МЕНДЕЙ ЕССІЗ АҚЫМАҚТЫ БҰРЫН-СОҢДЫ КІМ КӨРГЕН?!
22.01.2016
1518
0

МақсатМақсат ӘЛСЕЙІТОВ

 

Керегеден гуілдеп  жел еседі,

Гуіліне жан құштар емес еді.

Киіз үйдің ішінде жанған шырақ,

Екпінімен сол желдің неге өшеді?!

 

Түскиізім қалшылдап дір-дір етті,

Құлап түскен домбырам бір «зың» етті.

Саусағымды үсітсем өкінбес ем,

Мына суық тоңдырып тұр жүректі.

 

Туырлықты тулақша желпілдетті,

Босағаға домалап бөркім кетті.

Жоқтау айтып жылаған кейуанадай,

Еңкіш иінін уығым селкілдетті.

 

Ергенектен ес кетіп сасып қалды,

Аңқайды да… ауызын ашып қалды.

Көйлегімді кірлетсем өкінбес ем,

Жүрегімді шаң-тозаң басып қалды.

 

Шаңырағым қарайды жетімсіреп,

Не болады жел соқса екінші рет.

Басы ала бір мысық мияулайды,

Бақандағы жылқының етін сүйреп.

 

Зыңғытып ем жерден бір кесекті ала,

Етпен бірге құлады қосақтала.

Жылқы етінен иіс ұрлап жел жүгірді,

Қашқан мысық соңынан безек қаға.

 

Сақ-сақ күлді сайқал жел масаттана,

Қорланады көңілі босап дала.

Сексеулдің  томарын құрт ғып сорып,

Сыр бермей тұр, әзірше, ошақ ғана.

 

***

Атшабардың аспанын мұнар басқан,

Алтын күнім, қайдасың тұманды ашқан!

…Жетімсайдың бойында ойға баттым,

Құпиясын ғұмырдың ұға алмастан.

 

Жетімсайдың бойында жетім ауыл,

Ойлысы – ақымақ, ойсызы – тақуа кіл.

Сұр есегі китіңдеп жол бермейді,

Құрық ұстар ұлы жоқ аты жауыр.

 

Жетімсайдың қырында гүлдер өсті,

Жұламын деп гүлдерді бір жел есті.

Желге қарсы кеудемді тосып едім,

Қаңбақ денем гүлдермен бірге көшті.

 

Көз аштырмас дүлей бір боран соқты,

Жылдағыдан бұл боран жаман соқты.

Қызыл гүлін қызылдың тұншықтырып,

Жіберді ғой қаулатып арам шөпті.

 

Жантақ өсті гүліме шырматылып,

Тамағына тырнағын тұр батырып.

Ренішпен…

Гүлге өмір тіледі іштен,

Атшабардың аспаны мұңға тұнып.

 

АҚША БҰЛТ

Ақша бұлт, қайда асығасың?

Ежелгі Жейхундай жөңкіліп,

Аспанның арнасын толтырып.

Мергенді көре сап үрпиіп,

Дүркіреп қашқандай мың киік,

Барасың қай жаққа ылағып,

(Ылағып барасың, бұл анық!).

Жердегі пенделік мінезден,

Бір ерді мұқалтқан мың езден,

Жиіркеніп, ақша бұлт, бездің бе,

Сөйтіп сен аспанды кездің бе?

Төбемде аз ғана аялда,

Мұңыңды сен маған баянда,

– деп едім,

Ақша бұлт,

Солқылдап, солқылдап жылады,

Көз жасы үстіме  құлады…

 

…Ақша бұлт, ақша бұлт, ақша бұлт,

Тезірек төбемнен өтші ағып!

 

КӨШІП ЖАТТЫ… ҚҰМ-ҒАРІП

Үйірі бұғы мүйіз сексеуілдің,

Бауырында күйсеп жатыр көшпе құмның.

Көрігін көктегі ұста басқан сайын,

Бауырынан ұшқын шашты төстемір – күн.

 

Көзінен сексеуілдің сұрғылт түсті

Кесіртке тамшы болып жылжып түсті

Мөлт етіп тамып түскен сол бір тамщы,

Өртеніп өліп-өшіп құмды құшты.

 

Шыққан соң құмбұлаудан – құмнан шоқтай,

Кесіртке сүйретілді тірі әруақтай,

Алды да адыраспанға аунап-аунап,

Жорғалап жөнеп кетті сұр жорға аттай.

 

***

Алтынға тамды менің кіндік қаным,

Айтпайды кіндік шешем сыр ғып бәрін.

Қазағым, мезгілінен кеш білерсің,

Сөзімнің құрамында шындық барын.

 

Сөзім – құм, шындық – алтын, дұрысы нақ,

Көрген жоқ бота құмар жылы  шуақ.

Айдаһар бауырына алтын басқан,

Қойғандай сол ботаның ырысын ап.

 

***

Қызылқұмға қашып едім бас алып,

Қара көзге қан аралас жас алып.

Шынжырлаулы нарлар шықты алдымнан,

Кете алмаған өз еркіне босанып.

 

Шынжырлаулы нарлар жатты ыңыранып,

Құбыладан дауыл соқты жынданып.

Көз алдымда шаң-тозаңға айналып,

Көшіп жатты…

Босып жатты…

Құм ғаріп.

 

БОЗІНГЕН

Қолымнан шығып кетті бозінгенім,

Өрт шалып өзегімді жоқ іздедім.

Жануар қолды болып кетеді-ау деп,

«Аһылап» атар таңға көз ілмедім.

 

Келеден бозінгенім безінгелі,

Жанымды сарыуайым – жегі жеді.

Ежелден түйе баққан әулет еді,

Туыстан қауіп етемін шөгірмелі.

 

Саудагер тақиялы туысымнан,

Тайынбан інген үшін суысудан.

Өркешін қос темірмен шойындапты,

Әй, шығара қоймас енді уысынан.

 

Төлеген жырға қосқан аруанадай,

Боздаумен шықса-дағы жолға талай.

Жеріне жете алмады жануарым,

Қалған ба құрсауланып, сонда қалай!?

 

Жасырып өркешіне боз отауды,

Болдырмай тастап еді-ау жазалауды.

Боздатып боз інгенін жұртқа тастап,

Барады қайтқан қаздай қазақ аулы.

 

Қимаған боз маясын Қазтуғанша*,

Көшімді ірке-ірке создым қанша!?

Боздаған бозінгеннің зарлы үні,

Құлақтан кетпес, сірә, көз жұмғанша…


 

*Қазтуған батыр Еділден көшкенде боз маясы жерін қимай, кейінге қарай қаша береді. Боз маяны қайтара алмай, батырдың көші біраз уақыт іркіліп қалады.

 

 

***

Қаңқылдап ақ қаз қайталап қобыздың зарын,

Қанатын қағып іздейді нағыз сыңарын.

Еділден ұшқан сам үйрек (қаптауға кеткен),

Білді ме екен осынша сағындырарын?

 

Батар күн жақты бетке алып лағып кеткен,

Сам үйрек кері қайтпады шұбалып көкпен.

Атқан таң хабар айтпады шуағын төккен,

Көз жасын төгіп оралды жылауық көктем.

 

Көктеммен бірге қайтпады ән салып көкпен,

Үмітім тасқа ұрынды (қаншалық күткем).

Ошарсыз кеткен мұңлығым оралар ма еді,

Жартастың ішін жаңыртса жар салып көктем.

 

Күркіреп көктем аспаны ойнатса жасын,

Найзадай шыңның қайраса қайрақша басын.

Қанатын қағып «дүр» етіп сілкінер ме еді,

Ошарсыз кеткен мұңлығым ойлап даласын.

 

***

Мен Мүліктің перзентімін,

Мүлік – менің анам-ды,

Онда жүрсем мен білмеймін жақсы менен жаманды.

Мүлік – менің кең пейілім,

Мүлік – менің дарқаным,

Мүлік – менің жарық күнім,

Онсыз өмірім қараңғы!

 

Мүлік – менің сырласатын аңқылдаған достарым,

Мүлік – менің балдәуренім,

Мүлік – менің жас шағым.

Мүлік – менің алтын ұям, балапаны мен оның,

Алғаш рет сонда көрдім туған жердің аспанын.

 

Мүлік – менің махаббатым,

Мүлік – менің аяулым,

Қызылқұмның етегінде шалқып жатқан бай ауылым!

Сенің қала болуыңды армандаумен жатып мен,

Сенің қала болуыңды армандаумен ояндым.

 

Жас жүрегім жанып барад, Мүлік, сені сүйгеннен,

Бақыттымын бір сен үшін өтсе өмірім күйбеңмен.

Сенің бір де аруыңды өзгелерге қимайтын,

Мендей ессіз ақымақты бұрын-соңды кім көрген?!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір