ЗАМАНСӨЗ, ШЕШЕНСӨЗ ЖӘНЕ КӨСЕМСӨЗ

0
1 170 қаралды

Коллаж+1«Публицистика» деген сөздің мағынасы латынның «публикус» деген сөзінен тарағандығын бұған дейін бұл тақырып төңірегінде зерттеу жүргізгендер айтып келеді. Оны қазақшалағанда «қауым», «жиналған жұрт», «алқа топ», «қоғам» деген мағына береді. Ал «публицистика» дегеннің мәні сол жиналған жұрттың, алқа топтың, қауымның, қоғамның алдында қажетті сөз айту өнері дегенге саяды. Оны әлем халықтарының бәрі сол латын тіліндегі нұсқадан көшіріп, сол түрінде қолданбайды. Өз тілдерінің ыңғайына қарай аударма-балама жасап, ғылыми айналымға енгізеді. Мысалы, қытайларда «публицистика» деген сөз жоқ екен, оның орнына «шышыжынлун» (уақыт+әрекет+саясат+әлеумет+сөз) дейді; жапондар «рондан» (ал публицистикалық жарияланымды «кокай хоодо»), моңғолдар «өгүүлэл» деп қолданады. Аталымдарды олар өз ұлтының ұғым түсінігіне орайластырады, ана тілінің ішкі заңдылықтары мен нормаларын сақтай отырып мағына­лық жағына баса көңіл аударады. Тікелей аудара салуға жол бермейді. Біз де «публицистика» дегеннің ең әуелі сыртқы пішіні емес, ішкі мазмұнын іздейміз. Бұл істі бізге дейін де сан ғалым алған тақырыбына қарай қарастырған. Мысалы, В. Даль: «Публицист – көбінесе халық құқығы туралы, қазіргі уақыттың жалпыға ортақ мәселелері жөнінде жазатын газет, журнал жазушысы» дейді. Яғни Даль түсінігінше публицист – қазіргі күннің жалпыға ортақ мәселелерін жазу арқылы қозғайтын қаламгер. Бұл жерде «ауызша» деген сөз жоқ. Дегенмен, орыс ғалымдары бұл мәселеге байланысты пікірлерін ауызша әдебиетке, халық ауыз әдебиетіне (фольклорға) қатысты айтты. Мысалы, В.Ученова: «Устная публицистика» или иными словами, злободневная политическая мысль, обращенная к живому, непосредственному восприятию широкой аудитории, облекалась не только мастерством тщательно проду­манных речей, но и мастерством импровизации фольклорных произведений…», – дейді. Мұнда ғалым «ауызша публицистика» деген атауды айтады, бірақ оны тырнақшаға алады. Оның себебі – бұл атаудың орыс ғылыми танымында әлі термин ретінде тұрақталып орнық­паған­дығында. Осы пікірден тағы бір ұққанымыз – «бүгінгі күннің өзекті мәселелерін қозғайтын саяси пікір» дегенді ауызша публицисти­каның анықтамасы ретінде сабақтай кетеді. Тағы бір байқағанымыз – саяси пікір бірден қалың көпшілікке қаратыла айтылады екен. Келесі аңғарғанымыз – қалың бұқараға тіке қаратыла айтылған сөз тыңғылықты ойлас­тырылған сөз арқылы ғана емес, табан астында суырып салу арқылы дүниеге келетін фольклорлық шығармалар арқылы да жанданып отырған.


DSC_6774-1Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ,
әл-Фараби атындағы
Қазақ Ұлттық университеті
Журналис­тика факультетінің деканы,
филология ғылымдарының кандидаты.


 

Біздіңше, публицистика тек саяси санадан туған туындылар жиынтығы емес. Егер шы­­нымен де жоғарыдағы ғалым айтқандай, ауыз­ша публицистика фольклорлық шы­ғар­малардан да өзіне тағылым алса, онда фольк­лорлық шығармалардан әр кезеңнің өз  күн тәртібінде тұрған ел саясатын дәл табу қиын. Дегенмен, ауызша публицистика сөз өне­рінің халықтық түрлерін пайдаланады. Бұ­қараның санасын бүгінгі күннің өзекті мә­селелерін ғана айту арқылы оятып қою аз, өт­кен шақ әңгімелерін айта отырып ұлттық жа­дын қайта жаңғырту жолымен де санаға қоз­ғау салу мүмкін нәрсе. Оны фольклорлық шы­ғармалар арқылы да және ауызша пуб­лицистиканың яғни шешенсөздің халықтық түрлері арқылы да жүзеге асыруға болады. Аталмыш ғалым тағы бірде: «… публицистика баспасөз, радио, телевидение арқылы ха­лық­тың пікірі мен ойын және оның күнделікті еркін білдіреді», – дейді. Ғалым бұл жерде ауыз­ша публицистиканы яғни шешенсөзді мүл­дем ескермеген. Біздіңше, шешенсөздің түр­лері де радио немесе телевидениені, әйт­песе баспасөзді қажетсінбей-ақ алқа­ман­мен (аудиториямен) бетпе-бет тұрып та қо­ғамдық пікір қозғау арқылы халықтың са­насын оята алады. Оның қызметі сол.

Мына пікірді де тілге тиек ете кетейік: «Ор­­­тағасырлар  ауқымында дамыған бұ­қара­лық жазба мәдениет және соның бөлініп шық­қан қуатты бұтағы – публицистика (біз­дің­ше, көсемсөз – жазба публицистика. С.М.) ха­лық ауыз әдебиетінің бай тәжірибесін мұ­ра­ланған, өз жанрларының жандануында түп­сіз терең фольклорлық қазыналардан мейлінше нәр алған». Бұл ой­лар­д­ың астарынан мыналарды байқаймыз: Жаз­ба публицистика, яғни көсемсөз жазба мә­дениеттің бір саласы екен. Ал ғалымның «жаз­ба мәдениет» деп отырғанының аясына қан­дай рухани мұралар кіреді? Әдебиет пе, әл­де тіл ғылымы ма, болмаса тарих па? Әйт­пе­се, фәлсафалық ойлар жиынтығы ма? Біз­діңше, «жазба мәдениет» ұғымының аясы­на осылардың, яғни жазбаша дүниеге келген, қағаз бетіне түскен туындылардың бәрі кіреді. Солардың қатарында, әрине жазба публицистика, басқаша айтсақ, көсемсөз де бар. Бірақ көсемсөзбен қатар ол заманда да ауызша публицистика, яғни қоғамдық са­наға ауызша айту арқылы қозғау салу өне­рі­нің де болғандығы туралы ештеме демейді. Дей тұрғанмен, сол ортағасырлық жазба мә­де­ниеттің бір бұтағы жазба публицистика өз жанр­ларын ауызша әдебиеттің бай тәжі­ри­бесі мен фольклорлық қазыналардан сусын­да­ғандығын орынды айтып отыр. Десек те, біз­дің ойымызша сол фольклорлық жаратын­дылар қатарын, ауызша әдебиет туы­н­ды­лары­ның сапын топ алдында тыңдау­шыға бет­пе-бет айтылып, кейін уақыт өте келе ха­лықтық мұраға айналып кеткен шешен­сөз ай­тындары да толықтырып отыратынын ес­тен шығармауымыз керек.

Публицистика, яғни замансөз туралы ай­­­тылған мына пікір де назар аударуға тұ­рар­лық: «Көсем сөз (публицистика, лат. Publicus – қоғамдық) – әдебиет пен жур­на­лис­тиканың қоғамдағы көкейкесті, өткір мә­селелерді қозғайтын саласы…». Бұған дейін осылай түсі­ніл­ген, түсіндіріліп келген ұғымдар мен ма­ғы­наларға қайта бір ой сүзгісіне салып көру­ге болады. Шындығында, осы пікірде ай­тылғанындай, көсемсөз әдебиеттің бір са­­ласы ма? Әдебиет – көркем ойдың нәти­жесі. Көр­кемдік сапа уақыттың жемісі. Көр­кем ой­дан бұрын өмірге әуелі құбылыс, оқиға, со­ған байланысты нақты ақпараттар, деректер, мәліметтер келеді. Сол құбылыс, оқиғаға қатысты деректер мен мәліметтер шешенсөз, яғни ауызша публицистика арқылы тарайды да, жалпы жұрттың санасына орныққаннан кейін барып әр түрлі түсініктер, пайымдаулар, көркем сипаттаулар мен суреттеулер, тип­тік образдар туа бастайды. Көптің кө­кейі­не қонатын көркем әңгіме оқиға болып жат­қан сәтте тумайды. Сол кезде туса, ол әде­биет туындысы болмайды. Әдебиет туын­­­дысына образдар сомдамасы, оқиғалар же­лісі, тілдік бейне­леуіш-көркемдеуіш құ­ралдар жүйесі, кейіп­керлер даралығы және олардың өзара байланысы, ең бастысы – идея айқын, тақы­рып бір күндік емес, мәң­гілік болуы қажет. Бұлардың бәрін өз орнымен жүзеге асыру үшін жазушыға әжептәуір уа­қыт керек. Жазушы болған жағдай туралы ақ­параттар мен көпшілік көзқарасын өз ойы елегінен өткізіп, өзінше ой түйеді. Төл тұ­жыры­мын негізге идеяға бағындырады. Со­­дан кейін жазады. Жазғанын тексереді. Қа­тесін түзейді. Қайта қарайды. Қайта жаза­ды. Яғни әдебиет туындысының өмірге келуі үшін ұзақ үдеріс жүзеге асады екен. Ал кө­семсөздің халық санасына қозғау салар уа­қыты шектеулі. Көсемсөздің сыңары ше­шен­сөз бұдан да ұшқыр. Өйткені, ол ауызша ай­тылатындықтан, оған тілден, үннен, ым-иша­радан басқа қосымша құрал-жабдық қа­жет емес. Ақпарат оқиға болып жатқан сәт­те-ақ айтыла береді де қоғамдық пікір ту­дыра бастайды. Рас, әдебиет те, шешенсөз бен көсемсөз де белгілі бір тіл арқылы дү­ниеге келеді. Қаруы да, құралы да – сол. Бі­рақ атқараты (функциясы) мен жүзеге асу жол­дары және маз­мұны мен пішіні бөлек бол­ғандықтан, бұларды біріне-бірін қосу қи­сынға келмейді. Шешенсөз бен көсемсөз ең әуелі нақты дерек, дұрыс мәлімет, анық факт арқылы дәл осы сәттегі қоғамдық санаға қоз­ғау салуды көздейді. Және олар нақ осы шақ­таға тың­дау­шыға, оқырманға, көрер­мен­ге бағыт­талады. Оның осы шақта айтыл­ған­да­ры ертең ескіруі, тіпті мүлдем ұмытылуы да мүмкін. Бұл – шешенсөздің өз заңдылығы. Ал әдебиеттің жаратындысы ертең ұмытылса, онда ол өз қызметін атқара алмағаны. Әде­биет – көркем ойлау жемісі, ал замансөз – нақ­ты ойлау нәтижесі. Жоғарыдағы пікірде пуб­лицистика, яғни замансөз «жур­на­лис­ти­ка­ның бір саласы» деген ой да айтылған. Рас, пуб­лицистің, яғни сөзгердің қоғам тудырған өзекті мәселелерге қатысты ойлары бұқара­лық ақпарат құралдары арқылы жалпы жұрт­қа жарияланады, демек журналистика жәр­демге келеді. Оның басты қызметі де сол. Мемлекет мүддесі, ұлт тағдыры секілді ау­қымды да маңызды мәселелермен қатар, күн­делікті ағымдағы атқарылар істерге жұ­мылдыруға байланысты ойларды кез келген саналы азамат бұқаралық ақпарат құрал­дары арқылы, яғни журналистиканың араласуымен көпшіліктің назарына ұсынады. Сол зәрурат істерге қатысты газет-жур­нал­дар­да жарық көрген ойлардың жиынтық атауын «публицистика» деп атау санаға ор­нық­қан. Сондықтан да публицистика жур­налистиканың бір саласы болып көрінеді. Бі­рақ мынаны да есте ұстаған жөн. Пуб­лицис­тиканың, яғни замансөздің қоғамдық са­наны ояту, қоғамдық пікір тудыру, қоғам­дық ой қалыптастыру қызметі  журналистика дүниеге келмей тұрып та, газет, журнал, ра­дио, телевидение пайда болмай жатып та әр елде, әр мемлекетте ауызша да жүзеге асып келген. Яғни шешенсөз журналистикадан бұ­рын өмірге келіп, журналистиканың жүгін кө­теріп, белгілі бір мөлшерде сол жур­на­листиканың дүниеге келуіне ықпал жасаған. Қо­ғамдық қатынастар дамып, өнеркәсіптік-өндірістік ілгерілеулер алға жылжыған са-
йын, адамдардың шоғырлануы мен араласуы артқан сайын бұқараның санасын ел алдында тұрған мүддеге қарай бағыттау өнері – пуб­лицистика, яғни замансөз ақ­па­рат тара­тудың, алмасудың жаңа тәсілін ойлап табуға итермеледі. Бұрынғыдай ауызша ақпарат жеткізу амалдары енді газет-жур­налдар та­ратумен алмасты. Бірақ жұрт алдына шы­ғып түсіндіру, насихаттау, үгіттеу газет сө­зі­нен еш төмендемеді. Жаппай қара танып, тү­гел газет журнал оқып кеткенше, тіпті солай болған күннің өзінде ауызша айтылғанды тыңдап қалыптасқандықтан да халық ше­шен­сөз ықпалына мұқтаждығын еш кеміткен емес. Шешенсөз журналистикамен бір дең­гейде қоғамдық-әлеуметтік қызметін ат­қарып келеді. Айтпағымыз – за­мансөз га­зет-журнал өндірісінен бұрын дү­ниеге кел­ген, сондықтан оны журналис­ти­каның бір са­ласы етіп көрсету шарт емес. Пуб­лицистика, яғни замансөз журналистикасыз да өз функциясын  атқара  алатынды­ғын биік мінберден қоғам алдында тұрған елеулі мә­селелерді дұрыс шешу жолдарын айтқан ел бас­қарушылардың ауызша баяны – сая­сат­сөз, академиктің ғалымдар алдында немесе профессордың студент, жастар ортасында ауызша айтқан ұлағаты – білімір­сөз, жиындарда, мәжілістерде белгілі бір идеяны қолдау үшін айтылған қошеметсөз, сот залдарында әлдекімді айыптау немесе ақтау үшін айтылған биліксөз, жиналған жамағат алдында дін ақидаларын тарқата түсіндірген уағызсөз дәлелдейді. Бұлардың бәрі журналистика араласпай-ақ жүзеге аса береді. Сон­дықтан да публицистиканы, яғни за­ман­сөзді журналистиканың бір саласы деп кесіп айту қиын. Осы тұста мына тұжы­рым­дарды тілге тиек ете кету де орынды: «Бірін­шіден, жур­налистика – әр алуан меке­ме­лердің басын құрайтын ерекше әлеуметтік институт болып табылады… Екіншіден, журналистика қызмет түрлерінің жүйесі болып табылады… Үшіншіден, журналистика – мамандықтар жиынтығы…Төртіншіден, жур­налистика – шығармалар жүйесі… Бесін­шіден, журналис­тика  – … басылымдар мен бағдарламалардың түр­лерін қалып­тасты­ратын арналардың бір­тұтас жиынтығы… Алтыншыдан, журналистика – БАҚ проблемаларын зерттейтін өзгеше ғы­­лым саласы және оқу пәндерінің жиын­ты­ғы». Бұл тұ­жы­рым­дарда «журналистика – шығарма­шылықтың бір түрі» деген ой жоқ. Мұнда «шығармалар жүйесі» де­ген анықтама бар. Ал публицистика, яғни за­мансөз биік шығармашылық ізденіс нә­тижесінде дүниеге келеді. «Сонымен қатар  …өзекті қоғамдық-саяси тақы­рыпқа көпшілік алдында сөйленген сөздерді де қамтиды… публицистика – белгілі бір ны­саны, орны, фун­кциясы, мазмұны, құры­лымы мен пішіні бар, белгілі бір жанрлар жүйесі бар және қо­ғам мүшелеріне әсер ету тәсіл­дері бар тұ­тас шығармашылық түрі». Байқап отырға­ны­мыздай, пуб­лицисти­ка  ұғымы мен журналистика  ұғы­мы­ның аражігі әжептәуір екен. Тегінде жур­­налис­тиканың қоғам мен сөзгер ор­та­сындағы алтын көпір қызметін ат­қа­ра­тын­ды­ғын және сол қызметінің өзі қоғамдық бол­мыстың күретамыры қызметімен барабар екендігі де айнымас ақиқат. Журналис­тикасыз көсемсөз де, шешенсөз де жарымжан күй кешеді. Жұртқа жария болуы үшін де жа­зылған дүние газет-журналдарда басылуы керек, ауызша айтылған ой радио немесе теледидар арқылы берілуі керек. Ал публицистика, яғни замансөз болмаса, газет пен журналдың бетінде жарияланған «от ба­сы, ошақ қасының», болмаса әркімнің қа­ра басының қам-қарекеттері қоғамдық сананы ояту, ортақ іске жұмылдыру, баршаға керек мүддеге бағыттау мұраттарының жүгін көтере алмайды. Заманның сөзін сөйлеп, қо­ғамның асқақ мақсаттарын, ұлттың ұлы ар­мандарын күйттесе ғана БАҚ-тың бағы ашы­лады. Ал заманның сөзін сөйлеу ше­шен­сөз бен көсемсөздің ғана міндетінде. Демек, журналистика мен публицистика, яғни за­ман­сөз бірін-бірі толықтырып отыратын қо­ғам­­дық сананың қозғаушы күштері ретінде өз міндеттерін атқара береді.

Публицистиканы, яғни замансөзді ғылым деп тану да – уақыттың өзі күн тәртібіне қой­ған қажеттілік. Басқа елді қойғанда өз елі­мізде осы тақырып төңірегінде қаншама ғы­лыми ізденістер жасалды, еңбектер жазылды, қаншама ұғымдар мен түсініктер, қо­рытындылар мен тұжырымдар, айқын­да­малар мен анықтамалар ғылыми айналымға түсті. Ахмет Байтұрсыновтан бері бүгінгі күн­ге дейін бір тоқтамаған замансөз жайын­дағы ғылыми ой ағыны өзін мойындатып ке­леді. Публицистика айқындамасын жасау­дан бастап оның атқаратын қызметін, өмірге келу жолдарын, тақырыбы мен идеясын, құрылымы, сюжеті, тілін, түрлері мен жанрла­рын, қалыптасуы мен даму жолдарын қа­рас­тырған ғылыми еңбектер өз алдына бір тео­риялық  бағыт. Айталық, қазақ баспа­сөзі­нің даму жолдарын, тарихын таразылаған Х. Бек­хожиннің, Публицистиканың теориясы мен тәжірибесін және жанрларын са­ра­лаған Т.Амандосовтың, ұлттық бас­па­­сөздің жүріп өткен жолдарын көрсеткен Б.Кенжебаевтың жұмысы бұл саладағы ал­ғашқы ғылыми еңбектердің бірінен саналады. Т.Қожакеевтің жур­на­­листика жанрларына жаңаша көз­қарас қалыптастырған еңбектері мен журналистика және публицистика тарихының ақтаңдақ беттерін толтырған зерттеулері, Ш.Елеукеновтің публицистиканың та­ралуына негіз болатын насихаттық мәні бар кітаптың тарихын және кітаптану ғылы­мы­ның ұлттық негіздерін жүйелеген ең­бек­тері мен өз заманының заңғар публицистерін танытатын еңбектері, М.Барманқұловтың телевидение жә­не радио журналистикаға қатысты тосын ой­лары мен тың пікірлері болса, жекеле­ген тарихи тұлғалардың за­мансөзгерлік қыз­­­метін арнайы зерттеген еңбектер де едәуір қомақты және олар тә­жірибелік ба­ғытты құрайды. Демек, заман­сөздің теориясы мен тәжірибесі бір ғасырға жуық тоқтау­сыз зерттеліп, зерделеніп келеді екен, олай болса қазақ замансөзтану ғы­лымы орнықты деп айтатын уақыт өзінен-өзі келді. Осы за­мансөзтану ғылымының әлі игерілмеген, тү­рен салынбаған тың тақы­рыптары бар­шы­лық. Солардың бірі – ауызша публицистика, яғни шешенсөз.

Батыстық және орыстық таным мен түсі­нік­терге негізделген ғылыми ойлар ауаны мен тәжірибелердің ықпалында жасалған за­мансөзтану ғылымының көш басында бол­ған аға буын ғалымдар да замансөзді тек жа­зба мәдениет саласы деп қарап, соған байланысты ой түйіндеп келгені ақиқат. Ра­дио мен теледидар өмірге еніп, солар ар­қы­лы қоғамдық ойды қозғау әрекеті өмірге енгенмен, эфирдегі уақыт шектеулі бол­ған­дық­тан және ондағы ой-пікірдің бәрі микрафон алдында ауызша айтылатындықтан, журналистиканың бұл саласында публицис­тика бар дегенге басында сенімсіз қарап, кейін ғана илана бастады. Ашығын айтқанда, көпшілік публицистиканы жазба әдебиеттің бір отауы санап келгендігі де шындық. Қазақ сөз өнерінде ауызша публицистика бар екен­дігі Ахмет Байтұрсыновтан кейін енді-ен­ді ғана айтыла бастады. Бұл тақырыпта ар­найы еңбек жазылмаса да сол ойды айту пи­ғылы бар диссертациялар, монографиялар өмірге келді. Бұл бағытта батыл ойларымен көрінген ғалым Б. Жақып өз зерттеуінде қа­зақ жазба публицистикасының қалып­тасуына ауызша сақталған мұралардың ық­палы зор болғандығын айрықша бөліп айтып, нақты мысалдармен дәлелдеді. Ба­тыр­лар жыры – ауызекі публицистика үлгісі екендігін, жыраулар поэзиясында пуб­лицис­тикалық сарын барын, шешендік сөздерде публицистикалық белгі көп екендігін айта келіп мынадай ой қорытады: «Зерттеу бары­сын­да публицистиканың табиғаты ай­қын­далып, оның жалпы адамзат дамуының ал­ғашқы дәуірлеріндегі екі түрі болғандығы анық­талды. Оның бірі – халық ұрпақтан-ұр­пақ­қа  ауызша  жеткізген  ауызекі пуб­ли­цис­ти­ка. Екіншісі – жазу, сызу пайда болғаннан кейінгі қолданысқа енген жазба публицистика. Қазақ халқының тарихында екеуі де әр алуын деңгейде көрініс тапты». Ауызша пуб­лицистиканың айтындарының бірі – ай­тыс­тың публицистикалық қырларын арнайы зерт­теген Қ.Асанов бұл тақырыпта док­тор­лық диссертация жазды. Онда айтыстың бұрынғы және бүгінгі нұсқаларын мысалға келтіре отырып, олардың ішіндегі қоғамдық са­наны оятатын, бүгінгі күннің өзекті мә­се­лелерін қозғайтын, ел мен жер, ұлт тағдыры мен басқа да мемлекеттік мәні бар саяси, экономикалық, әлеуметтік, рухани мәсе­ле­лерді халықтың алдында батыл да ашық ай­татын күрескерлік рухтағы айтын­дарды (высказывание) алға тартады да, ауызша айту өнерінің бұл түрінің нағыз публицистика екендігін дәлелдеуге тырысады. Бұл екі ең­бек те ауызша публицистика – ұлтымыздың сөз өнерінің ерекше түрі екендігін дәлелдеуге бет бұрған келелі де керекті зерттеулер. Тіл­танушы А.Мұсабекованың «Қазіргі қазақ пуб­лицистикасында экспрессия мен эмоция­ны білдірудің тілдік құралдары» атты ең­бе­гіндегі публицистиканың ауызша түріне, яғни ауызша публицистикаға, дәлірек айтсақ, шешенсөзге қатысты ойлары бұл саланы тіл ғы­лымы тұрғысынан да арнайы зерттеу қа­жеттілігін байқатады.

Адамзаттың ақыл-ойы алға жылжыған сайын өткеніне тереңірек үңілетіні – қа­жет­тіліктен туған заңдылық. Өйткені, оның  өт­кен жолы шыққан тегіне алып барады, тегін тап­са, нәр алып жатқан топырағында тамырлана түседі. Сол сияқты ұлтымыздың ғасыр­лар бойы тағдыр талқысында шыңдалып, сана мен сезім сүзгісінен өтіп барып рухани өмі­рінің бөлінбес бөлшегіне, ажырамас әдеті мен әдебіне айналған құндылықтарын іздеу, табу, тану және таныту, сол арқылы бүгінгі ұрпақ­тың ділін нығайту – ғылымның басты мін­деттерінің біріне айналып отыр. Олай бо­латын себебі, рухы бостан, жігері азат ел ре­­­тінде жұмыр жердің бетіндегі өркениетті өз­ге жұртпен иық тірестіруге ұмтылған қа­зіргі жаңару мен жаңғыру заманында қазақ деген ұлттың өзіндік болмысы, дара келбеті болмаса, алпауыт елдердің «ғаламдастыру үрдісі» деген желеумен қолдан жасаған құйтырқы саясатының құрбаны болып кетуі – мүмкін нәрсе.

Ұлтымызды өзгелерге ұқсататын, олардан өзгешелейтін әрі өзіне ғана тән тұрпатын ай­қындайтын рухани қазынасының бірі – сөз өнері. Оның сөз өнері сан мәрте зерттелген, зерделенген. Соның өзінде ашыл­ма­ған қырлары әлі де баршылық. Олардың дені бұрынғы патшалық және кеңестік ұлтсыз­дан­дыру саясатының басты  бағыты бойынша әдейі еленбеген, еленсе де бұрмаланған. Тәуелсіздік   алғаннан  кейін  жоғалтқа­ны­мыз­ды іздеу қолға алынды. Қолға алынған мұ­раның бірі – сөз өнері болса, соның ең елеулі саласы – ауызша публицистика, яғни Ахмет Бай­тұр­сыновша айтсақ, шешенсөз еді. Ше­шен­сөздің тамырын тауып, табиғатын тану ар­қылы біз ұлтымыздың да өзіндік кескін- кел­бетін танимыз.

Ғылымның мұраты – ақиқатқа жету, сол жол­да барды бағалау, жоғалғанды табу, тап­қанды тану, танығанды өзгеге таныту. Ше­шенсөздің өзіндік сипатын танығанда, та­ныс­тырғанда біз нені көздейміз?

Тарихтан белгілі қазақ ұлты берісі түрк ха­лықтарымен, арысы адамзатпен қоян­-қол­тық араласа жүріп, тарих пен тағдырдың сан ғасырлық соқпақтарынан өтіп барып ұлт болып ұйысты, дербес мемлекет болып бой көтерді. Жеке хандығын құрып, өз жерінде өз  тілімен  өмір сүрді. Бірақ дәл ұлтсыз­дан­дыру саясатының соққысындай соққыны көрген жоқ. Ол саясат ұлтты ең әуелі тілінен айыруға ба­ғытталды. Соның зардабынан өз тілінде жаз­бақ тұрмақ, сөйлей алмайтын ұрпақ өмір­ге келді. Ұлттың тілі сүттей ұйып тұрған за­­мандарда сөйлеу өз алдына, екінің бірі айту өнерінің шебері деңгейіне кө­те­рілген бо­латын. Пікірін өрнекті жеткізу, астарлы ой­мен  ақылын асыру қабілеті, бір-бірінің айт­қанына имандай сенетін өрке­ниеттілік, имандылық, мәдениеттілік кешегі жиырмасыншы ғасырдың ортасына дейін келді де одан кейін қағазға қарамаса ойын жеткізе алмайтын, айтқанға сенбейтін, ауызша аманатқа иланбайтын деңгейге құлдырады. Қағазбастылық жайлаған әмір­шілдік-әкім­шілдік жүйеде елге тұтқалардың өздері ха­лықтың алдына шығып қаралы сөзін қағазға қарап оқып беруге ұялмайтын, соттың сұра­ғына жауабын қағазға жазып алып барып оқып беруге қымсынбайтын күйге түсті. Мұ­ның бәрі ұлтымыздың ең озық мәдениеті – айту өнеріне қасақана мән бермей, мен­сін­бей қараудан еді.

Қазір айту мәдениеті қайта бой көтерді. Биік мінберден де, ресми басқосуларда да ай­тар ойын ауызша жеткізу әдеті мен әдебі ор­тамызға  орала бастады. Ауызша публи­цис­­ти­ка, яғни шешенсөз қайта қарқын ала бас­таған дәл осы кезде оның болмыс-бітімін са­ралап, ғылыми көзқарас жолымен талдап, тар­қатып беру – күн тәртібіне көтерілді. Жо­ға­лып бара жатқан өнеріміз өмірімізге қайта оралса, оны қуана қолдап, жандандыра, жар­қырата көрсету, сол арқылы ұлттық мә­дениетіміздің ең озық үлгілерінің бірінің дамуына жол ашу – кезек күттірмейтін мә­селе. Шешенсөз арқылы қазақ деген ұлтты өзіне тән болмысымен әлемге танытуға бола­ды. Бұл – жаһандану заманында  ұлттық қа­­дыр-қасиетті жоғалтып алмау алғы­шарт­тарының бірі. Көтеріліп отырған  пробле­маның өзектілігінің бірі осында.

Бүгінге дейін қоғамдық санаға қозғау салу өнерінің  жазбаша  түрін, яғни көсем­сөзді сан мәрте зерттедік. Талай еңбектер жазылды, ғалымдардың бірнеше буыны алуан-ал­уан тақырыпқа бөліп алып, кан­ди­даттық, док­торлық  диссертациялар қорғады. Бірақ «Сөз әлеуметке дегенін істету үшін ауызша ай­тылса – шешенсөз, жазбаша айтылса – кө­­сем­сөз» (Ахмет Байтұрсынов) деген қағи­да­ға біржақты қарау салдарынан тек кө­семсөзді ғана ғылыми нысан етіп ал­дық та, оның төлсыңарын – шешенсөзді назардан тыс қалдырдық. Бұдан кейін де елемесек, Ахаң айтып кеткен шындыққа қиянат жа­саған болар едік. «Қоғамдық санаға тек жазу арқылы ғана қозғау салуға болады екен» де­ген түсінікпен жүре беруге болмайды. Мә­селенің тағы бір өзектілігі осында. Ше­шен­сөзді арнайы зерттеу қажеттілігі бүгінгі буын­ның алдыңғы ұрпақ аманатына адал­дығынан, келер ұрпақ алдындағы жауап­ке­шілігінен көрінеді.

Қоғамдық санаға қозғау салу өнерінің бас­тау-бұлағын кешегі газет-журнал шық­қан­нан, одан асса, жазу мен сызу өнері та­ри­­хынан бастау арқылы да талай-талай шын­дықтың ауылына ат басын тіредік. Жалпы, зерттеуші ғалымдар «публицистика» де­геннің не екендігіне, оның атқаратын қыз­ме­тіне, тарихи тамырларына, жанрлық ерек­шеліктеріне, тілдік-стильдік сипаттарына, қалыптасу, даму жолдарына уақыт  талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігіне орай өз тұжырымдарын ұсынды, айналымға түсірді, кәдеге асырды. Сөйтіп, публицис­ти­ка­ның жазбаша түрін зерттеу ісінің ұлттық мектебін қалыптастырды. Публицистикатану ғылымының ұлттық мектебі дегенде біз Ахмет  Байтұрсыновтан бастап бүгінгі пуб­ли­цис­ти­катанушы Бауыржан Жақып, Қойлыбай Асановтарға дейінгі аралықта әр жылдары әр кезеңде зерттеу еңбектерімен ел есінде қал­ған тұлғаларды айтар едік. Солардың ғы­л­ыми ойлары осы саланың ашылмаған жаңа қырларына жол ашты. Олардың ең­бек­терінің өміршеңдігі де, құндылығы да осында. Дей тұрғанмен, публицистиканың, яғни за­ман­сөздің бұған дейін ашылмай келген қыры дегенде біз мынаған баса назар аударамыз:

Адамзат сызу мен жазу және тасқа басу өнерін тапқанға дейін де ақпарат алмасты. Қауым­дасты, қоғамдасты, тіршілік үшін кү­ресті. Әуелі қара басының амандығы үшін қа­рекет етсе, кейін отбасының одан кейін тайпасының, сонан соң одағының, елі-жұр­тының қамы үшін күресті. Осының бәрінде бір-бірімен ақпарат алыспай ойын жүзеге асыра алмас еді. Демек, қоғамдық санаға қозғау салу машығының тарихын әріден бас­тағанымыз абзал бізге. Сол арқылы ұлты­мыздың да рухани мұраларының тарихын арғы кезеңдерден іздейтін боламыз. Бұл қа­зақ деген ұлттың тарихын адамзат тарихы­мен біртұтастықта қарастыруға жетелейді.

Ауызша публицистиканы, яғни ше­шен­сөзді зерттеу арқылы біз оның табиғатын анық­таймыз. Ауызша ой айту түрлерін, әдіс­терін, әдеттері мен әдептерін білеміз. Оның ай­шықты айтындарын қайта тірілтеміз. Ха­лық­қа таратамыз. Сол арқылы өшіп бара жат­қан өнерімізді, салтымызды, ғұрпымызды қайта өмірге әкелеміз. Сол мақсат орындалса, онда ұлтымыздың ұрпағы кешегі бабалары секілді ойын анық та айшықты етіп айтуға кө­шеді. Ойыңды алдыңдағы адамға бетпе- бет келіп, ашық айту – шындыққа жол ашады. Ауызша айту өнері дамыған кезде демок­ра­тиялық үрдістер қайта жанданады. Ше­шен­сөз­дің құдыреті  де осында. Сон­дық­тан да ше­шенсөздің бар болмысын анықтап алу, оны пән ретінде оқыту, үйрету  ұлт ұрпа­ғының бо­лашағы үшін қажет. Бұл пәннің маңыз­ды­лығының бірі осында.

Өмірде болып жатқан оқиғалар туралы шын ақпараттар, нақты мағлұматтарды ауыз­­ша тарату арқылы қоғамдық санаға ық­пал ету өнерінің бірі – ауызша публицисти­ка, яғни шешенсөз болмысын зерттеу ісі тың жатқан саланың ашылмаған қырларын ашады, бұрынғы таптаурын қағидалар мен түсі­ніктерге  бүгінгі  ұлттық  рух талабы мен ұр­пақ талғамы деңгейінен қайта қарауға мұ­­рындық болады. Тақырыптың өзі жаңа болғандықтан тың ойлар, тосын пікірлер, бұ­рын айтылмаған атаулар мен аталымдар және солардың ас­тарындағы ұғымдар мен түсініктер ортаға са­лынады. Сол тың таным ғылыми ой-са­на­ның бір мысқал болса да алға жылжуына түрт­кі болады. Пәннің тағы бір маңыздылығы осында.

Әдебиет, тіл, журналистика мамандық­тарын арнайы оқытатын жоғары оқу орындары небір тұлғалар тәрбиелеп шығарды. Со­лардың бәрі – газет-журналдарға қоғам­дық са­наны оятар мақалаларын жариялау ар­қылы көсемсөзгер ретінде танылғандар. Яғ­ни бұл оқу орындары да, бұқаралық ақ­па­рат құралдары да жазба публицистика, яғни кө­семсөз машығына, жазу шеберлігіне баулу айла-тәсілдерін меңгерген публицистер, яғни замансөзгерлер мектебін қалыптас­тыр­ды. Осындай оқу орындары енді ауызша айту  өнері, яғни  шешенсөз  арқылы қоғам­дық сананы ояту әдіс-амалдарын меңгерген мек­т­еп қалыптастыруына тұғыр болатын ғылыми  жол­дың бірі – арнайы дара тақырып етіп алып, тереңдете зерттеу деп білеміз.

Бірақ бұл бұған дейін шешенсөз туралы «еш­кім еш нәрсе айтқан жоқ» деген сөз емес.

Бұл тақырыпты, яғни қоғамдық санаға ауыз­ша айту арқылы қозғау салу өнері туралы, басқаша айтқанда, шешенсөз жайында ал­ғаш ғылыми ой айтып, айқындамасын жа­сап, топқа бөліп көрген бірден-бір ғалым, ұл­ты­мыздың рухани көсемі – Ахмет Бай­тұр­сы­нов болатын. Оның замандастары Халел Дос­мұхамбетов, Құдайберген Жұбанов, Шам­ғали  Сарыбаев  тілтаным және шешен­дік өнер тұрғысынан қарады, публицис­тика­лық мәніне назар аударуды басты мақсат тұтқан жоқ. Рас, публицистика туралы Х.Бекхожин, Б.Кенжебаев, Т.Амандосов, Т.Қожакеев, М.И.Фетисов, Ә.Ыдырысов, С.Қозыбаев, Н. Ома­шев, С,Масғұтов, журналистика және жалпы публицистика туралы келелі ғылыми тұ­жырымдар айтты. Тіл ғылымының қар­қа­ра­сы Рәбиға Сыздықова ауызекі сөйлеу мен ауыз­ша айту үлгісін тілдік үрдіс санатында са­ралады. Теле­журналис­тикадағы ауызша ай­ту пішіндері жөнінде пікірлерді М.Бар­ман­құлов, А.Бейсенқұлов, Ғ.Ыбыраева, С.Бар­лыбаева, Л.Ахметова, т.б. өз зерттеулерінде таң­даған нысандарының ыңғайына қарай атап өтеді. Радио­журналис­тикадағы ауызша ха­бар тарату, жеткізу тәсілдері мен ерек­шеліктері туралы ғалым Н.Омашев құнды пі­­­кірлерді алға тартты. Әрине, тележурналис­тика, публицистика туралы кемел ойларды өз еңбектерінде К.Смайылов, Ә.Қал­мыр­заев, Қ.Сұлтанов, А.Сәрсенбаев, М.Құл-Мұ­хам­мед, т.б. зерт­теушілер де ортаға салған бо­латын. Ауызша публицистиканың, яғни шешенсөздің бұ­рыннан ұлт өмірінде ерекше орын алған­дығын және оның бүгін де өмір сүріп келе жатқандығын Б.Жақып өзінің «Қазақ пуб­лицистикасының қалыптасу, даму жолдары» деген іргелі еңбегінде айрықша атап өтті. Қ.Асанов айтыс өнерінің шешен­сөз­дік сипатын саралап, бұл тақырып төңіре­гінде тың ойлар айтты. Шешенсөз айтын­дарының та­би­ғаты фольклорлық және ауыз әдебиеттік жанрларға жақын. Тіпті, кейбір фольклорлық және ауызша әдебиеттік жанрлар шешенсөз айтындарының орнына жүр­гендігін атап өтер едік. Мысалы, айтысты фольк­лорта­ну­шылар мен ауыз әдебиетін зерттеушілер фольклорлық, кейде ауызша әдебиеттік жанр дейді. Біз оны шешенсөздің ең ұшқыр айтыны деп есептейміз. Толғауды, термені ауыз әдебиетінің жанры ретінде арнайы зерттеген еңбектер де бар. Біз оларды шешенсөздің әуезді айтындары деп бі­леміз. Әнді музыкатанушылар музыкалық жанр ретінде қарастырса, біз оны қоғамдық ойды пәрменді жеткізудің тәсілі ретінде қа­рас­тырамыз. Әйтсе де, жоғарыда аталған ең­бектердің бірде-бірі шешенсөзді жеке зерт­теу нысаны етіп алған жоқ. Ендеше бо­ла­­шақта не істемек керек?

Біздіңше, қазақ сөз өнерінде ерекше орын алатын, күнделікті қоғамдық өмірде ауыз­ша  айтылып, орындалып жүрген ше­шен­сөз:
– айқындамасы;
– пайда болу, қалыптасу ерекшелігі;
– алғашқы қауымдық құрылыс кезінде адамдардың ақпарат алмасуынан бүгінгі күнге дейінгі өмір сүру сипаттары;
– фольклормен байланысы;
– ауызша әдебиетпен ара-қатынасы;
– журналистік-сөзгерлік шығармашы­лық­тағы орны;
– түрлері мен үлгілері;
– орындалу, айтылу өзгешелігі;
– көркемдік сипаттары;
– тарихи шындық пен көркемдік шындық кестелері;
– мәтіндік болмысы;
– айтушы мен тыңдаушы ара-қатынасы;
– уақыт пен кеңістік мәселелері салысты­рыла, байланыстырыла зерттелуі керек.

 

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.