ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЭТНОСТАРДЫҢ МУЗЫКАЛЫҚ МҰРАЛАРЫ
22.01.2016
2193
0

_MG_4424Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырысымен Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында белгілі фольклортанушы ғалым Берік Жүсіповтің «Қазақстандағы этностардың музыкалық мұралары» атты музыкалық-энциклопедиялық, ғылыми-танымдық еңбегі жарық көрген еді. Басылым екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім халық шығармашылығы жанрларымен таныстыра отырып, әрбір этнос сазының төлтума болмысын, өзіндік ерекшеліктерін көрсетеді. Екінші бөлімдегі 28 CD таспаға 330-дай орындаушы мен топтардың жеткізуінде 100-ден астам этностың 600-дей музыкалық фольклорының таңдаулы үлгілері топтастырылған. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылып, құрастырылған музыкалық антология көпшілік оқырман мен тыңдарманға арналған.
Біз аталмыш еңбектен автордың балқарлар мен қарашай, Үндістан, Пәкістан халықтары мен ауғандықтардың музыкасына қатысты мақалаларынан үзінді ұсынып отырмыз.


Берік ЖҮСІПОВ

Балқар-қарашай халқы Орталық Кавказ аумағында байырғы солтүстік кав­каз тайпаларының (әсіресе, Қобан мәдениетіне жататын тайпалардың) сырттан келген иран тілдес, түркі тілдес тайпалармен (алан, болғар, хазар, әсі­ресе, қыпшақтармен) араласуынан шық­қан.

Балқар-қарашайлар этногенезінің ара­лас сипаты олармен байланысты этни­калық атаулардың және әсіресе ма­териалдық-рухани мәдениетінің сан алуандығына себеп болған. Ескілікті әндері татар халық музыкасындағыдай, пентатоникалық реңк алған. Кейінгі әуен­дер жаңа мақамдық-қосекпіндік (лад­тық-ин­тонациялық) суретпен байы­тылған және қабарды, осетин ән­деріне жақындау келеді. Балқар-қара­шай сазының негізін диатоникалық шы­найы (натурал) дыбысқатарлар құ­райды. Әуендік ырғағы үлес ығыс­тырушы (синкоптар) мен үштік әуен­дерге (триоль) бай, өлшемі еркін.

Халық арасында көлемді эпикалық шығармалады айтатын жыршы – жомакъчылар қаһарман нарттарды жырла­ған. Бұлардан басқа жырчы тобы да бар. Ер адамдарға тән  джыр шығармаларын бірнеше орындаушылар топ болып айтады. Әуені де шағын, 5-6 нота аясында болады. Мұндайда бір адам мәтінді қара сөзбен айтып, жырлап тұрғанда қалған­дары сөзі жоқ әуен –  эжиумен сүйемел­дейді. Көп жағдайда жомакъчы мен жырчының міндетін бір адам атқарған.

Балқар-қарашайда ән өнерімен қа­тар, би жанры да жақсы дамыған. Халық биле­рінің арасынан ерекше атап айтар­лық түрлері: жұптасып билейтін лирика­лық тюз тепсеу, қосылып ән айтып жү­ріп билейтін абезех және көп болып ай­налып жүріп билейтін шапшаң теге­рек-тепсеу, голлу, исламей немесе сандыракъ (лезгинка).

Негізгі халықтық музыкалық аспабы – къыл кобуз. Арфа сияқты бұл ішекті аспаптың жылқы қылынан жасалған 12-20 ішегі болады. Ал скрипка тектес ыспалы аспаптары къобуз екі ішекті. Бұлардан басқа сыбызгъы (свирель), өгіз мүйізінен жасалған үрмелі түтік сырыйна (дудка), волынкаға келетін чыбыг-къ­бобуз, шынар тақтайдан жасалған ха­ре дейтін шыртылдауықтары болған. Терс-къобуз деп аталатын гармонь да кең қолданылады.

Қабарды музыкасының балқарлар мен қарашай мәдениетіне ұқсас жерлері көп. Ұлттық аспаптары негізінен бірдей, тек қабардыларда аспаптың шыкэ-пшы­нэ, жия-кобуз дейтін ыспалы, кын­гыр-кобуз, апэ-пшынэ атты шертпелі, үр­мелі накырэ, соқпалы пхачыч,карс дей­тін басқа да өзгеше түрлері кездеседі. Қа­бар­ды билері жұптасып би­лейтін баяу ка­фа мен лирикалық удж болып бөлінеді.

***

Үндістан – Инд өзені, Гималай жотасы мен Бенгал шығанағы ара­лы­ғында ирандардан бөлініп шығып, индус атанған бір бөлік арий тайпаларының қоныстануы нәтижесінде пайда болған.

ХХ  ғасырдың ортасында Үндіс­тан­ның бөлінуіне орай Пәкістан мемлекеті құ­рылды. Оның құрамына Үндістанның негізінен мұсылмандар тұратын солтүс­тік-шығыс және солтүстік-батыс  аймағы енді.

Үнділердің түсінігінде музыканы құдайлар сауатсыз болуы себепті қасиет­ті  жазулардың мағынасын түсіне алмай­тындарға арнап жаратқан. Сондықтан да саз өнері  әуел бастан осы қасиеттердің мағынасын жеткізуге дәнекерлік жасап келеді. Ол – тәңірлердің өзіндік күбірі саналғандықтан, дыбыс атаулының адамға, жанды дүниеге зор ықпалын баяндайтын ілімдер ең алдымен Үндіс­тан­да дүниеге келген. Әр түрлі дыбыс­қа­тар­ларды зерделеудің арқасында кей­бір кәсіби орындаушы-сазгерлер дыбыстардың белгілі бір комбинациясын жасау жолымен кейбір табиғат құбылыстарын болдырмауды немесе соның  алдын алу арқылы өз қалауын­дағы нәрселерді іске асырған деп есептеген.

Дыбысын нада құрайтын үнді клас­си­калық музыкасының негізі – рага бірдауысты (монодиялық) дәстүрге арқа сүйейді. Ол тіршіліктің бастауында тұрған ғарыштық қуат деп есептеледі. Ғаламның даму ырғағы саздық дыбыс­тардың белгілі бір жүйесінде – тала жүйесінде жүзеге асуымен жүріп тұр деп саналған. Музыка жайындағы осынау ғарыштық түсініктердің негізінде Күн жүйесіндегі жеті ғаламшарға шендес­тіріл­ген үнді дыбысқатарының жеті не­гізгі дыбысы, сондай-ақ, жарты тонға кем 22 дыбыс аралығында өрістейтін октаваның  дыбыстық үдемелілігі – шрути пайда болған.

Классикалық музыкалық аспаптары: ішекті-шертпелі – вина, ситар, сарод, тампура; ішекті-ыспалы – саранчи; үрмелі – флейталар, шехнам, нагасварам (гобойдың түрлері), кішкентай фисгармониялар және соқпалы – пакховадж, табла, мриданга, гхатам.

Үнді көркемөнерінің сипатты белгісі – өнердің синтезі. Музыканың, вокал­дық және хореографиялық өнердің үйле­сім­ді қоспасы өмірге үнді саз өнері­нің джатра, якшагана, тамаша сияқты түрлерін келтірді.

Үндінің классикалық қолтаңбалы бхарат, натьям, катхакали, катхак, манипури билері үнді музыкалық шығар­ма­шылығының көркем үлгілеріне жатады. Соның  жарқын бір түрі – бұрындары сабантой, той-жиын үстінде және жыл басын қарсы алғанда биленген бхангра. Өзінің оттан  өрілгендей  әуен-ырғағы­мен ол көпшілік ықыласына бөленіп,
ХХ ғасырдың соңында Англия мен АҚШ дискотекаларына келушілердің  көзайым композициясына айналып, одан әрі әр түрлі пошымда әлемге таралды.

Бхангра – Пәкістандағы ең танымал билердің бірі. Ондағылар сонымен бірге, баяу самми, екпінді лудди биін билейді. Бұл екеуі де әйелдердің биі. Ал арғы тегі пуштудың хаттак тайпасынан шыққан ерлер биі кхаттак бүгінде аса танымал биге айналған. Тұтас алғанда, пәкістан­дық саз өнері классикалық, діни (ислам­дық) және фольклорлық музыкадан тұрады. Классикалық музыкасы раги (рага – үндінің классикалық сазы). Орта ғасырларда мұсылман мәдениетінің әсерімен Құран сүрелерін тәжуид ма­қам­мен оқу (кират) және нұсқалық емес кейбір пошым: сүнниттік миляд, шейіт­тік (шиа) маджлис өркендей дамыған.

Пәкістанның кейбір аймақтарында ән фольклоры көбірек дамыған. Біршама өңірлерде ән-би үрдісі (джори стилі) үстем. Синд жерінде аспаптық музыка басымырақ. Негізгі музыка аспаптары: ішекті – ситар, вичитра вина, саранчи, сарод, саринда, эктара, тампура; ішекті-соқпалы – рабаб; үрмелі –  бансори  (флейта секілді), алгоза (қосарлы флейта), шешхнай (гобойдың бір түрі), соқ­палы – табла, пакхавадж, бангра, сон­дай-ақ, суға толған кезде дыбыс шы­ға­ратын кеселерден тұратын джалатаранг.

Орта ғасырлардағы ірі орындаушы-сазгерлердің бірқатары қазіргі Үндістан мен Пәкістан аумағында қатар жасаған. Сондықтан бұл мәдениетті екіге бөліп қарау тіпті де мүмкін емес.

***

«Афган», «ауған» – Ауғанстанда қолданылатын парсы тіліндегі пуштун­дардың атауы. Осы атаумен ертеде шы­ғыс-иран тілінде сөйлеп, Инд өзенін бойлап, тау тізбегінің батыс шекарасын жайлаған әр түрлі тайпаға кіретін ауғандықтар ұғынылған. Осында, Сүлей­мен тауының аңғарында, Ғазна-Қандағар, Квети-Пиши таулы айма­ғында ауған халқы қалыптасып, соңыра біртіндеп өзіне бактриялық, эфталиттік, кейінгі үнді, тәжік және түркі эле­менттерін қосып алған. Сол себепті елде әлгі аймақты көнеден мекендеп келе жатқан  әрқилы халықтардың музы­калық мәдениеті өзара тығыз байланысып, кірігіп кеткен.

Ауған музыкасының  сан ғасырлық даму тарихына сонымен бірге көрші үнді және иран халықтарының халықтық ән мәдениеті де өз таңбасын түсірген. Ауғандықтар олардан әуендік түр-тұр­пат жүйесі мен нота жазуын еншілеген. Шығыста дәуірлеген музыкалық-эстетикалық теорияларға сәйкес олар музыкада тәңірілік рух бар деп сенген­діктен, саз бен сөзді ажырағысыз бірлік­те қараған. Ауған әдебиетінде музыка теориясы алғаш рет шайыр Хаттактың «Дастарнама» кітабында сөз болғаны тегін емес.

Ауғандықтардың саздық-поэтика­лық шығармашылығы жанрға бай. Олардың қатарындағы ең танымалы қос тармақты ланоаи әуендері. Бұлар ұйқассыз өлеңдер. Атап айтқанда, алғашқы үзік тоғыз буыннан, екіншісі он үш буыннан тұрады. Сәйкесінше әуендік құрылысы да өлшемді болып келеді. Мұнымен қатар, халық ақындары – ашугтар мен думдар екі әнші бірте-бірте биіктей беретін дауыс көлемінде қосылып айтатын багатый және жинал­ған жұрт жаппай кезектесіп айтып шы­ға­тын нимакый пішінді әуендерді қыз­дыратын болған. Музыкалық мәдениеті жағынан күрделі ғазел, мухаммас, чарбайт өз алдарына бір төбе. Олардың әдеби пішімдері классик ақындардың өлең көрігінде өрілген. Соңғыларды әдетте кәсіби орындаушы-сазгерлер атқарған.

Би өнері әнмен, музыканың қостауы­мен өрістеген. Ауғанстанда биді ер адам­дар мен әйел адамдар қосылып билейді. Ауған билерінің әуендік ырғағы нақпа-нақ. Еркектер жағы мылтықпен, қы­лышпен жауынгерлік жора билерін билейді.

Ауғанның  халық  музыкасы бір­дауыс­ты, дыбыстық қатары диато­ни­калық, сондай-ақ көптеген Шығыс халық­тарына тән ұлғайма секундаға ие дыбыс қатарлары да кездеседі.

Ауғанның саз аспаптары мейлінше бай. Олардың ішінен ішекті тамбур, рубаб, мотняға ұқсас дильрубаб, сондай-ақ, ыспалы сарингай, скрипканың бір түрі гиджакты бөліп айтуға болады. Соқпалы-даңды аспаптардан атап өтерлігі: сантур, чанг (цимбал тәрізді), наккара, дамама (литаврдың бір түрі), дариал, дуыра (дағыра), долкай (бара­банның бір түрі). Үрмелі аспаптар, оның ішінде қамыстан жасалған бинбаджа (волынка тәрізді, Үндістаннан келген), сурнай (гобой текті), шпелый (свирельдің бір түрі), тула (үрлеме түтік – дудки) және баспалы аспап түріне жататын тілшелі фисгармонияның туысы армунияны ерекше бөліп айтуға болады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір