, оңға бір бұрылып кететін айдаһардың жұп-жуан бел тұ­сындай» көріну сыры тым тереңде жатса керек. Талай тарланның басын жалмап, талай шаңырақ шаттығын ұрлаған, зар илетіп, қан қақсатқан, қылғытқан үстіне қылғыта түскен айдаһарыңыз – Совет үкіметі қаламгерге басқалай елестеуі мүмкін емес-ті. Жүйенің көзсіздігі, надан­дығы, топастығы, кей сәтте тексіздігінің кесірінен отар халықтың отына су құйы­лып, ошағы талқандалды. Санаға салмақ, жүйкені жүн ететін осындай бір қиын-қыстау заманда Солженицынның «Орыс елін қалай көркейтеміз?» деген мақаласын оқыған Тарази күйініп: «Іште қалды бір кіжіл, іште қалды бір ашу!» депті. «Күлтәй жеңе­шем мен Александр Солженицын» эссесін оқыған оқырман сол кездегі қа­рама-қайшылыққа, үрейге, күдікке толы қоғам картинасын көре алады. Прозаизмі басым эссенің құдайсыз кезеңнің келбет-кеспірін тілгілеп, «Алланың қаһары қатты, Алланың мейірімі де шексіз» екенін ұғын­дыра түседі. «Арандағы» соғыс психологиясы мен «2999999+1»-дегі ашар­шы­лық философиясы үндес, рухтас бол­ғаны­мен құрылымы, мазмұны, ой ора­мы, идеялық күші бөлектеу, бір-біріне ұқсаңқырамайды. Жазушының басты ерекшелігі де сонда деп білеміз. Бір туындысы екіншісінен оңаша, оқшаулау кө­ріне­тіні – оның ізденімпаздығынан, өмір­лік тәжірибесінің молдығынан, ше­­бер­лі­гінен. Шығар­ма­ларының шешім­тал тұсында кейіпкер маскасы сыпырылып түсіп қалады. Аяп кетесің… Кімді?.. Тұттай жалаңаш күйде… әурет жері ашылып, ұятты жері көрінген адамша персонаж дәл алдыңда қым­сынып, қысылып тұрады (Ол өз кейіп­керлерін аямайтын жазушы екен). Күлесің де қоясың… Бірақ осы күлкі есіңнен кетпейді. Аз уақыттан кейін мидан: «Е-е-е, бұл есті күлкі екен ғой» деген сигнал келеді!..

Жазарман өз күнделігінде Толстой, Чехов, Лермонтов, Пушкин, Тургенев, Шаламовтар жанына жақын екенін айта келе, кең тынысты Шолоховқа қатты құ­ма­р­татынын жасырмайды («стиль өзгерер, жаңа ағымдар пайда болар, алайда, әде­биет­тегі көркемдік принциптің әуелгі мазмұнын ешкім түбегейлі теріске шығара алмайды»). Жасырғанда қалай, аты атал­ған классиктерден өте табиғи, өте нәзік, өте өнімді жазуды үйренген-ді. Шы­ғар­маларын оқып, сырттай сүйсініп жүр­ген отыз жастағы Әкім Шолоховпен «Москва» қонақүйінде ұшырасып қалады (бұл оны алғаш және соңғы рет көруі екен). Оның ойда-жоқта жолыға кеткеніне таң қалып та үлгермейді, есеңгіреген адамша тұрып қалады да, «Михаил Александрұлы ұстаған тұтқаны мен де ұстайыншы, алақаныма ол кісінің алақан лебі тисе қәнеки» деген ой-санасын осып өтеді. «Сол бір болар-болмас оқиға есіме кей-кейде орала бе­реді. Сонда сәтте еріксіз жымиып, өзімді-өзім кекетіп қоямын» деп жазыпты кіта­бында. Жазушы бірде көрген түсін баяндайды. Қызық етіп баяндайды. Қарсы келе жатқан пойызға ұмтылады, оянғысы келеді, бірақ ояна алмайды. Бойын үрей билейді. Сол үрейді жеңу үшін сол пойызды қуып жету керек-ті. Қапталдаса жү­гіре­ді, бірақ әлгі темір озып кетеді, тағы жет­кен­дей болады, тағы озып кетеді. Сезім түкпірінде «әй, Әкім, сен қорқақ емес едің ғой» деген бір от жылт ете қалады. «Демек, қорқақ болғаным ғой» деген сөзді өзі айт­ты ма әлде бұ сөз бөтен біреудің аузынан шықты ма, түсініксіз. Қаламгердің стилі де осындай… қызық детальға, тосын оқи­ғаға толы, сюжеті шымыр. Шымырлығы әлгіндей бір қарағанда түсініксіздеу көрінетін сюжет, анти-тезалық сипатқа ие сюжет оқырманды оқиға ортасына алып келеді. Түс іспеттес…

Варлам Шаламовтың күнделігінен Әкім мынандай бір ғажап әңгімені оқиды. Сол оқиға оған қатты әсер етеді де, мәң­гілікке есінде қалады. «Жазушының әкесі көрсоқыр болып қалған екен және де төсекке жата алмайды екен. Ұйықтағанда да орындық үстінде отырып ұйықтайды екен». Сұмдық картина иә?! Ары қарай – «Күндердің бір күнінде әкесі қатты қорыл­дап кеткенде, Варлам оны қолмен түртіп оятады. Сонда әкесі: – Дурак, – депті Варламға. – Дурак, неге ояттың сен мені? Мен ұйықтап жатқанда көремін ғой, тү­сім­де мен қызылды-жасылды ғажап ғаламды көремін ғой! Түс көріп жатқанда мен соқыр емеспін ғой, – депті». Бұдан түйе­тініміз… Тарази таным-түсінігіндегі ірілік, кесектік, оның ұғымындағы ұлылық – көңіл тазалығына, сәбидей пәк сезімге, іңкәрлікқа негізделсе керек. Психоло­гия­мыз­дағы қалтарыс-бұлтарыстарды ашуға деген құмарлық Оның әдебиеттегі мақсат-мұраты десе болады. Оның жалпақ жұртқа қызықсыз көрінетін мына әлемнің, мына ғаламның, мына ғарыштың тылсым құбылыстары, космос мен пенде арасын­дағы түсініп болмайтын байланыстар, сан рет ойлансақ та санамыз жетпейтін дүниелер қызықтырады. Ғалымсы­мақ­тар­дың тар ұғымға сыйдырған формуласын тарқата айтуды тағдырдың жазуы, Алла­ның берген сыйы деп түсінеді. Жай ғана түсініп қана қоя салса бір сәрі ғой, жоқ, ол ОЙ түбіне жеткісі келеді. Шексіз екенін, оның шегі мен шеті жоқ екенін біле тұра… Ол елеусіздеу нәрсеге елең ете қалатын жазушы. Сөзге сараң. Бір айтқанды екін­ші қайтара айтуды ар санайды. Бұны Ол еркектік намысына сын деп түсінеді. Иә, солай ғой деймін. Ол Өмір дайындаған сынақтан сүрінбей, мүдірмей өте алды. Өнердің, жазудың жолы тым қиын екенін біле тұра, келді. Ұлтының рухани жағдайы жазушыға ұйқы бермеді. Кірпігі ілініп ба­рып, кейде шошып оянатыны да содан шығар-ау. Әкім үшін күнделік жүргізу қа­жеттіліктен, жоқ, жоқ, қолын жаттық­тыру, жазудан қол үзбеуден гөрі әлдеқайда биік ұғым. Бұл жазушының Жаратушы алдын­дағы барлық кемшілігін, әлсіз тұсын жасырмай жайып салудың мүмкіндігі. Бұны­сы Толстойша тәпсірлегенде «сырымды Құдайға ғана ашамынға» саяды. Сол арқылы жеңілдейді, сол арқылы ауыр жүктен арылады.

Жазушы естелік, эсселері толғаныс пен уайымға толы. Уайымы – жақсыға біреу қиянат жасамаса екен деген тілек. Ол өзі­нің қатарластары мен аға-інілерін ерекше бір махаббатпен, сүйіспеншілікпен жазады. Әкім Тарази киностудияда жұмыс істеп жүргенінде оны партиядан шығарып, редакторлық қызметін босатуын өтініп, талқыға салған 148 «коммуниске» қарсы тұрған Камал Смайылдың бұл «ерлігін» ерекше сезіммен баяндайды. «Әкесі мен анасы дүниеден өткенде жылай алмаған» Әкім Камалдың қазасы кезінде көз жасына ие бола алмай қалғанын, жары Розаға: «Тезірек үйге алып кет мені!» деуінде терең сыр жатқандай көрінген. Кейін автор «менің жастық шағым, менің есейген шағым Камал досыммен бірге кетті. Әкім Камал досымен ғана қоштаспапты. Әкім жастық шағын шығарып салыпты» деп «оқыс ой» айтады. Шынында да, сезім деген өте нәзік нәрсе ғой. Кейде қандай күй кешіп отырғаныңды сөзбен айтып жеткізе алмайтын сәт болады. Және сол сәт екінші қайталанбаса екен деп тілейсің. Әкім де соны сезінсе керек. Іштей ғана.

«Өзіммен өзім күндіз демей, түн демей, арпалысып жүріп өттім. Мен ешуа­қыт­та өзімді-өзім жақсы көрген емеспін, ешуақытта өзімді-өзім болдым, толдым деген емеспін. Мен күндіз жұртпен әң­гі­меле­сіп жүргенде, түнде ұйықтап жатқан­да, тек әдебиет деген сайқал-сұлуды бағындырумен, сонымен күресумен, соның бір жымиған, беріле жымиған сәтін аңдып, соның соңынан еріп жүрген адаммын» деп ағынан жарылады. Қаламгер лабораториясы кейінгі жастарға мазмұн­ды көрінгенімен, Ол өткен жолмен жүруге көбінің жүрегі дауаламасы анық. Бір қараған кісі үшін Әкім біртоға, тома­ға­тұйық­тау шығар, алайда, ішіндегі алай-дү­лей аласапыран мен көңіліндегі көкпар көптің көзіне көріне бермейтіні – біз үшін құпия. Сөз өнеріндегі иықтас, қанаттас досы – Қалихан Ысқақ Тарази бойындағы ұстамдылығы мен әдебиетке деген талға­мын байқай білген еді. Жарықтық, Қал-аға! «Келмес күндер елесінде» Ол Әкім Таразидың жүрісін әзілге қосып, әжуалап Шәкен оған Бүлкілбай деген ат қойғаны туралы жазады. Бүлкілі мен жазуы ұқсас екенін, «екі бетті есептеп жазып, ойын мысқылдап, өлшеп қана шашып, өзінің шамасын өзінен қызғанғандай кейде ақ қағазды алдына жайып қойып, өз сөзімен айтқанда «өтірік жазушы» болып отырып та ылғи 720 бетті толтырып шығатынын» айтады. Қалихан Әкімге Самауыр деп лақап ат қойғанының өзінде бір жылылық бар. Себебі, әдебиеттегі осындай бір әдемі байланыс, әзіл-әжуа, қалжыңмен қағытып, сол ортаға, Одаққа тарау секілді үрдістің үні өшіп, жоғалғалы қашан. Е-е-ех, қайран Уақыт, қайран Заман!.. Сол бір сағынышқа малынған парақтарды арлы-берлі ақтарып отырып, неге екені түсінік­сіз, білмеймін десем де болады… көзіме жас келді. Қазір фойедегі абыр-сабырдың арты «Қаламгерге» барумен аяқталатыны, онда тұрмыс-тіршіліктің әңгімесі емес, Өнер, Әдебиет, Мәдениет, Тарих, Ғылым-білім жөнінде сөз қозғалатыны туралы естеліктер ғана сыр шертеді. Бірақ ол сыр сыр емес мұңға ұқсаңқырай ма, қалай, ол жағын түсіне алмадық, кешіргейсіз!.. Ал бүгіндері қаламгерлердің суреті қабыр­ғада ілулі тұрғанымен, олардың жүзін қап-қара қанатымен Өлі тыныштық тұм­шалап тұр, өлі тыныштық. Жә!.. Ертелі­гілердің ішінен Ертөстік жанына жақын екенін, соның сюжетін айта келе, Қалихан Ысқақты «басқа тілге аудару мүмкін емес» дегенді айтады. Жас жігіт Тұрымбек министр болғаны туралы, со жігіт отырған кабинетте кезінде әкесі де қызмет істеп, бірақ «партиялық тәртіп бұзғаны» үшін қуылғанын, «орамалдың ұшына түйілген үш мәселе» турасында, Жұмекеннің нәзік жүрегі туралы, Мәскеуге үш айға оқуға барып Алматыда жатқан Қалиханнан «қа­зақша қарыз сұрауы» жөніндегі жазбаларын оқып бірде ішек-сілең қатып күлесің, бірде құлазисың да қаласың. Әкім мен Талаптанның (Ахметжанның) Абай мен этнография, тарих төңірегіндегі екеудің әңгімесі асықпай оқып шығатын дүние екен… Әкімнің әдеби түйсігі, кез келген дүниеден драматизм табуы, шығарма­ла­рындағы тұтастық пен ырғақ оқырман жүрегін қозғап, адамға деген сүйіспен­шілік, махаббат, сенім бір арнаға тоғы­сып Тарази таразысына сайды. Жазушы қаламынан туған туындылардан қазаққа деген адалдық аңқып тұр. Сол адалдық пен әділдік иісі сондай жағымды әрі жан рахатына бөлей алатыны көңілге медеу ғой… Интонация, Сөз интонациясы оқып отырған оқырманды ерекше бір күйге бөлейді.

Жазарманның жан-жары, жазушы-драматург Роза Мұқанова «Менің Таразиым» атты мақаласында: «Әкім Тарази жеңіл оқылатын суреткерге жатпайды. Тілі жатық, жеңіл оқылғанымен ой астары, жер қыртысы сияқты, түрлі-түсті қа­бат­тың сырын аңғартады. Меніңше, өмір­бая­ны таяз, көргені мен түйгені аз адам­нан суреткерлік шықпайды. Суреткер сүзгіден өткендей тазарып барып, сол тазару жолында талай бәле-жаладан, қауып-қатерден, қиянаттардан сүрініп өтіп, сүрленген тұста, азапты жеңіп, не жеңіл­ген тұста ғана суреткерлікке қол жет­кізер», – деп жазады. Мақала авторы жазушының суреткерлік қырымен қоса адами болмысын, қадір-қасиетін көрсетіп отыр. Бір отбасында әдеби-тандем құрап, әр кез бірге, әр кезде жа­қын жүргенімен, мойындаумен қоса бәсе­келестіктің де (жақсы мағынасында) болуы мүмкін.  «Заң газеті» журнали­сінің:  «Әдебиет тақы­рыбында кімдермен сыр бөлісіп тұрасыз?» деген сұрағына Роза: «Әкім Таразимен», – деп жауап беріпті. Яғни қос қаламгердің Ұлы гармонияда, ішкі үндестікте болуы біреу үшін үлгі, тә­жірибе болса, ал кейбіріне тосындау кө­рінуі бек мүмкін. Шын ғой?! Қалай дегенмен де, қалың оқырман қашанда да сүйік­ті суреткерімен кітап жүзінде жүз­десу­­ді қалайды да тұрады. Жазушының ерекше мінезінің бірі саяқ жүру екен. Ол күнделігінде бойында «жанұялық сезім болмағанын», «әке-шешесіне еркелеме­генін», «олармен бірге дастарханға отырып тамақ ішпейтінін», «адам жатырқауды білмейтінін» жасырмай жазады. Содан болар… сондай бір көз алдында көлбең­де­ген суреттер, естеліктер Таразидың таны­мын өзгертіп, өмірдегі ұстанымын айқындап, сыртқа сыр шашпайтын, қуан­ғанын да таң­данысын да бір ғана адам зәре­сін алатын жымиыспен білдіретін әдет тапқан. Сол «жымиыстың» өзі де бәріне бірдей бұйыра бермейтіні тағы бар екен. Орындыққа не диванға отырған бойда-ақ ойға шомып, идея атты теңіздің толқынымен бірге тең­селетіні қалыпты жағдай. Қалыпқа сыймайтыны оның – өлшемі. Қандай өлшем? Өмір мен өнер арасындағы тылсым бай­ланыстың ара-қашықтығын анықтайтын көзге көрінбей­тін, тек көңіл ғана сезетін өлшем. Жанары – ойлы, бойы – орташа, жүрісі – баяулау… Серуендегенде паркке барғанды ұнататын көрінеді. Адам көп жиналатын жер ғой… Ал адам дегеніңіз – кейіпкер, тың материал. Ол жан-жағына бажайлай қарап, барша тіршілік атаулысының қылығын, характерін жадына тоқиды да отырады. Қолына қалам алған тұста-ақ соның бәрі ақ қағазға ақтарылып, қара емес көк сия палитраға немесе акварельге айналады…

Әкім Таразидың «Тасжарғаны» замана желі қазақ отбасына қалай әсер еткені туралы роман. Бастабында жазушы шығармасына «Бұлтқа салған ұясын» деген ат бергенімен, кейін автор оны өз­гер­туді ұйғарады. Бұл атау туынды мазмұны мен мәнін толықтай ашпай тұрғанын аңғарса керек. Тарази романындағы кейіпкерлерінің характерін, мінез-құлқын динамика, қозғалыс, іс-әрекет үстінде ашуды ұйғарады. Адам мен қоғам, қоғам мен ұлт, ел мен жер секілді пласттар сәтті ашыла отыра, орталық кейіпкер – Омар­дың әлемі, жан-дүниесі, жүрегі, сезімі, жалпы Омар деген ғаламмен танысудың реті келеді. «Өзімді тану арқылы мына адамдарды танисың!» деп басталатын грек даналығы осында анық байқалады. Байқалғаны былай тұрсын, жан секілді әлі толығымен зерттеле қоймаған нәзік һәм тылсым дүниені қолмен ұстағандай боламыз. Оқи отыра әр отбасының, әр шаңы­рақ­тың өз өтірігі мен өз шындығы бар еке­нін ұғынасың. Толстойдың «Анна Ка­ренинасының» ең алғашқы сөйлемі қандай еді, есіңізге түсіріңізші!.. Иә, иә сол ғой, сол… Одақта өткен кезекті бір съезде, VIII ғой деймін шамасы, Әкімнің үш жыл уақытын алған осы шығарма Жұ­бан Молдағалиевтың сынына ұшырайды. Басты уәжі – «оқырманның жанды жеріне тиетіндей қимыл-әрекеті аз» екен. Бірақ 1984 жылы  Дулат Исабеков пен Қалихан Ысқақ шығарманың көтерген жүгі ауыр, идеясы тым тереңде жатқанын айтып, лайықты бағасын береді. Қалың қатпарлы, аса күрделі роман табиғаты кейіпкерлердің мінезімен қызық әрі мазмұнды, бояуы қанық. «Дамокл қылышындай» мойныңды кесіп түсуге әр кез дайын тұрған сол кез­дегі ЖҮЙЕ, жүгенсіздер мен шу асауларды жуасытуды, қажет деп тапса тұқымын тұздай құртып жіберуге де дайын тұрған тұста, бұл туындының жазылуы қажеттілік, кезек күттірмейтін мәселеге айналған. Елдің негізі – отбасы десек, елдіктің тұт­қасы – ұлтты тұтастыққа шақыратын шы­ғар­малардың көптеп жазылуы заң­ды­лық секілді көрінді, әрине. Өзінің шығар­машылығын бірнеше кезеңге бөлген Тарази бұл романын «өліспей беріспеуге шыққан» тұста жазғаны – бүгінгі егеменді Қазақ елінің олжасы, рухани құжаты, адами документі.  Ал «Қорқау жұлдыз­да­ғы» қорқынышты дүниелер көркем әрі тар­тымды жазылды. Осы екі туындыға ортақ нәрсе – адам тағдыры, адам төзім­ділігі, адам делінетін алыстағы планетаның жанымызға жақындауы… Қаламгердің «Мағжан прозасы» атты мақаласы жеңіл әрі қызықты оқылды. Әкім Жұмабаевқа қатты құмартқанға ұқсайды. Бірақ тарихи тұлға Мұстафа Шоқайға барды. Президент Н.Ә.Назарбаев: «Абылайды неге жаз­байсың?» – дегенде: «Нұреке, менің екі бірдей досым таласып жатқанда менің киліккенім ыңғайсыз», – дегені өз алдына есіне сол кезде Мұстафа түседі. Жалпы, тақырыпты таңдаудың өзі Тағдырдың ісі екен ғой. Бір дүниеге қызықты, бірақ екін­шісін жазды. Қызық. Болат Атабаев Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесін» оқып шығып дап-дайын пьеса екенін, жазып беруін өтініп телефон шалады. Роза Әкімнен көмек сұрайды. Бірақ ол көмектесуден бас тартады. «Өзің жаз!» – дейді. Мұқанова қиналса да жазып шығады. Өнер мен өмір шекарасын біз күніне неше рет кесіп жүрміз? Қызық. Әкім деген әлемді ашу қаншалықты қиын болса, соншалықты қызғылықты. Ол бір сұхбатында журналистің: «Қатты аңдуда болдық» дейсіз. Соншалықты бір қиын атмосферада жүрдіңіздер ме?» – деген сұрағына: «Аңду ісін «басқаратын» қаһар­лы мекемеде жұмыс істейтін ағайым маған ақыл берді: «Сен қалай болса солай жүретін адамның кейпін ки, ішетін, қы­дыратын болып көрін. Сонда аңду азаяды», – дейді. Бұл ойды мен Стендальдың «Парм құтқанасынан» тапқан едім», – дейді. Бұны оқығанда жазарман басына іс түскенде ол Әдебиетпен ғана сырласып, Әдебиеттен ғана көмек сұрағандай күйде болдық. Қызық.

Әкім – жазушы, Әкім – ұстаз, Әкім – жар, Әкім – әке, Әкім – аға және Әкім – дра­матург… Оның «Жолы болғыш жігіт» атты пьесалар жинағын қайта-қайта оқу арқылы өзімізге үлкен тәжірибе жинақ­таға­ны­мызды, ай, кейде терең ұғынбай­тынымыз өкінішті. Он бір пьесаның ішін­дегі салыстырмалы түрде айтқанда шоқ­тығы биік, маңдайы жарқырап тұр­ғаны – «Лайнер». Формалық ерекшелігі, баяндау стилі, динамика, характердің ашылуы секілді аспектілерді айтпағанда, Мерген деген кейіпкердің тууының өзі неге тұрады. Оқып көріңізші. Мерген – пенде, пенде болғанда да шайтанмен шатысы бар пенде, шатысыңыз не Ібілістің өзі деуге болады. Саясат орманында адасқандардың оң жағынан бір, сол жа­ғы­нан бір, артынан да алдынан да келіп, уәсібә салып, ойын бұзып, бір-біріне айдап салумен күн көреді. Бірақ әр сатқын­дығы үшін бір баласы өліп отырады. Зар илеген жары Зәуре бұл жолды тастауын өтінеді. Бірақ оны тыңдайтын құлақ баяғы­да бітелген, оны көретін көз баяғыда соқыр болған-ды. Автор қаламының ойна­қылығы, жазудағы еркіндігі басында, тақы­рып төңірегінде-ақ байқалады: «Трагикомедия. Мүмкін, нағыз трагедияның өзі шығар». Бұл қазақ басынан кешкен ауыр азап, тар жол, тайғақ кешу туралы пьеса. Қонаев, Юсупов, Колбин, Назарбаев, Голощекин, Соломенцевтың арасында жүрген Мерген, ит Мерген, орта, дәуір, ғасыр тудырған Мерген бойында рухани кеселден бөлек, адамзатқа деген өшпенділік, Тұқым (ДНК) деңгейіндегі бір бақырбасты түсініп болмайтын кек бар. Оны алдыға сүйреп, жетелеп отыратын да сол бір – ауру.

«Юсупов: Әй, сен қысатын жеріңді қысып тыныш жүр. Білдің бе?

Мерген: Білемін ғой, Исмаил-ака. Дегенмен…

Юусупов: (Жадырап күледі) Дегенмен, өзің бәлесің.

Мерген: Біздің бар пәлелігіміз өзіңіз тәрізді данышпан адамдардың әжетіне жарау ғой, Исмаил-ака».

Деп Юсуповтың алдында «акалаған» ол:

«Мерген: Сол тантықтың салдырып жат­қан үйін тартып алып, балабақшаға бергіздім. Жас ұрпақты жек көрем деп айтып көрсін…

Қонаев: Қап, әттең-ай, бекер болған екен. Мен жасатты деп ойлайды ғой.

Мерген: Мен мойныма алдым. Мен өзіне айттым. Димекеңнің қатысы жоқ деп айттым. Ондайларды аяуға болмайды, Димеке. Басқаларға да сабақ. Қысатын жерлерін қысып жүрсін».

1992 жылы жазылған пьесада драматург сол кездегі қазақ қоғамының атмосферасын бұзған ҰЛЫ тұрақсыздықты, се­кемшіл, болмашыдан сезіктенетін сезімтал уақытты, сол бір тұстағы, авторды мазалаған ауыр ахуалды суреттеген. Сайқал, қу, сұм, сұмырай, арам кейіпкер: «Мергенмен ойнауға болмайды. Құдай тағала Адам-атаны жаратқанда балшық­тан жаратқан. Және оның іші қуыс. Қуыс. Ендеше… Көрерміз… Мергенмен ойнауға болма-а-айды. Анау… Анаған ставка жасайды Мерген» деп оттайды. Аузымен ор­ақ орып, айдаһарша от шашатын ол, сауды жынды, жындыны жынға айналдыратын күшке ие… Пьеса көркін «Тозақтан 20 минутқа сұранып шыққан» Голощекин қыздырып, іркес-тіркес диалогтар оқи­ға­дан оқиға туындатып, көрерменді куль­мина­цияға бір демде-ақ алып келеді. Уақытында Есмұхан Обаев сахналап, Мергеннің рөлін шеберлікпен алып шық­қан Досхан Жолжақсынов Мемсыйлықты иеленеді. Олжа! Бірақ сол жылы туындыгер аталмыш сыйлықтан қағылыпты. Бірақ жақсылықтың ерте-кеші жоқ… Маңыздысы ол емес-ау… Жан-жағыңызға бажайлап қараңыз, Мерген Көрегенович жүрген жоқ па екен?!

Ал «Жақсы кісі» ше?! Бір қарағанда пьесадағы орталық образ – Ахмет  Хазин­ді отбасы мүшелері жақсы көретіндей көрінеді. Алайда, қызық алда екен… Көптен бері ішке қатқан шер-шемен сырт­қа шығып, қойылым көркі қыза бастайды. Отбасылық драма траги-фарсқа айналып, адамдар қызық жаратылыс екеніне тағы да көзіңіз жетеді. Хазин жалғыз ұлы Маратты жындыханаға тапсырады… Әйелі Балзия әр кез: «Жаз еді… Түн болатын. Сондай үлкен ай төбемізде қалқып тұр­ды… Сондай жарық түн. Ылғи жастар алтыбақан тебуге жиналатынбыз. Қосы­лып ән салғанбыз. Бір кезде арт жақта біреу күледі. Қарасам – сол… күліп тұр екен. Тістері аппақ, қап-қара мұрты бар. Әдемі жігіт екен. Қазір де әдемі ғой» деген поэтикалық мәтінді қайталай береді, қайталай береді. Кейіпкер не отбасыны не мансапты таңдауын білмей, екі ортада дал болады. Шешімтал тұста адам ақыл­дан алжасып, сайтанның сөзіне ілесетіні өзекті өртейді. Ал бүгінгі қазақ қоғамында, өркениетті, озық 30 елдің қатарына қосылуға ниетті Қазақстанда Хазиндер жоқ дейсіз бе?! Әлде олар тұқымымен құрыды ма? Сұрақ! Жауап – сізден, оқырман… Әкімнің пьесалары бес-алты рет қойылған соң жабылып қалады екен. Парадокс. Бірақ ол бұған күйінбейтін көрінеді. «Жолы болғыш жігіт» қойылымы Латвияның Валмиер театрында сахналан­ған-ды. Бірақ Қазақстаннан аса бір мәр­тебелі Қонақ барып көрген соң, қойы­лым тоқтатылған екен. Автор өз пьесала­ры­ның ішінен 1968 жылы мәскеулік режиссер Виталий Иванов қойған «Күлмейтін комедиясын» жоғары бағалайды екен.

«Алпысыншы жылғылардың» әдеби миссиясы, алдына қойған мақсұты тым бөлек еді. Өзіне дейінгілерді дамыта отыра, жазуға өзгеше реңк беріп, жаңаша пошым тауып, оңаша ой айту болатын-ды. Осы биік үдеден шыққан шығармалар бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздікпен қауышты. Туындыгер мен шығарма мінезі біріккенде ғана оқырман жүрегіне жол табатыны ешкімге жасырын емес-ау. Біз өзі кімбіз, қандаймыз?..


P.S.: «Бунтующий Аким»-ді Асау Бөкеннен немесе Омардан іздейміз бе?! Белгілі бір дәрежеде автобиографиялық сипатқа ие кейіпкерден жазушыны танығандай болдық. Таразының бір басында отбасы, ал екінші басында қалам тұрған тұста, қайсысын таңдар едік?! Сұрақтан сұрақ тудырып, бірінен кейін бірін қарша боратуға дайын тұратын білгіштер үшін бұл үлкен олжа болар еді. Жерден жеті қоян тапқандай қуанып, жарыса жазар ма еді, кім білсін! Жаратушы сыйлаған жанды ауырту, оны жаралау адами­лыққа жатпайтынын, біреу білер, біреу білмес. Этикалық норманы аттау, адамды азаптау Ғасыр дертіне айналғаны бәрімізді күйін­діреді. Күйініштің артында тек күйік қана қала­ты­нын ұмытпайық. Бірақ Ол күйіктен қорықпайды, оның аңсайтыны рухани еркіндік, тәуелсіздік. Ол жаратылысынан Құдайға ғана тәуелді екенін біледі… Оның Кірпішбайы кім? Қолыңа айна ал, қазақ. Іштегі арды оятыңыз, арды. «Цензура автордың ішінде өмір сүруге тиіс. Оның аты – ұят» екен. Қабағынан қар жауған Қызыл Империяның қаһарынан Қалам құтқарды. Ол қаламның аты – АР еді!..       

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір